Жұма, 3 Мамыр 2024
Мәйекті 5369 0 пікір 22 Қазан, 2015 сағат 20:31

КЕРЕКСІЗ АНЫҚТАМАНЫҢ КЕСІРІ

«Соттылықа» байланысты қытайдан оралған қазақтардан анықтама талап ету туралы мәселенi шешу – ҚР Iшкi iстер минисрлiгi үшiн үлкен сынақ!

(Елшілікке хат жазып, мәселенің мән-жайын анықтаған ҚР ІІМ-нің азаматтары: Сабыржан Сейтжанов, Ерлан Тұрғынбаев (ортада) және осы мақаланың авторы - Ауыт Мұқибек).

Мәжiлiстiң екiншi оқылымында мақұлданған “Халықтың көшi-қон” заңына байланысты қуанышты жаңалықты БАҚ жарыса жазды, жариялады. Дегенмен, Қытайдан келетiн қандастарымыздан талап етiлетiн “соттылыққа” байланысты АНЫҚТАМА жө­нiнде “Қазақстан арнасындағы «Жаңалықтар» қызметi «сотталмағаны туралы анықтама» жалғасты сұралады деп жатыр. Сонда бұл қа­лай?” деген секiлдi ел көңiлiн­дегi алаңдаушылық әлi де айықпай тұрғаны байқалды. Оның үстiне, кейбiр депутаттардың “Қытай үкiметi анықтама бередi екен!” деген шала байламы мен iшiнара жұрналистердiң жаңсақ ақпараты бұл күдiктi арттыра түс­тi. Соған байланысты тағы да бiр-екi ауыз сөз айуға тура келдi.

