Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 2338 0 пікір 7 Желтоқсан, 2023 сағат 12:48

Латынамерикалық құбылыс және Маркес феномені

Қош. Сонымен құрметті достарым, тағы да бір жыл аяқталып, тарих қойнауына сүңгігелі жатыр. Жыл соңында есеп беріп, қандай іс тындырғанымды ой елегінен өткізіп қоятын әдетім бар. Өткен жылы елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының төрінен әлем және қазақ әдебиеті тақырыбына арналған дәрістерімді оқуды бастап кеткен болатынмын. Нәтижесі жаман болған жоқ. Әдебиетті сүйетін халық дәрістеріме жоғары бағасын беріп жатыр. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Өйткені, әдебиеттегі жанкештілікпен жасап жатқан жұмысыңның нағыз бағасын халық қана береді. Келесі жылы да дәрістерімді жалғастырып, көркем туындылары оқырмандарды қатты қызықтыратын қаламгерлердің творчествосы туралы кеңінен көсіліп әңгіме айту жоспарда бар.

Құдай қаласа, 2024 жылдың басында «Латынамерикалық құбылыс және Маркес феномені» атты бірнеше дәріс оқуды көздеп отырмын. Бір екі күнде осы үлкен дәрісімнің нүктесін қоямын. Көлемі шамамен 30 бет болып қалады. Яғни, бұл дегеніңіз кем дегенде үш сағатқа созылатын дәріс деген сөз.

Құрметті достарым! Енді осы келешекте оқылатын үлкен дәрісімнің шағын кіріспесін сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн санап отырмын.

ЛАТЫНАМЕРИКАЛЫҚ ҚҰБЫЛЫС ЖӘНЕ МАРКЕС ФЕНОМЕНІ

«Латынамерикалық әдебиет» дегеніміз не? Ол үшін ең алдымен «Латын Америкасы дегеніміз не?» деген күрмеуі күрделі сауалдың жауабын анықтап алуға тиіспіз. Латын Америкасы дегеніміз бір үлкен ел немесе тіпті Оңтүстік Американың континенті емес. Латын Америкасының аумағы Солтүстік Американың бөлігін де қамтиды.

Латын Америкасы дегеніміз 405 миллионнан астам тұрғыны бар, тарихи тағдыры, дәстүрі мен мәдениеті қалыптасқан 29 мемлекет. Соған қарамастан осы елдерде туған қаламгерлердің бәрін біз латынамерикалық жазушылардың қатарына жатқызып, туындыларын латынамерикалық әдебиет деп жүрміз. Ал шындығында, Маркес – колумбиялық, Борхес пен Кортасар – аргентиналық, Карпаньтер -кубалық, Марио Варгос Льоса – перуандық, Жоржу Амаду – бразилиялық жазушы, Астуриас болса Гватемалада туған. Дей тұрсақ та олардың әдебиет тарихының, мәдениетінің, өнерінің ортақ белгілері бар.

Әуелі, осы елдерде кіндік қаны тамған жазушылардың бәріне тән қандай ортақ белгілер бар екеніне назар аударып көрейік. Ең алдымен бұл елдерді бір-біріне мәдениеттің ортақ қайнары жақындатып тұр. Өйткені, Латын Америкасының мәдениеті дегеніміз, біріншіден - аборигендік мәдениет, яғни, индеецтердің фольклоры мен аңызы. Екіншіден осы жерді басып алған ақ нәсілді жаулаушылардың, атап айтсақ, - еуропалықтардың әдебиеті мен философиясы және әрине, қара нәсілді құлдардың мәдениеті. Тұтастай алғанда латынамерикалық мәдениет дегеніміз әлемдік өркениеттегі барлық негізгі этностардың синтезі. Бұдан бөлек, шартты түрде алғанда тілдегі ортақтық пен тұтастық та Латын Америкасына тән сипат. Өйткені, Латын Америкасының негізгі екі тілі – португал мен испан тілі қатты ұқсайды. Сонымен бірге Латын Америкасындағы елдердің христиан дінін ұстанатыны да оларды жақындата түседі.

