Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Өз сөзі 848 23 пікір 17 Сәуір, 2024 сағат 15:03

Тың игеруді біржақты бағалауға болмайды!

Сурет: world-nan.kz

Биыл Қазақстанның тың жерінің игеріле бастағанына 70 жыл толады. Тың игерудің 50 жылдығын Қазақстан Үкіметінің қаулысы бойынша тойлағанымыз бар. Сол кезде республикалық жекелеген басылымдарда «тың игеру жерімізді аздырды, тоздырды, сондықтан оны тойлаудың қажеті жоқ» деген сияқты пікірлер айтылған еді.

Оппозициялық «Дат» газетінің биылғы төртінші сәуір күнгі санындағы тарих ғылымдарының докторы, профессор Бақдәулет Берлібаев та «Ресей рухани отарлау саясатын жалғастыра ма?» атты мақаласында да «тың игеру жерімізді аздырды, тоздырды» деген пікір айтады.

Сол баяғы «ән». Мұның сыртында ол: «Дәл сол жылдары біздің елге төрт миллон негізінен орыс тілдес ұры-қарылар мен моральдық жағынан бұзылып, азғындаған қоныстанушылар келіп, сан жағынан осыған дейін келген келімсектердің бәрінен асып кетсе, кеңес өкіметінің сол жолғы жымысқы әрекеті ең алдымен біздің елді рухани отарлаудың үлгісін көрсетіп берген болатын», дейді. Бұл жерде профессор мырза келгендердің бәрі ұры-қарылар болды деп артықтау кетіп отыр. Тың игерудің елімізге әкелген орасан зор пайдасы, игіліктері туралы бір ауыз сөз айтпайды. Мен алпысыншы жылы Әулиекөл ауданындағы тақыр жерде құрылған «Целинный» совхозында тұрдым. Сол тың игерушілердің арқасында бұл совхоздың атағы бүкіл одаққа жайылды. Басқа жерлерде бұзықтар, азғындар кездессе кездескен шығар, бірақ бұл совхозда ондай болған жоқ. Халық тату тұрды.

Турасын айтсақ, тың игеру Қазақстанның солтүстік өңірлеріне үлкен өркениет әкелді. Мен бұл тақырыпта бірнеше үлкен кісілермен сөйлескен едім. Солардың сөзіне сенсек, тың игеруге дейінгі халықтың тұрмыс жағдайы ауыр болған. Ел экономикасына, халыққа ауыр зардабын тигізген соғыстан кейінгі ауыл тұрмысын қөз алдыңызға елестетіп көріңіз. Ескі үлгідегі бірен-саран ғана техникасы бар МТС-тардың колхоздардың экономикасын көтеретіндей егін егіп, оны жинауға қауқары жетпеді. Сондықтан да егін негізінен қолмен егіліп, қолмен жиналды. Бұл машақаты көп өте ауыр еңбек еді. Оған жұмыс күші же-тіспегендіктен кемпір-шалдар мен балаларға дейін тартылды.  Техниканың аздығынан астық орталыққа өгіз не ат-арбамен тасылды. Халық негізінен не шатыры, не тақтай едені жоқ саманнан тұрғызылған бір-екі бөлмелік тар жер үйлерде тұрды. Жаңбыр жауғанда не көктемде қар ерігенде үй төбесінен су сорғалайтын. Электр жарығы, газ, көмір де болмаған. Халық өте қиын жағдайда өмір сүрді.

Тың игеру Қазақстанның солтүстік өңіріне өте үлкен өзгерістер әкелді. Жүздеген совхоздар құрылды, оларда жаңа үлгідегі мектептер, тұрғын үйлер, мәдениет үйлері, ауруханалар, моншалар, балабақшалары, тұрмыстық қызмет үйлері, наубайханалар және басқалары салынды. Көптеген шаруашылықтарда әлеуметтік сала нысандары, тұрғын үйлер бір орталықтан жылытылатын болды. Көшелерге су құбырлары тартылды. Мұндай өркениетке Ресей селолары да жетпеген еді.

Тың игерумен бірге еліміздің солтүстік облыстарына су жаңа мыңдаған трактор, комбаин, автомашиналар, түрлі құрылыс материалдары ағылды. Мыңдаған шақырым жерге электр желілері тартылды, көтерме және асфальт жолдар салынды. Жүздеген астық қабылдау кәсіпорындары, элеваторлар пайда болды. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Тың игеру басталғаннан кейінгі айналасы оншақты жылдың  ішінде Қостанай облысының да тұрмыс-тіршілігі адам танымастай өзгерді. Тыңмен бірге ырыс, бақ, береке келді. Елдің экономикасы көтерілді, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұрын ат-арбамен жүретін басшылар қызмет бабында жеңіл машина мінетін дәрежеге жетті. Шаруашылықтардың бас мамандарының бәрінде де, тіпті бөлімше басқарушылары мен бригадирлерде де машина болды. Еңбек етуге толық жағдай жасалды. Бензиннің, солярканың сұрауы болмады.

