Бейсенбі, 20 Маусым 2024
Құйылсын көшің 2521 25 пікір 26 Сәуір, 2024 сағат 13:56

Ең бастысы Президентті алдамаса болғаны!..

Коллаж: Abai.kz

Өтіп бара жатқан айдың біз үшін басты бір оқиғасы – «Отандастар қорының» басшысының ауысуы болды.

Абзал Сапарбекұлы кетіп, оның орнына Данияр Қадыров тағайындалыпты.

Аталған Қорды екі жыл басқарған Абзал Сапарбекұлын жұрт терең қимастықпен шығарып салды.

Жасыратын түгі жоқ, біздің де ішіміз кәдімгідей қоңқылдап, ардақты інімізді әлі қия алмай жүрміз.

Көші-қон – еліміздің тарихи және стратегиялық маңызға ие үлкен саясаты. Мемлекеттік құзырлы мекемелерді айтпағанда, онымен айналысатын бар-жоғы екі-ақ белді қоғамдық және жартылай қоғамдық ұйым бар.

Оның біреуі – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, екіншісі – осы «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

«Отандастар қорының» құрылғанына көп бола қойған жоқ, небәрі алты жылдай ғана уақыт болды.

Оның бірінші Президенті Нұртай Әбіқаев ақсақалға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, Қордың іргетасын мықтап қалап берді.

Ал, Абзал Сапарбекұлы, дау жоқ, Қор жұмысын биік деңгейге көтерді.

Абзал Сапарбекұлы басқарған айналасы екі жылдың ішінде «Отандастар қорын» бүкіл дүниежүзіндегі қазақтар танып білді.

Қор әлемдегі қазақтардың Қара шаңырағына айналды.

«Шеттен оралған қазақтар» дегеніңізбен, олардың ішінде де түрлі-түрлі көзқарастағы, түрлі-түрлі ұстанымдағы азаматтар мен топтар жетерлік.

Абзал Сапарбекұлы «Отандастар қорын» жағалаған сол алуан түрлі көзқарастары мен ұстанымдары ұқсамаған азаматтар мен топтардың басын, майдан қылшық суырғандай етіп, бір үстелдің басына қоса білді, бір мақсатқа жұмылдыра алды.

Өз басым Абзалдың кімнің кім екенін бірден дөп басып танығанына, қадіріне жетіп бағалағанына тәнті болдым.

Әбекеңнің туа бітті тектілігі мен кәсіби дипломаттығы бізді «Алыстағы ағайынды Атажұртына тарту!» деген осынау ортақ Ұлы мақсатқа жұмылдыруға зор рөл атқарды...

Сол үшін де біз Абзал бауырымызды өте жақсы көрдік. Туған бауырымыздай аяладық. Қолымыздан келгенше оған қолғабысымызды тигізуге талпындық. Ол да біздің бір ауыз сөзімізді жерге тастаған жоқ.

Қазақ көшінің басына қара бұлт үйірілгенде, ол ЖІГІТШЕ тұрып берді. Ешкімге жалтақтамады. Тек, ұлттық мүддені ғана басшылыққа алды. Президенттің саясатына деген адалдығын танытудан жазбады...

Ұжымы мен мүдделі қауымның Оған жылы лебіздерін толассыз білдіріп, қимай-қимай шығарып салуының ең басты себебі – осы!

Аталған екі ұйымның тарихына қарап отырсақ, марқұм Қалдарбек Найманбаев, Нұртай Әбіқаев және осы Абзал Сапарбекұлы шеттегі қазақтың шын мәніндегі жанашыры болғанын баса айта кеткеніміз дұрыс.

Ал, Талғат Мамашев пен Зауытбек Тұрысбеков «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» деген леганда ұйымның беделін жермен жексен етті.

Екеуі де Қауымдастықта ұзақ отырып алды.

Талғат Асылұлын V құрылтайда Тұңғыш Президент зорға кетірді.

Зауытбек Қауысбекұлы Қауымдастыққа Төрағаның бірінші орынбасары болып келгенде, біз кәдімгідей қуандық. Оның бүкіл дүниежүзінің қазақтары жиналған сол Құрылтайда айтқан, «Мен көп сөйлемеймін, істің адамымын!» деген сөзіне сендік.

Міне, V құрылтай өткелі жеті жылдың жүзі болды, Оның тындырған бір жақсы ісін көрмедік.

Қазақ көшінің басына сан мәрте қара бұлт үйіріліп, кесірлі заңдар қабылданып жатыр, Заукең мыңқ еткен емес.

Аға ұйым ретінде, «Отандастар қорынының» бір жағынан шығысып, жол бастай ма десек, керісінше ол Қорды Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау министрлігіне қосып жіберуге шақ қалды. Мәлік Отарбаев ініміздің көмегімен жанайқайымыз Президентке жетіп, Қорды Сыртқы істер министрлігінде зорға қалдырдық.

