Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Аласапыран 2129 3 пікір 24 Қазан, 2023 сағат 15:08

Байденнің жолдауы мен Израильдің жаза жорығы

Өткен аптада Араб елдерімен ара қатынасы қайтадан ушыққан Израильге барып келген Америка президенті Байден мырза халқына жолдау жолдады.

Кезінде 2001-жылы 11-қыркүйек оқиғасы болғанда кіші Буш та осы кабинеттен еліне сөз арнаған еді. Байден сөзінде Ресей мен ХАМАС-ты айыптай сөйледі.

«Екеуінің мақсаты екі бөле болғанымен, олар да бір ұқсастық бар: екеуі де қоңсы отырған демократиялы мемлекетті құртпақшы», - деді.

«Оларды тізгіндемесек, дүние одан ары бүлінеді, тіпті көп қантөгіс, қақатығыстар туындайды. Американың дүние тарихының беталысын жарқын жаққа бұруға қауқары бар», - деді.

Әлем елдерін айтпағанда АҚШ тұрғындары да Байденнің жолдауын әр қалай қабылдады. Ақ үйдің саяси және әскери істерінің басшысы Паул «Вашингтон пост» газетіне берген сұхбатында не үшін жұмыстан кеткенін түсіндіріп: «Әрине, Израиль өзін қорғауға мүдделі, бірақ, ол үшін Палестиндік қанша баланың өмірі қыршын кетуі керек», - деп налыды. Голливудтың 50-ден астам атақты жұлдыздары да бірлескен мәлімдеме жасап, осы жолғы соғыста мерт болған мыңдаған адамның тізімін алға тартып, Ақ үй басшысының соғысты өршіту үшін емес, тоқтатуға ағайындық жасау керек екенін, адам өліміне әкелетін қақтығысты дереу тоқтатуға үндеді.

Байден сөзінен кейін Израильдің Қорғаныс министрлігі де Газа секторына әскер кіргізу жоспарын, ХАМАС ұйымын жою операциясының егжей-тегжейін жариялады. Олардың әскери қимылы үш сатыдан тұрмақ:

Бірінші кезекте Әуе шабуылын үдетіп, жаяу әскер кіргізіп, ХАМАС-ты құрту;

Екінші кезекте шабуылды жеңілдетіп, соңғы қалдық күштерді жою;

Үшінші басқышта Газада толық бейбіт қоғамдық тәртіп орнату.

Десе де әлемдік әскери сарапшылар Израильдің әскери қуатын жоғары бағалағанымен, Газада тыныштық орнатудың оңайға түспейтінін айтуда. Олардың пікірінше, Израиль тарабы мақсатына жету үшін кем дегенде 6 ай, не 8 ай соғысуы мүмкін. ХАМАС та оңай шағылатын жаңғақ емес. Өздері құрып алған әуе қорғаныс жүйесі бар екен, олардың сарбаздары шетінен біреуі мыңға татитын асқан жау жүрек, партизандық соғыстың асқан шебері.

Израильдің 360 мың жаяу әскері жер жағдайына олардай қанық емес. 2014-жылы Израиль әскері Газаға баса көктеп кіріп, ХАМАС-тың көзін құртпақ болғанда ауыр шығынға ұшырап, кері шегінген. Осы жолы да сол жағдай қайталануы мүмкін дейді.

Десе де Израильге миллиард доллар әскери көмек беруге шешім қабылдаған Байден үшін де, Ақ үйге арқаланған Израиль билігі үшін де ең басты түйткіл күнасыз адамдардың қыршын өмірі мен көз жасы екені анық.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

3 пікір