Сенбі, 4 Мамыр 2024
Абай мұрасы 995 6 пікір 29 Қаңтар, 2024 сағат 14:51

Абай жинағын жаңарту – мемлекеттік мәселе!

Ой-талқы

Ұлы Абай шығармаларының толық жинағы – ұлт руханиятының алтын қазығының бірі. Сенсеңіз, 1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген тұңғыш толық жинақ әлі күнге баз-баяғы кепте, айта қаларлық өзгеріссіз басылып келеді. Әсіресе, қынжылтатыны – жинақтағы екі үлкен олқылық. Төменде олар қандай олқылық және олардан арылу неліктен өзекті екендігі жайлы ой-пікір өрбітпекпін.

Жалпыадамзаттық рухани шыңға Құдай тумысынан жан қуаты мен өткір сезімді мол берген жандар ғана шықпақшы. Оның өзінде салған жерден қарғып шығу деген жоқ. Құдай мол берген айырықша жан қуатын үнемі еңбек қылып, бірте-бірте зорайтуың керек. Абай да әлемдік биікке басқыштап көтерілген еді. Оқымысты Абай, ақын-ағартушы Абай, теолог-ғалым Абай, ақыры хакім Абай дегендей. Бірақ кешегі қызыл идеология мен советтік цензура жағдайында Абай эволюциясын бүйтіп саты-сатылап анықтай алмадық. Тіпті философ немесе хакім деуге де ауыз аштырмады. Сөйтіп, «ақын Абай» дегеннен аспадық. Яғни әдебиет шеңберінен асырмау темір ноқтадай шаблон талабы болды.

Міне, осы айтылған Абай жетілуінің саты-сатылары ескерілмеуі – бүгінгі таңда алдымыздан шығып отыр. Ол асыл мұраны терең меңгеру, сондай-ақ, дүниеге Абайдың көзімен қарауды үйрену ісіне кедергі болуда. Оған датасы қате белгіленіп «адасып» жүрген және «жазылған жылы белгісіз» делінетін өлеңдердің өз орнын тауып, кетігіне қаланбай отырғанын қосыңыз.

Абайдың барлық толық жинақтарына ортақ келесі олқылық –қарасөздердің реттік саны Мүрсейіт көшірмелеріне сәйкес еместігі. Мүлдем өзгеріп кеткендігі (Мұхтар Әуезовті оған қылышынан қан тамған қаһарлы заман мәжбүрлеген болатын). Абайдың алғашқы қолжазбасы – қырық қара сөзден тұратын «Ғақлия» кітабы, ал екінші кітабы – «Тасдиқ» (қазіргіше 38-қарасөз) деген трактаты. Дұрысты біле тұра, бұрысты түзей алмай-ақ келеміз.

Сөйтіп, «толық жинақты жаңарту» деуімнің мәнісі – осы екі олқыдан арылу, Абай мұрасын көзі тірісіндегі қалпына келтірілу дегенді білдіреді. Бұл Абайды халыққа жақындата түсер, ұлы ұстазды анық танып-білуге жолды кеңейте түсер жәйт екені сөзсіз.

Ой-талқыны қазіргі күнгі абайтану ахуалынан бастайын. Соңғы айларда абайтануға арналған үш мақала көрінді. Олар: «Жан және «Еуропаның жағалауы» деген көлемді зерттеу материал (авторлар: филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай және ізденуші Сұлтан Ыбырай, «Егемен Қазақстан» газеті, 4 желтоқсан, 2023), оған жауап ретінде жазылған академик Ғарифолла Есімнің «Абайды оқырманнан адастырмайық» деген шағын мақаласы («Қазақ әдебиеті» газеті, 22 желтоқсан, 2023) және үшіншісі, алдыңғы екеуіне пікірін білдірген «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы, жазушы Бақтыбай Айнабековтың «Ілімсіз ғылыммен Абайдың қара сөзін бағалауға бола ма?» атты мақаласы (абай.кз. порталы, 22 қаңтар, 2024).

Көпшілік оқып, біліп отырған айтыстың шоғын үрлемектіктен аулақпын. Бірден айтайын, оларды талқыға салу маған жаңа айтқан Абайдың толық жинағы уақыт сұранысына сай емес деген мәселені көтеруге керек болды.

Белгілі жазушы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен ізденуші Сұлтан Ыбырай «Жан және «Еуропаның жағалауы» атты мақаласының кіріспе бөлігінде абайтану саласында отыздан астам докторлық, кандидаттық диссертация қорғалды, әйтсе де, Абайдың өзі үшке бөліп жазып кеткен «Жан қуатындағы» қуаттың үш түрі неміс философы Фридрих Бенеке (дұрысы – Бенке секілді) қалыптастырған ілімнен екені әлі күнге анықталмады, олай болса, ғалымдар несіне оқулық жазып, академик атанып жүр деп түйреп өтеді. Осынау қатаң сынға академик Ғарифолла Есім былай деп тойтарыс береді: «Еуропада жан туралы ешқашанда дұрыс бағытта тұжырым болған емес. Болмайды да. Себебі, Еуропа – христиан әлемі. ... Философия – Еуропада қалыптасқан материалистік, атеистік білім саласы. Абай философияны білген, бірақ мойындамаған. Абай – ойшыл, дін жолындағы мұсылман».

Өз тарапымнан қосарым, 1897 жылы Абай:

Ақыл мен хауас барлығын (жанның),
Білмейдүр, жүрек сезедүр, –

десе, Құдайға ғашықтықты ұқтырғаны бұл. Ақыл мен хауас (сезім) жасаған философиялық жүйе сан алуан, алайда Еуропа жан сырына жете алмағаны, «жан туралы ешқашанда дұрыс бағытта тұжырым болмағаны» растық. Батыс әлемінде жантану культі жоқ. Академиктің: «Болмайды да!» дейтіні сол.

Енді үшінші мақала авторы Бақтыбай Айнабековке келейік. Ол: «Кесімді төрелік айтқым жоқ, менікі тек ойлану үшін пікір қосу» дей отырып, рух рухани іліммен ғана танылмақ дегенге саятын кесек ойларын ортаға салады. Бірақ бұрысқа да кете береді, мәселен, бір тұста Бақең: «Абай «Қара сөзін» толық жазып бітпеген» деп қойып қалады. Шауып келе жатып, лоқып қалған аттай еріксіз:  «Толық жазып бітпегені несі, апырай, неге сүйеніп және қай сөзін айтып отыр?» дерсің. Әрі қарай бір тұста: «Абай – дара ақын, ақындығына ешкімнің таласы жоқ. Қазақ үшін рухани тұлға керек болса, жер әлем мойындаған әл-Фараби тұрған жоқ па?...» депті. Бұл жерде «Абай тек ақын ғана, онан рухани тұлға – хакім, мейлі, ойшыл философ қолдан жасап, әуре болмайық» деген емеуріні өте залалды артық кетушілік. Әрине, Абай ұлылығына шәк келтіру, күдікпен қарау жазушы адамға жараспайды.

Абайдың өзіне жүгінейік. Ғайыптан түскен «Тасдиқ» трактатында хакім: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат» дейді. Ғылымнан биік ештеңе жоқ дегені. Бақтыбай болса: «Ғылым емес, діни ілім маңызды, ғылым онан төменде» дейді. Абайды «түзеткен» жанды әзірге көрмеген едік. Ол – хакім, өзгеміз – пендеміз ғой. Болмыс екіжақты, ғылым да екіжақты. Ішкі жағы «ілім», сыртқысы «дүниеауи ғылымдар» делінеді. Бакең «ілімсіз ғылым» деп сыртқы ғылымды айтса керек. Әсілі, дінді тану мен Құдайды тану (теология) екі бөлек ілім. Абай дінді емес, Құдайды танытушы ғұлама. Дінтану – Құдайды (күллі ғаламды) танудың шектеулі бір бөлшегі ғана. Имандылық пен діндарлық арасы да сол сияқты. Абай:

Мүмин болсаң әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол, -

десе, бұл діндар болуды емес, ақылды, ғылымды болуды айтқан. Осылар жанды тазартады, рухты да көтереді идеясы шығармаларын көктей өтеді.

Сонымен, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бақас, мейлі, ой-талқы төркіні дейік, жан мен рух түсінігіне тіреліп отыр.

