Жұма, 17 Мамыр 2024
Билік 2353 49 пікір 2 Мамыр, 2024 сағат 15:19

Кадрлар кастасының кесапаты мен қасіреті

Сурет: kazface.kz

немесе Жаңа Қазақстанның ескі кадр саясаты туралы

«Киләсің, китәсің, расстраивать итәсің».

Біздің үкіметтің құрамындағы министрлер қызметке тағайындалып, сосын кенттен өз орнын босатып, отставкаға кеткенде әзіл-шыны аралас осы қалжың сөз есіме түсе беретіні бар.

Міне, күні кеше тағы бір министр өз қызметінен босатылды. Ол – Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Алғаш хабар беріп, сүйінші сұраған өзі болатын. Әлеуметтік желідегі жазбасында «өз еркіммен кеттім» деген сыңай танытқан-ды.

Алайда, одан кейін Ақорда таратқан ресми ақпаратта оны орнынан президент босатқаны белгілі боп қалды.

Қайсысына сенерін білмей, жұрт аң-таң. Мұндай екіұштылық онсыз да бейхабар жұрттың ойын сан-саққа жүгіртіп, әртүрлі болжамдардың дүниеге келуін негіз боп жатыр. Оның бәрі министрді тікелей тағайындап, тікелей орнынан босататын президенттің абыройына абырой қосып жатпағаны түсінікті болар.

Міне, «мемлекеттің ақпарат машинасы қалай жұмыс істейді?» деген сауалыңызға дөп жауап осы!

Жә, болған іс болды. Кадрлардың қадірі әбден қашқан қазіргі кезде үкіметке кім келіп, кім кетпей жатыр дейсіз: Мусиннің орнына да басқа бір адам табылар. Не президенттің өзінің жеке таңдауы болар. Не кланаралық талас-тартыс бір нәтижесін берер. Не ол орынды біреу сатып алар.

Мәселе басқада. Мәселе ескі Қазақстандағы кадрларды іріктеп, тағайындаудағы қателіктер мен олқылықтардың Жаңа Қазақстанға ауысуында. Ауру қалса да, әдет қалмайды деген осы болар.

Мемлекеттің кадр саясатында ашықтық жоқ. Нақты адам нендей қасиет-қабілеттері үшін министр боп жатыр? Өз саласын дамытуының жоспары қандай? Бұл құпия ол адам қызметінен кеткенде де сақталады: не үшін орнынан босатылды, өз қызметінде нендей қателікке жол берді? Қысқаша айтқанда, не бүлдіріп қойды? Сұрақ көп, жауап жоқ!

Мемлекеттің кадр саясатында қоғамның ролі - нөл! Жұртшылықтың, сол саланың сарапшыларының пікірін тыңдап, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өзін қоғам өкілі санағысы келетін парламенттің ролі де – нөл! Министрді орнынан алып тастарда парламентпен ақылдасып жатқан кім бар?! Бәрі Ақорда мен оның маңайындағы жандайшаптардың таңдауымен шешіледі. Содан болар ел ішінде нақты лауазымның қанша тұратыны  туралы сөз жиі айтылады. Білгіштердің айтуынша, пара көлемі нақты министрліктің бюджетінің көлеміне тура пропорционалды!

Мемлекет кадр саласында ішкі бәсеке болмаған соң, ол орта отыз жылдың ішінде тұралап, кері кетті. Біреулердің руластары, жерлестері, құда-жекжаттары, керек десеңіз, сыныптастарының балалары өскен соң, қолынан іс келетін, бірақ жоғары жақта тамыр-таныстары жоқтар үкіметке келе алмады. Сөйтіп, мемлекетті басқару ісінің сапасы мүлдем төмендеп кетті. Оның «жемісін» бәріміз татып жатырмыз.

Мемлекеттің кадр саясатында бірізділік жоқ. Нақты саланың маманы болмай тұрып, сол салаға министр боп тағайындалады. Меніңше, кез келген министр, ең алдымен, өз саласын бүге-шігесіне дейін білетін, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен мықты маман болуы тиіс. Сонда ғана ол сол саланың басты проблемаларын біледі және өзінің кәсіби ортасында беделі үстем болады. Бұл – бұлжытпас аксиома!

Мемлекеттің кадр саясатында өркениетті, объективті түрде толтырылған резюме дегенге ешкім карамайды. Нақты ұжым, мекеме басқарып көрмеген, аудан, қала, облыс басқарудың мектебінен өтпеген адам республикалық деңгейдегі бастық боп шыға келеді! Бәлкім, Ақордада біз білмейтін резюменің басқа түрі бар ма? Онда білім мен біліктілігінің орнына, креслодан үміткердің қай рудан, қай жерден, кімнің құдасы не күйеубаласы, артында қандай көкесі бар – сол туралы жазыла ма?

Мемлекеттің кадр саясатында өз басым түсінбей-ақ қойған бір құбыжық дәстүр бар. Оның мәнісі мынада: үкімет мүшесі боп тағайындалған бақ иесі енді сол орбитадан шықпай, өмір бойы сол ортадағы «көлденең курсынан» танбай, қалқып жүреді де қояды! Сөйтіп, зейнетке шығар алдында депутат бола қалады. Жоғарыдан төменге түспейтін кадралар кастасы (үндінің брахмандары секілді) десек те болады! Неге ол министр үкімет құрамынан кеткен соң кезінде өзі таңдаған, жоғары оқу орнында дипломын алған мамандық бойынша жұмысын жалғастырмайды? Мұғалім болса, мектепке не университетке барып, жастарға дәріс берсін, экономист болса, бизнеске кетсін, құрылыс маманы болса, үй салсын, дәрігер болса, елді емдесін. Бізде ондай фактілер некен-саяқ. Не экс-министрлер ел қатарлы еңбек еткісі келмейді, оны өзіне төмен мансап санайды, не кәсіби біліктілігі жетпейді. Екі себеп те оңып тұрған жоқ!

Сол кесірлі каста ескі Қазақстан кезінде тұтас толқынның бағын байлаған жоқ па?! Орнына кенедей жабысып алып, оны босатқысы келмейтін министр не әкім зейнет жасына жеткенше келесі ұрпақ та қартайып қалған жоқ па?!

Мемлекеттің кадр саясатында әр азаматқа мемлекетті басқару құқын беретін Конституция емес... Паркинсон заңдары үстемдік еткен! Оның көріністері сол: әрбір шенеунік өз өкілеттіктерін кеңейтуге, өз қарамағындағыларды санын көбейтуге және жаңа мекеме құруға әуес болады. Бізде де солай боп жатқан жоқ па? Жаңа министрліктер мен ведомстволар көптеп құрылуда, жаңа облыстар мен аудандар ашылуда. Ол дегеніңіз бюджеттің миллиардтаған қосымша қаржысы шенеуніктердің жаңа армиясын асырауға жұмсалады деген сөз емес пе?!

PS. Кеше қызметінен кеткен министр Мусин осы тақырыпты қазбалауыма сылтау ғана ғой, себеп мүлдем басқада...

Әміржан Қосан

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2111
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2523
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2219
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1626