Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Араша 1205 0 пікір 15 Сәуір, 2024 сағат 15:40

Соңғы үмітіміз Жоғарғы Сотта: «Әділетті Қазақстан» қайда?

Осыған дейін порталымызда: «Ұлымыз жазықсыз сотталды», - деп араша сұрап келген ата-ананың жанайқайы жазылған еді. Есімі қазақ жұртына белгілі кәсіпкер, Қазақстандағы терең қалталы олигарх Айдын Рақымбаевқа тиесілі «BI-Group-тағы» былық-шылық туралы баяндаған ата-ана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, Мәжіліс депутаттарының да, тіпті Айдын Рақымбаевтың өз атына да үшбу хаттарын жолдаған.

Бүгін редакциямызға арнайы келіп, істің мән-жайын баяндаған ата-ананың әңгімесін оқырман талқысына һәм биліктілердің құлағына жеткізу үшін жариялап отырмыз.


- Әуелі өздеріңізді таныстырып өтсеңіздер, аға...

- Менің аты-жөінім Әшірхан Әбдіханұлы Сейдазов. Жазықсыз сотталып кеткен Ернар Сейдназовтың әкесімін.

- Ал, сіз?..

- Камила Естайқызы Нұрмаханова. Ернар Сейдназовтың анасымын.

- Ернар Сейдназов сіздердің нешінші балаларыңыз, ортаншы ма, тұңғыштарыңыз ба?

- Тұңғышымыз.

- Не жұмыс істеуші еді?

- «BI-Group» холдингінде жабдықтаушы болып ары айтқанда екі ай жұмыс істеді.

- Алматы да ма, жоқ, Таразда ма?

- Таразда емес, Алматы қаласында... 2021 жылдың 16 қарашасынан жұмысқа кіріп, 2022 жылдың 1 наурызында жұмыстан шығарылды. 16 қарашада жұмысқа кіргенімен, 1 ақпаннан бастап жұмыста болған жоқ.

- Әуелі Ернардың басына түсіп жатқан іс турасында қысқаша айтып кетейікші. Ол не іс? Қазір білуімізше, Ернар сотталып кетті. Сот үкімімен неше жылға сотталды? Не үшін сотталды деген сұрақтарға алдымен жауап беріп алсақ...

- Жұмыстан өз еркімен шыққан жоқ. Жұмыстағы жетіспеушіліктерді анықтағаннан кейін, ақпанның бірінен бастап жұмыста болған жоқ. Бірақ олар құжат бойынша ақпанда емес, науырызға дейін жұмыстан шығармай отырды. «Әр мектептен осынша тонна арматура жетпеді» деп анықтағаннан кейін, жұмысқа бармай жүрді.

- Анықтаған кім? Компанияның өз ішінде аудит жүргізілді ме?

- Жоқ. Ең әуелі учаске басшысы Арыстанбеков Әділет деген жігіт: «Мен анықтадым, осынша тонна арматура жетпей жатыр», - деген соң, Қауіпсіздік қызметі басшысына айтқан. Сол жерде бәрі жиналған. Сол жерде ҚҚ басшысы  Мыразағалиев Жалғас деген, содан кейін жабдықтаушы бөлімінің басшысы Учербаев Фархад және жаңағы мектептегі учаске басшысы  Арыстанбеков Әділет болған. Бұдан бөлек ҚҚ орынбасары Мыңбаев Асқар болған. Бәрі жиналып түнгі сағат 11-12 кезінде жұмысқа шақырып, бұған мойындау түсініктемесін жазғызып алған.

- Ернар мойындап берген бе?

- Иә, Ернар сол жерде солардың айтуымен, қысым жасауымен қол қойып берген.

- Сонда, Ернар не айтқан?

- Бірінші Ернарды жабдықтау бөлімінің бастығы Үшербаев шақырып, одан: «Саған не болды? Осынша жетпейді деп айтып жатыр», - деп сұраған.

Бұл жерде бір мәселе бар. Құрылыс барысында қоймадағы материалдарға 1 ай бойы «Ернар Сейдазовтың сұрауымен алынды» деп есептей берген. Ал «Заязканы» «вотсап» арқылы Ернардың атынан бере берген. Бұл жерде Ернар емес, оның атынан басқа жабдықтаушы да алуы мүмкін. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бірақ сенімхат Сейдназовтың атында. Үшербаев шақырған кезде Ернар: «Бәрі орынша, не жетіспей жатқанын білмедім», - деп айтады да, сол жерден шығып кетеді. Кеткеннен кейін бұған жан-жақтан телефонмен қысымдар жасалады.