Тұрсын, Сұлтан да маған жақсы таныс, абайтанушылар деп сыйлаймын, бағалаймын. Абайтану дамуы үшін қайсы олқының болсын орнын толтыру маңызды жаңалық, елеулі табыс. Оны мақтан қылудың әбестігі жоқ. Бірақ зерттеу мақаланы: «Ендігі абайтану ілімінің жаңа арнасы осы бағытта өріс алатыны анық» деп түйіндеу, Ғарекең айтса айтқандай,  ағаттық болған.

Бұған Абайдың жетілу жолының саты-сатылап анықталмай, ғылыми айналымға енбей қалғандығы себепкер деген ойдамын. Бұл кісі нені айтып отыр деген сөз болмауы үшін төрт сатыны атап өтпекпін. Біріншісі – 1879-1884 жылдар аралығы. Осы кезеңде Абай Еуропа оқымыстылары кітаптарын оқып тауысты, былайша айтқанда, «Еуропаның жағалауында» болды. Оған Семей мешіттерінен тапқан шығыс әдебиеттерін қосыңыз. «Екі жаққа (батыс пен шығыс) үңілдім» дейтіні сол.

Сөйтіп, бұл сатының сипатын «Абай – білімпаз, оқымысты» деуге керек.

Екінші саты – 1885-1890 жылдар аралығы. Ақындығына ғалымдығы қосылған алты жылда ойшыл ақын қазақ әдебиетінің классигі биігіне шықты. Бұл сатыда Абай – ағартушы екендігі талас тудырмаса керек.

Үшінші саты – 1893-1897 жылдар аралығы. Абай ғылымға екінші мәрте оралған кезең. Ғылымға неліктен оралған сырын осы 1893 жылғы «Ойға түстім, толғандым» автобиографиялық өлеңінде бүкпесіз ашады. Бұл жолы Абай кәміл адам ілімі, Құдай, жан туралы білім көздеріне ұмтылған болатын.  Еуропа жағалауынан алыста кеткені, ендігі оқып, тоқығаны – грек антикалық философиясы (ол күнде Еуропа, Азия түсінігі жоқ, Жерорта теңізі күллі адамзатқа ортақ ареал болған), мұсылман ғұламаларының еңбектері және киелі кітаптар болғаны шығармаларынан менмұндалап тұрады. Дей тұрсақ та, Тұрсын мен Сұлтан растап отырғандай, қалалық кітапханада Бенкенің орысшаға аударылған еңбегін парақтап, оған сілтеме жасауы жоққа шығарылмайды (Уәсила Мағауияқызы Абай «Ғақлия» кітабын 1897 жылы тәмамдады дейді, демек, 43-ші қара сөз осы жылғы).

1896-1897 жылдары Абай Семей қаласында, өзі сатып әперген Әнияр Молдабаевтың үйінде айлап жатып, қара сөздерінің едеуір бөлігін осы үйде жазған.  Мұны да елеп, ескеруіміз керек.

Сөйтіп, үшінші сатыда: Абай – теолог, осы ғылымды жіті меңгереді.

Енді соңғы төртінші саты, 1898-1902 жылдар аралығына келейік. Бұл сатыда Абай білім-ғылым іздемеген. Хақтағала көктен адам баласына аян беріп келгенін аят, хадистен білеміз. «Сократ хакімнің сөзі» (Сократтан мұндай еңбек табылған жоқ, демек, бұл Абайдың төл туындысы), «Ғақлиат-тасдиқат» (қысқаша – Тасдиқ) трактаты және «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі де көктен. Бұл үшеуіндегі идея қайдан, кімнен алған деп іздестіру бос әурешілік. Оларды Абай ғайыптан алып, жүрек тілімен жазған (жанама дәлел – «Тасдиқ» трактатына әлі күнге ешкімнің «тісі батқан»  жоқ).  Бұрын Абай нәр алған қайнар үшеу деп келсек, енді төртінші – рух әлемі бар деп мойындауымыз керек.

Сөйтіп, төртінші саты ерекшелігі: Абай – хакім. Жоғарыда аты аталған  Бақтыбай мырзаның Абайдың қара сөзін рухани ілім иесі ғана бағалай алады деген пікірі құптарлық. Себебі, рухты рух қана тани алады.

Абайдың жетілу жолын саты-сатылап қарастырудан ұтарымыз көп. Қай кезде Еуропа жағалауында жүрді, Шығыс жағалауына қадам басқан, яғни дін исламды жете меңгерген, онан соң жүрек тілімен жаза бастаған кездері қайсы деген сияқты жәйттерді алақанға салғандай айқын көруге болады.

