Дүйсенбі, 17 Маусым 2024
Абай мұрасы 1409 10 пікір 4 Мамыр, 2024 сағат 18:35

Қазақ өміріндегі тәңіршілдік...

Коллаж: Abai.kz

Ешбір халық дінсіз өмір сүре алмайды. Себебі, дін халықтың өмірін реттеп, басты бағыт беріп отыратын негізгі күш. Әрбір қоғамға өмірді үйлесімге келтіріп отыратын қуат көзі керек. Бұл тұрғыдан алғанда, тіпті, коммунистердің идеясы да діннің бір көрінісі деуге болады.

Әрине, исламға дейінгі бұрынғы көшпенді қазақ халқының да діні болған. Ол дін – тәңіршілдік, яғни, Болмыстың Өзі. Бұл Болмысты көшпелі түркілер Тәңір деп атап, Оған толық бой ұсынған. Бөлінбейтін біртұтас Болмыстың бір бөлігі болып, ықпалына толық берілгендіктен, елдің тіршілігі бүкіл әлем өмірімен бірігіп, толық үйлесімді болған. Қазақ ұғымындағы тәңіршілдік дегеніміз осы. Тәңіршілдік дегеніміз бүкіл Болмысты толық мойындап, Оның ықпалына толық берілу. Жатырдағы нәресте өзінің анасының жағдайына қандай тәуелді болса, көшпенділердің өмірі де қоршаған табиғат көріністерінен сондай тәуелді болды. Нағыз тәңіршілдік табиғатпен етене жақын болған көшпенді халықтарда ғана мүмкін еді.

Табиғат аясындағы халыққа қазіргі қалыптасқан діндердегідей пайғамбар, қасиетті жазбалар, діни рәсімдер болған жоқ. Тәңіршілдік үшін адамды дұрыс жолға салатын, оған керекті білім беретін, және үйлесімді өмірді бұзбауды үйрететін күш табиғаттың өзі болды. Көшпенді өмір – әлемдік қозғалыстың бір бөлігі. Қазақ болмысының бастау да осы көшпенді өмір болды. Көшпенді өмір толығымен табиғат аясында, және болмыспен үйлесімді болғандықтан, қазақ халқының діні де, бүкіл өмір салты да тәңіршілдік болды.

Осылай қазақ халқының бастау алатын көшпенді өмірі табиғат аясында болып, болмыс өмірімен үйлесімді болды. Көшпенділер табиғатты толық сезініп, оған мойын ұсынып, өзгермейтін көк аспанды Тәңір ретінде қабылдады, Оған сиынды. Болмыстың бір бөлігі ретінде оның бірлігін бұзбай, толық үйлесімді, табиғи өмір сүрді. Көшпенділердің бір бөлігі болғандықтан, түрік халқы да, оның ішінде қазақтар, осылай бір Тәңірге бағынып, Оны бүкіл Болмыс көрінісі ретінде қабылдаған. Тәңіршілдік осылай пайда болды деуге болады.

Тәңірдің не екенін түсінудің маңызы өте зор. Бүкіл болмысты Тәңір деп қабылдағандықтан, Тәңірдің Өзі Болмыс, ал Болмыс — Тәңір болып қабылданды. Екеуінің айырмашылығы жоқ. Бұл түсінік тәңіршілдіктіктің қандай кең мағынасы барын көрсетеді. Тәңіршілдік шексіз болғандықтан, барлық басқа түсініктер мен ағымдар содан шығып, оның бөліктері болып табылады. Себебі, тәңіршілдік бүкіл Болмыс өмірінен шығады. Шыңғысхан империясында түрлі діндерді шеттетіп, бірнен бірін бөлмей, барлығын бірдей қабылдауы да осының көрінісі. Өмірдің барлық көріністері Болмыстың бөліктері ретінде қабылданып, барлық халықтар мен діндерге бірдей тең көзқарас болған. Сондықтан, империяда олардың арасында ешқандай қайшылықтар болмаған.

