Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Абай мұрасы 655 1 пікір 10 Сәуір, 2024 сағат 15:19

Абай іліміндегі таным мәселесі...

Сурет: tekelinews.kz

Рухани жолда, жалпы әлем заңдылықтарын түсінуде танымның маңызы үлкен екені белгілі. Таным өмірге құштарлық тудыратын негізгі күштердің бірі болып табылады. Сондықтан, өмірдің түпкі мақсатына жету үшін танымның не екенін, оның өмірдегі көріністерін жақсы білуіміз керек. 

Таным дегеніміз не? Философияда таным гносеология деп аталып, «таным дегеніміз – білім алудағы ізденіс» деп түсіндіріледі. Әрине, бұл заттық әлемді тануға арналған тар түсінік. Ислам бойынша таным (ақида)—адамның қоршаған дүние жөнінде сенімі арқылы қалыптасқан танымы, пікірі, діни ұстанымдар жиынтығы. Ислам бойынша тану үшін сенім, яғни иман да керек. Рухани деңгейдегі танымда сезім мүшелері ғана емес, жүрек те іске қосылады. Сондықтан, діни таным философиялық танымдағы ізденіс қана емес, оның рухани мағынасын да қамтитын өте кең ауқымды білдіреді.

Танымның қайнар көзі білім болып табылады. Кім болса да білімге ұмтылады. Себебі, білім жан қасиеті. Фәни әлемде жан материяның әсерінен өзінің толық білімін ұмытқан, бірақ білімге деген құмарлығы сақталып қалады. Сондықтан жан құмары билеп, адам баласы үнемі білімге ұмтылады. Білімге ұмтылу жан құмары екенін Абай жұмбақ ретінде былай деп береді:

Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сәулең болса бермен кел, талапты ерің,
Жан құмары дүниеде немене екен –
Соны білсең, әрнені білгендерің.

Бұл жұмбақтың шешуін «білмекке құмарлық» деп өзі береді. Себебі, шыбын жан үнемі Ғазиз Жанға, яғни Аллаға ұмтылады. Алланың бір көрінісі Оның жаратқандары, яғни әлем көріністері. Әлем көріністерін тану арқылы Алланы танимыз. Сондықтан, білімге ұмтыламыз. Білімнің негізгі мақсаты да осы – Алла тағаланы таныту.

Адам өмірі ғана емес, бүкіл болмыс көріністері де білім арқылы пайда болып, өзгеріп, құбылып отырады. Бүкіл болмыстың қайнар көзі білім болғандықтан, білімсіз ештеңе пайда болмайды. Білімді ғылым арқылы табуға болады.  Бұл арадағы «ғылым» деген сөз араб тілінен енген рухани деңгейді білдіріп тұр, сондықтан, ол заттық және рухани болмысты бірдей қамтиды. Бүкіл Болмысты тану үшін әуелі оның бөліктерін білу керек. Осылай дәстүрлі түсініктегі заттық ғылым салалары пайда болады.

Ғылымның мақсаты бүкіл Болмысты таныту болғандықтан, оның материалдық және рухани бөліктері бар. Ғылым танымның құралы. Таным дегеніміз тек қана ақпаратты қабылдау емес, сезімдермен қабылданған ақпаратты ақылға салып таразылап, ес арқылы түйсікке жіберіп, жүректе бекіту болып табылады. Жүрекке жеткен осындай таным сенімге айналып, жетілу барысында ол Құдайға деген иманға айналады.

Абай білім арқылы танудың негізгі шарттарын былай деп береді:

Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол - Алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді.

Болмысты көріністерін тану арқылы Алланы таный аламыз. Тану бір Аллаға бағытталуы керек. Сол кезде қандай әрекет болса да, рухтанып, рухани әрекетке айналады. Рухани жолдың дүниелік жолдан айырмашылығы осында, барлық әрекетті Аллаға бағыштауда жатыр. Аллаға махаббат қылып, жүрек көзін ашып, білімге құмар болып,  ынтықтықпен  талпынғанда ғана шындықтың, яғни хақлықты тануға болады.

Әрі қарай данышпан сөзін былай деп жалғастырады:

Оның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым - Алланың бір сипаты, ол - Хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.

Осылай тану үшін ғылымның қандай үлкен маңызы барын түсінеміз. Себебі, ғылым Алланың бір сипаты, яғни Болмыстың бір көрінісі, сондықтан, оның Алланың өзінен айырмашылығы жоқ. Бірақ, ғылым Алланың бір сипаты болу үшін ол жан құмарына арналуы керек.  Егер ол тән құмары үшін болса, онда  «ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды», яғни таным иманға айналмай, заттық сенім деңгейінде қалады.