Ресейге барып, «Кіші құрылтай» ашам деп, ондағы қазақтарды Украинаға қарсы айғайлатып, жер текпілетіп, шулатып келгені тағы бар.

Ауыл саламын деп, тұрғызған үйлері сол Украинадағы соғыстан күйреген үйлер секілді қаңырап, далада қалды. Өкіметтен бөлінген миллиондаған қаражат желге ұшты.

Қауымдастықтың VI Құрылтайын да өткізе алмады. Өзінің Төрағаның орынбасарлық срогі баяғыда өтіп кетті.

Ақсақал адамда ұят, намыс деген болушы еді, Заукең ондай қасиеттен жұрдай болып шықты. Көті жабысып, Қауымдастықта әлі отыр.

Қайта шеттен оралған қазақтар момынбыз ғой, әйтпесе «ШАЛ, КЕТ!» деп, ит қосып қуып салатын басшы – нағыз осы Зауытбек Тұрысбеков!

Қысқасы, екі ақсақалды да жақсы атамайды, жек көреді.

Халықпен ешқашан ойнауға болмайды!

Халық өзінің үмітін ақтамаған, керісінше өз басын ғана күйіттеген тұлғаларды, кім болғанына қарамастан, қара есекке теріс міңгізіп, САЯСИ БОМЖҒА айналдырып жіберді...

Журналист Қалиакбар Үсемханұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Абзал Сапарбекұлы туралы жүрекжарды жылы лебізін білдіре келіп, соңында «Жақсы істеп, көзге көрініп, халықтың ықыласына бөлене бастаса, орнынан тайдырып жіберетін дәстүр әлі жалғасып жатқан жоқ па?» - деген ойға қаласың...» - деп, кейістік танытыпты.

Өте орынды, тауып айтылған сөз.

Түк бітірмеген Талғат Мамашев пен Зауытбек Тұрысбеков бір жерлері ойылғанша Қауымдастықтың креслосында отырады да, шеттегі қазақтар үшін жан-тәнімен жұмыс істеген, халықтың сүйіктісіне айналған Абзал Сапарбекұлы екі-ақ жылда тайдырыла салады.

Қандай ӘДІЛЕТСІЗДІК – бұл?!

Мен мұны Көші-қон саясатына қасақана жасалған ҚАСТАНДЫҚ деп бағалаймын!

Мен Абзал Сапарбекұлының жұмыстан кетуінен, нақтылап айтсақ, кетірілуінен Президенттің хабары жоқ деп ойлаймын.

Бұл – бер жағындағылардың жасап отырған қитұрқылығы болса керек!

Жарайды, болар іс – болды. Абзал бауырымызға ақ жол тілеймін!

Енді, «Отандастар қорына» жаңа басшы болып келген Данияр Қадыров ініміз туралы бір ауыз сөз айтайық.

Өмірбаянына қарасақ, Данияр Рамазанұлы да ат үстінен түспей келе жатқан жігіт екен.

Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары департаментінің жетекші маманы қызметінен бастапты.

Содан берігі жылдарда басқармасының басшысы, қала әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі, екі мемлекеттегі елшіліктің кеңесші-уәкілі, атқарушы директор, Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары сынды аса жауапты қызметтер атқарыпты.

Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болса, онда біздің Ұлы көш, шеттегі қазақтар туралы Президентке, Президент Әкімшілігінің басшыларына жазған біраз хаттарымыз кезінде Данияр Рамазанұлының алдынан өтті деген сөз.

Қысқасы, Данияр Қадыров мырза да жауапты қызметтерде жүріп, әбден ысылған, мол тәжірибе жинаған жігіт екені анық.

«Отандастар қоры» – өзіміздің тікелей еңбегімізбен бес жыл бойы жоғарыға жалбарынып жүріп, Тұңғыш Президенттің ықпалы арқылы құрылған ұйым.

Сол үшін, көрінген көк аттыға бұл Қорды қорлата алмаймыз!

Енді осы ұйымға жетекші болып келген Данияр бауырымызды жаңа қызметімен құттықтай отырып, Оған Алладан Абзалдың ақ жолы мен биік беделін берсін деп тілейміз!

Осыншама биіктерге көтеріліп, аса маңызды орындарда жұмыс атқарып келген Данияр мырзаға да Абзал замандасы секілді ешкімге жалтақтамай, ешкімді бөліп-жармай, тағдыры қыл үстінде тұрған шеттегі қазақтар үшін АДАЛ қызмет атқарады деп сенміз!

Ең бастысы, Ерлан Қошанов пен Маулен Әшімбаев, Әлихан Смайылов пен Тамара Дүйсенова құсап, Президентімізді алдамаса болғаны!

Іске сәт, құрметті Данияр Рамазанұлы!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

25 пікір