Тың игеру ондаған Еңбек Ерлерін, жүздеген, мыңдаған еңбек озаттарын тудырды. Ауылда жұмыссыздық деген болмады, жұмыста ынталандырудың небір амалдары қарастырылды.  «Нан болса, ән де болады» дегендей, тың игерумен бірге нан да болды, ән де болды.

Тың игеруді тек бірыңғай астық  өндірумен ғана байланыстыруға болмайды.  Тыңмен бірге мал шаруашылығы да, білім, ғылым, медицина, мәдениет, спорт саласы да қарқынды дамыды. Ауылдарда, аудан орталықтарында сол заманның талабына сай сәнді де сәулетті білім, медицина, мәдениет, спорт мекемелерінің  ғимараттары бой көтерді. Халықтың білім алуына, денсаулығын түзеуіне, рухани түлеуіне кеңінен жол ашылды. Бір сөзбен айтқанда тың игеру біздің өңірімізге өз шапағатын шашты. Алайда сол шапағаттың астарында не жатыр еді? Енді манағы профессордың тың игеру қазақтарды рухани отарлауға негіз болды деген ойын аша түсейік. Кремльдің алысты көздейтін саясаткерлерінің Ресейдің,Украинаның, Белоруссияның соғыстан кейін қираған, артта қалған деревняларын көтерудің орнына қазақ даласына бүйрегін бұруының сыры неде?  Өз зауыттарында жасалып шығарылған жүздеген, мыңдаған су жаңа техника өздеріне жетпей жатқанда Қазақстанға ағылуы қалай? Қасқырдың у қосылған құйрықты көріп: «Бұл не қылған батпан құйрық, теп-тегін жолда жатқан құйрық» деп «ойлауының» жөні бар.

- Мен 60-шы жылдары Мәскеуде оқып жүргенімде,--деп еске алған еді біздің газетте қызмет атқарған Кәмали Жұмабаев, - бір украиналық жолдасым былай деп сұрақ қойды:

- Сіздердің совхоздарыңыздың техникасы қанша?

Мен «Буревестник» сияқты ірі совхоздың 100 комбаины, соншалықты тракторы мен автомашинасы бар екенін айтқанымда әлгі сенбеді.

- Қойыңыз, - деді ол, - мынауыңыз қиял шығар. 100 комбаин дегеніңіз тым көп қой. Өтірік мақтанып қайтесіз.

Иә, оның сенбеуінің жөні бар еді. Өйткені, ешқандай техника шығармайтын Қазақстанның бір совхозында әлгіндей техниканың болуы олар үшін ертегі сияқты еді.

Сонымен Кремль көсемдерінің бар игілікті қазақ жерін игеруге бағыштауының сыры неде? Хрущевтің қазақтарды жақсы көргендігінен бе, жоқ әлде ақымақтығынан ба? Әрине, екеуі де емес. Мұның астарында қазақтарды жарылқайтындай көрінгенімен сол қазақтарға қарсы нағыз дұшпандық зымияндық саясат жатты. Ол—халқы сирек кең-байтақ өлкеге славян тектес үш ұлттың өкілдерін толтыру, сол арқылы жергілікті халықтың  үлестік мөлшерін азайту, жергілікті ел-жер атауларын жаппай орысшалау, қазақ мектептерін жаппай жабу, осы арқылы қазақтардың ұлттық рухын түсіру, ұлттық санасын жою, яғни, орыстандыру. Түпкі мақсат—солтүстіктегі бес облысты Ресей қарамағына қарату.

- Рас, мұны жоққа шығаруға болмайды, - деп айтқан еді атақты «Қарабатыр» агрофирмасының президенті Жәзит Құдайқұлов ағамыз ,- тыңның зиянды жақтары болды. Тілімізді, дінімізді жойып жібере жаздады. Христиандар мен мұсылмандарды бірге жерлеу керек дегенді шығарды.Бірақ, екінші жағынан, тыңның Қазақстанға бергені де өте көп болды. Мен бұрынғы одақтас республикаларды түгелдей дерлік араладым. Сонда байқағаным, біз тыңның арқасында әлеуметтік және мәдениет жағынан көптеген елдерден озып кетіппіз. Тіпті кей мәселелер бойынша Ресейдің тыңы игерілмеген  бірқатар аймақтарын артта қалдырыппыз. Оларда әлі күнге дейін қара нан мен қара суды талшық етіп отырғандар бар. Газет-журнал оқымайды, теледидар көрмейді. Қазіргі біздегідей электр жүйесі Ресейдің өзінде болған жоқ. Бәрі тыңның арқасы.

