Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Abai.kz 15 жыл! 810 14 пікір 15 Сәуір, 2024 сағат 13:11

Бүгін «Abai.kz» ақпараттық порталының туған күні!

«Abai.kz» ақпараттық порталының доктринасы: «Біз, қазақтың бір топ жас саясаткерлері, ғалымдары мен журналистері, кең байтақ Отанында басым ұлтқа айналған қазақ жұртына арнап «Abai.kz» ақпараттық порталын ашып, елінің бүгіні мен болашағын ойлаған азаматтардың барлығын осы ресурстың айналасына бірігіп, еркін ой мен парасатты пікір айтуға шақырамыз», - деп басталады.

2009 жылы 15 сәуірде ақпарат кеңістігіне шыққан «Abai.kz» ақпараттық порталы осы күндері расымен-ақ, елінің бүгіні мен болашағын ойлаған азаматтардың айбарлы мінберіне, еркін пікірлі алаңына айналды.

Сөз бостандығы, ой азаттығы демократиялық қоғамның ең басты құндылығы болғанымен, баспасөз саласындағы журналистердің ерік-жігері, табандылығы болмаса, ол құндылықтың қоғамнан орын табуы беймүмкін.

«Abai.kz» ақпараттық порталы елімізде сөз бостандығының берік орнығуына үлкен үлес қосты, күн тәртібінде тұрған күрделі мәселелердің жаппай талқылануына жол ашты. Алайда портал жалған ақпарат таратып, жеңіл сенсацияның жетегіне еріп, танымал болуға ұмтылған жоқ. Қашанда байыпты, байсалды ұстанымынан таймай оқырман аудиториясының сеніміне ие болды. Сайт бүгінде еліміздегі мықты саясаткерлердің, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, Үкіметтегі жауапты тұлғалар мен Парламент депутаттарының ойын білдіретін басты алаңға айналған.

«Abai.kz» ақпараттық порталы 2013 жылы Халықаралық «Awards» сыйлығын алып, Қазақстандағы ең үздік қазақ тілді ақпараттық сайт атанды. Бұдан бөлек, ҚР Премьер-министрінің, ҚР Мәдениет және спорт министрінің, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің, ҚР Ішкі істер министрінің «Алғыс хаттарымен», өзге де Республикалық және Халықаралық сыйлықтармен марапатталған.

«Abai.kz» ақпараттық порталы ұлттың мұрат-мақсатына сергек қарап, көлденең мәселенің қандайына болмасын дер кезінде үн қатып келеді. Сондықтан болар, мемлекеттік, ұлттық мүдде күн тәртібіне шыға қалған кезде оқырман көптеген басылымның ішінен «Abai.kz-те» жарияланатын мақалаларға жүгінеді. «Abai.kz» порталында  қашанда қызу пікірталас, шынайы талқы қоғамдық пікірдің қазанында қайнап, өзекті мәселелер көтеріліп, әр саланың мамандары өзара кеңес құрып жатады.

«Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланған мақалалардың елдің талқысына түсіп, Қазақстан Президенті мен құзыретті органдардың назарына ілігіп, мәселенің оңынан шешіліп жататыны осының айғағы.

Abai.kz ақпараттық порталы 2017 жылы имидждік брендін, сайттың жалпы дизайнын толық жаңалады. Қазақстандық «New Ideas Solution» LLC IT компаниясының мамандары сайттың мобильдік нұсқасын жасады.

Бұдан бөлек, сайт материалдары «Facebook», «Instagram», «Вконтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Abai.kz» ресми парақшаларында қосымша жарияланып тұрады.

Сайттың негізгі бетінде «Жаңалықтар», «Саясат», «Қоғам», «Билік», «Экономика», «Аймақ», «Әлеумет» және «Abai.tv» айдарлары орналасқан. Мұнда сайттағы саяси, экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік мақалалар мен күнделікті жаңалықтар ал, «Аймақ» айдарында Қазақстанның өңірлеріндегі жаңалықтар жарияланып тұрады.

«Abai.tv» парақшасында ел ішіндегі және халықаралық маңызды ақпараттардың бейне нұсқасы мен тарихи, әдеби танымдық роликтер үзбей жарияланып келеді.

Бұдан бөлек қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасының толық нұсқасы, абайтануға қатысты барлық ғылыми шығармалар, естеліктер, қазақтың арғы-бергі қаламгерлерінің үздік туындылары, Алаш ардагерлерінің ұлт мүддесі жолындағы саяси күреске толы өмірбаян деректері осы «Abai.kz» ақпараттық порталының бай мұрағат қорында жатыр.

«Abai.kz» ақпараттық порталындағы көрілім саны 2 млн. 200 мыңнан асады. Бұл – порталымызда жарияланған мақалалардың оқылымды екенінің сөзсіз айғағы.

Тәулігіне орта есеппен 30 мыңға жуық оқырманды қамтитын портал Қазақстан аумағында ғана емес, АҚШ, Англия, Франция, Жапония Қытай, Моңғолия, Малайазия, Сингапур, Түркия, Ресей секілді әлемнің үлкен мемлекеттерінен де өз оқырманын тапқан.

«Abai.kz» ақпараттық порталының туған күнімен, 15 жылдығымен барша оқырман қауымды құттықтаймыз!

Abai.kz

14 пікір