Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 1504 1 пікір 1 Сәуір, 2024 сағат 16:03

Сейфуллиннің аумалы төкпелі замандағы әдеби ғұмыры

Сурет: egemen.kz

Биыл ақын, жазушы, драматург, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толып отыр. Сәкен Сейфуллин – қазақ әдебиетін жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан, қоғамдық ой мен әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын күрескер тұлға.

Сәкен Сейфуллин қоғам қайраткерлігінен бөлек аумалы төкпелі заманда әдеби-ғылыми ғұмыр кешті. Бірақ отбасы ойранға ұшырап, қос сәбиінен Лаура мен Аянынан айырылды. Ақынның ұлы Аянның қайғылы өліміне қатысты көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының:

«...Еске алып басқан күнді қара тұман
Ескерткіш тас тұрғыздық ел атынан.
Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда
Сәкендей ақ сұңқардың қанатынан» деген өлең шумағынан ақынның әдеби-мәдени арманының қанатының қалай қиылғанының елесін аңғарамыз.

Бұл арада кейбіреулер Сәкеннің ғылыми еңбегін жете бағаламай алаш қайраткерлеріне қарсы қойғысы келетіні де жасырын емес. Ақиқатында, тарихта ондай дүние болмағандығын 1927 жылы Қызылорда төте жазумен шыққан «Тар жол тайғақ кешуде» Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов суреттері енгізілгені тегін еместігін аңғарамыз...

Сәкен Сейфуллин өмірбаянына жүгінер болсақ, ақын жазушылығымен қатар, ұстаздықты қатар ала жүріп, 1925-1937 жылдары орта, жоғары оқу орындарында сабақ берді. «Қызылорда қалалық халық ағарту институтында, Ташкент педагогикалық институтында (1927-1928), 1930-1937 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта қазақ әдебиеті тарихынан сабақ бергеніне куә бола аламыз. Әрі қаламгер, әрі ғалым Сәкен «Көкшетау» поэмасын жазумен қатар, бір мезетте қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын жинауды мақсұт тұтып, Майкөт, Қарақожа, Ақан сері, Біржан сөздерін ел аузынан жазып алуға ат салысты. Атап айтар болсақ, өзі қоғам қайраткерлігін, қызмет бабын ұлт мүдесіне орай пайдаланып, 1930 жылы Жамбылды, оның төңірегіндегі басқа ақын-жырауларды тауып алып, Жетісуға мәшһүр  Сүйінбай, Шөже, Тезек, Жамбыл, Құлмамбет өлеңдерін хатқа түсіріп, халыққа жеткізді.

Ақынның шәкірті болып табылатын ғалым Е.Ысмайылов өз ұстазының сол кезеңдегі өміріне қатысты талай өнегелі естеліктер қалдыра білді. Сол ғылыми пікірлерге сүйенер болсақ, Сәкен 1930 жылдарда бұрынғы әдебиет мұрасына деген көзқарасын өзгертіп, ұлт әдебиеті тарихын зерттеуші үлкен ғалым екендігін Одаққа да, қазаққа да таныта біледі. Бұрын Сәкен ақын, жазушы, революционер, қоғам қайраткері ретінде халық арасында қандайлық беделді болып келсе, оқытушы ретінде студент, шәкірттер арасында да білімді ұстаз бола алғанын алдын көрген әдебиеттанушы шәкірттері ілтипатпен сөз қылып кейінгілерге аманаттап айтып кетті.

Ақынның жары, аяулы апамыз Гүлбаһрам Сейфуллинаның айтуына қарағанда, Сәкен Қызылордада, Ташкентте тұрғанда да және Алматыға келген соң да әртүрлі ақын, сөз білетін адамдардың жатқа айтатын өлеңдерін, қызықты әңгімелерін жалықпай тыңдап, ерінбей жазып алып отырған. Бір шеттен фольклор, әдебиет нұсқаларын өзі оқытқан студенттер арқылы да жинатады. Ташкентте Әбубәкір Диваевпен әлденеше рет кездесіп, одан да көптеген материалдар алған көрінеді. 1930 жылы ақын алтын уақытын арнайы бөліп, Қоянды жәрмеңкесінде бір айдай жатып, сол жерге жиналған ақын, әншілерден көптеген өлең-жырларды жазып ала алды. Осының арқасында ақынның қазақ әдебиеттануы тарихында айырықша орын алған негізгі зерттеу еңбегі 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» деген атпен қалың бір том кітап болып басылып, оқырманға жол тартты.