- Қысымды кімдер жасайды?

- Кім екенін ол телефонмен анық білмейді. «Сен мойындайсың, 1 млн. қол қоясың», - дейді. Кейін келе: «5 миллионға қол қоясың», - деп шығады. «Өзіңді емес, бала-шағаңды, бауырыңды ойла», - деп айтқан. Түнгі он жарым, он бірге таяу Ернарды офиске қайта шақырған. Бәрі жиналып отырып: «Түсініктеме бересің», - деген…

Ол жерде 4-5 адам Ернардан мойындау түсініктемесін жаздырып алған.  Одан кейін...

- Бұл кезде қысым жасалған ба, әлде Ернар ерікті түрде мойындау түсініктемесін жазып берген бе?

- Жазғызып алған кездерін бейнебаянға түсірген. Мыңбаев Асқар өздері түсірген бейнебаянды «өзі мойындады» деп, дәлел ретінде сотқа тапсырған. Бірақ: «Біз сенен түсініктеме алып жатырмыз, біз оны бейнебаянға түсіріп сотқа өткіземіз. Сенің үстіңнен қылмыстық іс қозғалады», - деп ұлыма айтпаған. Ескертілмеген.

«BI-Group-қа» әкесі де, мен де бардым. Оның бастығының атын білмейміз. Біз барғанда Мыңбаев Асқар болды, Мырзағалиев Жалғас болды. Сол жерде: «Ернар бізге бұны кім жасағанын айтсын. Біз бұны сотқа бермейміз. Егер алса, шетінен төлеңіздер. Қалғандары кім екенін айтсын, біз сол адамдарды табайық. Ешқандай сот болмайды. Біз сотқа бермейміз. Балаңызды соттатпаймыз», - деді. Біз сол күйде жүре бердік. Кейін қылмыстық іс ашылды. Қылмыстық іс қозғалып жатыр дегенде біз бірақ естідік.

Суретте Ернар Сейдазов

- Сотқа кім берді?

- Шағымды «BI-Group-тағы» Мыңбаев Асқар берді.

- Не деп шағым берген?

- Сол баяғы.

- Қанша сомаға шағым берген?

- Екі мектеп қой. Бір мектептен 60 млн., екінші мектептен 37 млн-дай ғой. Сонда логикаға салып қарайтын болсақ, 2 ай жұмыс істеген бала екі мектетен жыинтығы 96 млн-дай қаражатты жымқырып кет ғой?.. Басты дәлел ретінде жаңағы түсірілген бейнебаянды басшылыққа алады.

Және өзінің мойындап жазып берген қолхаты да бар ғой. Кейін жобаның басшы Ілгетаев та Ернардан түсініктеме жаздырып алады. Ол орысша жаздырып алған. Бұл бала негізі қазақ мектебін бітірген. Біз өзіміз қазақ тілді болғаннан кейін, ол орысша түсініп, сөйлегенімен орысша өйтіп жаза алмайды. Ілгетаев өзі салып жатқан мектептен мынанша тонна жетпейді деп ауызша, өз сөзімен айтып тұрып, жаздырып алған. Ал бұл бұл мектеп алты жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған мектеп...

- Бұл екі мектеп те Алматы да ғой?

Бір мектеп – Бұрындайда, екіншісі – «Дархан» ықшам ауданында.

- Қанша сот процесі өтті? Қай жерде өтті? Таразда ма, Алматы да ма?

- Сот процесі Алматының Алатау ауданында 2023 жылдың 10 мамырында басталып, 1,5 айдай болды. Ол кезде судья Қарабаев еді. 1,5 айдай болған соттың бітуне жақын қалып, соңғы сөзге келген кезде судья ауысты. Басында судья Қарабаев Нұржан Ерубайұлы деген кісі болды.

- Қарабаев ауысып кетіп, орнына шешімді кім оқыды?

- Шешімді оқыған Айпулов, аты-жөнін ұмытып отырмын. Д.С.Айпұлов. Судья ауысқаннан кейін іспен басынан бастап танысамын деп, бәрін басынан бастап жасады. Қайтып куәгерлерді шақырды. Сөйтті де, ең соңғы күні, үкім шығаратын күні бізді қорғаушы екеуімізді шақырған жоқ. Үкім шығарған күні қорғаушы екеуіміз сотқа қатысқан жоқпыз.

