Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 1937 44 пікір 12 Сәуір, 2024 сағат 15:32

«Щучинск – Абылай хан қаласы болмайды». Әкімдік не дейді?

Қазір күйіп тұрған мәселе - еліміздегі отрашылық дәуірде атауы мың құбылған, кеңестенген, орыстанған жер-су атауларын ауыстырып, тарихи атауларды қайтару болып отыр.

Қазақы өңірлерде бәрі өз орнына келсе, өзге ұлт өкілдері басым аймақтарда жағдай мүлдем өзгеше.

Атап айтар болсақ, 2022 жылы Ақмола облысында 11 елді мекен, 4 ауылдық округ және 90 көше атаулары өзгертілді. Мысалы, Ақмола облысының Зеренді ауданында «Еленовка» ауылының атауы «Самалтау» болып ауыстырылды. Сол кезде жергілікті халық бұған үлкен қарсылық көрсетті.

Осы қарсылық «Щучинск» қаласының атауының өзгеруіне байланысты кеңінен өрістеді. Әкімдік «Щучинск» қаласының атауын «Абылай хан» деп өзгерту туралы:

«Бұл мәселені аз ғана адам көтереді», - деп қысқа қайырғаны жанға батады. Бұл туралы qaz365.kz сайты жазды.

Қаланың атын өзгерту мәселесі әрқашан өңір тұрғындарымен қызу талқыға түскені жасырын емес.

Әлеуметтік желілерде қоғамдық пікір «Щучинск» қаласының атауының өзгеруіне байланысты қаққа жарылғаны жүректі ауыртады. Бір елде тұрып, бір аспан астында өмір сүріп, жергілікті ұлттың өз төл тарихын қалпына келтіруге қарсы шығу – жақсылықтың белгісі емес әрине. Кейбіреулері бұрынғы «Щучинск» атауын қалдырғысы келсе, кейбіреулері оны «Абылай хан» деп өзгерту жөн деп санайды.

Бұл ретте біз жергілікті атқарушы органның ұстанымын білуге тырыстын болсақ, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин БАҚ сауалына берген жауабында:

«Облыс аумағында елді мекендерге атау беру және оларды қайта атау кезінде Республикалық ономастика комиссиясының отырысында мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелікұсынымдар» басшылыққа алынады.

Аталған әдістемелік ұсынымдардың «Әкімшілік-аумақтық бірліктер объектілеріне атау беру және қайта атау кезіндегі ұсынымдар» деп аталатын 3-бөлімінің 4-тармағында: қалаларға, қала үлгісіндегі кенттерге, аудандарға, ауылдарға, ауылдық округтерге кісі есімдерін беруге жол бермеу туралы жазылған.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы № 211 бұйрығымен бекітілген «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына» сәйкес «Щучинск» қаласы тұрғындарының пікірі ескерілуі тиіс.

Осыған орай, «Щучинск» қаласы тұрғындары (әлеуметтік желіде) алдымен қаланың әлеуметтік мәселелерін (жолды жөндеу, көшелерді абаттандыру, жарықпен қамтамасыз ету, халықтың тұрмысын жақсарту және т.б) түзетіп, содан кейін ғана қаланы қайта атау мәселесін қарастыруды сұрайды. «Щучинск» қаласына «Абылай хан» есімін беру мәселесін санаулы адамдар ғана көтеріп жүр, осы себепті аталған мәселе бүгінгі күні күн тәртібінде тұрған жоқ», - дейді.

Айтары жоқ өңірде ономастикалық проблемалар өте көп. Қала, аудан, ауыл атауларынан басқа көптеген көшелер бізге таныс емес адамдардың есімімен аталды. Оларды қайта атау мәселесі өңір тұрғындарымен әрқашан қызу талқыланады.

Қала атауын өзгерту «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 4-тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады. «Щучинск» тұрғындарының пікірін ескере отырып, шешім ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде қабылданған.

Ақмола облысында жер-су атауларын өзгерту мәселесі қайыра көтеріліп отырады. Осыған дейін өңір әкімі Марат Ахметжановқа журналистер «Щучинскіні» «Абылай хан» деп қайта атау туралы сұрақ қойған. Ахметжановтың да жауабы көңіл көншітпеген.

Атап айтар болсақ, бұл мәселемен бір кездері марқұм тарихшы Қадыржан Әбуев айналысып, қаланың атын «Абылай ханға» ауыстыруды дұрыс деп есептеген еді. Осы пікір сөз болған шақта аймақ басшысы бұл тұсты зерттеп, оның халықтың пікірі ме, әлде жек адамдікі ме осы жағын ескерудің қажеттігін атап өткен.

Abai.kz

44 пікір