Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Талқы 518 6 пікір 16 Сәуір, 2024 сағат 13:29

ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су!

Сурет: qazdauiri.kz

Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс.

Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі.

Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Соған қарамастан, біз барлық қолжетімді су ресурсын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз.

БҰҰ мәліметінше, бүгінде 2,2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Сарапшылар елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тікелей байланысты екенін айтады. Орталық Азияның басқа республикаларымен салыстырғанда Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді. Деректерге сәйкес, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған.

Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады. Ғалымдардың зерттеуінше 2025 жылға қарай су тапшылығын көретін адамдардың саны 5,5 миллиардқа дейін өседі деп болжануда. Бұл – әлем халқының үштен екі бөлігі ауыз суға зәру болады деген сөз. Соңғы жылдары жер бетіндегі халық санының көбеюімен әлемде су тұтыну көлемі де ұлғайған. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде әр адам күніне 20-50 литр су құртады екен. Сондай-ақ әлемнің 28 елінде миллиардқа жуық адам осы өмірлік маңызды ресурсқа қол жеткізе алмай отыр. Ал 2,5 миллиардқа жуық адам орташа немесе ауыр су тапшылығын сезуде.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың айтуынша, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады. Оның көбі – балалар. Сол себепті де, «Тұрақты даму мақсаттары» 6-мақсаты су мәселесі. Яғни,әлем бойынша су мәселесі өзекті.

Жасанды су көздерін, оның ішінде шахта құдықтары мен су жинау ұңғымаларын салу есебінен Қазақстанның жайылым аумақтарын сумен қамтамасыз етуді жақсарту қажет. Өнеркәсіптің суды көп қажет ететін салаларында айналымды және тұйық сумен жабдықтау жүйесін енгізу және коммуналдық шаруашылық объектілерін, оның ішінде жерасты сулары есебінен басым тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету аса маңызды мәселенің бірі.

Жайнақ Айдар,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы.

Abai.kz

6 пікір