Абайдың толық жинағындағы келесі үлкен олқылық – қара сөздердің реттік сандары түпнұсқаға сәйкес еместігі. Біз білетін түпнұсқа – Мүрсейіттің үш көшірме қолжазбасы.  Салғырттық демей көр, олар әлі күнге жарық көрмеген. Бақтыбай қажы да таңғалып: «Ендігі кезекте қолжазбаны тым болмаса «Мүрсейіттен жеткен қалпы осындай еді» - деп салыстырмалы түрін көрсете отырып жарыққа шығарсақ қалай болар екен?» депті. Абайтанудан алыс жүрсе де, оң ұсыныс айтқан. «Қара сөздердің жазылу мерзімі – 1891-1898 жылдар» деген стереотип үлкен кедергі қазір. Өстіп хакімдік кезеңді өзіміз жоққа шығарып отырсақ, сырт елдерге «Абай – бүкіл адамзаттың ойшылы» екенін қайтіп дәлелдемекпіз?

Бәрін айт та, бірін айт демекші, енді Абай Бенкеден үйренді ме, үйренсе нені үйренгенін анықтап көрейік. Әңгіменің ең күрделі, ауыр тұсы осы.

Д-р Бенке кітабына сілтеме жасалған 43-ші сөзін (Мүрсейіт көшірмесі бойынша 39-шы сөз) Абай: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили (туа біткен қасиет), қайсысы кәсіби (еңбекпен табылған) – оны білмек керек» деп бастаған. Жан мен тән екеуінің орталарында жалғыз ғана нәрсе бар. Ол – рух. «Құраныңды оқы, нанбасаң» (Шәкәрім). Абайдың 39-сөзі мен «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңі мерзімдес жазылған. Соңғыда Абай:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі, -

дегенінде, «ақыл» сөзі «рух», яғни жан қуаты деген мағынаны білдіреді. Тағы айтайық, жан мен тән арасында рухтан өзге ештеңе жоқ. Ақылдан өзге, сана, ес, түйсік, сезім, ерік, ар, жігер, қайрат, намыс дейсіз бе, оларды жибили я кәсіби деп жіктейсіз бе, бәрі-бәрі рухтан пайда болады. Абай: «Жан қуаты дейтұғын қуат – бек көп нәрсе» деп осыларды меңзегені сөзсіз. Аталған категорияның әрбірі рухты зорайта алады. Бірақ Абай «көп қуаттың ішінде үш артық қуат бар» деп Бенке көрсеткен үш қуат-қабілетті (подвижный элемент, сила притягательная однородная және впечатлительность сердца)  атап айтқан. Неге? Себебі, бұлар жүректі таза сақтап, мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық сияқты нәрселер кірлетуіне жол бермейді дейді. Жан қуаты (рух) – жалғыз, бірақ оның қабілет, қасиеттері көп қырлы. Сол себепті мәтінде «үш жан қуаты» делінсе де, шын мәнінде сөз жан қуатын (рухты) зорайтатын психологиялық қабілеттер туралы деуге керек.

Ғалым ешқашанда хакімнен жоғары тұрмақ емес. Абай Бенкеден көп нәрсе үйренді деуімізге айта қаларлық негіз жоқ. Қайта бас-аяғы бітпеген психологиялық ілімді тиянақтап, оны дамыта айтқан.  Сөздің турасы керек, жаңағы үш жан қуатты Бенке ашты, ол психология ілімін тұңғыш жасаушы дегендік – әсіреге әуес еуроцентристік ғалымдардың тірлігі. Шәкәрім ғұлама: «Тұңғыш ой деп отырғанымыздың әлдеқашанғы кімнің ойы болып шығарын білмейміз» деп ескертпей ме.

Ой-талқы болсын, пікір тудырсын деп жазған мақалам осымен тәмам.

Айтып-айтпа, Абайдың толық жинағын қалпына келтіру – мемлекеттік мәселе! Бұл тәуелсіздікпен қатар тындыратын шаруатұғын. Олай болмады. Енді қашанға дейін созылар екен? Не бөгет? Ештеңе де. Керегі – таза ниет, Абайға сүйіспеншілік қана. Онсыз да рухани жетімдік кешіп отырған еліміз үшін мұндай салғырттық салдары ауыр болары анық.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1199
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1093
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 829
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 966