Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 3792 0 пікір 19 Қыркүйек, 2018 сағат 12:03

Дін саласын заңдық тұрғыдан реттеу барлық елде бар

Еліміздің  парламентіне  талқылауға  түскен  «Діни  қызмет және  діни  бірлестіктер туралы»  Заңға  толықтырулар  мен өзгерістер  енгізу туралы заң  жобасы мемлекеттің дін саласындағы саясатының пәрменділігін арттыруға  бағытталған. Қоғам және мәдениет қайраткерлері діни көзқарасы мен  ұстанымын көпшілік алдында жариялауға мұқият және салиқалы қарағаны  дұрыс.

Мемлекеттік қызметкерлер қыз­меттік бабын діни бірлестіктер  мүдде­сіне орай пайдалануына тыйым салуы орынды. Ел аумағындағы 18  конфессияға тиесілі 3600 аса діни бірлестіктер тіркелгендігін назарға алсақ,  бұл мемлекет пен дін қатына­сын зайырлы жүйеге сай реттеудің жолы. Мемлекеттік басқару жүйесі­нің зайырлы сипатын нығайту және мемлекет пен дін қатынасын жетіл­діру үшін діни оқу орындарын қоспа­ғанда, мектептер және жоғары оқу орындарының ұстаздары діни сенімдік ұстанымын жария көрсет­пеуі зайырлы білім жүйесі талабына сай. Лауазымын өзіне бағынышты қызметкерлерді діни ғибадатқа қатысуға мәжбүрлеу мақсатында  қолдануға болмайтындығы уақыт талабынан туып отыр. Басшысының діни сенімге қатысты көзқарасын қызметтік мансабын сақтау және қызметін өсіру жолында пайдала­нуды қалайтындарға тосқауыл қойылады Мемлекеттік қызметкер­лердің діни сенімге қатысты көзқа­расының жария көрсетілмеуі орын­ды. Діни  ғибадат  мемлекеттік қыз­меттен тыс уақытта іске  асырылуы зайырлы сипатқа сай. Зайырлылық пен зиялылық, руханилық  пен  дін­дарлық мәдениеті ұлттық өркение­тіміздің жаңғыруына қызмет жасауы тиіс. Ораза  ұстау, намаз оқу, қажылыққа бару PR мақсатында қолданылмауы қажет.

Діни сенімді саяси мақсатқа және нақты топ мүддесіне орай қолдану діннің саясилануына алып келетін қадам. Діни топ ұйымдастыру жолы­мен қоғамдық пікір мен қоғамдық психологияға ықпал жасау секуляр­лы  мемлекет қағидасына кереғар. Мем­лекет пен дін қатынасының сали­қалы философиясы – өзара әріптестік, түсіністік және тағат­тылық. Қоғамдағы тұрақтылықты және бірлікті сақтау, нығайту мем­лекет пен  дін  қатынасының басты өлшемі. Мемлекеттің дін саласын реттеу, қадағалау механизмдерінің  заңнамалық және құқықтық тетік­терін жетілдіру уақыт талабынан туындаған қадам. Бүгінгі қоғамда дін және діни ұйымдар халықтар дүние­танымын өзгерте алатын қуатты күшке айналды. Жаһандық ойыншы­лар діндер  көмегімен адамдар сана­сын билеуді қалайды. Соңғы жыл­дары қоғам мен  адамның дүние­танымы мен саяси мінез-құлқына діннің ықпалы өсуде. 2011  жылғы араб көктемі аймақтық жобасы аясында Тунис, Мысыр, Ливия, Йемен, Сирия елдерінің жастарының сана­сын шарпуында Facebook, Twіtter  желілері  өзіндік  рөл атқар­ды. Діни сенім жастардың қоршаған ортаға деген наразылығын көрсету құралы ретінде көрінді. Солтүстік Африка жастары қоғамнан іздеген әділеттілік, теңдік, мейірімділік пен ақиқатты, яғни өз қиял-арманындағы жұмақты радикалды діни идеология­лардан тапты. Трансұлттық  денгейде діни ұйымдар мен террорлық квази­мемлекеттің пайда болуы бүгінгі постмодерндік заман туындылары. Постсекулярлық мәдениет діндар­лықтың жаңа формасы квази-псевдо теократиялық мемлекеттің құры­луы­на жол  ашты. Суық соғыстан кейін коммунистік және капита­листік  идеологияның  орнын әсіре діншілдік пен әсіре ұлтшылдық иеленді. Діндердің саясилануы  заманауи діни-саяси үдерістерге тән құбылыс. XXІ  ғасырда қоғам мен адам  өмірін, мінез-құлқын, дүниета­нымын жаңғыртуда дін маңызды рөл атқара бастады. Христиандық өрке­ниет аясында біріккен еуроодақ елде­рі үшін  діни  бірегейлік зайырлы мәде­ни құндылықты сақтау маңыз­ды. Еуропа  елдерінде пәрәнжі, никаб мәселесі қоғамда талас-тартыс тудырған болатын. 2011 жылы сәуір­де Франция қоғамдық орындар­да ниқаб, хижаб, бурка киюге тыйым салды. Қоғамдық орында хижаб кигендерге 150 евро айыппұл салып және бір сағат гендерлік теңдік, зайырлы құндылықтар тура­лы дәріс тыңдатады. Әйелін, қызын, қарында­сын хижаб, ниқаб киюге мәжбүрле­ген  еркектерге 30 мың евро айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырады. 2016 жылы Нидерландтың төменгі палатасы қоғамдық орындарда хижаб, ниқаб киюге тыйым салды. Заң бұзушы­ларға 400 евро айыппұл салынады. 2011 мамырда Бельгия парламенті қоғамдық орындарда пәрәнжі, ниқаб  киюге тыйым салды. Заңды бұзушы­ларға 15-20 евро айыппұл салынады. Елдің оқу орын­дарының басшылары хижаб мәселе­сіне қатысты шешім шығару өкілет­тілігіне  ие.

