Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Қоғам 2195 0 пікір 27 Сәуір, 2024 сағат 12:44

Мереке Құлкенов: Олигархтардың да әкесі – Халық

«Апат айтып келмейді» дейді атам қазақ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Жер бетінде өмір сүріп жатқан адамзат қауымы  есте жоқ ескі заманнан  бері қарай да табиғаттың дүлей күшін бастан өткеріп келеді. Бабаларымыз қай жылы қандай табиғи құбылыс болатынын айдың қалай туғанынан, жұлдыздардың жамырағанынан алдын-ала болжап, біліп отырған. Күні кешеге дейін біздің сондай данагөй ақсақалдарымыз бар еді-ау. Әттең  сол бір халық ішіндегі табиғатпен біте қайнасқан «жауырыншыларымыздың»  ұрпақ сабақтастығы үзіліп  қалды. Ата-бабамыздың жылдың төрт мезгілінде келетін нақты амалдарын да ұмыттық. Ендігі  дәтке қуат ететініміз – халқымыздың қиын-қыстау кезінде, табиғи апат кезінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігіп кететіндігі. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Әнебір жылдары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы зіл-залада, соңыра Атырау облысының Қызылқоға, Жылой ауданындағы су тасқынын  да халықтың ұйымшылдығына, бірлігіне өзім куә болғанмын. Әлі есімде, 1993 жылы Атырау облысының Қызылқоға, Жылой аудандары суға кеткенде арнайы құрылған комиссияның құрамында – сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, академик Зейнолла Қабдоловтармен бірге Миялы  мен Құлсарыға барғанымыз.

Үйлері суға кетіп далада қалған қарапайым  халықтың  бастарына  түскен  ауыр қиындыққа  мойымай, бірін-бірі қолдап, Үкіметке сенім білдіріп,  елдік танытқандарына іштей  риза болып,  оларды  жігерлендіріп ақ-адал  сөзімізді  айтып  кеткенбіз. Кейін  халқымыздың «Бір жамандықтың, бір  жақсылығы болады»  деген ақылман сөзіне әбден тәнті  болғанмын. Су апатынан кейін  көп кешікпей үйсіз-күйсіз  қалған жұртшылықтың  бәріне  жаңадан  үйлер  салынып, керемет ықшам аудандар пайда болып, бәрі  қалпына  келген еді.

Ал енді биылғы су тасқынының беті жаман болғанына  бәріміз куәміз. Еліміздің Шығысы мен Солтүстігі, Батыс  облыстары  нөпір судың  астында  қалды. Мұндайда  кім  кінәлі  деген үлкен сұрақ  туындайды. Әрине алдымен айтып  келмейтін табиғат, екінші бейқам отырған жергілікті билік кінәлі екендігіне ешкім дауласа алмайды. Алайда  бар  кінәні билікке артып өздері қарап отырмай табиғаттың дүлей апатына қарсы жұмыла күреске шыққан халқымыздың ерен ерлігіне қалай разы болмайсың, осындай ұлы халықтың ұлы екендігіңе қалай мақтанбайсың!

Мемлекет басшысы халықтың ауыз біршілігіне ерекше тоқталып, ризашылығын білдіруде. Сонымен қатар табиғи апаттың алдын алу барысында  қауіп төніп  тұрған аймақтарды  өзі  аралап, халықтың ой-пікірлерін  тыңдап,  нақты шараларға  арнайы тапсырма беруде. Құдай қаласа бұл қиындықты да жеңіп шығатынымызға  күмән жоқ.

Өткен аптада Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғат апатына жұмыла  қарсы тұрып жатқан халыққа Жолдауында бұл су  тасқынының  соңғы  80 жылдан бергі болған ең ірі  апат  екенін атап көрсете отырып, барлық жапа шеккендерге қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі деп уәде берді. Сонымен қатар Президент соңғы отыз жылда пайда болып, әлемдегі ең бай олигархтардың Forbes тізіміне кіретін байларымыздың алынбас қамалын бұзды. Президент өзіне тән терең мәдениеттілігімен байсалды түрде   салиқалы да салмақты ескерту жасап: «Бізде өте ірі кәсіпкерлер  бар, олар Forbes тізімінде алдыңғы қатарда тұр. Олармен арнайы әңгіме жүргіземіз. Олар жеке-жеке әр облысқа, аудандар мен ауылдарға бекітіліп беріледі және әрқайсымен тікелей жауап беретін болады. Бұл алдымен өздеріне пайдалы іс болады, өйткені олар өздері салған қаржының нәтижесін көріп, риза болады. Сонымен қатар  сіздердің әрқайсыңыз туған халыққа жасаған қайырымдылықтарыңыз мемлекеттің назарынан тыс қалмайды», – деді.