- Сіздердің өкілдерімізден кім қатысты?

- Қорғаушы екуіміз ғана.

- Жоқ. Үкім оқыған күні. Сіздер жақтан еш адам болған жоқ па?

- Ешкім қатысқан жоқ, тіпті, айтқанда жоқ. Бізге судья келесі күні болады деді. Бірақ айтқан жоқ. Біз кешке дейін күтіп отырдық. Қорғаушы ханым екеуміз. Естімедік, ертеңінде мен балаға СИЗО-ға барған кезде ұлымның өзінен естідім. «Кеше үкім шығарып қойды, сағат екі жарымда 8 жыл берді», - деді.

- Қазір кесілген сот үкімінің қанша уақтын өтеді? 2023 жылдан бастап...

- Екі жылдай уақыт.

- Сіздер аппелациялық шағымдар беріңіздер ме?

- Иә, аппелациялық шағым бердік. Осы Алматы қаласындағы қалалық сотқа бердік.

- Ол бойынша сот процесі өтті ме?

- Сот процесі өтті. Бірақ сол 10 минуттың көлемінде қорғаушы оқыды 14 бетке жазылған аппелациялық шағымды. Сот төрағасы тыңдады да, қазір шешім қабылдаймыз деді.  2 минуттан кейін шешімді тура сол күйі қалдырды. Ешқандай өзгеріс жасаған жоқ.

Адам тағдырын Алматы қалалық соты 10 минут ішінде шеше салды. Ешқандай шағымдар, ескертулер ескерілген жоқ.

- Жоғары сотқа тағы шағымдар жаздыңыздар ма?

- Жоғары сотқа шағым жаздық. Құжаттарды алдырды деп естідік. Бірақ, әлі ештеңе болған жоқ.

- Жоғары сотқа шағым қашан жазылды?

- Жоғары сотқа шағым 2024 жылдың 5 ақпанында жазылды. Арада уақыт өтуі керек қой. Біз 4 айдан кейін Жоғары сотқа шағым түсірдік.

- Жалпы осыған дейін Алматыда өткен сот процесі, яғни, аудандық сот процесі, аппелациялық сот процесі, қалалық сот процесі, сол сот процестерінен түйгендеріңіз не?

- Құжаттарға қарап, бәріне зер салатын болсақ, сотқа, соттарға сенімділік жоқ. Қорғаушы ханымның жазған 14 бет аппелациялық шағым бар, одан басқа да қаншама шағымдар түсірдік, біз. Антикорғада жаздық, ДР-ға жаздық. Еш жерден ешқандай тексеру болған жоқ. «Ол компанияны тексеруге біздің құзіретіміз жоқ», - дейді.

- Сонда «BI-ды» тексеруге Антикордың күш-дәрмені жетпей ме?

- Иә, антикордың күш-дәрмені жетпейді. Бәрінен сондай жауап келді бізге. «Тексере алмаймыз. Біздің құзіретімізде жоқ», - деп. Антикорға да жаздық. Депутаттарға да жаздық.

- Ерналға 96 млн. шығынын екі объектіден қолды қылды деп айып тағылғаннан кейін аталған нысандарда аудит тексеруі жүргізілді ме, сіздер талап еттіңіздер ме?

- Жүргізілген жоқ. Шымкенттегі жеке бір тұлғаға өздері берген. Жеке аудит жүргізуге бізге мүмкіндік берілген жоқ. Сот кезінде біздің өтініш, талаптарымыздың бірде-бірі ескерілген жоқ. Менің өзімінің ойымша тергеуде, сотта «BI-GROUP-ты» жақтап, біржақты өтті.

- Қазір бала қай жерде отыр?

- Осы Алматы қаласындағы 72 түзету мекемесінде.

- Баламен сөйлесу мүмкіндігі бар ма қазір?

- Иә. Таксофонмен анда-санда сөйлесіп тұрамын.

- Түрмедегі жағдайды ешкім жақсы деп айта алмайды. Десе де, баланың ондағы жағдайы салыстырмалы түрде қалай? Денсаулығы?

- Денсаулығы болғанда. Екі бүйрегім ауырады дейді. Содан кейін асқазаным дейді. Шағымы сол.

- Бұрын бұл аурулар бар ма еді?

- Бұрын дәрігерге қаралып, еш жерде есепте тұрған емес. Қазір осы күнде бүйрегім ауырады деп жүр.

