Жұма, 3 Мамыр 2024
Әдебиет 2267 0 пікір 1 Тамыз, 2023 сағат 11:31

Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)

Басы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...

Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен

14.

Жоғарыда шежіре деректеріне сүйене отырып көрсеткеніміздей,  Бәйдібек 609 жылы дүниеге келген. 33 жасқа келгенінде екінші әйелі Зеріп оған Жалмамбет деген ұл тауып береді. Демек, Шапыраштының әкесі Жалмамбет 642-ші жылы туған. Ал Шапырашты, бір буынның орташа жасын 25 жыл деген есеппен қарағанда, шамамен 667-ші жылы дүниеге келген. Яғни ол да атасы Бәйдібек, әкесі Жалмамбетпен бірге Батыс түркі қағанаты тұсында өмір сүрген.  Сондай-ақ Түргеш қағанатының алғашқы кезеңіндегі оқиаларға да куә болған.

Шежіреге қарағанда, Шапыраштының әкесі Жалмамбет өте сері, салқам кісі болыпты. Ылғи жүйрік, жорға ұстаған. Ит жүгіртіп, құс салған. Серілікпен ел аралап жүріп, заманында Қызыл би атанған Қоңырат Қожбанбет бидің қызы Жұпар (Мапырашты) сұлумен көңіл қосыпты. Қызының жүкті болып, іші біліне бастағаны бір күні әкесіне де жетіпті. Содан Қожбанбет катты ашу шақырып, Бәйдібекке: «Баласы тентектік істеді, қызымды екіқабат қылды, Жалмамбетке ашынасын алып берсін, әйтпесе қатар жатқан Үйсін – Қоңырат жауласамыз. Арыстың басқа төрт баласының бәрін жинаймын. Бектің балалары сөзімді сөйлемесе де, Бал мен Жан балаларына тілімді алғызамын (өзі, яғни Қоңырат – Балдан тараған ғой), әйтпесе мына тірі жесірін алсын. Үйсін – Қоңырат ешқашан жауласып көрмеп еді, мен сол ата салт-дәстүрін жәдігерлеп отырмын», – деп сәлем айтыпты.

Бәйдібек бай сол бір кездері «қызылбас елінен келген жауды Үйсінге беттетіп жіберген, содан біраз Абыл, Азық баласының қырылған шағын еске алып, сол орайда Қоңырат Қызыл биге (Қожбанбетке)» өкпелі екен. Қожбанбет өте ақылды адам, екі арадағы осы бір кішкентай ілгішті пайдаланып, қыңырайысып қалғаи Үйсін – Қоңыраттың арасын осы бір құдандалықпен татуластырмақ болған. Алғаш бұған бір қырын келгенімен, Бәйдібек те татуласудың жолы осы болар деп шамалап, баласы Жалмамбетке сөз салса, ол да: «Егер дүниеде тірі жүретін болсам, Жұпардан басқаны алмаймын», – дейді...

Сонымен, Бәйдібек Қожбанбет бимен ерек отырып, ерен сөйлеспек болып, бәйбішесі Зеріпті алып, жақсы-жайсаңдарымен Қожбанбет ауылына аттаныпты. Жолай бай бір арланды соғып алыпты. «Ақыр Қожбанбетпен құда болатын болдым, теріс азу Қызыл биге қасқырдың ұлпанының бұйырып тұрғанын көрдің бе, соған байлайын», – деген оймен, атының артына бөктеріпті.

Қожбанбет ауылына түсіп, біраз сусындап, далаға шыққан Бәйдібек қасқырының іші жарылып жатқанын көреді. Сөйтсе, алатын келіні анадай жерде қасқырдың бауырын қанын сорғалатып шикі жеп отыр екен...

«Шешеміз Жұпар жолбарыс мінездес, бірайтар адам екен», – дейді Қазыбек бек. Оны абысындары «жолбарыс сияқгы алапаш, мапыраш» деп жүріп, ақыры Мапырашты атандырыпты. Міне сол Жұпар – Мапырашты сұлудан Шапырашты (Досымбет) туыпты. «Атамыз туғанда, бір көзі бір көзіне атысып, шапыраштанып туыпты. Сондықтан атын Досымбет қойса да, Шапырашты атанып кеткен». Мапырашты сұлу Жалмамбетпен бір-ақ жыл ғұмыр кешіпті де, қайтыс болыпты. Сонан соң Жалмамбет Мапыраштының туған сіңлісі (Тұмар) Қарашаш сұлуды алған. Қарашаш туған ұлымен тұрмай, Шапыраштының қолында өткен...