Сөйтіп, олигархтардың алынбас қамалының қақпасы халық үшін айқара ашылды. Меніңше біздің аса ірі байлардың барлығы Қазақстанның бұрынғы басшысы Н.Назарбаевтың шекпенінен шыққандар. Сондықтан олардың барлығының халық алдындағы беделі жоққа тән. Халық олигархтарға жек көре  қарайды. Алайда олардың көпшілігі Мемлекет басшысының сөзінен кейін неге бірден халыққа көмек қолын созды деген заңды сұрақ туындайды. Себебі олар күні бүгінге дейін халықпен тіл табысудың жолын таба алмай жүр еді. Енді өздерін жақсы жағынан көрсетуге мүмкіндік туғанына қуанған болса керек.

Осындай сәтте менің көкейімнен кетпей жүрген  жауапсыз екі сұрақты айтпай кетсем өзіме сын болмақ. Оның біріншісі – қаңтар оқиғасы кезінде, анығырақ айтқанда 2022 жылдың 5 қаңтарында Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын халқына бірауыз ескерту айтпай тастап қашуы. Екіншісі – Қазақстан табиғи апатқа ұшырап жатқанда халқына арнап жылы сөз айтып, өзінен бастап  соңынан ерген, қолдан жасалған байларына «Халыққа көмектесейік»  деп аталы сөз айтпағанына таң  қаламын!

Жә, сонымен Президенттің емеурінімен алынбас қамал бұзылды, олигархтарымыздың халыққа деген ықыласы оянды. Президент те, халық та үлкен жеңіске жетті. Енді біздің байларымыздың халыққа  қалай көмектесіп жатқанына назар аударып, олардың кімдер екенін талдап көрейік. Тағы да қайталап, нақтылап айтсақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға арнайы іссапармен барған кезінде зардап шеккендерге көмек көрсетуде бизнес өкілдерінің ролі ерекше екенін айта келіп, бұл жолы үнсіз қалудың реті жоқ екенін ескерткеннен кейін арнайы-шотқа қаржы жаңбырдай жауды.

Ең алдыңғы  қатарда – қазақстандық миллиардер Владимир Ким. Ол өзінің бірнеше алпауыт компаниялары «Қазақмыс»,  KAZ Minerals, «АлтынАлмас», «Қаражыра» және RBK Bank есебінен бірден 40 млрд теңге аударды. Бұл қаражат арнайы, мақсатты түрде инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге жұмсалмақшы. Әрине қарапайым халық үшін бұл өте үлкен қаржылық көмек. Алайда Владимир Кимнің Forbes  тізіміндегі қаржы көлеміне көз жүгіртсек мына 40 млрд теңге теңіздің тамшысындай  ғана екеніне көзіміз жетеді. В.Кимнің  компанияларының барлығы сонау жылдары ұлы академиктер Қаныш  Сәтбаев, Шаһмардан  Есенов, Дінмұхамед Қонаев, Шапық Шөкин сияқты ағаларымыздың іздеп тауып, кейінгі ұрпаққа  мұра етіп қалдырған кен орындарының  негізінде құрылмап па еді.   Бір өкініштісі олигархтарымыздың  көпшілігі жаңағы аты аталған  ағаларымызды біле бермейді, білсе де білгісі  келмейді.

Тағы бір алпауытымыз Болат  Өтемұратовтың жеке   қоры алғашқылардың  бірі болып су тасқынынан  зардап шеккендерге 680 млн теңге аударған екен. Соңыра су  тасқынының ұлттық апатқа айнала бастағанын аңғарып  жеке өз 10 млрд бөлгенін шулап айтып жатырмыз. Алайда  Болат Өтемуратовтың Forbes тізіміндегі мына байлығына көз  сала кеткеннің айыбы жоқ. Ол Forbes тізімінде алтыншы орында, байлығы 2.7 млрд  $ құрайды.

Тәуелсіздігіміздің  алғашқы жылдары  Қазақстан  мен АҚШ-тың бірлескен жобасы «Теңізшевройл» мұнай кәсіпорыны  (ТШО) дүниеге келді. Оған Алматыдағы  «Достық» үйінде Қазақстан Президенті қол қойғаны әлі есімде. Бұл Тәуелсіздік алып, не істерін білмей  отырған Қазақстан Мемлекеті үшін елеулі оқиға болды. Алайда көп кешікпей «келісім-шарт негізінен бір жақты АҚШ компаниясының пайдасына 40 жылға жасалды»  деген күңкіл сөздер естіле бастады. Шынында да «Теңізшевройл» мұнай  компаниясы Қазақстан үшін ғасыр жобасы болуы керек еді. 40 жылға жуық уақыттың ішінде  басқасын айтпағанның өзінде кеше түгелдей суға кеткен Құлсары  қаласы ХХІ ғасырдың ең заманауи қаласына айналады деген үмітте болатынбыз. Алайда бәрі керісінше болып шықты. ТШО-ның Американдық  басшылары мен мамандары компанияны Атырау қаласында жайлы офисте отырып басқаруды әдетке айналдырды. Ал теңіз мұнайының улы күкіртін жергілікті халық күнде жұтып денсаулығына зиян келтірді. Құлсарыда тепсе темір үзетін жігіттер экологиялық қолайсыздықтың зардабынан таңертең ұйқыдан тұрмай қалатын зауалға ұшырады. Бір сөзбен айтқанда, атақты «Теңізшевройл»  мұнай компаниясы миллиардтаған  таза  табыс тауып жатса да жергілікті халықты назардан тыс қалдырды. Өйткені кезінде Назарбаев қол қойған келісім-шартта жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы лайықты дәрежеде қаралмаған. Соның салдарынан Құлсары айдың күннің аманында  суға кетті.

Кешегі Президентіміздің нұсқау сөзінің алдында «Теңізшевройл» мұнай компаниясы апатқа қарсы күреске дереу көмек көрсетіп, қаланы қалпына келтіру үшін 2 млрд. теңге бөліпті.  Соңғы дерек көзіне қарағанда ТШО акционерлері Шеврон – 50%, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) – 20%, ExxonMobil Kazakhstan Ventures – 25% және «Лукойл» – 5% болып бөлінеді екен.  Қарап отырсаңыз біздің жер асты байлығымыз қалай талан-таражға салынғанын аңғару қиын емес. Осы ТШО-ның бақылаушы акционері АҚШ алпауыты Chevron Corporation $3 млн (1,3 млрд теңге) көмек көрсетті дейді дерек көздері.

Бір қарасаң бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасы да қозғала бастаған тәрізді. «Жас Алаш» газеті келтірген мына дерекке көз салайық. «Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы қор 9 сәуірде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына елдегі орын алған су апатына көмек ретінде 300 млн теңге аударғандарын мәлім етті. Ал экс-президенттің қызы мен күйеу баласы Тимур мен Динара Құлыбаеваларға тиесілі Halyk Bank және «Халық» қайырымдылық қоры зардап шеккендерге 1 млрд теңге аударды. Тоқаевтың сөзінен кейін, 18 cәуірде Тимур Құлыбаев жеке өз есебінен Атырау облысына 30 млрд теңге бөлгенін мәлімдеді. Назарбаев университеті мен Назарбаев мектептеріне иелік ететін Pioneer Capital Invest-ке тиесілі Jusan Bank су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек көрсетуге 300 млн теңге аударды. Біз келтірген деректегі мына жолдарға оқырман назарын аударғым келеді: 18 сәуір Тимур Құлыбаев жеке  өз есебінен Атырау облысына 30 млрд теңге бөлгенін мәлімдеді.

Отыз жыл бойына Батыс Қазақстанның мұнайы мен газын оңды-солды сатудан түскен қаржатты ата-бабасы қалдырып кеткен мұрадай қалтасына басқан Тимур Құлыбаевтың бұл көмегі жылаған балаға кәмпит ұстатқанмен бірдей мардымсыз көмек. Өйткені Тимур Құлыбаев пен Динара Назарбаеваның Forbesтің тізіміндегі жеке байлығының  мынадай көлеміне қарағанда Т.Құлыбаев 4.3 млрд $, Динара Назарбаева 4.3 млрд $  ол аударған 30 млрд теңге айтуға тұрмайды. Бас-аяғы бір-екі аптаның ішінде еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде жасалған қаржы көлемі 147,542 млрд теңге болыпты. Әрине су тасқынынан зардап шеккендерді толық қаржымен қамтып, қала мен ауылдарды қалпына келтіру үшін әлі де қомақты қаржы жиналу керек.

Алпауыт олигархтарымызға айтарымыз, ел мен жұрттың алдындағы жоғалтып алған беделдеріңіз бен абыройларыңызды қалпына келтіру үшін халықты шөміштен қыспай көмектеріңізді аямаңыздар. Қаншама бай-манап, олигарх болсаңыздар  да халыққа қарыздар екендіктеріңізді ешқашан естен шығармаңыздар. Өйткені олигархтардың да әкесі - Халық екенін бәріміз жақсы білеміз.

Мереке Құлкенов

Дереккөзі және сурет: "Қазақ әдебиеті" газетінің 26 сәуірдегі нөмірі 16 саны.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1797
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1789
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1506
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1404