- Түрмедегі жағдай адам денсаулығына сөзсіз әсер етеді ғой. Енді сіздер мына жанайқайларыңызды бірінше БАҚ-та айтыңыздар. Соның ішінде біздің де ресурсты пайдаландық. Әуелі депутаттарға жазған үндеуден бастайықшы. Сіздер БАҚ шықпастан бұрын да депутаттарға жекелеген хаттар жолдадыңыздар. Сол туралы айтыңыздаршы кімдерге жолдадыңыздар, қай жерге жолдадыңыздар. Не айтыңыздар ол жерде?

- Хатты депутаттарға 2022 жылдың 30 желтоқсанында Алматы қаласынан жібердік. 141 депутатқа жеке-жеке, әрқайсына жаздық. Сол істің қалай болғаны жайлы 8 бет, қорғаушының аппелациялық шағымы 14 бет, сол нәрселерді жібердік. 141 депутатқа.

«ВІ-дағы» былық-шылықты, компанияның 5 жылдық жұмысын тексерсін дегенбіз. Соттың кезінде бұлар судьяға ешқандай құжат бермеді ғой?  Әр құжат 4 данадан болуы керек екен. Бұлар ешқандай құжат берген жоқ. Құжат қайда деп сұраса: «Бізде бәрі архивке кетіп қалды», - деп бұлтарды.

Біз бұған қатысты құжат ең кемі бес жыл сақталуы керек деп айттық. Өйткені бұл жаңадан ғана бітіп жатқан мектеп қой? Сол себепті біз депутаттарға «ВІ-дың» 5 жылдық жұмысын тексеріңіздер дедік.

Қағаздар келді. «Антикорға жібердік», - деді. Бірақ антикор: «Біздің құзіретіміз жоқ», - деп айтты ғой. «Прокуратураға, тағы басқасына жазбаша түрде жазыңдар», - деді. Бірақ ештеңе бола қойған жоқ.

- Одан кейін Президенттің атына жеке хат жаздыңыздар.

- Президенттің атынада жеке хат жаздық. Оны жария түрде де, электронды түрде де жібердік.

- Келесі мәселе: «BI-GROUP-тың» басшысы Айдын Рақымбаевтың атына хат жаздыңыздар. Сол туралы айтсақ...

- Біз ең бірінші сол Рақымбаевтың атына жаздық. Ең бірінші Рақымбаевтың алдынан өтейік деп. Ол кісіден де бізге ешқандай жауап болған жоқ. Тіпті реакция да жоқ.

- Рақымбаевқа не айтпақ едіңіздер? Соны айтыңыздарды қысқаша?

- Рақымбаевқа не айтқанда, ол өзінің компанияларында болып жатқан былықтарды біле ме екен, білмей ме екен? Ол кісі білмеуі де мүмкін ғой, жоғарыда отырған басшы кісі. Қанша компаниясы бар, қанша қызметкері бар. Бір ғана Алматының өзінде «ВІ-дың» қанша қызметкерлері бар?..

Сол сотта жауап берген кезде жаңағы ҚҚ басшысының өзі көп сұрақтарға дұрыс жауап бере алған жоқ. Мүлік түгендеген кезде бұл кісі мүлдем қатыспаған. Бірақ қатыстым деп қол қойған. Есепшілері де сотта судьяға ешқандай жауап бере алмады. Мүлік түгендеуін өз арасында жасап, сырттан комиссия қоспаған.

Хатта Рақымбаевқа осы жайында «Сіздің жұмысшыларыңыздың жұмысты қалай жасап жатқанын білесіз бе?» деп айтылды. «Сіз осы кісілерге сеніп, қанша жобаларды беріп жатырсыз. Олардың қалай жұмыс істеп жатқанын білесіз бе, білмейміз бе», - деп сұрадық.

Заң бойынша ол екі жылда салынып бітуі керек болатын. Ал ол бес-алты жылға созылып кеткен. Өйткені бұлар белшесінен басып, тендерді алады, бірақ, ар қарай істемейді. Басқаларға қарағанда «BI-GROUP-қа» тендерді екі есе қымбат береді. Өйткені, басқа мектептерді көріп жүрміз ғой? Оларда 700-800 млн болса, «BI-GROUP-қа» 1,5-2 млрд-қа береді. Мектеп бір жарым, екі жылда салынып бітуі керек. Одан артық созбауы керек. Бұлар 5-6 жылға созып, жоқ қылғандарын біздің баламыздың мойына іліп отыр. Бұл жерде жоқ болғаны миллион емес, миллиард қой, шындап тексерсе. Бұның бәрін Рақымбаев білмейтін де шығар...

