Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Аласапыран 993 0 пікір 15 Сәуір, 2024 сағат 18:02

Таяу Шығыс ұйықтамаған түн: Қазақстан не дейді?

Иран сенбіден жексенбіге қараған түнде Израильге жауап соққысын жасады. Бұл соққы әлем жүртын әбігерге салды десек те болады.

«The New York Times-тың» жазуынша Иран өз шабуылында 185 дана дрон, 36 дана қанатты зымыран және 110 дана «жер-жер» санатындағы зымыранды қолданған. Шабуылдың басым бөлігі Иран аумағынан жасалды. Сондай-ақ, Йемен, Ирак және Ливан аумағынан да дрондар мен зымырандардың ұшырылғаны расталды.

Осылайша Тегеран соққы операциясын проксилерімен бірлесе отырып жүзеге асырды деуге болады.

Атылған дрондардың басым көпшілігін АҚШ және Ұлыбритания ұшақтары қағып түсірген. Иранның зымырандарының кейбірі Израиль аумағындағы нысандарға түскен, одан келген шығын көлемі (ауқымды/мардымсыз) анықталу үстінде.

Енді Израиль қарымта соққы жасайтынын айтуда. Негізгі соққы нысаны ретінде Иранның ядролық нысандарын, зымыран қоймаларын және әуежайларын атқылауы мүмкін.

Осы уақытқа дейін Иран мен Израиль ит пен мысық болып келді. Алайда бір-бірінің аумағына тікелей, ашық форматтағы әскери соққы жасаған емес. Екеуінің жауластығы жаңа деңгейге өтті деуге болады.

КСИР: «Егер Израиль Иранға соққы жасар болса, біз Израильді 2 мыңнан аса дрон және зымырандармен қайта соққылаймыз», - деді.

Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады. Десе де, осы жолы «алғаш» деп атайтын бірнеше факт тіркелді.

Бірінші: Иран өз тарихында алғаш рет Израильге тікелей соққы жасады. Мейлі, бұл шабуыл сәтсіз болды дегеннің өзінде Иран өзінің барьерін аттап өтті. Егер осыған дейін Иран Израильге тіке соққы жасамай, өзге елдердегі әскери топтарды пайдаланып, төте соғыстан жалтарып келсе, бұл жолы бұл шектеуді еңсеріп, соққы жасай білді. Бұл сигнал.

Екінші: Иордания алғаш рет Израильмен одақтасып, Иран зымырандарын өз әуе кеңістігінде қағып түсірді. Израильге өз әуе кеңістігін ашып берді. Бұл да алғашқы рет орын алған жағдай.

Үшінші: Иран осы жолы Голан биіктігіндегі Израиль нысандарына дүркіндетіп соққы жасады. Ал ол жерде Қазақстанның бітімгер күштері болған. Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап: «Қазақстан әскерилеріне қауіп жоқ», - деді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемесі:

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушіліктерді тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырады.

Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын тағы да атап өтеді», - деді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар