Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әдебиет 1831 9 пікір 5 Сәуір, 2024 сағат 15:48

Қытай тіліне әдейі аударылған қазақ романы

Коллаж суреттері Википедиядан және автордың жеке мұрағатынан алынды

Егер сізден біреу «тұңғыш қытай тілінде сөйлеген қазақ романы қай жазушынікі?» деп сұрай қалса, ең алдымен, М.Әуезовты, одан кейін С.Мұқановты, не Ғ.Мүсіреповты атауыңыз бек мүмкін. Бірақ, өйтсеңіз, қателесесіз.

Дегенмен, «ол қай жазушы?» деп қайтара сұрақ қоюыңыз хақ. Оған мен тұңғыш қытай тілінде сөйлеген роман - басқа емес, қазақтың қилы тарихының көтек арбасын сүйреп, XX ғасырға алып келген жанкешті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» («Көшпенділер» трилогияның бірінші кітабы) атты романы деп жауап берер едім.

І.Есенберлиннің «Қаһар» (1969 ж.), «Алмас қылыш» (1971 ж.) және «Жанталас» (1974 ж.) романдары алғашында орыс тілінде жеке-жеке кітап болып шығады. Бес жыл ішінде жарияланған бұл үш кітап бүкіл дүниені дүбірлетеді. Шығыстағы алып көршіміз Қытай да бұдан бейтарап қала алмады. І.Есенберлиннің «Жанталас» романы Қытай әдебиетшілері мен тарихшыларының назарын бірден өзіне аударса керек. Сонымен, 1975 жылы Қытайдың Наңхай университеттінің бір топ әдебиет майталмандары тізе қоса отырып орыс тілінен қытай тіліне тәржімалап, «Үзілген үміт» деген атпен шығарған.

Өкінішке орай, бұл роман жалпы оқырманға ашық таратылмай, ішкі материал ретінде тиісті орындарға ғана оқуға берілген. Тек тарихшылар мен әдебиет сыншылардың құпия материалы ғана болып «әсіре ұлтшыл» деген сынға ұшырайды. Оны Қытайда туып өскен, институттың тіл-әдебиет білімін алған мен де соғанға дейін білмеген екенмін. Мен алғаш рет 1998 жылы Қазақстаннан Қытайға туысшылай барғанымда, Үрімжі қаласындағы медицина университетінде жұмыс істейтін бір дәрігер досымның отбасы кітапханасынан көрдім. Сонда мен одан: «Бұл романның қазақшасын бұл жақтан әлі күнге дейін көрген емеспін, қытай тілінде баяғыда басылып шыққан екен ғой?» деп таңырқай сұрадым. Ол:

- Сенің бұл кітапты көрмейтін жөнің бар, бұл роман ішкі материал ретінде таратылған, мынаны көрдің бе! - деп кітап соңындағы «ішкі материал» деген жазуды көрсетті. - Мұны Тиянжин Наңхай университетінің сол кездегі түлегі, ағамнан алдым. Дәрігер болсам да сендерден мықты екенмін ғой, - деп әзілдей жауап берді.

- Ағаң қайдан алыпты? - деп сұрадым мен де қоймай.

- Сен қызық екенсің, кітапты тәржімалап шығарып отырған университеттің студентінен «бұл кітапты сен қалай алдың?» деуге бола ма? Қазақ жазушысының романын мұғалімдерінің біреуінен ұрлап алса да алмай ма? - деді ол күліп.

Бұл романның қытай тіліне тәржімалануының сырын кітаптың қазақшасын Алматыға келгеннен кейін іздеп, тауып, оқығаннан кейін барып түсіндім. Жазушының романының қытайларға керек болғаны - екі алып империяның арасында бозторғайдай шырылдап, от пен суға түсуге мәжбүр болған қазақ екеуінің «қайсысын таңдау, паналау тиімді» деген мәселесінің шешуші кезеңге келгенде, «шығыстағы алып айдаһар жұтып қояр, батыстағы алып қара құстың қанаты астына тығыла тұрсақ, аман қалармыз» деген идеяға бұрылуы қысық көз көршіміздің намысына тисе керек. Мына қазақтар «не деп жатыр?» деген мақсатпен бұл роман қытай тіліне тәрміжаланып, оларды біраз әуреге салған секілді. Мұны бір кездегі Қытайдың солақай саясатының ықпалы деп түсінген жөн болар.

Ал, осы кезеңде орыстың ұлы классиктері Г.Белинский, Л.Толстойлар мұнда қытай әдебиетшілерінің оң бағасын алмаған еді. М. Горьки мен Н. Островскийдің басқасы.

Жазушы І.Есенберин Кеңес дәуірінде де өзінің лайықты бағасын ала алмаған жазушы. Ол туралы Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың: «Көшпенділер» трилогиясы Есенберлиннің ел ішіндегі атағын асырып, аспандатып жіберді. Сонымен бірге ол жазушының әдеби ортадағы дұшпандарын және көбейтті» («Егемен Қазақстан» 30.01. 2002 ж. «Есенберлин») деген сөзі бекер айтылған болар. Демек, І.Есенберлин Қытайдың да солақай саясатының рухани құрбанына айналғаны анық. Болмаса, КСРО мен Қытай бір-бірімен араз болып, шекарадан ұшқан құстан басқа, тырс еткен пенде өте алмайтын сол бір жылдары жазушы І.Есенбериннің «Жанталас» романы қытай тілінде «Үзілген үміт» сөйлеп шыға келмес еді.

Басқа ел қалай түсінсе, солай түсінсін, І.Есенберин - бұрынғы КСРО мен шығыстағы алып көршіміз Қытайдың ұйқысын қатар қашырған жазушы.

Олар Есенберлиннің қаламы қарымды, ойы ұшқыр классик жазушы екенін амалсыз, шарасыз мойындады. Біз осынымызбен мақтануға хақымыз бар.

Айтпақшы, І.Есенбериннің «Жанаталас» романының 1978 жылы Бейжіңдегі Халық әдебиеті баспасынан «Үзілген үміт» деген атпен басылып шыққан нұсқасын көрдім. Соған қарағанда Есенберлиннің бұл романы Қытайда 1975 жылдан бері бірнеше рет қайталанып басылған көрінеді.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

9 пікір