Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Бүгінгі сатира 538 2 пікір 15 Сәуір, 2024 сағат 16:20

Мұхтар Шерім. Министр ағып барады...

Сурет: tekelinews.kz

Бізде бәрі бар, қымбатшылық, жемқорық, екі жүзділік, жағымпаздық, салғырттық, жазда өртенетін ормандарымыз, тіпті, тасқын да бар.

Құдайға шүкір. Тасқынға жыл сайын қарық боламыз. Биыл да, тасқын талай ауылды суға батырды. Үкімет үрейленген болды, төтенше министрі тасқын жайпаған ауылға жетіп келген болды.

– Оо, не деген керемет көрініс! Сиырлардың ағып бара жатқанын бірінші көруім. Сиырлар жүзе алмайды екен ғой? Жазда су тапшылығын көріп едік, көктемде суға қарық болып жатамыз! – деп халықпен бірге тасқынға қарап тұрған. Бір сөмке ағып барады екен, аузы ашық, іші тола ақша...

– Біреудің бір сөмке толы ақшасы ағып барады! – деді облыс әкімі.

– Халықта ондай ақша қайдан болсын? Шошқа фермасы бастығының ақшасы ғой! Әне шошқалар ағып барады! – деді ауыл тұрғыны Мыжбан.

– Обал ғой! Ақшаны құтқару керек! – деді министр.

– Министр мырза, одан да, анау тақтай үстінде ағып бара жатқан жас баланы құтқармайсыздар ма? – деді Мыжбан.

– Ақша кетті, ақша! Ақша мемлекетімізді құндылығы! – деген министр суға қойып кетті. Жұрт үрпиісіп қалды. Министр жүзе алмайды екен, суға шашалып, бір батып, бір шығып, түншыға бастады.

– Төтенше министрі ағып барады, құтқарыңдар! – деді облыс әкімі жанұшырып, – Сен суға секір!

– Өзіңіз неге құтқармайсыз? – деді Мыжбан.

– Облыс әкімінің құзырына жатпайды, құтқарыңдар! Министр ағып барады! Құтқарыңдар!

Мыжбан ұзын ағашты жерден ала салып, ағып бара жатқан министрге жалғады. Ол ағаштың ұшынынан ұстай алды. Енді, Мыжбанның костюмі етегінен облыс әкімі, оған Клара есімді әйел, әйелге бір ақ сақал, ақсақалға Орынша есімді әйел жармасты. Бәрі кері тартқанымен, әлдері келер емес.

– Мені құшақтамаңыз, облыс әкімін құшақтауға үкімет рұхсат етпейді, – деді облыс әкімі басын бұрып.

– Оойбай, не жеп семіргенсің? Денең майлы екен, – деді Клара.

– Көп сөйлей бермеңіз! Костюмімнен ұстаңыз. Ақырын, қытығым келіп кетті.

Олар тартысып жатқанда, Мыжбанның костюмі ортасынан жыр тылып кетіп, өзгелері бірінің үстіне, бірі шалқаларынан құласты. Олар жапырыла құлап, қайтадан тұрып, Мыжбан таяқтың ұшын министрге жалғады. Қайтадан тартып әлек.

– Осы төтенше министрі емес пе, «Тасқынға дайынбыз, тасқын келсе, бізді көріп, кеуіп қалады!» деген? –деді Клара, –Ойбай, ақсақал, төс... Төсімнен ұстап тартпасаңызшы, ұят қой.

– Шырағым, ұстауға ыңғайлы болған соң...

– Ой, ата, белімнен тартыңыз!

– Белің қай жерде өзі, ажырата алмай тұрмын?

– Жыл сайын осы тасқыннан халық өлетін болды. Жемқор шенеуніктер тасқынның алдын алмайды! Дамбылар ескірген, жарылып жатыр, оны үкімет ескермейді. «Ойбай, бәріңе су жаңа үй салып береміз» дейді үкімет. Әй. қайдам, жемқорлар тұрғанда, ол үйлер ден қирап қалатын шығар?–деді Орынша бір кезде ышқына тартысып жатып, –Ойбай, біреу көйлегімнің етегін ашып жатыр?

– Кім? – деп сұрады Мыжбан.

– Ойбуу, Итбайдың иті екен ғой. Кет–ей, кет!

– Ауф, ауф! – деді ит. Сөйтті де, Орыншаның көйлегі етегінен тістеп алып, кері тарта бастады. Кенет, Мыжбанның көйлегі жыртылып кетті де, бәрі жапырыла құлады.

– Немене пәле, киімдерің құрттап кеткен бе? – деп сұрады облыс әкімі.

– Әкім мырза, жарымаған елміз ғой, осы көйлекті киіп жүргеніме он жыл болған еді.

– Құм салатын қапшықтың өзін тауып бере алмаған үкіметтен айналдым! Депутаттар бір күндік айлықтарын аударып жатыр дейді. Әлем әншісі Димашқа жетпеді! Бір айлықтарын аударса, ауыз–бастары қисайып қалады ма екен?

– Әңгімені доғарыңдар! Құтқарыңдар! – деді министр айқайлап.

– Әне, бір сиыр ағып барады, соның үстіне шығып алсаңызшы? – деп сұрады облыс әкімі.

– Қой, олай деме. Сиырдан ұяламын.

Жағадағылар қайтадан, бірін–бірі құшақтап, министрді құтқаруға кірісті. Бір кезде, Орыншаның көйлегі жыртылып кетіп, іш киіммен қалды да, бетін басып, отыра кетті.

– Өләә, қарамаңыздаршы? – деген ол орнынан тұрып, жүгіре жөнелді. Бір кезде, ит таяқты тістеп, министрге жақындады да, оны жағаға сүйреп шығарды. Министрдің қолында ақша толы сөмке... Бір кезде, ит сөмкені тістей алып, қаша жөнелгені. Министрден бастап, әкім–қаралар иттің соңынан жүгірді...

«Мистер Мұхтар» театры қоржынынан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар