Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаһан жаңғырығы 1446 4 пікір 6 Ақпан, 2024 сағат 14:10

Жаһандық соғыс: Путин Түркияға не үшін барады?

Фото: Михаил Метцель/ТАСС

Әлемдік ақпарат көздері Түркияның жергілікті басылымына сілтеме жасап, Ресей президенті Путиннің ақпанның 12-қүні Түркияға ресми сапармен баратынын жарыса жазған еді.

Жексенбі күні Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан бұл ақпаратты растап: «Бұл реткі кездесу екі тарапқа көптеген толғақты мәселелерді талқылауға жақсы орай», - деген. Бірақ уақытын нақтыламаған.

Оның мәліметінше, сапар барысында Путин мырза Түркия президенті Ердоғанмен кездесіп, Украина астығын Қара теңіз арқылы экспортқа шығарудың жаңа жолын талқыламақ. Түркия СІМ басшысының сөзінше, «бұрынғы астық экспорт келісімі белгілі бір негізде жасалған, қазір оны жаңарту қажеті туып тұр».

Украинаға қарсы соғыс бастаған екі жылдан бері Кремль басшысының соғысқа НАТО-ны айыптаумен келгені белгілі. Түркияның аталмыш әскери ұйымға мүше екенін ескерсек, Путин мырза Батыспен арасы ушыққан екі жылдан бері біріккен НАТО әскерінің қорғауындағы елге алғаш аяқ басқалы отыр.

Кәнігі саясаткер Ердоған мырза соғыс басталғалы бері жауласқан екі славян елінің екеуімен де саяси, экономикалық қатынасын үзбей келеді.

Айтып-айтпай, ХАМАС Израильге басып кіріп, қақтығыс Ливан, Ирақ, Сирия, Қызыл теңізді шарпып, әскери операцияларға АҚШ пен Англия араласып, Таяу Шығыстағы жағдай ушыққаннан кейін, Путин мырзаның өрісі кеңейіп сала берді.

Одан бұрын халықаралық іздеуден қорқып, әлемдік басқосуларға онлайн қатысып келсе, Орта Азияны айтпағанда, Қытайға, Араб мемлекеттеріне барып қайтты.

Путиннің алдағы Түркия сапары Ердоғанға сыни көзқараспен қарайтын Еуропалық әріптестеріне ұнамағанмен, наурыздағы сайлауда қайта атқа мінуден үмітті Кремль қожайыны үшін зор жетістік болғалы тұр.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

4 пікір