Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Қоғам 2214 12 пікір 11 Сәуір, 2024 сағат 17:43

Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру – заман талабы

Астана қаласында  «Қазақстанның этнодизайнерлер одағы»ҚБ, .Астана қаласы әкімдігінің "әдістемелік орталығы" МКҚК,  Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясы ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтарды қаыптастыру» тақырыбында Халықаралық этонфорум өз жұмысын бастады.   Форумның мақсаты: Қазақтың ұлттық қол өнерін дәріптеу, ұлттық қолөнер туындыларын көрсету, ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту,қазақ этнодизайн өнері мен мәдениетін дәріптеу, таныстыру. Конференцияға Түркия, Әзірбайжан, Якутия, Қырғызстан, Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан Республикасы, Қазақстан Этнодизайнерлер одағының қолөнер шеберлері, қылқалам шеберлері мен кәсіби сәнгерлері, мәдениет қызметкерлері, Халықаралық және Республика көлеміндегі барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының педагогтері, көркем еңбек, графика, жобалау және қосымша білім беру ұйымдарының би, музыка пәндерінің мұғалімдері шақырылды..

Елімізде алғаш рет, осындай кешенді форматта өткізіліп отырған Этнофорум ұлттық құндылықтарға, ұлттық өнерге арнап өткізілуін ‑ Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға деп санауға болады. Отыз жылдан енді асқан Тәуелсіздік тарихымызды Қазақстанның қуатты мемлекетке айналуы тұрғысынан аса бір ұзақ уақыт дей алмаймыз. Бірақ, осы уақыт аралығында елімізде болашақтың бағытын айқындайтын іргелі өзгерістер орын алды. Ол бүгінгі ұрпақтың көз алдында өтуде. Форумға қатысушылар тарихи оқиғалардың куәсі де, тарихты жасаушы да тұлғалар десек – артық айтпаймыз.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Бүгіндері елімізде көптеген аймақтар қатты зардап шегуде. Оған бәріміздің жүрегіміз ауырады. Бұл сын көп нәрсені үйретті – біз елдігімізді көрсете алдық. Ол болашаққа деген сенімді арттырды. Қазақта «Өмір деген ағын су» деген қанатты сөз бар, сол айтқандай біз де ел боп жұмыла бұл қиыншылықты еңсереміз. Болашаққа деген сенім бір сәт үзілмеуі тиіс. Соның  жарқын көрінісі – осы өтіп жатқан Форум. Өйткені, халықты халық ететін бірден-бір рухани күштер – оның мәдениеті мен өнері, тілі мен әдебиеті, салт‑дәстүрі, ұлттық құндылықтары, ұлттық тәрбиесі, ұлттық санасы мен дүниетанымы болып табылады. Бүгінгі Форум осы мәселелерді талқылап, болашаққа бағдар алу мақсатында өткізілуде.

Қазір әлемдегі жағдай күрделі бола түсті. Соған сай барлық елдер іргесін бекітіп, ұлттық негізін нығайтуда. Қазақстан Республикасы да осы бағытта ұлттығымыз бен оның мәдениетін заман талабына сай дамытуды қарқынды қолға алуда. Қазақ Елінің бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан. Ендеше, «Қазақ өнерін қолға алған тұлғалар осы абыройлы міндетті абыроймен атқарып шыға ала ма?» деген сұрақ үнемі көкейде тұруы тиіс. Бүгінгі Форумның да мақсаты осы сұрақтарға жауап іздеу, көп мәселенің шешімін табу болып отырғанын сондықтан.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қазақ халқы қайталанбас өзіндік мәдениет иесі болып табылады. Алайда, көптеген тарихи жағдайларға байланысты халық мәдени тарихын түгендей алмай келді. Міне, енді ғана -  еліміз жаңа форматтағы мемлекет құрылысына көшуінің арқасында - елімізде Ұлттық өнерді серпінді дамыту мүмкіндігі пайда болды. Олай болса, өнер шеберлері осыған дайын болып, өнеріміздің салтанатын әлемге жарқырата көрсетулері керек. «Әсемдік әлемді құтқарады» дегендей, біз халқымыздың небір асыл қасиетін, тәлім‑тәрбиесін, үлгі‑өнегесін, дүниетанымын, қол өнерін және де өзге қырларын ұрпақ бойына сіңіре алсақ, онда болашақ үшін алаңдамас едік. Ұлт дәстүрін бойына сіңірген ұрпақ бабалар жолын абыроймен жалғастыратын болады.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Этнофорумда «Қазақстандық Этнодизайнерлер одағы» Бірлестігінің президенті, «Дарын» силығының иегеруі Салтанат Аминқызы Жапарова сөз сөйледі:

Құрметті Этнофорумға қатысушы қауым!