2016 жылы қарашада Болгария парламенті қоғамдық орындарда хижаб, ниқаб киюге тыйым салды. Заңды бірінші рет бұзушыларға 100 евро, қайта бұзғандарға 750 евро айыппұл салынады. Заңды лауазым­ды қызметкерлер  бұзса 250 евро, қайта бұзушыларға 1000 евро айып­пұл салынады. 2016 жылы  қазанда Австрия заңды түрде қоғамдық орындарда пәрәнжі, ниқаб киюге тыйым салды. Заң бұзушыларға 150 евро айыппұл салынады. 2017 жылы қазанда Канаданың Квебек үкіметі автобус жүргізушілеріне, кітапхана­шы­лар және мемлекеттік қызметкер­лер үшін пәрәнжі және ниқаб киюге тыйым  салды. 2017 жылы сәуірде Германия парламенті мемлекеттік қызметкерлер, судьялар және әске­рилер үшін жұмыста пәрәнжі және ниқаб киюге тыйым  салды. Биліктің ұстанымы бойынша бұл заң елдің өзге мәдениетке қатысты  тағатты­лық шегін көрсетуі тиіс. 2010 жылы Германия Ғылыми кеңесі жарияла­ған діни білім беру мәселесі мен бола­шағы туралы баяндамада діни  білім беру тек мемлекеттік оқу орын­дарында іске асуы тиіс деп көрсетілген. 2012 жылы Тюбинген университетінде ислам теологиялық орталығы ашылды. Білім беру және зерттеу федералды министрлігі (BMBF) ислам теологиялық орта­лық­тарын қолдауға 20 миллион евро бөлуді  көздеуде. Орталық бакалавр академиялық дәрежесімен ислам теологтарын даярлайды. Франция, Италия, Бельгия, Нидерланд сынды елдер шет елдерде діни білім  алған  имамдарды  қайта оқыту курстары­нан өткізуде.

Орталық Азия елдерінде 1990  жылдары  басталған діни ренессанс ішкі діни сұраныс және ата-баба ұстан­ған діни дәстүрге қайта оралу,  имандылық – ұлттық сана мен бол­мыстың нәрі деген үмітпен байла­нысты қарастырылды. Қоғамның діни сұранысы мен рухани қажет­тілігін мүдделі сыртқы және ішкі  күштер өз мақсатына қолдануға ұмтылды. 1990 жылдардың орта­сында    ақидалық ұстанымы  аймақ­тың дәстүрлі ілімімен сиыспайтын ағымдар діни сенімді идеологиялық ықпал ету ретінде пайдаланды. Пост­коммунистік  және  постатеистік идеология құрсауынан енді шыққан кейбір адамдар радикалды идеология торына шырмалды. Бұл тәжік елін­дегі азаматтық соғысқа алып  келді. Посткеңестік елдердегі бірден-бір діни-саяси партия Тәжікстан ислам өрлеу партиясының құрылуы діннің мемлекет ісіне араласуын айқын­дады. Тәжістан 2013 жылы Иран, Мысыр, Ливия, Сауд арабиясы елде­ріндегі діни оқу орындарында оқи­тын студенттерін кері шақырып алды. Алғашқы діни білімді елде алған соң арнайы комиссияның рұқсатынан кейін  шет елдің  діни оқу орындарында білім алуға рұқсат етіледі. 2015 жылы Орталық Азия  елдеріндегі бірден-бір діни партия Тәжікстан ислам қайта өрлеу пар­тиясына тыйым  салынды. 2015 жыл­дан бері Тәжікстанда діндар азамат­тардың сақалы 3 см. аспауы тиіс деген талап бар.

1999-2000 жылдары Ташкент және басқа қалаларда болған жары­лыстан  соң мемлекет дін саласын қадағалауды күшейтті. Шетелдердің діни оқу орындарында оқитын өзбек­стандық студенттер елге қайтарыл­ды. Елдегі шетелдік діни оқу орын­дар жабылды. Ел мұсылмандарының сыртқы бейнесі  мен киім үлгісі нақты қатаң шаралармен  реттелді.