Бұл елдердің ортақ тарихи және мәдени тәжірибесі бар. Осыған орай, бір маңызды мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Латын Америкасы, Латын Америкасының тарихы, Латын Америкасының этностары адам мәдениетінің, адамзаттық өркениеттің парадокстарымен еуропалық өркениеттен бұрын жолықты. Мысалы, адам табиғатының парадокстарымен, мәдениет пен ғылым дамуының парадокстарымен еуропалықтар ХХ ғасырда танысты. Ал, Латын Америкасы мұндай парадокстарды еуропалықтардан әлдеқайда ерте көрді. Түсінікті болу үшін бұл мәселеге жан-жақты тоқтала кетейік.

Еуропаланған Латын Америкасының тарихы 492 жылы Христофор Колумб жаңа әлемді ашқан кезден басталады. Уақыт өте келе Латын Америкасының аумағы Испания мен Португалияның отарына айналды. Осыған орай бір нәрсеге назар аударыңыздар. Латын Америкасының тарихы Колумбқа дейін де жұмақтың мекені болды деп айта алмаймыз. Ол жерде өте жабайы рәсімдер мен қатыгез ырымдар болды. Алайда, бұл жерге ақ нәсілді жаулаушылардың табаны тигеннен кейін Латын Америкасы нағыз зұлымдықтың Отанына айналып, қанға боялып, халқы зорлық-зомбылыққа ұшырады. Латын Америкасын шоқындыру барысында конкистадорлар тұтастай халықтарды жер бетінен жойып жіберді. Көне өркениеттің күлін көкке ұшырды. Міне осы жерде біз тарих пен мәдениеттің кейбір маңызды парадокстарына куә боламыз.

Конкисто деп аталатын, Латын Америкасының жаңа буыны бұл жерге шамамен ХV ғасырдың аяғында келіп, ХVІ ғасырдың ортасына дейін тұрақтап қалды. Бұл кезең Еуропа үшін ерекше уақыт болып саналады. Біз бұл кезеңді қайта Өрлеу дәуірі, Ренессанс дәуірі деп атап жүрміз.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ренессанстың негізі - антропоцентризм философиясы. Антропоцентризм дегеніміз не? Ренессанс дәуірінің философтары, ойшылдары, жазушылары мен ақындары осы ғасырда адам табиғатының жаңа құпиясын ашты. Інжілді мұқият оқып шыққан олар жаңалық ашып, одан адамның құдай сынды құбылыс екені туралы маңызды сөздерді тапты. Бұл Адам бойында да Құдайлық құдірет бар деген сөз. Адам табиғатынан жаратушы құбылыс.

Ренессанстық философия мен ренессанстық тәжірибе адам табиғатында жасырынып жатқан зияткерлік қуат пен ерік-жігердің сарқылмас кенін тапты. Адам олардың көмегі арқасында кез келген мақсатына қол жеткізе алады екен. Көптеген ұлы географиялық жаңалықтар Ренессанс заманында ашылды. Гуттенберг өзінің баспа машинасын Ренессанс дәуірінде ойлап шығарды. Яғни, ақпарат алмасудың жаңа технологиясы пайда болды. Осының бәрі де тарихи мәдени дүмпудің жанартаудай атылуына ұласты.

Бұл жерде бір өте маңызды дүниені ескерте кеткен абзал. Ренессанстық ойшылдар тап осындай зияткерлік күштің, ғаламат адам жігерінің этикалық табиғатының жоқ екенін жақсы байқады. Міне, сондықтан да адамның бойындағы ядролық күш-қуаты игілікке ғана емес, зұлымдыққа да қызмет ете беруі ықтимал. Латын Америкасында орын алған жағдай осының айқын дәлелі.

