Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Мәдениет 752 0 пікір 13 Ақпан, 2024 сағат 17:14

«Абай» операсы: Сахна сыртында кімдер жүр?

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры. Қойылымның басталуына бірнеше минут бар. Көрермен басталуын асыға күтіп отыр, сыбырласып сөйлесіп ерекше әсер күтеді. Соңында жарық сөніп, перде баяу ашылады. Қойылым басталады.

Театрлық әрекеттің артында көзге көрінбейтін еңбек жатыр. Қойылым мінсіз өтуі үшін ондаған адам сахна сыртында еңбек етеді. Оның ішінде режиссердің көмекшісі айрықша рөл атқарады. Әлия Жабаева пен Галина Булгарцева – Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жылдар бойы қойылым жасап келе жатқан жандар.

Қойылым басында есімдері жазылғанымен, оларды танитын жандар кемде-кем. Әлия аталған өнер ордасында 28 жыл бойы жұмыс істеп келе жатса, Галинаның 40 жылға жуық жұмыс өтілі бар.

«Абайдағы» опералардың бірі қалай дайындалып жатқанын көзбен көрдік. Галина оркестр ойынының ноталарын мұқият бақыласа, Әлия Абай партиясын орындап жатқан әртіс Талғат Күзембаевпен қосыла шырқап тұр.

– Партияны жатқа білесіз бе? – деп сұрадық қызыға.

– Әлбетте, жоқ! – дейді Әлия. – Ең сүйікті деген тұстарымды ғана білемін. Оның үстіне «Абай» операсында Абайдың мелодиясы көп.

Режиссердің көмекшісіне опера сақтаушысы Диана Әкімбаева жақындады:

– Актер үшін дөңгелек көрпе сұраңызшы! Видео бойынша сахнада кілемде отыру керек.

Әлия рациямен реквизит қосу керектігін жеткізеді. Бұл – репитицияда болатын жағдайлардың  бірі ғана. Осының бәрін режиссердің көмекшілері мұқият қадағалайды. Олар әртіс пен қоюшы режиссер арасындағы көпір сынды. Галина мен Әлияның нақты қандай рөл атқаратынын сұрағанымызда, мынадай жауап алдық:

– Декорация орнында ма, әртістер дайын ба, соны қадағалаймыз. Жоғарыдағыларға қай уақытта пердені түсіріп-көтеру керектігін айтамыз. Маэстро мен солистерді шақырамыз, кім қай жерден шығатынын көрсетіп тұрамыз. Режиссер қойылымды бастаған кезде біз режиссердің ойы іске асуы үшін процесті бақылаймыз, - деп түсіндірді Галина.

– Иә, біз қойылымды қадағалап, қай нотада жарықты қосып, декорация ауысқанда қай солист шығатынын бақылаймыз, - дейді Әлия.

– Басқаша айтқанда, біз – қойылым жетекшілеріміз, бүкіл қызметтің жұмысын бақылаймыз, - дейді Галина. – Мысалы, машинистер жұмыс істейтін «Аид», «Спартак», «Корсар», «Севиль шаштаразы» сияқты қойылымдар бар.

– Рация арқылы бұйрық береміз: «Жоғарыдағылар, ауысымға дайындаламыз. Машинистер, шығамыз, қозғаламыз. Жарық берушілер, жарық береміз, отызыншы әрекет. Видео, қосыламыз!» Қойылым тек біздің бұйрығымызбен қойылады, - дейді Әлия. – Қазір барлық қойылым техникалық тұрғыда өте күрделі. Бұрын декорациялардан тек артындағы заттар ғана болатын. Қазір видео, алып станоктар, биік декорациялар пайда болды.

Әлия Жабаева мен Галина Булгарцева шығармашылық тұрғыда бірге екендерін сезінеді. Олар техникалық тұрғыда цехтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе де, мамандық музыкалық білімнің болуын талап етеді, өйткені театрдың бүкіл департаментін біртұтас дүниеге айналдыру керек.

Қойылым мен репитиция арасында қаншама жыл тер төгіп жүрсе де, олар мамандықтарынан жалықпайтындарын айтады. Өйткені жауыздық мен мейірім, өмірдің мағынасы мен адам болмысының мәні, рухани дүние мен Құдайға деген сенім үнемі өзек болатын классика кім-кімді де жалықтырмайтыны сөзсіз. Қойылымды әр көрген сайын туындыдан жаңаша мән табады.

– Бірінші қоңырау, перде жабылды, көрермен залға шықты. Бітті, бұл уақыттан бастап бізден басқа ешкім командир емес! Әр қойылым сайын осылай! – дейді Галина мен Әлия.

Автор: Полина Чихичина

Аударған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: КЖА

Abai.kz

0 пікір