Жұма, 17 Мамыр 2024
Ел іші... 1629 15 пікір 2 Мамыр, 2024 сағат 14:41

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

1. Көш қалай басталды?

​Көш деп алыс-жақын шетелдердегі этникалық қазақтардың тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударған көшін айтып отырмыз. Бұл көші-қонмен Қазақстанда жалпы Ұлттық бірегейлену үдерісі бастаған еді. Қазір оның әлеуметтік, демографиялық қомақты жемісі айқын көрініп отыр. Қазақ көші кездейсоқ басталған жоқ, ол ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңындағы КСРО кеңістігіндегі геосаяи жағдайдағы өзгерістерге тығыз байланысты болды. Сол бір кезеңде Кеңес Одағындағы этнотоптардың «төркінге қайту» науқаны болғаны есімізде. Германия, Израиль сияқты елдер осы бағытта кешенді жұмыстар жасауды мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатындағы маңызды бағытқа айналдырды. Бұл халықаралық феномен отандық ғылымда біршама зерттелді. Диаспора тақырыбын зерттеушіллердің қаламынан туған «Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу (1992-2012)» атты көлемді еңбекте жан-жақты қарастырылған (Ұжымдық еңбек. – Алматы: Елтаным баспасы. – 2016). Ал профессор Нәбижан Мұқаметханұлының «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлініуі мен тұтастану үдерісі» (Қазақ университеті баспа үйі. 2021 ж.) атты монографиясында халқымыздың бөлінуі мен қайта бірегейлену үдерісі тұтастай қарастырылып, нанымды ғылыми қортынды тұжырымдар жасалған.

​Қазақтың қара шаңырағы Қазақстанды әлемде тарыдай шашырап кеткен қандастарымызға таныстыру ісі ертеректе басталды.

1976 жылы қыркүйек айында «Отан» қоғамы құрылды. Кейін бұл қоғам «Қазақстан» қоғамы деп аталды. Осы қоғамға қарасты төте жазудағы шетелдегі қандастарға қаратылған «Шалқар» газеті шықты. 1980 жылы «Атамекен» атты радио хабарлары эфирге шығып, алыстағы ағайынға қаратып ақпараттық, танымдық хабарлар тарата бастады. 1978 жылы Түркияда тұратын теолог Халифа Алтай бастаған қандастар қасиетті қарашаңырақ топырағына алғаш рет қадам басты. Осыдан кейін алыс-жақын шетелдерден Атамекенге келетін Қандастардың қарасы молая бастады.

«Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі және шарттары туралы» Қазақ КСР Минстрлер Кеңесінің 1991 жылы 18 қарашадағы № 711 қаулысы шықты. Бұл қаулы ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1991 жылы 28 қыркүйектегі Түркияда қазақ диаспорасымен кездесуде, 1991 жылы 31 желтоқсанда радиодағы жаңа жылдық құттықтауында, 1992 жылы 1 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде қайта-қайта пысықтала келе, 1992 жылы 29 қыркүйектегі Дүниежүзі Қазақтар Құрылтайында шетелдегі қазақтарға қаратылып тарихи отанға оралу туралы үндеуге ұласып кетті. Сонымен Қазақ көшінің ақпараттық, заңдық, құқықтық негіздері қалыптастыру жұмысы жүйелері бір ізге түсе бастады. 1993 жылы 26 маусымда «Көшіп келу туралы» ҚР заңы қабылданды. Осы заң сол жылдың желтоқсан айында күшіне еніп, этникалық қазақтардың барлық қалалар мен облыстарға көшіп келуіне арнаулы квота бөлінді. 1997 жылы 13 желтоқсанда үкіметке депутаттар жағынан балама заң жобасы ретінде ұсынылып, жазылу барысында Қытайдан, Моңғолиядан келген қандас зиялылар кеңесші ретінде қатынасқан, біршама кемелденген «Халықтың көші-қоны туралы» екінші заң дүниеге келді. 2001 жылы 29 қазанда ҚР үкіметінің 2001-2011жылдарға арналған салалық бағдармаласы бекітілді. Одан кейін 2007-2015 жылдарға арналған үкіметтің көші-қон саясатының тұжырымдамасы жарыққа шықты. Осыдан кейін үкіметте әр бес жыл сайын қандастарға арналған көші-қон тұжырымдамасын жасау дәстүрге айналды.

2. Қандастар елімізге не берді?