Қазақ халқы Болмыстың шексіздігін аспан арқылы сезінген. «Көк Тәңірі» деген атаудың шығуы да осыдан болса керек. «Көк Тәңірі» дегеніміз аспан, табиғатты білдіреді. Қазіргі кезге дейін қазақтардың адам «өлді» демей, «қайтты» деп, Болмысқа қайтқанын, яғни Онымен біріккенін білдіреді. Жанның мәңгілікті және өлген соң ол табиғаттың келесі деңгейіне өтетінін біліп, аруақтарды ұмытпай, олармен үнемі байланыста болған. Олар әлемдер байланысын сақтап, табиғатпен үйлесімді өмір сүрген.

Қазақтар осылай Тәңірге құлшылық етіп, табиғат ықпалымен, өздерін Болмыстың бір бөлігі ретінде сезінген. Сондықтан, халықтың өзіндік болмысы ертеден, көшпенді дәуірдің алғашқы кезеңінен қалыптасып, бекем орныққан. Өзін табиғаттың бір бөлігі ретінде санаған адам қоршаған ортаға зиян тигізбейді. Көшпенділер табиғатты баласындай аялап қорғады. Табиғат ықпалымен салт-дәстүр пайда болып, олар өте қатаң сақталып отырған. Аққан суды былғамас үшін оған шомылуға, кір жууға тіпті өлім жазасымен тиым салынған. Осылай табиғи судың тазалығы сақталып, табиғат қорғалып отырған. Көшпенділер қоршаған табиғатын аялап, қоршаған ортаны сақтай білді. Салтында «Ағын суды ұлықтау», «Көк шөп жұлмау», «Бастау басына ақтық байлау»,  хайуанаттардың пірі болуы, осылардың барлығы қазақ халқының тәңіршілдікпен тығыз байланысын көрсетеді.

Болмыс өмірі сырттан ештеңені қажет етпейді. Көшпенді өмір де өзіне өзі жеткілікті, осы біртұтастың бір бөлігі. Адам баласы көшпенді өмірде толық табиғат аясында болғандықтан, ол өзінің қарабас қамын көп ойламайды. Табиғат күштеріне, Тәңірге толық сеніп, өмір не берсе – соған қанағат. Оның бақытты болуына көп дүниенің қажеті жоқ. Ол дүние-мүлікке көп тәуелді емес. Бұл оның өміріне тәуелсіздік береді. Еркіндікті білдіретін  «Қазақ» деген атау пайда болды. Олар дүниеге көп байланбайтын, табиғат құбылыстарына өте төзімді, қиындықтан тайсалмайтын, өзіне керегін еркін тауып алатын ер мінезді, қайратты болған. Бірақ табиғи апаттар болса, онда отырған жерін тез ауыстырып, көшіп жүре береді. Ежелгі Ғұндардың Алтайдың арғы бетінен көшіп, Еуропаға дейін жеткендері осының бір көрінісі болса керек.

Көшпенділер отырықшы елдерді оңай жаулап алып, олардың іріп-шіріген ортасын жойып, жаңа қоғам орнатуға мәжбүрлеп отырған. Адамзат өмірінің құлдырауына мүмкіндік бермей, оған үнемі осындай серпіліс, жаңа тыныс беріп отыру өте қажет еді.  ХІІ ғасырда Вильгелм Руйсбрукский деген саяхатшы көшпенділер туралы «бұл өмірдің дүниесіне аз көңіл бөледі, олар жер өңдемейді, үй салмайды, олардың өзіндік ішкі болмысы жер кезіп, ұзақ жол жүруге мүмкіндік жасайды» деп жазады.

Қазақ халқының дүниетанымы, ежелден келе жатқан көптеген әдет-ғұрпы, мейрамдары, табиғат пен әлемге қатысты түсінік-пайымдары мен ұлттық ойындары адамзаттың өткен өмірін еске салып, бүгінгі күндері олардың тұрмыс-салтын көрсеткендей болады.