Сәкеннің газет бетінде және әрбір мәдениет майданындағы қызметкерлерге қарата арнайы хат жазу арқылы да қазақ әдебиеті тарихының материалдарын көптеп жинауды жолға қойғаны бәрімізге белгілі.  Қолында бар сол мол қазына жинағандарын әдебиет тарихы тұрғысынан сұрыптап, зерттеп жазуға бел шеше кірісіп кетті. Ақыры соның нәтижесінде 1931 жылы «Қазақ әдебиетінің нұсқалары» атты бір том жинақ, 1933 жылы бір том «Батырлар жырының» жинағын, келесі 1934 жылы Алтынсариннің өлеңдер жинағын баспадан шығаруға қол жеткізе алды. Ал, келер жылы, яғни, 1935 жылы Ақан сері, Ақмолла сынды қайталанбас арқалы ақындардың өлеңдерін, «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын өз басшылығымен қазақ оқырманы қолына тигізді.

1935 жылдардың алғашқы жартысында Сәкен көркем шығарма, ғылыми еңбектермен қатар мемлекеттік қоғам істеріне жаңадан құрылған Қазақстан совет жазушылары одағының ұйымдастыру және шығармашылық жұмыстарына белсене араласады.

Осы тұста Сәкеннің қаламгерлік қабілеті ашылып, өндіре еңбек еткен мезет болды десек артық айтпаймыз. 1933 жылы «Альбатрос», «Қызыл ат» поэмаларын, жылы «Социалистан» атты өлеңдер жинағын шығарды. «Альбатрос» пен «Қызыл ат» Сәкен поэзиясының тағы бір белге көтерілген, творчестволық іздеуден туған күрделі шығармалары еді. Сәкен поэзиясымен қатар, творчестволық еңбектің негізгі салмағын енді бірте-бірте проза жанрына аудара бастады. Ол бірқатар жағдайларда өзі көрген, өзі араласқан өмірден елес беретін «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Дауыл алдында», «Жемістер» атты роман, повестерін жазуға кіріседі, олардың бірқатар тараулары газет, журналдарда, түрлі жинақтарда жарияланды. «Айша» атты повесі 1935 жылы жеке кітап болып шығады. «Қызыл сұңқарлар» пьесасын бүтіндей жөндеп, қайта жазып, ол Қазақтың мемлекеттік драма театрында қойылады. «Тар жол, тайғақ кешу» толықтырылып, 1936 жылы қайта басылды. Ал Сәкеннің бірқатар шығармалары (1927 - 1937 жылдар арасында) «Атаман Анненковтың азап вагонында» «Тар жолдан» (үзінді), «Советстан», «Көкшетау», «Айша», «Қызыл ат», «Жемістер», т.б. орыс тілінде басылып шықты.

Ақын ресми дерек бойынша 1938 жылы 25 ақпанда атып өлтірлді делінсе, енді біреулер 1939 жылы 9 октябрьде қайтыс болғанын алға тартып келеді. Осылайша қанша жерден ақын өліміне қатысты пікір қайшылығы болғанымен бір айқын нәрсе: ұзақ жыл зорлықпен халық санасынан өшіріліп, тек кейін КПСС-тің XX съезінің Қарарына сәйкес 1957 жылдан бастап Сәкен өзінің дұрыс, әділ бағасын кеңестік таным-түсінік тұрғысынан ала бастады. Қаламгер ақталған кейін іле шала Сәкен шығармаларының таңдамалы жинақтары екі тілде орысша, қазақша жарияланды.

Алаш тұлғалары әдеби-мәдени кеңістіктен біржола кеткен кезде С.Сейфуллин совет әдебиеттануында олардың еңбектерін жалғастырып, олардан қалған зор жұмыстың тізгінін қолына ұстай білді. Ақын отызыншы жылдары «Қазақтың ескі ауыз әдебиет нұсқаларынан» (1931), «Батырлар жыры» (1933) сынды кітаптарын жарыққа шығарды. Әдебиетші бұл орайда сол дәуірдегі кейбіреулер сияқты партияның белсенді қолшоқпары емес, оған керсінше, ұлттық сөз өнерінің үлгісін жаңа заманға қажет етемін деген ниетпен осы саланың өркендеуіне зор үлес қоса алды. Біз білетін С.Сейфуллин әдебиетті ғылым деп қарап, А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхамедұлының ойларынан бастау алған «ұлт мұрасы» деген түсінікті саясаттың кер езулігіне жетегіне кетуден арашалап қалғанын ғылыми ерлігі деп бағалауға тиіспіз.

