Жексенбі, 5 Мамыр 2024
46 - сөз 4534 7 пікір 25 Сәуір, 2024 сағат 19:18

Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу...

Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды

Халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін дәл әрі нақты білдіретін осы үш ұғымды ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта өтті.

Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты жеті жүзден астам сессия қатысушылары өз өңірлерінен байланысқа қосылды.

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаев бастаған бір топ депутаттар, “Бір ел - бір мүдде” депутаттық тобының мүшелері Парламент қабырғасынан сессия жұмысына қатысты.

Алқалы жиынның күн тәртібі әрине бүгінгі таңда табиғаттың тосын мінезінің салдарынан келген зардаптың орнын толтыру және қиындыққа ұшыраған отандастарымызға қол ұшын берудегі Қазақстан Халқы Ассамблеясының рөліне арналды десек болады.

Мемлекет басшысы су тасқыны кезінде Ассамблеяның атқарған ауқымды әрі үйлесімді жұмысына ерекше тоқталды.

Зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсету бойынша жедел түрде ҚХА республикалық және өңірлік штабтары құрылғанын атап өтті.

Шын мәнінде де атқарылған тірлік аз емес. Бүкіл елді қамтыған «Жүректен жүрекке» ауқымды акциясы аясында апат аймақтарына жалпы сомасы 770 миллион теңгеден астам 1500 тоннадан астам азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарлар жіберілді. Оған этномәдени бірлестіктердің 12 мыңнан астам еріктілері қатысты.

Мемлекет басшысы атап өткендей Ассамблея өзінің ұлт бірлігі мен ынтымағы құндылықтарының тиімді жолбасшысы екенін іс жүзінде тағы да көрсетті.

Ассамблея Төрағасы тоқталған аса маңызды бағыттың бірі - ҚХА жұмысын жаңа ұлттық идеология Доктринасымен үйлестіру.

Президент идеологиялық реформа мәселесінде: «Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған. Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек. Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет.

Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды.” - деп атап өтті.

Қоғамымыздағы ауызбіршілікпен берекелі ынтымағымызға сызат түсіргісі келетін теріс пиғылдылар мен әлеуметтік желілерде алауыздық туғызуға тырысатындардың құйтыртқы әрекетіне алданбауға шақырды.

Сонымен қатар қарғын су зардабынан шығынға ұшырағандардың барлық шығыны толықтай өтелетінін, бұл үшін еш қандай үнемдеу болмайтынын атап өтті. Үкіметке мемлекеттік резервтегі қаржыны жұмсауға рұқсат бергенін мәлімдеді.

Алишер Сатвалдиев

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1267
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1157
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 899
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1030