Ұлттық сана мен сүйіспеншіліктің, кемелденген заңның арқасында қазақ көші немесе ұлттың бірегейлену үдерісі басталды әрі нәтижесі де тез көрінді. 1989 жылы бүкіл Кеңес Одағы бойынша жүргізілген санаққа негізделсек, «Қазақстанда өмір сүріп жатқан адам саны 16,464464 мың болса, этникалық қазақтардың үлесі - 39,7%-ды құраған.... Ал, Солтүстік облыстарда бұл көрсеткіш тіпті де төмен. Солтүстік Қазақстанда -18,6%, Целиноградта - 22,4%, Қостанайда - 22,9%, Павлодарда - 28,5%, Көкшетауда-28,9%» [«Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу». (1991-2012). Ұжымдық еңбек. Алматы. Елтаным баспасы. 2016 жыл. 252 б.]

Сонымен бірге Кеңес Одағы ыдыраған соң, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға зорлықпен жер аударылған неміс, грек, кавказ ұлттары өз Атамкендеріне үдере көшті. Завод-фабрикалар жабылғанда еңбек жасындағы славян ұлттары да өз елдеріне қоныс аударды. Сонымен Қазақстанның еңбек нарығында кәсіби маман, еңбек күш тапшылығы анық аңғарылды. Жаңа ғасыр есігімізді ашқанда Қазақстанның жалпы жан саны 14 милионға дейін кеміді.

АҚШ- тың экс-президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Бзеженски еліміздің шығысы мен батысын болашақ ықтимал «ыстық нүктелер» қатарына қосты. Жері кең, байлығы мол, жас Республикамызды қандай қиындықтар күтіп тұрғанын осыдан-ақ анық аңғарамыз. Осындай күрделі, өтпелі кезеңде ұлт көшбасшысы өз назарында ұстаған, халық пен элитаның қолдауына ие болған, ұлттық бірегейленудің жарқын сипатын аңғартқан Қазақ көшінің басталуы осы қиындықты жеңіуімізге белгілі дәрежеде мүмкіндік берді. «2011 жылы қазан айына дейін 860 мың адам мен 221, 3  мың қазақ  отбасы оралды... 2012 жылы бес айда елге келушілер саны 13720 адамды құрады.  Білім деңгейі бойынша -9,2% жоғары білімді, - 20,5% арнаулы орта білімді, - 65% жалпы орта білімді. Еңбекке қабілетті жастағылар - 64,1%, 18 жасқа дейінгі  балалар - 41,2%,  зейнеткер - 4,7%». [«Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу» (1991-2012). Ұжымдық еңбек. Алматы. Елтаным баспасы. 2016 жыл. 248 б].

2010 жылы қаңтарда Республика халқының жан саны 16,196, 8 мың адамға жетті.  Оның ішінде қазақтардың үлесі - 63,6%-ды құрады. Тәуелсіздіктен бері 2020 жылға дейінгі аралықта тарихи Отанына оралған қандастар арасынан 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты шыққан. Еліміздің білім, ғылым саласында атақ беру қағидаты өзгергеннен кейін жастар арасынан шығып PhD докторлығын қорғаған немесе «Болашақ» бағдарламасымен алыс-жақын шетелдерде оқып келген қандастардың да қарасы мол.

ҚР - Премъер-Министрінің орынбасары және Әділет Минстрі болған Нағашыбай Шайкенов, академик С. Жошыбаев, тарих ғылымдарыны докторы, мемлекет және қоғам қайраткері З. Қинаят,  діни ғұлама әрі жазушы Х. Алтай, ғылым докторлары Қ. Сартқожа, Н. Мұқаметханұлы, Д. Баймолла, И. Жеменей, Ұ. Шапаққызы,  Д.Мәсімхан, З.Қабулдинов, Б.Еженхан, Т. Закен, жас ғалымдар Дөрбетхан Сұрағанұлы мен Әлібек Ыдырыс Т.Б-лардың отандық ғылымның дамуына қосып жатқан үлесі ұшан-теңіз. Жетінші шақырылымдағы Парламентке өз қатарынан озып барған Моңғолиядан келген үш қандасымыздың әзіргі белсенділігі мен білігі жағынан жұрт назарын аударып отыр. Өнерде Қабылаш Әбікейұлы, Майра Мұхамед, Шұғыла Сапарғалиқызы бүкіл Республикаға танымал болса, сазгер мархум Ермұрат Зейіпқанұлы мен ақын Алмас Ақыметбекұлының шығармашылық достығы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінен туындаған «Көктудың желбірегені» әні бүкіл Қазақстанның бейресми гимне айналып кетті. Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламның гүрзі жұдырықтары әлемдік шаршы алаңдарда қай елде, қай жерде жүрсе де дәстүрі мен тегінен айнымаған жауынгер ұлттың ұрпақтары бар екенін әйгіледі. Республика партиясының құрылтайшыларының құрамындағы Қытайдан, Моңғолиядан келген қандас кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғымды нақты іс-әрекеттерімен дәлелдеді. Қысқасы, Еліміздің рухани өміріне, еңбек нарығына,шағын-орта кәсіпті негіз еткен бизнес кеңістігіне жаңа қан, жаңа күш, жаңа леп қосылды.