Айталық канкистадорлар дегеніміз кімдер? Мысалы, атақты конкистадорлар Эрнан Кортес, Гонсада де Кесадо, Диего де Альмагролар Латын Америкасына сіңірі шыққан кедей болып келген адамдар. Негізінен олардың көбісі дүние-мүліктерін сатып, түскен ақшаларына қару-жарақ алып, Америкаға келіп жаңа өмірді бастаған испан шаруалары. Олар туған Испаниясында өздерінің жақсы өмірдің шылбырынан ұстай алмайтындарын жақсы түсінді.

Ал, Латын Америкасында, Оңтүстік Америкада олар Еуропаның ең әйгілі корольдарынан да бай адамдарға айналды. Міне осы қатыгез адамдар қолдары қалт етпестен, еш шімірікпестен жергілікті тұрғындарды аямай қырды. Тұтас қалаларды жермен жексен қылды.

Олардың бәрі де шетінен жүрекжұтқан батыр, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын ерік-жігері күшті адамдар болды. Адамның бойындағы өте күшті ерік-жігері жақсылыққа ғана емес, жамандыққа да қызмет ете беретіні шындығында да таң қаларлық парадокс. Мысалы, Эрнан Кортаске Мексиканы жаулап алу үшін батпақты алқаптармен, джунглилермен 600 шақырым жерді жүріп өтуіне тура келді. Ал, Гонсала де Кесадо Колумбияны бағындыру үшін тап осындай жерлермен 2000 шақырым жүріп өтті. Осыған қарап бұл адамдардың төзімділігі мен ерік-жігерінің қаншалықты күшті болғанын өздеріңіз бағалай беріңіз. Тағы да бір парадокс жағдай бұл адамдардың бәрі де шетінен христиандар еді. Канкистолардың негізгі ұраны шоқындыру және бағындыру болды. Бір қарағанда Христос өзімен бірге сәулені, махаббат пен мейірімді, ізгілік пен адамгершілікті алып келген сыңайлы. Алайда Христос пен христиандық деген екі бөлек нәрсе. Мәселен, Христостың адамгершілік, мейірімділік пен махаббат туралы айтқан сөздері бар. Сонымен бірге христиан шіркеуінің бағындырған елдерге діни рәсімдерін мәжбүрлеп енгізетін тәжірибесі бар.

Латын Америкасы өздерінің болашақ тұрғындарының арқасында адам табиғатының, адам мәдениетінің парадокстарымен Еуропадан бұрын танысты. Мұның бәрі де осы елге тән ортақ белгілер, сондықтан да мұндай тарихи-мәдени арқау латынамерикалық жазушылардың бәрінде бар.

Латынамерикалық әдебиет дегенімізде біздің ойымызға бірден Маркестің есімі түседі. Бұл бір жағынан түсінікті де. Өйткені, ол әлемдік прозада үлкен төңкеріс жасаған, аңызға айналған тұлға. Суреткердің «Жүз жылдық жалғыздық» романы ХХ ғасырдың ең әйгілі туындысына айналып, Маркестің өзі болса «біздің заманымыздың Гомері» атанды. Дей тұрсақ та латынамерикалық әдебиет дегеніміз жалғыз Маркес емес. Бұл топырақта әлем оқырмандарын таңғажайып туындыларымен тамсандырған Жоржи Амаду, Алехо Карпентьер, Мигель Анхел Астуриас, Хорхе Луис Борхес, Хулио Кортасар, Хуан Карлос Оннети, Хуан Рульфо, Карлос Фуэнтес, Мигель Отеро Сильва, Марио Варгос Льоса, Аугусто Рао Бастсос және тағы да басқа әлемге танылған көптеген жазушылар дүниеге келді. Прозасының ғана емес, поэзиясының да әлем әдебиетінің аспанында жұлдыздай жарқырап тұрған өз орны бар. Мысалы, «Елбасының еңкейген шағы» романын жазған жылдары Маркеске Латын Америкасының ғажайып ақыны Рубен Дарионың сұлу жырлары, жібектей нәзік лирикасы шалқар шабыт сыйлады. Романды оқыған кезде Рубен Дарио поэзиясының «біздің заманымыздың Гомері» атанған Маркеске қатты әсер еткені бірден байқалады. Сонымен бірге Латын Америкасының қасиетті де, киелі топырағы Пабло Неруда, Николас Гильен, Габриэла Мистраль, Октавиа Пас сынды ұлттық әдебиетінің шеңберінен шығып кетіп, адамзатқа танылған ұлы ақындарды туғызды.

Тамырын тереңге жіберген тарихы болмаса да, ХХ ғасырда ұлттық әдебиетінің шеңберін бұзып шығып, әлемді мойындатқан Латын Америкасының әдебиеті қай кезден басталады деген сауал кім-кімді болса да қызықтырмай қоймайтыны айдан-анық. Осыған орай бір қызық жағдайды сіздерге айта отырайын. Бір қызығы, жаңа әлемді ашқан Христофор Колум Латын Америкасының бірінші жазушысы болып саналады. Әрине, ол романдар жазған жоқ, бірақ оның соңында өте қызықты күнделіктері, хаттары мен жазбалары қалды. Латын Америкасының әдебиетін зерттейтін мамандардың айтуынша, тап осы Колумб болашақтағы латынамерикалық әдебиеттің ең маңызды мифологемаларын көрсетіп кеткен көрінеді.

Колумбтың да, көптеген конкистадорлардың күнделіктерінде де бұл елдің бұрын-соңды адам баласы көрмеген таңғажайып мекен екені тілге тиек етіледі. Олардың өз күнделіктерін осындай сезіммен жазуына Латын Америкасы табиғатының қатты әсер еткенін айтпай кетпеске болмайды. Бұл елдің табиғатындай табиғат Еуропада да, Азияда да жоқ. Олардың табиғаты Жер Шарындағы бірде-бір елдің табиғатына ұқсамайды.

Колумб бұл өлкеден жердің жұмағын, Адам-Ата мен Хауа-Ана ұрпақтарының мұрагерлерін іздеген болатын. Канкистадорлар болса Эльдарадо елін, мәңгілік жастықтың алтын қайнарын іздеді. Ертегілер еліндегідей Латын Америкасының ғажайып табиғаты канкистадорларды бұл елде адам айтса сенбейтін құбылыстардың бар екеніне сендірді. Латынамерикалық магиялық реализмнің тереңге кеткен тамыры осында жатыр. Соған қарамастан, Латын Америкасының кемелденген әдебиеті тым кеш пайда болды. Мысалы, ХVІ ғасырда оларда тек канкистадорлардың эпистолярлық прозасы ғана болды, ХVІІ ғасырда поэзия басымдық алды, өйткені испан королінің жарлығымен роман жазуға тыйым салынды.