Қазақстандық этнодизайнерлер Одағы 2023 жылы құрылып, қазіргі таңда өз қатарында мыңнан аса ұлттық қолөнер шеберлері біріккен қоғамдық бірлестікке айналды. Одақтың басты мақсаты ‑ қазақ халқының ұлттық қолөнерін дамыту, мектеп жасынан бастап өнерімізді және салт‑дәстүрімізді жастардың бойына сіңіру, ұлттық өнерді халықаралық деңгейде жарқырап көрсету және өнер саласындағы әлемдегі озық технологияны ендіру болып табылады. Әрине, Одақтың жұмысы «ә» дегеннен аяққа тұрып, бірден қалыптаса салған жоқ. Ол үшін одақ мүшелері бір кісідей жұмылып, аянбай еңбек етуде. Сол үшін де Одақ басшысы ретінде оларға осы Форум арқылы шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Иә, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі орын алған дағдарыс қазақтың қол өнерін де қамтыды: оның көптеген түрлері ұмытыла бастады, өнер туындыларын жасауда ұлттық нақышқа сай келмейтін эклектикалық бағыттар пайда болды.  Осы жағдайды ескере келе, ҚЭО Қоғамдық Бірлестігі Астана және Алматы қалаларында бірнеше рет кішігірім Этнографиялық Форумдар өткізіп, еліміздегі қазіргі этнодизайн саласының өзекті мәселелерін талқыладық. Әлемдік тәжірибеден хабардар болу үшін ол Форумдарға Түркі әлемінен бірнеше елдерден шеберлерін шақырдық. Қырғыз, Әзербайжан, Якут‑Сақа, Түркия шеберлерімен тәжірибе алмасу сабақтары өткізілді.

Ұлттық өнер, әсіресе, ежелден тұрмыстық мәні бар қолданбалы қол өнері адамның шығармашылық бастауының бірі деуге болады. Едеше, қазір оқушыларды өнермен тәрбиелеудің өзектілігі күннен күнге арту үстінде. Бұл жақсы үрдіс. Қазақта «баланы –жастан» деген қанатты сөз бар. Осыны ескеріп, біз балаларға өнер үйретуді мектептен бастап «Ұл бала шеберлігі» және «Қыз бала шеберлігі» деп бөлуді ұсындық. Ол ұсынысты бірнеше мектептер қабылдап, өздерінде «тәжірибелік  сынақ» ретінде бастауға келісімін беруде. Қазір осыған сай Оқу‑ағарту министрлігі мамандарымен жұмыстар атқарылуда. Бұл бастаманың болашақ ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор деп санаймыз: «қыздарымызды ‑ қызға тән, ұлдарымызды – ұлға тән» өнермен тәрбиелеу – ата‑бабадан келе жатқан асыл мұра, қымбат дәстүр.

Одақ өзінің қарқынды дамуы үшін жақында ғана Мәдениет және ақпарат министрлігіне министрлік Жобасымен үйлесірілген өз Жоспарын  ұсынды. Ол, Жоспарымыз, жалпы, Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің жақын болашаққа арналған мәдени даму Концепциясымен үндес деуге болады. Сондықтан, біз ұсынған мәдени жобалар Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ұйымдастырушылық және басқадай қолдау табады деген үмітіміз жоқ емес. Бұл істі бәрімізге ортақ іс деп санаймын.

Біз Одаққа мүше шеберлерінің арасында онлайн түрде «Апталық өнер  көрмесін» ұйымдастырып отырамыз. Апта сайын көрме жеңімпаздарын анықтап, ұлттық өнерге белсенді қызмет етіп жатқан шеберлердің «Алтын қорын» құрғымыз келеді. Одан өзге, орталықтарда және өңірлерде шеберлердің кәсіби деңгейлерін көтеру үшін «кәсіби мамандану» семинарларын өткізуді жоспарладық. Ал жаз айларында балалар шығармшылығын дамытушы «Балалар өнер үйрену легерлерін», «Шеберлердің шығармашылықты дамыту лагерлерін» ашсақ деген игі ойларымыз бар.

Құрметті әріптестер! ҚЭД Одағы енді ғана аяққа тұрып, еңсесін түзеп келе жатқан қоғамды бірлестік. Алайда, жақын болашақта, қазақстандық шеберлер Одағы тәуелсіз Қазақстан Республикасын әлемнің кез келген еліне абыроймен танытатын,  оған қызығушылықты артыратын және Мәдениет және ақпарат министрлігімен серіктес болатын бірден‑бір қоғамға айналарына сенімдіміз. Сол себепті, біз бір‑бірімізге жұмыла қолдау көрсетіп, тек қана «жақсымызды асырып» дегендей қызмет етейік. Біз бірлікте болсақ, бізге де әр тратан , соның ішінде министрліктен де жан‑жақты қолдау көрсетілді деп сенеміз. Әрқашанда еңбегіміз жемісті болсын. Форум жұмысына табыс тілеймін.

Этнофорумнан онлайн репортаж жүргізген:

Әбдірашит Бәкірұлы

Астана қаласы

Abai.kz

12 пікір