Болмыстың үш деңгейіне байланысты танымды да үш деңгейге бөлуге болады.

Біріншісі, тән арқылы көрнеу әлемді тану. Заттық ғылым дегеніміз осы. Адам өзінің заттық болмысы болып табылатын тәні, ақылы. Логикасы арқылы көрнеу әлемді танып, бірімен бірін байланыстырып, оларды өзгертіп,    түрлі заттық көріністерін алады. Бұлар тән құмары басқарған Болмыстың таза заттық деңгейі. Техниканың неше түрлісін ойлап тауып, космосқа ұшып, ойын-сауықты көбейтіп тән құмарына бағытталған бүгінгі күндердегі өркениет осының көріністері.

Екіншісі, көрінбейтін нәзік әлемдерді тану. Спиритуализм, гипноз, шамандық, бақсылық, медиумдық, экстрасенсорлық тәрізді қатар әлемдерді зерттейтін ғылым түрлері осыған жатады. Бұл деңгей біріншісін де қамтып, адам өзінің тәнін ғана емес, нәзік болмысын да жетілдіріп, ой өрісін кеңітіп, әлемнің жоғары деңгейлерімен байланысып, хабар алады. Олар адамдарды жоғары әлемдермен байланыстырып, жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік жасайды. Қазіргі кезде жер бетіндегі рухани ахуал төмендегендіктен, оны қалпына келтіру үшін жоғары әлемдермен байланыс жасайтын адамдар саны көбейіп келеді. Мысалы, Ресейде Ирина Подзорова ұйымдастырған «Кассиопея» деген, Қазақстанда Жанат Бақыт ұйымдастырған нәзік әлемдермен байланыс жасайтын ағымдар пайда болды.  Әлемде басқа да ағымдар мен ұйымдар бар. Олар жоғарғы нәзік әлемдерді танып, ой өрісті кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылай Болмыстың әлемдік көрінісін танып, байланыс жасауға болады.

Үшіншісі, рухани тану. Рухани тану рухани жетілу арқылы адамның өз-өзін, және Құдайды тануға бағытталған. Бұл жол үш деңгейді толық қамтып, Болмыстың рухани және матриалдық бөлігін түгелдей тануға мүмкіндік береді. Рухани жолға толық түскен «толық адамдар» ғана бұл деңгейге көтеріле алады. Рухани жолда Болмысты тану үшін тәнді ғана емес, ақылды, және жан дүниені толық пайдалану керек.

Рухани жол адам болмысын пайдалану жағдайына байланысты көптеген түрлерге бөлінеді. Медитация, музыка тыңдау, билеу тәрізді көптеген әдістерді атауға болады. Мысалы, Жәлел Руми қалыптастырған ислам ағымында ұзақ айналу, кавказ шешендерінде топ болып секіріп билеп айналу әдістері бар. Бұл әдістер жан дүниені жетілдіру үшін тәнді, сезімдерді, ой өрісті толық пайдалануға арналған. Бірақ, кейбір ортодоксалды мұсылмандар мұндай әдістерді толық қабылдай алмай, оларға сын көзбен қарайды. Діни рәсімдерді пайдалануда осылай түрлі алауыздықтар пайда болады.

Танудың қандайы болса да әрекет арқылы орындалады. Әрекет тән, ой, және рух арқылы болады. Олардың үйлесімділігіне, өзара қатынасына байланысты таным да әртүрлі дәрежеде. Өмірді тану ғана емес, әсіресе рухани жолда фанатизмге берілмей, адамның болмысын толық пайдаланудың маңызы өте үлкен. Рухани жолда таным түрлі діни рәсімдер арқылы болады. Сондықтан, Абай рухани жолдағы рәсімдерге баса көңіл бөліп, отыз сегізінші сөзінде олардың ішкі мәнін түсіндіріп береді.

Сенім таным арқылы пайда болып, иманға айналады. Адамның рухани деңгейі таным мен сенім үйлесімділігіне байланысты күшеюі, не болмаса әлсіреуі мүмкін. Абай сөзімен айтқанда «Пайданы қалайша алуды білмек керек», яғни, сенімді дұрыс пайдаланып, оны жетілдіру ақылы  иманға айналдыра білу керек. Бұл сеніп қана қоймай, ол сенімнің пайдасын ала білуді, яғни иманды өсіруді керек қылады. Сондықтан, сенімнің, иманның, және танымның біріне бірінің әсерін, өзара байланысын жақсы білу керек. Бұл туралы келесі мақалаларда сөз болады.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

1 пікір