Болашақ үлкен рудың түп атасы Шапыраштының дүниеге келген және есейген мезгілін тағы бір шамалап көрейік. «Шапыраштының ат жалын тартып мініп, ер жеткен шағы қайта жаугершілік өршіген кез еді», – делінеді Қазыбек бек шежіресінде[1]. Бұл кезең біздің жоғарыда келтірген есебіміз бойынша – VII ғасырдың екінші жартысына сәйкес келеді: Шапырашты  шамамен 667-ші жылы туғанда, оның ержеткен шағы 680–690-шы жылдар болса керек.

Сол жылдардағы  саяси ахуалды шежіреші былай баян етеді:

...Әсіресе қытайлар біресе қалмақтарды, біресе ұйғырларды қазақтарға айдап салып, өзі оларды қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырды (бұл мағлұмат ғылыми тарих деректерімен сәйкес келе бермейді – Б.Қ.). Қытайлар қыз алысып, қыз берісуден күткендеріне жете алмағандықтан, өйткені қазақтар өздерінің түқымдарына көбірек үйленген де, қытайландыру іске аспаған, сол себепті қазақ жұртын енді тек күшпен бағындыруға талап қылды.

Ол кезде табғаштарды, машындарды қоспаса, қытай онша көптік те жасай алмайтын. Бірақ қытай төңірегіндегі ұсақ жұрттар өздерін қытай жарылқайтындай көрді. Бірақ қытайдың есебі бөлек-ті. Олар ұсақ жұртты: «Үйсіндер сеңдерді шапқалы жатыр», – деп «сақтандыратын», үнемі біздің жерге жіберген жансыздары арқылы алған мағлұматтарын оларға дабырайтып, қампайтып көрсетіп отырушы еді. «Желкеңде Үйсін – Шығыл деген ұлы ел отыр. Жәй отырған жоқ, айдаһардай ауызын ашып, әне-міне сендерді жұтқалы тұр. Ертең ол бүгінгіден де мықты болады, ешкімге теңестік бермей кетеді, сондықган, әзірге тым күшейіп кетпей тұрғанында, бұл ұлы елді әлсіретіп-әлсіретіп қоймаса болмайды», – деп жүретін қытай нояндарының ықпалы табғашты, ұйғырларды, машынды тыныш таптырмады. Ол кезде де «қытайлар атты пайдалана алмайтын». Сондай-ақ олар тамағына шөп, тышқан, қоңыз жейтін. Сондықтан салтатты бір табғаш немесе бір ұйғыр он қытайға бой бермейтін көрінеді. Оның үстіне, дейді шежіреші, сол бір шақтағы біздің туысқанымыз боп келетін ұйғырлар осы күнгі «біз ұйғырмыз» дейтіндер сияқты емес, көбіне бізше көшіп, бізше малмен айналысатын жұрт-дүр. Ал жаяу қытай ат құлағында ойнайтын, қатын-баласына дейін ат үстінде күн көретін қазақтарға өздері барып тиісем деп бекерден бекер қырылуды жөн көрмесе керек. «Өйткені Талас, Шу бойында болған соғыста жаяу-жалпылап жүз мың қолмен келген қытайлардың көбі қырылып, бірсыпырасы ғараптарға қолға түсіп, тіпті жергілікті жұрттарға сіңіп, шығындап қалған-ды»[2].

Осы жерде шежіре мен ғылыми тарих деректерінің уақыт тұрғысынан үйлесе бермейтініне тағы бір назар аудара кетуге тура келеді. Шежірешінің «...Талас, Шу бойында болған соғыста... қытайлардың көбі қырылып, бірсыпырасы ғараптарға қолға түсіп...» дейтін хабарына, ыңғайы, ресми ғылыми тарихта тіркелген 751 жылғы Талас шайқасы арқау болған тәрізді.

Бұл уақыттағы саяси жағдай қандай еді?

Тарихтан мәлім, Орталық Азия, Солтүстік Қытай, Орта Азияның Амударияға дейінгі елеулі бөлігін мекендейтін түркі тайпалары одақтасып, 552 жылы ірі мемлекет құрды. Ол Түркі қағанаты деп аталды[3].

Осы жерде қағанаттың атауына байланысты бірер ойды ортаға сала кеткен жөн сықылды. Орыс тарихи әдебиетінде  ол «тюркский каганат» деп аталады. Мұнда «тюрк» этнонимі ежелгі замандардағы тілі, ділі, өмір сүру салты ұқсас тайпалардың ортақ атауы ретінде қолданылып тұр. Ал бертінгі қазақ тарихи әдебиетінде бұл атаулар «түрік қағанаты» және «түрік» түрінде алынып отыр[4]. Ал бұл, шынтуайтына келгенде, бүгінгі түрік халқының атауымен жәй ғана үндесіп қоймай, ұғымдық шатастыруларға апарады.

Біздің ойымызша, орыс шығыстанушылары еңбектерінде қолданылатын, бір-бірінен айқын ажыратылатын  «тюрк»  (тектес тайпалардың жалпы атауы) және «турок» (түрік халқының жалқы атауы) этнонимдерінің дәл баламасын қазақша «түрк» және «түрік» деп жазу арқылы берген жөн болар еді. Яғни, орыс шығыстанушылары ерте заманғы этнонимді жоғарыда аталғандай «тюркский каганат», «тюрк» деп келтірген терминдерді қазақы ұғыммен «түрк қағанаты» және «түрк» түрінде қолданғанның дұрыс болары анық. Бірақ бұлайша жазу көпшілік көңіліне «р» мен «т» әріптерінің ортасындағы «і» әрпі кездейсоқ, яки сауатты жаза білмеушілік салдарынан түсіп қалғандай әсер беруі ықтимал. Сондықтан оларға – «түрк қағанаты» және «түрк» атауларының жазылуына – балама ретінде «түркі қағанаты» және «түркі» деп жазуды қолдана берген орынды секілді. Сонда ежелгі «түрк» пен кейінгі «түрік» этнонимдеріне бір-бірінен анығырақ ажыратылатын реңк берілері сөзсіз. Олай жазу мына жағдайда да қолайлы: «говорили, писали на тюрки» дегенді «түрікше сөйледі, жазды» деп аударғаннан, «түркіше сөйледі, жазды» деу әлдеқайда дұрыс және түсінікті болмақ.

Жалпы, «түрік» («түрк», «түркі») этнонимі алғаш рет қытай жылнамаларына «туцзюе» деген атаумен 542 жылы түскен екен[5]. Бұл түркі тайпаларының қағанаты ту тігуінен он жыл бұрынғы жәйт. Қытайлар оларды ғұндардың (сюннулердің) ұрпақтары деп санаған. Олар қытайдың Вэй князьдігінің солтүстік өңірлеріне солтүстік-батыс жақтан тиісетін көрінеді. Жыл сайын шапқыншылық жасап, ойрандап кетеді екен.

15.

Түрктердің (түркілердің) билеушісі Бумынь VI ғасырдың алғашқы жартысының соңына қарай сол шақта күшті боп тұрған тирек тайпаларының әскерінің тас-талқан етті де, тұтқындалған тиректерді сол кезгі дала құқығы шарттарына сай өз әскеріне қосып алып, соған дейін өздері вассалдық тәуелділікте болып келген аварларға бәсекелес болып шыға келді. Ал 552 жылғы көктемде аварлардың ордасына шабуыл жасап, күйрете жеңді. Содан бастап түркілер олардың барлық иеліктеріне мұрагер ретінде орнықты және Бумынь да, одан кейінгі түркі билеп-төстеушілері де  өздері құрған қағанатты (империяны) басқаратын қаған атағын алды.

Содан соң олар батысқа соғыс жорықтарын жасап, Алтай аумағындағы идтерді бағындырды. Он жылдан кейін, сасанилік Иранмен әскери одақ жасасқаннан соң, 563–567 жылдары иеліктері Каспий теңізінен Солтүстік Үндістанға және Шығыс Түркістанға дейін созылған Орта Азия эфталиттерін жаулап алды.

Бірақ, соғыс біткен бойда, Шығыс пен Батысты қосатын керуен жолдары бойындағы жерлерді бөлуге келгенде,  одақтастар арасында араздық басталды. Өйткені оларды иелену сауда жолдарын бақылауға, екі аймақтың тауар айырбасына белсене қатысуға мүмкіндік беретін-ді.  Бұрынғы одақтастарымен араздасуы салдарынан түркі қағаны Византияға елшілік жіберді, Византиядан қағанатқа елшілік келді. Екі жақ келіссөздер жүргізіп, жібек және басқа тауарлар апару жолын іздестірді.

Византиялықтар өздерінің сасанилік Иранға қарсы күресінде түркілерден әскери көмек алуға үміттенді. Бұған жалпы оң қарағанмен, қағанат билеушісі нақты шешім қабылдай қоймады, оған бұл екі елдің өзара соғыс жағдайында ұзағырақ болуы тиімді еді.

Алайда 575 жылы Византия мен Иран өзара уақытша бітім жасасты да, түркілердің бүлікшіл вассалдарын өз қатарына тарту үшін, Кавказға кіруге әрекет етті. Оған жауап ретінде қағанаттың атты әскері Босфор, Қырым, Батыс Кавказға жойқын жорық жасады.

Әйтсе де тек қарудың күшімен құрылған империяның ұлан-байтақ жерін, өзара байланысқан біртұтас экономикалық және этностық-саяси организм жасалмағандықтан да, ұзақ уақыт ыдырауға ұшыратпай сақтау мүмкін емес еді. Оның үстіне, қағанатта әлеуметтік қайшылықтар шиеленісті. Жұттар, мал індеттері, ашаршылықтар да жағдайды ушықтыра түсті. Мемлекетке Суй Қытайының 581 жылдан бастап әлденеше жылдар бойы үздіксіз шабуыл жасап тұруы да  ахуалды ауырлатып жіберді.

Ақыры, қағанат 603 жылы екі бөлікке бөлінді. Жоғарыда айтқанымыздай, Батыс түркі қағанатының орталығы Жетісуда, Суяб қаласы болды. Дегенмен ол Шығыс қағанатқа біршама саяси тәуелділікте еді.  Шығыс түркі қағанатындағы өкімет билігін ашиналар (ашналар) қолында ұстады.

Түркілер санатындағы қарлұқ тайпалары Жоңғар Алатауынан Сырдарияның орта ағысына дейін, Балқаш пен Ыстықкөл арасында, Ыстықкөлдің айналасында, Іле, Шу, Талас өзендері алқаптарында, Тянь-Шань тауы  баурайларында мекендеген еді[6]. Шығыс түркі қағанатында да қарлұқтардың бірқатар шоғырланған топтары бар-тын. Олар Монғолияның Отюкен таулы жерлерінде, Шығыс Түркістанның Бесбалық аймағында және Ауғанстанның солтүстігіндегі Токарстанда орналасқан болатын. Алайда, ертедегі түркі руналық ескерткіштерінің деректеріне қарағанда, олардың негізгі көпшілігі Моңғол Алтайы мен Балқаш көлінің аралығында, Тарбағатайдың оңтүстігі мен солтүстігі жағындағы аумақтарға орналасқан «үш қарлұк», яғни қарлұқтардың үш тайпасының бірлестігі ретінде де мәлім.

Қарлұқ тайпалары одағының билеушісі «елтебер» деген атақ алған. Ұйғырлар мен аздардың билеушілері де осылай аталған. Олардың негізгі қоныстанған ауданында 657 жылы, қарлұқтардың үш аймағына қоса, тайпа басшылары басқаратын төртінші әкімшілік аймағы пайда болды.

Түркілердін әлеуметтік-саяси бірлестіктерінің бірде күшейіп, бірде әлсіреуіне қарай, қарлұқтар да кей кездері Шығыс және Батыс қағанаттардың бірде біреуіне, енді бірде екіншісіне бағынып жүрді.

Монғолияда 682 жылы Шығыс түркі қағанаты құрылғаннан кейін, қарлұқтар оған тәуелді болған-ды. Алайда, орхон жазуларында айтылған деректерге қарағанда, қарлұқтар бағынышты қалпы жүре бермеген. Олар қаһандарға қарсы бірнеше рет көтеріліске шыққан, тіпті соғыс жорықтарын да жасаған[7].

Қарлұқтардың бірінші жорығы 711–712 жылдары орын алған еді.  Күлтегін мен оның інісі Могилян ханның құрметіне арналған ежелгі түркі жазбаларында бұл жөнінде былай делінген (С.Е. Маловтың «Ежелгі түркі жазуының ескерткіштері. Мәтіндер және зерттеулер» атты еңбегі бойынша): «Күлтегін 27 жасқа келгенде (Кляшторный оны 731 жылғы 27 ақпанда 47 жасында өлді деп жазады) қарлұқтар халқы азаттық пен тәуелсіздік салдарынан (бізге) жау боп шықты»[8]. Дұшпанға айналған бодандарды жуасыту мақсатындағы күрестерінде Білге-қаған мен Күлтегін «қасиетті Тамағ жотасында»[9] (Тарбағатай тауы болуы ықтимал) 715 жылы қарлұқтарды жеңеді. Оларға қарсы жорықтар одан кейін – 716 және 720 жылдары да жасалды. Алайда, Білге-қаған 734 жылы дүниеден өткеннен кейін, көп ұзамай Шығыс түркі қағанаты да құлады.

Сөйтіп, шығыс түркілерінің билігін күйреткен үш тайпаның – қарлұқтардың, ұйғырлардың және басмылдардың одағы 742 жылы Монғолия далаларындағы саяси үстемдікке жетті.  Басмылдардың көсемі қаған (бас хан, қаһан) болды. Қарлұқтар мен ұйғырлардың басшыларына ябгу (жабғу) атағы берілді.

Ұйғырлар мен карлұқтардың біріккен қолы 744 жылы басмылдарды тас-талқан етті. Сол жылы түркі тілдес тайпалардың жаңа мемлекеттік құрылымы – Ұйғыр қағанаты құрылды. Ол  840 жылға дейін өмір сүрді.

Ұйғырлар V ғасырдан VI ғасырдың орта шеніне дейін әуелі Жужань (Авар), одан Түркі қағанаттарының кұрамына кірген еді. VIII ғасырдың ортасында Алтайда қағанат құрылғаннан соң, ұйғыр қағанының саяси үстемдігі шығысында Маньчжурияға дейін, оңтүстігінде Гобиге дейін, VIII ғасырдың 60-шы жылдарына қарай Енисей қырғыздарының жеріне дейін жайылды. Ұйғыр мемлекетінің құрамына ұйғырлардың өздерінің он тайпасы және оғыздардың тоғыз тайпасы кірді.

Жоғарғы қаған (қаһан, хандардың ханы) ұйғыр тайпаларының басшысына тиіп,  қарлұқтардың көсемі «оң жақ (батыс) ябғу» атағын алды. Ибн Хордадбех өзінің «Китаб әл-масалик ва-л-мамалик» атты еңбегінде бұл мәртебені қарлұқша «ж» дыбысымен басталып айтылуына орайластырып – «әл-жабғуя» деп жазған.

Дербестікке  ұмтылған қарлұқтар Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығып, 746 жылы Жетісуға қоныс аударды.

Ал Жетісуға бұл кезде саяси жағдай тым күрделі болатын. Ондағы түргеш билеушілері өзара қырқысқан күрес салдарынан өздерінің бұрынғы күш-кұдіретінен айырылған-ды. Сондықтан да бытырап кеткен түргеш тайпалары қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Тарихшы Кляшторныйдың зерттеулерінде айтылғандай[10], бұл оқиғалар ертедегі түркілердің Терхин жазбаларында: «Ит жылы үш-қарлұқ опасыздық жасап, қашып кетті. Олар батыстағы он оқ халқының еліне келді», – деп көрсетілген.

Түргештердің саяси билігінің әлсіреуі Шығыс Түркістандағы қытай билеушілеріне қолайлы көрінді. Жетісуға әскер аттандырып,  Суябты басып алды. Тань қолдары Шаш (Ташкент) қаласына дейін барды. Бірақ мұнда оларды тағдыршешер текетірес тосып тұрған еді: қытайдың көздегендері өздерінің ықпал өрісін кеңейту мақсатымен батыстан бермен ілгерілеп келе жатқан араб мүддесімен сыйыспайтын.

16.