Өзбекстанда жоғары діни білім имам Бухари атындағы ислам  инсти­туты мен Ташкент ислам универси­тетінде, ал орта діни білім  медресе­лерде беріледі. 2017 жылы Ислам өркениеті халықаралық зерттеулер орталығы және ислам академиясы ашылатындығы жарияланды. Орта­лық  Азиядан шыққан имам Бухари, имам Науаи, имам Термизи және имам  Матуриди мұраларын зерттеу мен насихаттауға билік тарапынан қолдау  көрсетілуде. Елдегі исламта­ну­лық білім беру жүйесі бірізді және бірыңғай оқыту бағдарламасын ұстанады. Қырғызстан мен Түркі­мен­станда алғашқы және негізгі діни білімді ел аумағындағы оқу орында­рында беру мәселесі заңдық тұрғыда шешілуде. Ресей мұсылмандар тұратын аймақтарда ел  мұсылман­дары ұстанатын ақида және фиқһ мазхабтарына сай білім беруді қолға алуда. Қазіргі Орталық Азия елде­рінде десекуляризация процесінің  орнына ресекуляризация процесіне назар аударылуда.

2017 жылы қыркүйекте Татар­станда Бұлғар ислам академиясы ашылды. Академияда  магистратура және докторантура бөлімдері бар. Оқу – тегін. Билік жаңа оқу орнын ислам білім-ғылымы саласындағы елдің идеологиялық дербестігінің тұғыры ретінде қарайды. Негізгі мақсат – діни радикализмнің тара­луының алдын алу, исламтанулық ғылыми мектеп қалыптастыру және діни оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Академия аясында діни үкімдер беретін ғұла­малар кеңесі құрылды. 2018 жылы қаң­тарда РФ тергеу комитеті шетел­дік діни оқу орындарында білім алуды қалайтын жастарды іріктеу керектігін ұсынды. Ресей президенті әкімшілігінде  исламдық жобалар­дың үйлестіруші-кураторлары ислам мәдениеті, білім және ғылым қорын құрып, исламдық білім беру ұйым­дарын мемлекеттік қаржыландыру көздерін іздестіруде, бұл көбіне діни экстремизм мен терроризммен күрес мақсатына бағытталады. Ресей билігі үшін жаһандану жағдайында Ресей мұсылмандарының этнодіни бірегей­лігін қалыптастыру  мен дәстүрлі діндарлықты жетілдіру маңызды. Шетелдік дін  ғұламаларының пәтуа­сына құлақ салып, жат-жұрттық дін ұстаздарына еліктейтін әрі қастер­лейтін діндарлардың қалыптасуы мен көбеюі қауіпті құбылыс. Сондықтан тарихи қалыптасқан дәстүрлі діни сана мен діндарлық мәдениетіне сай діни ұстанымды  қалыптастыру үшін ресейлік мұсылман дін ғұламалары­ның мектебін ашу мемлекеттің дін саласындағы ұстанымы. Дәстүрлі діни сана мен діндарлық мәдениетіне сай діни ұстанымды қалыптастыру үшін Ресейде исламтанулық білім берудің үш деңгейі медресе-жоғары оқу орны-академия жүйесін қалып­тастыру үшін мақсатты жұмыстар жүруде. Қытай халық республика­сында ислами білім алуға ниетті жас­тарды  елдегі діни оқу орындарында оқыту жүйесі бар. Батыс  еуропа елдері өз  мұсылмандарын мемлекет­тік бірегейлік мәдениетінде тәрбие­леу мақсатында  әрекет жасауда.

Елімізде соңғы жылдары жиі көтерілетін хижаб тақырыбы түрлі айтыс-тартыстың өзегіне айналды. Еліміздің мектептерінде қызмет жасай­тын  ұстаздардың 98-99% әйел­дер. Демек, қыз балалардың өзге көздерден бүркенуі үшін негіз жоқ. Олар­дың мектеп үлгісіне сай киінуі дүниетанымында ұжымдық бірегей­лік­ті қалыптастырады. Ұзын сақал және қысқа шалбар кию  исламның алғашқы жылдарында мұсылмандар­ды өзге діни қауымдар­дан ерекше­лей­­тін белгі ретінде әрі исламға дейін­гі қауымға ұқсамау  мақсатында қолда­нылды. Ұлттық мәдениетімізде сақал көпті көрген даналықтың және пара­саттылық пен тазалықтың рәмізі.

Еліміздің діни қызмет туралы заңына толықтырулар мен өзгеріс­тер енгізуі  аумалы-төкпелі замана тыны­сынан туындауда. Елдегі мем­лекет және дін қатынасының өзекті тұстары: зайырлы қағиданы сақтау және нығайту, ар-ұждан бостанды­ғын қамтамасыз ету, тоталитарлық радикалды идеология және деструк­тивтік діни ағымдармен күрес, сырт­қы діни ықпалды тежеу механизм­дерін жетілдіру, діннің саясилануы­ның алдын алу, дәстүрлі діндарлық мәдениетінің сапалық тұрғыдан өсуін қолдау және жоғары рухани­лықты  жетілдіру.

Бағдат БЕЙСЕНОВ, 

философия ғылымының докторы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 978
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 843
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 641
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 705