Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Білгенге маржан 2904 3 пікір 12 Сәуір, 2024 сағат 13:50

Ескендір Зұлқарнайынның үш өсиеті

Сурет: massaget.kz

Өзінің қысқа ғұмырында жарты әлемді жаулап алып, билік жүргізген Ескендір Зұлқарнайынды білмейтін адам әлемде жоқ шығар.

Еске сала кетейік, Зұлқарнайын біздің жыл санауымызға дейінгі 323 жылдың маусым айында 33 жасында қайтыс болды. Ғасырлар бойы оның сүзек немесе безгек ауруынан қайтты деген пікір қалыптасқан. Дегенмен, ол уландырылған болуы мүмкін деген болжамдар болды, бірақ оның қалай, немен уланғаны туралы нақтылы мәлімет болмады. Американдық зерттеушілердің пікірінше, қолбасшыны Стикс өзенінен алынған сумен улаған. Бұрындары Стикс өзені тамұқтан бастау алып отыр деген наным-сенім болған. Бұл өзен қазіргі күні де бар. Ол гректің Пелопоннес түбегінің тауларында ағып, Мавронери немесе «Қара су» деген атауға ие. Мамандар осы өзеннің суына зерттеу жүргізгенде, оның суының құрамында аса қауіпті улы бактерияның барлығын, ол бактерияның "калихеамицин" деп аталатын улы затты шығаратынын анықтады. Дегенмен, олардың Ескендір Зұлқарнайынның нақты осы өзен суымен уланғаны туралы болжамының неден шыққаны күні бүгінге дейін нақтыланған жоқ...

Ол көптеген елдерді бағындырып, өз еліне қайтып бара жатқан жолында оған бір белгісіз дерт жабысады. Дертке ем қонбай, күн өткен сайын асқына түседі. Бұл дерт соңында өзінің басын жеп тынатынын, енді еліне аман жете алмайтынын әмірші іштей сезінеді. Өкінішке қарай, жарты әлемді билеген, күшті әскери қосыны мен өмір бақи жинаған ұшан теңіз байлығы оны ажал аузынан арашалап алып қала алмайды.

Ол өмірден біржолата аттанардың алдында анасына бір парша хат және сарбаздарына үш өсиет қалдырады. Ол сарбаздарына: - Мен көп ұзамай бұл дүниемен қоштасамын, менің сендерге айтар үш өсиетім бар, сол бойынша іс жүргізіңдер, - дейді хал үстінде жатып.

Бірінші, менің мәйтімді табытқа саларда дәрігерім өзі көтеріп салсын; екінші, менің табытымды жерлеуге алып жүргенде, менің асыл бұйымдарымды (гауһар, жақұт, алтын, күміс) жолға шашып жүріңдер; үшінші, екі қодымды байламай, сыртына шығарып бос қойыңдар, - дейді.

Әміршінің ең жақсы көретін әскери қолбасшысы оның қолын сүйіп тұрып:

- Әміршім, сіздің әрбір өсиетіңізді өзіңіз айқандай бұлжытпай орындаймыз. Бірақ не үшін бұлай істегеніңізді бізге айтып бере аласыз ба? - деп сұрайды.

Әмірші ауыр тыныстап алып:

- Мен жер жүзіндегі адамдардың менің үш өсиетімнен ғибарат алғанын қалаймын. Менің мәйітімді дәрігерімнің көтеріп табытқа салғанын көргендер, дәрігердің барлық ауруды емдеп жаза алмайтынын, олар да ажал алдында шарасыз екенін білсін дегенім. Сол үшін адамдардың өмірді барынша қадірлеп жүруін үміт етемін.

Екінші өсиетім, адамдардың дүние қоңыздыққа салынып байлық қумағанын және оның түбіне жете алмайтынын білдіру. Мен өмір бақи дүние, мал-мүлік, байлық жинаған болсам да, бірақ оны жұмсап, қызығын көруге уақытым да ғұмырым жетпеді.

Үшінші өсиетім, біз жарық дүниеге құры алақан келген екенбіз, онда құры алақан кетеміз дегенім, - депті.

Ал ол анасына жазған бір парша қағазға: анасының дастарқан жайып, ешқандай бауыр-туысы, жанашыр жақыны қайтыс болмаған, өлім қасіретін көрмеген адамдарды шақырып қонақ жасауды айтыпты.

* * *

Адамдар қызық осы, билігі бар, күші бар кезінде пендешілікке салынып бәрін ұмытады да, ал өмірінің соңғы кезінде, өлер алдында ақылды болып, бұрын жасаған істеріне өкініп жататыны несі екен?

Өзге ел басылымынан аударған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

3 пікір