Қазақ әдеби-мәдени өмірінде зор орын алған «Жаңа әдебиет» журналында С.Сейфуллиннің «Билер сөздері» (1931, №3), «Қасиетті құс, аққу құс туралы» (1931, №2), «Ертедегі жырлы-әңгімелер яки ноғайлы дәуірінен қалған әдеби нұсқалары» (1931, №10, 11) т.б. мақалалары жарияланды.

Алаш алыптары жөнге түсіріп, бір келеге келтірген ана тілімізде оқулық жазу мұрасы тұралап қалған жоқ. Олар бәрінен шеттетілген дәуір болып саналатын отызыншы жылдары түрлі ғылым салалары бойынша оқулық жазу, оның ішінде совет қазақ әдебиеттануының да негізгі мәселесіне айналды. Тап осы жылдары С.Сейфуллин қазақ университетінде әдебиеттен дәріс оқыған кезінде филологтарға оқулық қажет екенін ғылыми мәселе ретінде көтеріп, жоғарғы биліктегілердің алдында өз сөзін дәлелдей білді. Осының нәтижесінде  көп ұзамай 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» оқулығының шығуы С.Сейфуллиннің ғалым ретінде кеңес әдебиеттануына нақты үлес қоса алғандығын танытады. Заман орайына байланысты алаш ғалымдарының еңбектеріне тыйым салынған шақта тап осындай уақыт тынысына жауап беретін бұндай оқулық қоғамдық қажеттілік еді.

Басты ұлттық әдеби мұраларының ұмыт қалмауын осылай өз мойнына жүктеп алғандай әсердегі әдебиетші С.Сейфуллин «Әдебиет танытқыш», «Әдебиет тарихы», «Аламан» кітаптарына тыйым салынған кезде аталған оқулықтың қоғамдық қажеттілік екенін былайша ұғындырады: «Бұл билер дәуірінің әдебиеті кірген бірінші кітапқа әдебиет нұсқаларын әдейі молырақ кіргіздім. Өйткені, бұл кітап бір жағынан, ескі ел әдебиеті туралы жазылған кітап болса, екінші жағынан, сол ескі ел әдебиеті нұсқаларының жинағы тәрізді материалдар болсын дедім» (Біз келтірген сілтеме Ісімақова А., «Алаш әдебиеттануы». – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017, - 480 бет. Кітабынан алынды – курсив менікі).

Сәкен Сейфуллин – жаңа дәуірді ерекше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен теңеулер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салушы болды. Өкіметтің мақтаушы ұраншысына айналмай, қоғамдық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. «Ауыл байғұс, мінеки», «Келіншек ойы», «Ақсақ киік», «Сыр сандық» т.б. тамаша жырлары мен «Аққудың айырылуы» атты символикалық көркем поэмасы – сол кезеңнің шынайы көркем туындылары. Өз кезеңінің айнасы болған Сәкеннің отты шағармалары Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезең шежіресі іспетті. Бітімге соқпас күрес ақынды тез ширатып, оның шығарма жазуға қолын да тигізбей, әлеумет қайраткері, саяси күрескер етіп шығарады.

Міне ақыннның өз қалауынан тыс, замана ағынымен әлеумет қайраткер, саяси күрескерге айналуы оның әдеби және ғылыми жұмыстармен беріле айналысуына біршама кедергі болды. Бергенінен берері көп шығармашыл тұлға саясаттың сайқал екпінімен әдебиет пен ғылымнан қол үзіп қалып та отырды. Бірақ артында Қазан төңкерісі тұсындағы аумалы-төкпелі кезең шежіресіне айналған әдеби һәм ғылыми мұралары қалды. Ақын атындағы музей осыны бүгінгі таңда көзінің қарашығындай сақтап отырған жайы бар. Биылғы мерейтойына орай біздің берекелі мекемемізде талай жұмыстар атқарылды. Әліде атқарылмақшы.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Жумаханова Қарлығаш Бекқалиқызы,

Сәкен Сейфуллин музейі, тарихи-мәдени мұра және экскурсиялық көрме жұмысы бөлімінің басшысы.

Abai.kz

1 пікір