Қазақ өмірінің болмыспен үйлесімділігін табиғат көріністері арқылы Абай жақсы көрсетеді. Ол өзінің «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұры» тәрізді өлеңдерінде халықтың табиғатпен байланысын суреттейді. Жазғытұрының жер бетіндегі тіршілікке ықпалын баяндай келіп,  оның адамдарға әсерін әрі қарай Абай былай деп көрсетеді:

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып –

деп табиғат пен адам өмірінің, олардың өзара байланысын көрсетсе, «Жазға жақсы киінер қыз-келіншек, Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек» деп әрі қарай табиғат пен адам өмірінің біріне бірінің әсерін, ұқсастығын суреттейді.

Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер,
Мейірмандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер, –

деп жер бетіндегі барлық тіршілікті бір Тәңірдің жаратқанын, адамзат үшін жер ана болса, аспан әке болатынын білдіреді. Ақын бір шебер Тәңірдің шексіз мейірімділігімен өмірдің безендірілгенін, Оның шапағаты аясындағы өмірдің үйлесімді екенін осылай суреттейді. Абай бұл арада Жаратушыны Алла, Құдай демей, Тәңірі деп атап, қазақтың ежелгі өмірін суреттеп отыр. «Тамашалап қарасаң Тәңірі  ісіне, Бойың балқып, ериді іште жігер» деп әрі қарай Абай Тәңірі мен адамның байланысын береді. Көшпенді қазақ  халқы Тәңірі арқылы мейірімділік, сүйіспеншілік, бауырмалдық тәрізді адами қасиеттердің өшпес көзін тауып, рухани болмысын жоғары деңгейде ұстай білген. Себебі, көшпенділердің мінез-құлқы табиғаттың мінезімен үйлескен мінсіз болған. Ондай халыққа ешуақытта рухани жетілу мәселесі тумайды. Рухани болмысы табиғи өмірдің ықпалында болғандықтан, ол үнемі жоғары деңгейде.

Қазақ халқы табиғат заңдылықтарын жақсы біліп, барлық тіршілігін соған бағыттағандықтан жаз жайлауға, қыс қыстауға қашан көшу керек екенін жақсы біліп, оны мұқият ескеріп отырған. Бұған табиғат заңдылығы мәжбүр етті. Көшпенді қазақ өмірі табиғат өзгерістеріне тәуелді болып, өз өмірін үнемі табиғатпен үйлестіріп отырды. Бұл оған табиғат заңдылықтарын жақсы білуге және өмірін соған сәйкестеуге үйретті. Табиғат оған өмір мектебі болды. Ұзақ көшіп-қону, жаугершілік кездерінде ол күндіз ауа райының өзгерістеріне көңіл бөліп, құбылысын байқап, түнде жұлдыздарды меже етіп, алған бағытынан адаспайтын болған. Өздерінің күнтізбесі болды.

Өмір қиыншылықтары қазақтың қайрат-жігерін шынықтырып, төзімді, ер мінезді етіп тәрбиелеген. Қоршаған ортаға сүйіспеншілік және үздіксіз жорықтар адамды адалдыққа баулып, ой өрісін кеңітіп, жәуәнмәрт мінез қалыптастырды. Қуыс кеуде, өзімшіл, таяз ойлы адам табиғатпен үйлесімді бола алмайды. Оны табиғаттың өзі жазалап, дұрыс бағыт беріп отырады. Осылай көшпенді өмір салты қазақ халқының адалдығы, кеңпейілдігі, жомарттығы және ерлігі тәрізді қасиеттерін қалыптастырды. Кеңес дәуіріндегі қиындыққа ұшыраған шешен, ингуш, кәріс тәрізді көптеген халықтарды жат көрмей, бауырына басып, мекен бергені осының көріністері.

Қазақтың ұлттық болмысы үйлесімді табиғи өмірде қалыптасып, шынықты. Қазақ халқының рухани құндылығы болып табылатын оның ұлттық болмысы тәңіршілдік аясында осылай қалыптасқан еді.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

10 пікір