Сейсенбі, 28 Мамыр 2024
Бүгінгі сатира 1102 3 пікір 18 Сәуір, 2024 сағат 13:37

Мұхтар Шерім. Министрдің дұғасы

Қаншама рет айттым, үкімет басшысына, жүре, күле тыңдайды ғой.

«Жыл сайын  болатын тасқын қаупінің алдын алайық, халық жыламасын, «көмек беріңдер» деп ештеңе сұрамасын, үйлер құламасын, «үйімізді су басты» деп, құлақтан бұрамасын» дедім ғой, есінейді де қояды. Ала жаздай айттым, тыңдамайды. Ой, не деп кеттім? Үкімет басшысы мені тыңдайтындай, кім едім? Кешіріңіз, армандап кетіппін.

Тасқын дегеніңіз, «Тасыңнан тасыңа секіріп, сайраса, бұлбұл мен, кекілік» деп әндете, ауылдарды жайпағанда барып, Премьер–министр  төтенше министрін ертіп алып, тасқынның жағасына келді. Көзін жұмып алып, бақсылар сияқты шыр айналып еді, төтеншенің көздері бөтенше болып кетті.

Сізге не болды? деп сұрады төтенше.

– Қазір суды теріс ағызамын, – деді үкімет басшысы.

– Сондай құдыретіңіз бар ма еді? Әзілдеп тұрсыз ба? – деп сұрады төтенше.

Премьер аузы-мұрнын жыбырлатып, құлақтарын қыбырлатып:

– Биссимилла, үкіметиии, тасқыни кері ақсынии, рәжииим, сухбаналла, тасқыни назад кетиииң, ағуз билла, «кет дегенде,  ит те кетедии», кете салсаң, нетедиии? Пошел вон, тасқыни, апати, кері аққыниии... – деп еді, ой, Алла, тасқын  су кері ағып, лезде жоқ болып кеткені! Төтенше министрінің көздері желкесіне қарай шығып кете жаздады. Осылай қарай улап-шулап, Премьерге өкпе-наздарын айтуға келе жатқан халық жақындап қалған еді, ол:

– Ах, бух, шақ-шуқ,

Кері қайтыңдар, сақ-сұқ! – деп еді, ой, Алла, халық сол беттерінше, бұрылмастан, кері шегініп барады. Кері кетіргіш Премьер екен. Мұны естіп, Ресейден Путин жалынды, «Пожалуйста, біздің елдегі топан суды да, кері ағызып берсеңіз!» депті. Өзіміздің президент шақырып алып, «Керемет дарынсыз! Енді, елдегі жемқорлардың тыққан ақшаларын дұғамен кері қайтаруды бастаңыз!» дегенде, халық қуанып қалып еді. Әттеген-ай, оның дұғасы жемқорларға жүрмейді екен. Тек, өзен-көл суларын кері қайтарады екен. Айтпақшы, сенаторлар арасынан да, ер тегі алыптары сияқты, Көлтауысар шығыпты! Жарылуға шақ қалған дамбылардың суын бір ұрттап, өзге жерге шырт түкіре қояды екен. Ой, Алла, енді  олардың арасынан таусоғар шықпаса жарар еді, тауды тау мен соғыстырып, астынан алтын іздеп кетпесе, жарар еді... Аман болайық, ағайын! Енді қорықпаңыздар, тасқынды кері ағызатын үкіметіміз бар! Ура!

«Мистер Мұхтар» театры қоржынынан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2391
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2721
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 3110
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1792