100-150 адам басшы бар, әр жерде отырған. Олардың осындай былықтарын білсе, қызметкерлері өте дөрекі, адаммен адамша сөйлеспейді. Мен барғанда Жалғас Мырзағалиев деген: «Сенің екі балаңды да соттатам. Үшінші балаңның шалығы бар екен, онда жұмысым жоқ. Анау екі балаңды соттатам. Сендер кімсіңдер?» деп шаптықты. «Үшінші балаң өзі ауру, жындыханада жүрген», - деп мені қорлады.

- Осы әңгіме бойынша оның үстінен сотқа арыз жазған жоқсыз ба?

- Жоқ жазған жоқпын.

- Неге сол кезде полиция шақырап, мәселені бірден шешіп алмадыңыздар?

- Біз қара халық, ештеңе шеше алмаймыз, керісінше өзіміз кінәлі болып шыға келеміз. Өйткені оның бәрі ақшаның күші. Бірақ сот отырысы кезінде сол Жалғас Мырзағалиев сотта қорғаушы екеумізді көзге ілмей, қойған сұрақтарына жауап бермей: «Сіз кімсіз, арттарыңа қара», - деп солай айтты.

- Сот процесі кезінде?

- Сот процесі кезінде жұрттың көзін бақырайтып қойып солай айтты.

- Осы дөрекілігі үшін сот ескерту жасады ма?

- Жоқ. Сот ескерту жасаған жоқ. Судья Қарабаев сөз берген кезде «осылай деп жатыр» деп айттым. Бірақ судья оған мән бермеді. Ескерту жасаған да жоқ. Біз қарапайым адам болғаннан кейін қулығына құрық бойламайтын заңды құр әшекей қылып, өзінен төмендерді көзге ілмейтіндер алдымызды осы сотта кескестеді. Жалғастарды сотта тайраңдатқан бұлай ауа жайылушылықтың алдын алуға қадам басуымызды еш тоқтатпаймыз. Құдай қаласа 5-10 жылда осы әрекетіміз арқылы олар өз тәубесіне келетін болады.

- Сіздер енді Жоғары сотқа арыз бердіңіздер, енді Жоғары соттан үміт күтесіздер.

- Иә, аудандық сот жаңағыдай шешім шығарды. Қалалық сотта еш қайран қылмай бәрін өзгеріссіз қалдырды. Жоғарғы сотқа жазып отырмыз, енді үмітіміз тек сол Жоғарғы соттан. Жоғарғы сот әділ шешім шығаратын шығар деп үміттеніп отырмыз.

- Осы жерде бір айтарым баланың өзімен тілдестіңіздер ме? Осы 96 млн-ға қатысым бар дегенді айта ма?

- Ойбай-ау, ол жұмысқа кіріп те үлгерген жоқ. Үш айлық сынақ мерзімі біткенше бәрін үлгеріп үйренгенше бұрынғы жоқты «жаптым жала, жақтым күйемен» іле салды ғой!? Бәрі түсініксіз дүние болып кетті. Басында ұлыма 116 млн. 500 мыңды жымқырдың десе, ақыры отбасымыз қолымызға ұстап көрмеген 96 млн келіп шөмшиді ғой!?  Соның бәрін қорғаушы көзге шұқып көрсеткенімен шымшық шындық шырылдап, жапалақ жалғандыққа жем болды.

Білмеймін енді. Тек қана сол әділдік күтеміз Жоғарғы соттан. Жазатын жердің бәріне жаздық. Бірақ ешқайсынан ешқандай жауап болмады. Енді осы Жоғарғы сот әділ шешім жасайтын шығар деп үміт күтеміз. Әділ шешім шығарып, баламызды бостандыққа шығарса, сол бар айтарымыз.

Ескерту: Abai.kz – еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға, өздерінің үндерін ел билігін тізгіндеген тұлғаларға жеткізуге Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Біз араша сұрап келген ата-ананы сөзге тарттық. Істің мән-жайын сұрап білдік.Мақалада аты аталатын жекелеген тұлғалар редакциямызға жауап беруге ниет білдірсе, оларға да мінбер ұсынамыз.

Abai.kz

0 пікір