Иә, Жәкең осылай деді. Оған дау бар ма? Мен мынаған сенімдімін. Егер Хрущев көреген болып, одақтың тарайтынын, Қазақстанның өз алдына тәуелсіз ел болып кететіндігін болжай білгенде тың күні бүгінге дейін игерілмеген болар еді. Қазақстанның бұған жеке-дара шамасы жетпесі белгілі. Ендеше бүгінгі  өркениетті  түсімізде ғана көрер ме едік. Бұған жалған намыстанудың еш қажеті жоқ. Жағдайымыз солай болатын.

Хрущевтің және Кремль көсемдерінің Қазақстан тыңын игерудегі ұтқаны не, ұтылғаны не? Ұтқаны - қазақтарды орыстандыру мақсатында айтарлықтай «табысқа» қол жеткізді. Қазақтардың ішінде өз тілін де, дінін де, салт-дәстүрін де қажет етпейтін мәңгүрт  ұрпақтар пайда болды. Оларға енді қазақ болып туған соң қазақ болып өлудің қажеттігін түсіндірудің өзі қиын. Қазаққа тән нәрселердің бәріне де олар селсоқ, немқұрайлы, тіпті жиіркене қарайды. Кремльге керегі де осы еді. Сананың уланғаны дегеніңіз осы. Бұған тәуелсіз мемлекетіміз тарапынан тосқауыл қойылмаса, империялық саясат күшімен орыстанған қазақтардың бүгінгі  ұрпағын қайта қазақтандыру қолға алынбаса, бара-бара кім боларымызды бір құдай білсін. Бұл тыңның бізге тигізген зардабы еді.

Соғыстан кейінгі Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның қираған, құлдыраған ауылшаруашылығын көтеру үшін ауадай қажетті миллиондаған, миллиардтаған сом қаржының қазақ жерін гүлдендіруге төгілуі, соғыстан соңғы адам ресурстары тапшылығы жағдайында сол елдердің миллиондаған жастарының қазақ жерін құлпыртуға  жіберілуі, сол елдердің ондаған мың жұмысшыларының  маңдай терімен шығарылған ондаған мың су жаңа техникаларының  қазақ жерін көркейтуге ағылуы бүгінгі күн тұрғысынан  ойласақ, Кремль көсемдерінің  сол славян елдері үшін жасаған үлкен қиянаты әрі қателігі болды. Деревнялары қаңырап, бос қалды. Ауылшаруашылығы экономикасы тұралады.

Менің пайымдауымша, Кремль Қазақстанның  өңі тұрмақ түсіне де кірмейтін соншалықты орасан зор күшті қазақ жерін емес, болашақ орыс жерін гүлдендіреміз, яғни, солтүстік бес облысты Қазақстаннан бөліп, Ресейге қосамыз деген мақсатпен төкті. Басқаша болуы мүмкін емес. Бірақ Кремль ол мақсатына жете алмады. Қазақ жері тұтастығын сақтап қалды. Бес облысты Ресейге бермегені үшін Хрущев Қонаевты қызметінен түсірді. Қазақтар жаппай орыстана қоймады. Осындай зымияндық мақсаттар үшін төгілген орасан мол қаржыдан жасалған игіліктердің бәрі бүгінде тәуелсіз Қазақстанның үлесінде қалды. Бұл Кремльдің ұтылғаны болды.

Иә, тың игеруді «жерімізді аздырды, тоздырды» деп байбалам салып, біржақты бағалауға болмайды. Жер азған да, тозған да жоқ. Оны тиімді пайдалана білгендер жыл сайын мол астықтың астында қалып отырды. Тың игеру Қазақстанның экономикасын көтеруге, қазақ елінің өркениетті ел қатарына қосылуына, қазақтардың түрлі ұлт өкілдерімен достасып, қоян-қолтық араласып, олардан көп нәрсені үйренуіне ұлан-ғайыр шапағатын тигізді. Дауыңыз болса, айтыңыз.

Дамир Әбішев

Қостанай қаласы

Ескерту: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Біз редакциямыздың электронды поштасына Қостанай қаласынан келіп түскен Дамир Әбішевтің мақаласын оқырман талқысына ұсынып отырмыз. 

Abai.kz

23 пікір