2024 жылы 14 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан ақпаратқа сүйенсек, Тәуелсіздіктен кейінгі 33 жылда 1 милион 129,6 мың адам отанға оралып, Қандас мәртебесін алыпты. Бұл ел халқының - 5 ,6%-ын құрайды. Қандастардың 34% -ы Алматы,  15, 3%-ы Маңғыстау, 9, 6%-ы Түркістан, 5,9%-ы Жамбыл обылыстарында сондай-ақ 7%-ы  Астана, 6,2%-ы Шымкент, 5,2%-ы Алматы қалаларында қоныстандырылған. Соңғы бес жылда орта есеппен 200 мың адам елімізге келген. Демек, жиырма милиондық межені бағындыруымызға табиғи өсіммен бірге қандастардың елге қоныс аударуы да ықпал еткен.

3. Ұлттық бірегейленудің түп мақсаты - модернизациялық елге айналу!

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің рухани өміріндегі олжалы оқиға немесе ұзақ жыл  дәйекті де жоспарлы жүргізілген  көші-қон саясатының жемісі мен жетістігін айғақтайтын екі кітап оқырманмен қауышты. Оның бірі – шетелде тұлға болып қалыптасқан, елге келген соң өтпелі заманның бар қиындығына шыдап ғылыммен, шәкірт тәрбиелеумен айналысқан, тарих ғылымдарының докторы Набижан Мұқаметқанұлының «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлініуі мен тұтастану үдерісі» атты монографиясы болды. Ғасырда бір кездестін пандемия әлемді құрсаулаған уақытта дүниеге келген кесек зерттеу тарих және мәдени антропология категориясы тұрғысынан бұл күнде тарихи және саяси, объективті,  субьективті себептермен шекара аттаған ұлтқа айналған қазақтың қасіретті тарихы мен ұлт тұтастығын сақтап қалу жолындағы жанкешті күресін ел іші-сыртында жинақталған тарихи құжаттар мен деректерге сүйене отырып сарапқа салады. Сақ, Ғұн, Үйсін, Түркі заманынан қалыптасқан ел болу үдерісінің маңызы мен мәнін ашады. Жошы ұлысы, Алтын орда, Ақ орда,  Қазақ хандығынан бері жалғасқан мемлекеттік сананың сипатына үңіледі. Алашорданың отарлық үстемдік астында елдікті сақтап қалу жолындағы ұмтылысын, ағарту бағытындағы жанкешті еңбегіне жоғары баға береді. Тәуелсіздіктен кейін Елбасы жағынан ортаға қойылған «Мәңгілік ел» идеясының қатпарына үңіліп, ұлттық тұтастану үдерісінің қажеттілігі мен формасына талдау жасай келе «Ұлт тұтастанбай мемлекет күшеймейді, бұл — аксиома» [«Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлініуі мен тұтастану үдерісі». Н.Мұқаметханұлы. Алматы. Қазақ университеті баспасы.  бет.] деген қорытындыға келеді.