Араб түбегіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси және этностық үдерістер араб халқының қалыптасуына және ислам іспетті жаңа діни жүйе арайында VII ғасырдың бас кезінде араб мемлекетінің құрылуына алып келді. Мемлекеттің түтін түтетуіне орай феодалдық қатынастар қалыптасты және нығая түсті. Алайда рулық-тайпалық тұрғыда ұйысу, әсіресе көшпенділер арасында әлі күшті болатын. 632 жылы Мұхаммед дүниеден өткеннен кейін Араб түбегінің әр жерінде билік үшін күрес оты тұтанып жатты. Халық қозғалысы туды. Араб шонжарлары ішкі қайшылықтарды әлсірету мақсатымен және теократиялық мемлекетті нығайту үшін жаулап алулар жолына түсті. Шапқыншылық оларға жаңа жерлерді қосып алуға мүмкіндік беретін әрі бай соғыс олжасына кенелтетін еді.

«Иланым (дін) үшін соғыс» (жиһад, діни наным жолындағы қасиетті соғысқа ықыластанып ұмтылу)[11] ұранымен жаулап алушылық жорықтарын арабтар 633 жылы бастады. Аз уакыттың ішінде олар Иран, Шам (Сирия), Палестина, Мысыр (Египет), Ирак жерлерін басып алып, Орта Азияның оңтүстік облыстарына келді. Бұл кезде Орта Азия мен Қазақстан аумағының көп бөлігі Батыс түркі қағанатының билігінде болатын. Орта Азиядағы иеліктердің көбін түркі немесе аралас текті әулеттер басқарып тұрды. Иран тілдес және түркі тілдес халықтар арасында тығыз жақындасушылық белең алған, шаруашылық қарым-қатынастар ұлғайған, экономикалық байланыстар өсе түскен-тін. Осы жәйттер араб жаулап алушыларына бірлесіп тойтарыс беру ісін  ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды.

705 жылы арабтар шапқыншылық жасау тактикасынан Амудариядан  шығысқа қарайғы аймақтарды – Мауараннахрды басып алу жолына көшті. Хорасан билеушісі Кутейба ибн Муслим әскерімен 706 жылы Бұхараға таяу орналасқан Пайкендке беттегенде, түркілер мен соғдылардың біріккен қолы оларды қоршап алып, қатты шығынға ұшыратты. 708 жылы Кутейба Бұхара облысындағы Рамитан қаласын алды, бірақ жеңісін баяңды ете алмады. 709 жылы тағы да Бұхараға келді. Осы жерде араб әскеріне түркі-соғды тобы елеулі соққы берді. Кутейба алдап-арбау тактикасын қолданып, соғды патшасы Тархұнды түркілердің көмегінен бас тартуға мәжбүр етті де, Бұхараны басып алды.

712 жылы Кутейба Самарқанды, 714 жылы Шашты басып алды, Испиджабқа жорық жасады. Алайда араб өктемдігіне Мауараннахрда Түргеш қағанаты мен Орта Азия мемлекеттерінің одағы елеулі қарсылық көрсетті. Ферғана қарлұқтары түркі және Шаш жасағымен бірігіп, 723 жылы арабтарды ойсырата жеңді де, оларды Ходженттен Самарқанға дейін өкшелей қуды. Күресте екі жақ кезек жеңіп отырды. 724 жылы араб әскері Ферғанаға кіргенде, ферғаналыктарға түргештер кемекке келді. Арабтар асығыс кейін шегінді, алайда Шаш пен Ферғана әскерлері оларды Сырдариядан тосып алып, қирата сокқы берді. Арабтар ұзақ қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Осы шақтағы Мауараннахрға билік жүргізуде олармен таласа алатын кұдіретті күш – түргештер еді. Солардың әскеріне арқа сүйеген халық көтерілістері нәтижесінде арабтар Мауараннахрдан түгел дерлік қуылды.

Түргештердің батыл да пәрменді қимылдаған  қаһанын арабтар «Әбу Музахим» (Сүзеген) деп атады. Ол 737 жылы арабтарға қарсы аттанды, Тоқарстанға дейін жетіп, қарлұқтардың жабғуымен бірікті. Жетісуға қайта оралғанында бұл қаһан кісі қолынан қаза тапты. Содан бастап, түргештер елінде өзара кырқыс туды.

Түргеш қағанаты әлсірей берді. Хорасандағы араб билеушісі Насыр ибн Сейяр соны пайдаланып, 737–748 жылдары Орта Азияның бірқатар аймақгары мен Қазақстанның оңтүстігіне бірнеше рет әскери жорықгар жасады. Арабтарға қарсы жер-жерде бой көрсетулер орын алды, бірақ бұлардың бәрі қару күшімен басып тасталып отырды[12].

