Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Ғибырат 719 2 пікір 16 Сәуір, 2024 сағат 14:39

Ортақ тойымызға тартуым

Коллаж: Abai.kz

«Іңгалаған» даусы естілгеніне 15 жыл болған «Abai.kz» порталымен «дипломатиялық қарым-қатынас» орнатқаныма ширек ғасырдың ширегіндей уақыт өтті-ау деймін.

Жә, ол «мәселені» жайына қалдыра тұрайын да, порталды құттықтаушыларының бірі болып, тойға мына тартуымды жолдайын деп «қаулы қабылдадым»:

БАСЫҢДЫ ҚАСЫМА!

Ой, «сүмдық-ай», Ғаббас та
Келеді екен Елуге!
Мұндай «уыз қыз жасқа»
Болмайды сені телуге!
Бос «бақырғыш» Қобыланды,
«Байшұбарлы» Алпамыс:
«Келдім, - десе, - Елуге»,
Бола ма соған сенуге?!.

Сен Елуге келсең, келе бер,
Дегенменен, түбінде
Жет Жамбылдың жасына, -
Осы түссін басыңа!
Ал енді сол 100-ге дейін
Басыңды сен қасыма!

«Бастығың» – ОСПАНХАН (ӘУБӘКІРОВ).
1985. Көкек. Тоғызы.

 ***

Е-е-е... Осеке. Алла саған 54 жыл ғана ғұмыр берді-ау...

Басекем менің, Осекем,
1 жылым өтті өзіңсіз,
Астарлы жұмсақ сөзіңсіз,
Ажарлы әсем күлкіңсіз,
Тағдыр деген осы екен.

Бұйрығыңды ұмытпақ тұрғай:
Қасымақ  тұрғай басымды,
Тарамай да шашымды,
Жүйкем біраз жасыды.

Сен – Сатираның  сардары,
Мен – бір сарбазы.
Көңілімдесің, көз алдымдасың.
Айтып берер хикаятым  көп,
Өзіңді де, күлкіңді сағынып,
Бір күні іздеп барғасын.

Бағыныштың – Ғаббасың.
04.09.1987.

***

Қосымша:  Қайран Осекеміз күлкі үйіріп ортамызда жүрсе, алдымыздағы мамыр айының 4-күні жасының 90-ға толуымен баршамыз қуана-қуана құттықтар едік...

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

2 пікір