“Соттылық” туралы анықтама Мәжiлiсте ең көп талас тудырған мәселе! Тiптi, ми­нистрлiк деңгейiнде де тал­қыланды. Жұмыс тобы бiздiң ұсыныстарымызды жерге тастамай, көңiлiмiздi жықпай, қолынан келгеннiң бәрiн жасады. Соңғы нәтижеде, қолданыстағы заңның (2011ж, 22-шiлдеде қабылданған) 49-бабының 9)-тармағы Үкiметтен “ауыр немесе аса ауыр қыл­мыс жасағаны үшiн алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;” деген редакциямен қайтып келген соң, Г.Сейтмағамбетова жұмыс тобының отырысына ҚР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Ерлан Тұрғымбаевты шақыртты. Егер, Қытай құзырлы орындары шетелге шығатын азаматтарына шынымен “соттылық” туралы анықтама бермейтiн болса, Ерлан Тұрғымбаев бұл мәселенi басқаша шешетiнiн айтып, тарасқан.
Ерлан Тұрғымбаевтың депутаттарға берген уәдесiн орындап, ҚХР-ның елiмiздегi Елшiлiгiне хат жазып, жауап алды. Ол үшiн Ерлан Заман­бек­ұлына рахмет айтуымыз керек.
Қуаныштысы сол, ҚХР Ел­шiлiгiнен келген жауап хат бәрiн анықтап бердi. Хатта: “Қытай аумағында әкiмшiлiк және қылмыстық iстер бойынша  ортақ дерекқордың жоқ болуына байланысты, азаматтың соттылығы немесе сотталмағаны туралы анықтамаларды өтiнiш берушiнiң тұрғылықты жерi бойынша ҚХР Қо­ғамдық қауiпсiздiк  минис­тр­лiгiнiң  әр  провинциясындағы  немесе  қаладағы ау­мақ­тық полиция  бөлiмшелер  бередi” – дептi.
Сонымен бiрге, Елшiлiк “бұл анықтамалардың  ортақ  стандарты  немесе үлгiсi бекiтiлмегенiн” де ашық жазыпты. Екiншi жағынан, Аспан асты елiнде “әкiмшiлiк және қылмыстық iстер бойынша  ортақ дерекқорының” жоқ екенiн де жасырмапты. Демек, бұл анықтама шетелге шы­ғатындар үшiн емес, ел iшiнде ғана жарамды деген сөз!
Қолымызда бар деректеге сүйенсек, 50 миллион қы­тай диаспорасы шетелдерде тұ­рады. Олардың қарасы күн санап молая түсуде. Сонда, осыншама көп адамның бәрiне “соттылығы” туралы анықтама берiп отырудың өзi басы артық жұмыс екенiн Қытай үкiметi өте жақсы бiледi. Сондықтан, “стандарты  немесе үлгi” мен “дерекқор” туралы Қытай дипоматтары бiздiң ҚР Iшкi iстер министр­лiгiне тегiн айтып отырған жоқ, астарында “Оны сұратып қай­тесiң!” деген мән, ишара бар!
Осыған қарап-ақ, Қытайдан келетiн этникалық қазақтардан “Стандарты  немесе үлгiсi бекiтiлмеген” АНЫҚТАМА талап ету барып тұрған бос әурешiлiк! Қайта қандастарымызға да, Қытай елiне де артық жұмыс тауып беремiз. Оның үстiне, бұл “анықтаманы” беретiн құзырлы орындардың бәрiнде хансу жолдастар отырады. Төл­құжат қолына тигенше қаншама тексерiстен өтетiнiн ескерсек, қандастарымызды тiптi де кiрiптар етiп жiбермеймiз бе? Бұл туралы ҚР Iшкi iстер министрлiгi жан-жақтылы, жақсы ойлануы керек!
К.Мәсiмов үкiметi “Бұл тұзету экстремизм мен терро­ризмнiң жолын кесуге бағытталған шаралармен үйлес­пейдi және өз елiнде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн сотталған адамдардың Қазақстан Республикасына кiрiп кетуiне жағдай жасауы мүмкiн”-деп шыр-пыр болып қауiптенiп отыр ғой, мiне Қытай Елшiлiгi берген жауап хатта бұл туралы ““Кiру мен шығу мәселелерiн реттеу туралы” 2012 жылы 30 маусымдағы ҚХР Заңының 12-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, егер де Қытай азаматы сотталып, оның мерзiмi өтелмеген болса, азаматқа қарсы қылмыстық iс қозғалып не қылмыс жасады деп күдiкке iлiнiп, тергеу үс­тiнде болса, сондай-ақ аяқ­талмаған азаматтық соттық iс бойынша елдiң аумағынан тыс кетуге шектеу қойылған жағдайда, оған шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкiн”-деп келедi де, бiреу-мiреулер “Анықтама сұрап мазамызды алып жүрмесiн!” деген болу керек, “Паспорттарды беру туралы” 2006 жылы 29 сәуiрдегi ҚХР Заңына сәйкес бұл санаттағы Қытай азаматтарына ұлттық паспорттар ресiмделмейдi (ақпарат қоса тiркелген)” – деп бiрақ ке­сiптi.
Демек, бiздiң Үкiмет қа­уiптенетiн – “ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;” азаматтарға Қытайда “соттылығы” туралы анықтама беру былай тұрсын, шетелге шығуға тиым салынған! Ендi ол елден келетiн қандастарымыздан экстремизм мен терроризм туралы қауiп жоқ.
Заң жобасы Мәжiлiстiң екiншi оқылымында мақұлданған соң берген сұхбатында “Бұл мәселе заң арқылы емес, Қазақстан мен Қытай арсындағы халықаралық келiсiмшарттар арқылы немесе мемлекеттiк органдардың нормативтiк-құқықтық құжаттары арқылы реттелуi керек.” -дептi Мәжiлiс депутаты, жұмыс тобының жетекшiсi Гүлнәр Сейтмағанбетова (“baq.kz”).
“facebook.com” әлеу­мет­тiк желiсiндегi жеке парақшасында депутат Алмас Туртаев та “Заң жобасының бiрiншi оқылымынан кейiн үлкен тал­қыға түскен ҚХР-дан келетiн қандастарымыздан тұрақты тiркеуге тұру талап етiлетiн “соттылыққа” байланысты анықтама мәселесi болды. Бұл жөнiнде де жұмыс тобының тапсырмасымен үкiметтiк құрылымдар бiрқатар жұмыстар iстедi және ойларымыз да бiр арнада тоғысты. Алдағы уақытта бұл мәселе реттелiп, оңтайланатынына сенiмдiмiн. Ал бiз өз тарапымыздан осы мәселенiң iс жүзiнде орындалуын назарда ұстайтын боламыз!” – деп жазыпты.
Осы жерде бiр ескеретiн нәре, “Мемлекеттiк қызмет стандарты” тiзiмiндегi ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң 2015 жылғы 7-сәуiрдегi №315 қаулысымен Қытайдан келетiн қандастарымыздан талап етiл­мейтiн болған “шығу парағы” туралы анықтама мен осы “соттылыққа” қатысты анықтаманың сипаты бiрдей. Екеуi де ҚХР-ның заңымен реттелген – шетелге шығуды талап еткен азаматтарына берiлмейдi.
Демек, жоғарыда депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова айтқандай, “Соттылықа” байланысты АНЫҚТАМА мәселесi ендi IIМ-нiң құзырында “нормативтiк-құқықтық құжаттары” арқылы оң шешiм табады. Табуы керек те! Бұл жө­нiнде ҚР Iшкi iстер министрi­нiң орынбасары Е.Тұрғынбаевтың Жұмыс тобына берген уәдесi де бар! Қашан шешiм тапқанша және ол Парла­мент­тiң қос палатасының қа­таң бақылауында болатынына менiң сенiмiм кәмiл. Әйтпесе, сегiз ай бойы төккен терi, есiл еңбегi селге кетедi.
“Соттылықа” байланысты Қытайдан оралған қазақтардан АНЫҚТАМА талап ету туралы мәселенi шешу – ҚР Iшкi iстер ми­нистрлiгi үшiн үлкен сынақ!
Ауыт МҰҚИБЕК
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 672
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 470
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 411
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 412