Келешекте өмірге келіп, дүниені дүр сілкіндіретін латынамерикалық әдебиеттің алғашқы қарлығаштары ХІХ ғасырда пайда болғанымен, оларды да кемелденген әдебиеттің үлгілері деуге аузымыз бармайды. Неліктен латынамерикалық әдебиет ә дегеннен бүкіл сұлулығымен көрініп, ойының тереңдігімен оқырманды өзінің магниттей өрісіне тартып әкете алмады? Мұның біз білетін бірнеше себебі бар. Бұл ең алдымен осы ел әдебиетінің, мәдениетінің жастығына байланысты. ХVІІІ және ХІХ ғасырдағы ең алғашқы латынамерикалық жазушылар өздерінің төлтума мәтіндерін туғыза алмай, еуропалық үлгілерді көшірумен айналысты. Және де бұл көшірмелер Латын Америкасы өмір сүріп жатқан шындықты суреттеуге жараған жоқ. Өздеріңіз жақсы білесіздер, әдебиет фольклордан өсіп шығады. Яғни, үлкен әдебиет болу үшін ұлттың өзіне тән халықтық қайнары болуы тиіс. Ал, Латын Америкасының әдебиеті фольклордан өсіп шыға алмайтын еді, себебі олардың төлтума фольклоры болған жоқ. Испан фольклоры Латын Америкасы мәдениетінің сипатын танытуға жарамады, өйткені, ол мүлде басқа рухани шындықты суреттеді. Индеецтердің де, қара нәсілді құлдардың фольклоры да бұл елдің мәдениетін танытуға жарамады. Соған қарамастан ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында процесс іске қосылып, Латын Америкасы әдебиетінің кемелденген үлгілері дүниеге келе бастады. Момақан ғана тірлігін кешіп, тыныш жатқан латынамерикалық әдебиеттің кенеттен бұлқынып, жанартаудай атылуының бірнеше себебі бар. Бұл ең алдымен испандық-португалдық отарлау жүйесінің күйреп, бодандықта болған Бразилия, Чили, Парагвай, Мексика және тағы да басқа елдердің тәуелсіздігін алуына байланысты. Бұл өз кезегінде осы елдердегі халықтардың ұлттық сана-сезімнің оянуына алып келді. Халық өзінің тарихын, кім екенін, қайдан келіп, қайда бара жатқанын тану үшін мүлдем жаңа көркем формаларды іздей бастады. Сонымен бірге Борхес, Кортасар, Жоржи Амаду, Маркес сияқты көптеген латынамерикалық жазушылар екі мәдениетті тел еміп өсті, бір жағынан олар ұлттық мәдениеттің бесігінде тербелсе, екінші жағынан олардың ірі жазушы, үлкен суреткер болуына Еуропаның мәдениеті өзінің зор ықпалын тигізді. Міне осындай жағдай мүлде жаңа әдебиеттің дүниеге келуіне мұрындық болды.

Менің ойымша, Жоржи Амадуды Латын Америкасының ең алғашы ұлы жазушысы деуге болатын сыңайлы. Бұл жазушы 1912 жылы дүниеге келген. Әлі күнге дейін әлемдегі шығармалары ең көп оқылатын жазушылардың бірі болып саналады. Шығармаларының негізінде көптеген фильмдер түсірілген. Менің замандастарым, осы жазушының шығармасы негізінде «Құм жағалуы елдерінің генералдары» атты фильмнің түсірілгенін білетін шығар деп ойлаймын. Мұны айтып отырған себебім, Маркес пен Борхес сияқты көптеген латынамерикалық жазушылардың жаңа, сапалы прозасының дүниеге келуіне Жоржи Амадудың «Құм жағалуы елдерінің генералдары» романының зор ықпалы болды деп ойлаймын. Жоржи Амаду мен онымен бір уақытта өмір сүрген жазушылардың ортақ ұжымдық кейіпкері болды. Көп жағдайда латынамерикалық мәтіндердің бас кейіпкері – отбасы мен халық болып келеді. Мысалы, Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының бас кейіпкері – Буэндиа әулеті, ал, «Елбасының еңкейген шағы» шығармасының бас кейіпкері диктатор ғана емес, сол диктатордың істеген тірлігін баяндайтын халық. Бірінші рет Жоржи Амадудың туындыларында реалистік элементтер мен реалистік баяндаулардың фантастикалық элементтермен бірігіп кететін синтезі пайда болды. Уақыт өте келе әңгімелеу шеберлігінің мұндай тәсілі магиялық реализм деп атала бастады. Міне, осындай латынамерикалық проза мен поэзияның шеңберді бұзып шығып ғарышқа самғауы ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында орын алды. Әрине, оның алтын бастауында Борхес, Кортасар, Астуриас пен Маркестер тұрды.

(Жалғасы бар)

Амангелді Кеңшілікұлы

Abai.kz

0 пікір