Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Білгенге маржан 2422 17 пікір 10 Сәуір, 2024 сағат 15:47

Еркектер де хиджаппен жүреді...

Сурет: dzen.ru

Бірінші бөлім: Ислам әйелдерінің хиджап киюі неліктен?

Егер сіз ислам елдеріндегі әйелдер ғана паранжы немесе хиджаппен жүреді десеңіз қателесесіз. Өйткені кейбір ислам елдерінінің еркектері де бетпердемен жүреді.

Батыс Азия мен Солтүстік Африкадағы ислам мемлекеттерінде еркектер бетперде (паранжы) бүркенеді. Бірақ Солтүстік Африкада ислам дінін ұстанған бір ұлт бар, олардың әйелдері бетперде бүркенбейді, ал ерлері қалың бетперде жамылып, бастарын бүркеп жүреді. Онымен бірге үстіне арабша ұзын шапан киеді, бейне әйелге ұқсайды. Олар - дуалыжылар, яғни дүниедегі ерлері бетперде бүркенетін бірден-бір жалғыз ұлт.

Дуалыжы ерлерінің бүркенген бетпердесі, шынын айтқанда, біртүрлі өзгеше. Мұндай бетперде кей жерде ақ не қара, кей жерде шымқай көк матадан салады. Мұның жоғарғы жағы шаш пен маңдайды жауып тұрады, бет алдын көру үшін көзінің тұсынан екі саңылау қалдырады. Сыртқа шыққандығын былай қойып, үйде де, әуел десеңіз ұйықтағанда да оны алмайды.

Тамақтанар кезде ас ішуге қолайлы болу үшін жиегінің төменгі жағын аз ғана қайырып қояды, онда да аузы-мұрнын қолымен қалқалап отырады. Туыс-туған, дос-жарандарының үйіне қонаққа барса да немесе туысшылай барып бірер күн қонып қалса да, өзара бет көрісуге болмайды. Бір таңғаларлылығы бұлардың тұлабойы тұтас ораулы бола тұрса да, олар бейне бетперде бүркенбегендей кездескен адамын оп-оңай таниды. Мүмкін адамның сөйлеген сөзінен немесе қимыл-әрекетінен білетін болар.

Ұл есейіп 16 жасқа толғанда дуалыжылардың салты бойынша әкесі той жасап, ұлына бетперде береді, сонымен қоса еркін дуалыжылардың дәстүрлі қаруы болған қос жүзді қылыш ұсынады. Бала осы екі тартуды алған соң, есейіп-ержеткен ержігіт санатына қосылады. Бірақ бетпердені бірден бүркенбейді. 25 жасқа толғанға дейін қастерлеп сақтап, онан соң бүркенеді, сонан бастап оны басынан алмайды.

Дуалыжы еркектерінің бетін бүркену салтының қалай шыққаны жөнінде нақты дерек жоқ. Жамандықтан аулақ болу үшін бетперде ұстайды дейтін сөз ел аузында көп айтылады. Өйткені көптеген ұлттардың діни сенімдерінде бастың бет мүшесі, мысалы, мұрын, құлақ, өте-мөте ауыз түрлі кесапаттардың кіріп-шығатын жолы, егер бұл кесепаттар сыртқы бес мүшеден өтіп ішке енсе зақымдайды, кездейсоқ бес мүшеден сыртқа шықса, онда басқаларды зияндайды, сондықтан басты бүркеніп жүру керек дейтін тәмсіл сөз бар. Олай болса дуалыжылардың сәби балалар, жасөспірімдер мен қыздар беттерін ашып жүрсе болады дейтіні қалай екен? Демек, барлық жамандықтар балаларға емес, ересектерге әуес болатын болды ғой.

Кейінгі кезде ұлттардың нәсілін, тұрмыс-салтын зерттеушілердің тексеруіне қарағанда, тұрмысқа шыққан әйелдердің бетін бүркеніп жүру дәстүрі аталық қоғамның белгісі екен. Араб әйелдерінің бетперде (хиджап) бүркеуін есепке алмағанда, дүниедегі көптеген ұлттарда қыздар той кезінде немесе тұрмысқа шығардың алды-артындағы бір қауым уақыт ішінде бетперде бүркенетін
салт бар. Ал, аналық қоғамда әйелдер бетперде бүркенбейді, керісінше басқа рулардан ұзатылып келетін еркектер бетперде жамылады екен.

Дуалыжылар жалпы алғанда Солтүстік Африкалықтарға ұқсамайды. Олар едәуір кеш үйленеді. Жігіт 23 жастар шамасынан бастап бетперде бүркенеді. Оның үстіне үйленгеннен кейін ұзақ уақыт (аз дегенде бір жылдан артық) қыздың елінде тұруы керек. Сондықтан осы сияқты елдердің бетперде бүркену әдеті, шынында да, аналық қоғамнан қалған салт секілді ме деп те ойлайсың.

Дуалыжылар бетперде бүркенуді мәртебе санайды. Бұл бас бостандығы бар ерікті еркектерге тән болса құлдардың бетперде бүркенуіне рұқсат етілмейді. Дуалыжы қыздары құлдарға тұрмысқа шығып балалы болса, баласы "еріктілер" (тәуелсіз) деп танылып, бетперде бүркену құқығына ие болады. Ал, күңдер дуалыжы еркектерімен тұрмыстанса, одан туған бала еріктілер есептеледі. Сондықтан олардың ұлдарына бетперде бүркену құқығы берілмейді. Міне бұл аналық қоғамнан қалған салт секілді.

Бұдан тыс, ерлердің бетперде бүркенуі сынды, мұндай дәстүрлі салттың ұзақ уақыт бойы сақталып келуі, тағы бір жағынан дуалыжылардың
жаратылыстық ерекшелігіне және олардың шұғылданатын керуеншідік кәсібіне байланысты болса керек. Олар ата-бабаларына тартып ұшы-қиырсыз Сахара шөлінің құмдарында керуен тартып шақырайған ыстықта күн астында жүреді. Олардың бастарына бетперде бүркеніп, үстілеріне ұзын шапан киюі құмды бораннан сақтануы үшін қолданылған шара (амал) сияқты.

Өзге ел басылымынан аударған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар