Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Анық-қанығы 858 1 пікір 12 Сәуір, 2024 сағат 14:08

Жұт жұтатып, апат алған жылқылар есепте жоқ па еді?

Алдымен кестедегі мәліметтер туралы аз-кем сөз. Мұндағы ағылшын тіліндегі horses – жылқылар деген сөз, horned cattle – мүйізді ірі-қара, sheep and goats – ұсақ мал: қой-ешкі.

Көріп отырсыздар, 1914, 1917 және 1920 жылдар аралығында Жетісу мен Сырдарияда мал басы кеми түскен.

«1928 жылы Washington-да жарық көрген кітаптағы дерек бойынша, қазақтар 6 жылда 1 миллион 306 мың жылқысынан айырылған. Қайда сол жылқыларымыз?» деп жазады фейсбуктегі парақшасында АҚШ-та оқып жүрген ізденуші-журналист Дүйсенәлі Әлімақын.

Сонау алағай да бұлағай заманда-ақ қазақтың алдындағы малының есебін алып жүрген американдықтар жылқы мен өзге де түліктің азайуын Азамат соғысының салдарынан көреді. Ол, әрине, дұрыс. Бұған аранын ашқан аштық пен большевиктік билік тарапынан басталған жаппай дүние-мүлікті тәркілеу науқанын, қазақтың жансауғалап шетелдерге босуын қоссаңыз әлгі 1 миллион 306 мың жылқының қайда кеткенін бек түсінесіз.

«Желқанат жүйрік мінген қазақтар билікке бағынбайды, көшіп тоқтамайды» дегенді сылтау қылып қызылдар жылқыларды ну қамыстардың арасына қуалап тығып өртеген, атқан, қан-қасап жасаған. Сөйтіп атсыз жаяу қалған қазақтың өзін сорлатып, жер бетінен жойып жіберуге шақ қалған.

Совет өкіметі орнығып, өзіндік даму жолын тапқан соң қазақ даласы қайтадан төрт түлікке толды. Өкінішке орай, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялап, нарықтық қатынасқа көшкен кезде жылқы-сиыр, қой-ешкі қара базарға айдалып, қатты азайды. Содан кейін ел қайта ес жиып қолындағы қара-құрасын көбейте бастады.

Ұлттық статистика мен Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек,  2016 жылы жылқы саны – 2053613 (екі миллион елу үш мың алты жүз он үш); 2017 жылы – 2 400000; 2018 жылы – 2 502 391; 2019 жылы – 2 825 851;  2020 жылы – 3 118 256;  2021 жылы –3 331000;  2022 – 3 650000; 2023 жылы – 4 4000000  болған.

Соның ішінде Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында – 270356 жылқы, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында – 1847689 жылқы, жекеменшікте  – 1532699 жылқы бар көрінеді.  4,4 мың жылқы арам өлген.

ҰС мен АШМ  476144 жылқысы бар Түркістан облысы бірінші орында , өрісінде 409190 жылқы жайылып жүрген Қарағанды облысы екінші орында, 385533 жылқы біткен Абай облысы үшіні орында деген дерек береді.

Жоғарыдағы деректерден байқадық, шаруа қожалықтары мен жекеменшіктегі жылқылардың қарасын үкімет басқа ұрып, тұяққа санап отырған көрінеді. Сөйте тұра «Ұлытау облысында жұтқа ұшырап қырылған жылқы мен қарғын суға кеткен мал есепке енбегендіктен өтемақы төленбейді» деген сөзді БАҚ өкілдерінің аузына сала бастады.

Үкіметтің бұл қайткені? Американың азаматтары 1914-1920 жылдары қазақ баласы қанша жылқысынан айрылғанын ескеріп, хатқа түсіріп қойғанда, сандық жүйеге көшкен Қазақстан үкіметі елдің қолындағы азын-аулақ малдың есебін білмей ме? Сенгіміз келмейді...

Д. Қасенұлы

Abai.kz

1 пікір