Ақын, қоғам белсендісі Мұратхан Шоқанұлының «Қандастар үлесі» атты құрастырып жазған танымдық кітабы да тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай толықтырылып қайтадан баспадан шықты. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ғалымдар мен мамандар, екінші бөлімде өнерпаздар мен спортшылар, үшінші бөлімде кәсіпкерлер деп бөліп, азаттықтан кейін әлемнің әр елінен елімізге келіп өз саласында табысқа жеткен 113 тұлғаны қысқа да нұсқа таныстырып өтеді. Мазмұны бай, қамтыған кеңістігі кең болып тәуелсіздік жылнамасының бір тарауын толтырып тұр. Ғалым мен ақынның еңбегімен дүниеге келген екі кітап отыз жылдан бері еліміз ішкі-сыртқы саясатта басты бағыт етіп жүргізіп келе жатқан көші-қон саясатының теориялық, практикалық тұрғыдан дұрыстығын толықтай дәлелдеп берді деуге қақымыз бар. Тәуелсіздік бізге осылай өз жылнаммызды өзіміз жазуға, барлық әлемдік және ішкі үдерістер мен құбылыстарға өз көзімізбен қарауға мүмкіндік силады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында санамызды торлап алған  ұлттық нигилизмнен құтылып, өз «менімізді» табу үшін отаршылдар жағынан теріске шығарылған хандар мен батырлардың мерейтойларын дабыралы өткіздік.  Одан кейін Абайдан А. Жубановқа дейінгі ғұламалардың даталы мерейтойларын БҰҰ-ның ЮНЕСКО деңгейінде өткізу мүмкіндігіне ие болдық. Мұның бәрі ұлттық бірегейленудің санадағы сапалық секірісі еді. Сол арқылы жұтаған тілімізді, шектелген дінімізді таптық. Енді міне ұлттық дәстүрге қарай басымдық беріп келеміз. Алда өтетін 5-ші Дүниежүзік көшпенділер ойыны бізді дәстүрмен тоғыстырып, ортақ өлшемді жазудың болмауынан туылған, өскен, қалыптасқан ортамыздың өзгешелігінен туындаған жатсыну психологиясына қарсы дәрумен болады.

Бүгінде әлем күрделі Жаһандану үдерісін бастан кешіп отыр. Өңірлік, аумақтық ұлтаралық қақтығыстар мен кикілжіңдер әлем назарын ерекше аударуда. Кезінде Кеңес Одағының «халықтар лабораториясына» айналған Қазақстан осы 33 жылда нарықтық, саяси реформаларды сәтті жүргізе отырып ұлттар арасындағы береке мен тепе-теңдікті сақтауда орасан зор тәжірибе топтады. Атап айтсақ, 1995 жылы наурызда құрылған Қазақстан Халықтар Ассамблеясы - мемлекет басшысы жанындағы консультативті орган болып қалыптасты. Қазірге дейін XXXlll сессиясы өтті. Еліміз Парламентінде Ассамблея атынан сайланған депутаттар отыр. Еліміз идеологиялық бастама жағынан бірталай сәтті-сәтсіз тәжірибелерді сынақтан өткізді. Мысалы, бір жылдары «Қазақстандық ұлт» деген жоба айналысқа шықты. Одан кейін, «Мәңгілік ел» идеясы зиялы қауым мен халық арасында біраз талқыға түсіп, насихаттапды. Бұл ізденістер кейін «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қырымен» толыға түсті. «Төртінші қаңтар оқиғасынан»  кейін «Жаңа Қазақстан» құру туралы бағдарлама халыққа ұсынылды. Сонымен ел арасындағы өзіндік пікірі бар, ана-мынаның жетегінде жүрмейтін, елімізде орнаған бюрократиялық капитализмнің қалыбына симайтын зиялы қауым өкілдері мен атқарушы және бақылаушы билік өкілдері бас қосып, келісіп- кеңесетін Ұлттық құрылтай жобасы саяси, мәдени, экономикалық өміріміздің алаңына айналды. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы Алтын орда қағандары Ер Едіге мен Тоқтамыс, әйгілі ханымыз Абылай таққа отырған Ұлытауда өтсе, дініміз бен діліміздің тоғысқан жері, хандарымыз бен билеріміздің мәңгілік мекеніне айналған Түркістанда екінші бас қосуы өтті. Үшінші жиналыс Алтын орданың астанасы болған, Қазақ хандығының құдіретті армиясын құрған Қасым ханның асыл тәні дамыл тапқан Сарайшық қаласының ескі жұртына тиіп тұрған, бүгінгі мұнаймыздың астанасы атанған Атырауда өтуінің бәрінің де символдық мағынасы бар еді. Президент келесі кезек Көкшетауға келгенін айтты. Сонымен төрт қыбыланамыз түгенделіп, мемлекетті бірегейлендіріп дамытудың стратегиялық бағыты анықталды. Қазақ елінің тарихы қысқа, шекарасы болмаған, мәдениеті төмен деген алып-қашпа пікірлерге тойтарыс берілді. Осы ұлттық құрылтайда Президент аузымен айтылған «Қағидамыз - әділдік, тірегіміз - жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» оның алғы шарты «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» ұғымдары жетекші ұлттың еліміз халқы алдында атқаратын жауапкершілігі мен борышын нақтылай түсті. Осындай талаптар мен қағидаттарды бойымызға дарытып, санамызға сіңіре отырып әлеуметтік әділдік пен адам капиталының мол мүмкіндігін пайдалан білсек, Республикамыздың бірегейленуі сәтімен жүзеге асады.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2113
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2525
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2224
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629