17.

Қазыбек бек шежіресіндегі қытайлар ат мінбейтіндігі,  тамағына шөп, тышқан, қоңыз жейтіндігі, сондықтан да бір салтаттының олардың онына әл бермейтіндігі жайындағы хабармен жоғарыда таныс болдық.   Шежірешінің баяндауынша,  «жаяу қытай» аттың құлағында ойнайтын  қазақтардан «бекерден бекер қырылуды» жөн көрмепті. «Талас, Шу бойында болған соғысқа» «жаяу-жалпылап жүз мың қолмен» келген «қытайлардың көбі қырылып» қалыпты.  Бірсыпырасы арабтарға қолға түсіп, тағы біразы жергілікті жұрттарға сіңіп кетіпті[13]... Ресми тарихқа қарағанда, 748 жылы қытайлар Суябты уакытша басып алып, қиратқан. Ал келесі 749 жылы Шаштың билеушісін өлтірген. Сонда Шаш қаласы билеушісінің баласы арабтардан көмек сұрайды. Содан, 751 жылы, Таразға жақын жердегі Атлах қаласының түбінде араб қолбасшысы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сянь-чжидің арасында орасан зор шайқас болған. Шайқас бес күнге созылады. Шешуші кезде қытай тылындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтар жағына шығады. Соның нәтижесінде қытай әскері түгелдей талқандалады[14].

«Қазақстан тарихының» қарлұқтар мемлекетінің құрылуын баян еткен тармағында да Аспан асты Қытай империясының  мүдделері батыстан өздерінің ықпал өрісін кеңейту мақсатымен ілгерілеп келе жаткан арабтардың мүдделерімен қиғаш келгені көрсетілген. Қайшылықтың шиеленіскен түйіні екі империялық күш арасындағы Таластағы шешуші шайқас барысында 751 жылы шешілгені айтылады.

Талас шайқасында тань әскерлері зор шығынға ұшыраған. Араб тарихшысы Ибн әл-Асирдің мәліметтеріне қарағанда, Атлах қаласының түбінде 50 мың қытай өлтіріліп, 20 мыңдайы тұтқынға алыныпты. Тұтқындар арасында қолөнершілер көп болған екен.

Талас өзеніндегі шайқастың Жетісу және Мауараннахр халықтарының тағдырларындағы тарихи маңызы зор болды. Қытай әскерлері Жетісу шегінен ғана емес, ұйғырлар мен тибеттіктердің қысымымен Шығыс Түркістаннан да кетті. Талас аңғарында арабтар да тұрақтап кала алмай, Шашқа шегінді. Соның нәтижесінде қарлұқтар өз жағдайын нығайтып алды.

Жетісуда қарлұқтар мен оғыздар арасында түргештердің мұрасы үшін күрес өрістеді. Ортағасырлық жазбаша деректерде келтірілген оғыздардың аңыздарына қарағанда, Ыстықкөл мен Талас аумағы оғыздардың ежелгі отаны деп аталған. Алайда аталған тайталас салдарынан оғыздардың негізгі бөлігі Жетісу шегін тастап шығып, Сырдарияға кетуге мәжбүр болады.

766 жылы түргештердің бұрынғы иеліктері – Тараз бен Суяб  және оларға қоса бүкіл Жетісу қарлұқтар жабғуының қолына көшті. Саяси және әлеуметтік биліктің қарлұқ көсемдерінің қолына өтуі Жетісуда Қарлұқ мемлекетінің біржола қалыптасуын мүмкін етті[15].

Демек, Қазыбек бек шежіресіндегі аталатын жоғарыдағы аталар, әсіресе үлкен тайпа бастауында тұрған Шапырашты осы қарлұқ дәуірінде өмір сүрген болуға керек. Ал ондағы: «Енді қытайлар табғаштардың, ұйғырлардың, қалмақтардың қолын отқа көсеп, өз қолын күйіктен аман сақтауды ойлады. Бірақ Алатаудың арғы жағыңда бейбіт жатқан бай ел оның жанын тыныш таптырмады...»[16] – деп баяндалған мәлімет, жоғарыда келтірілген ғылыми тарих мағлұматтары тұрғысынан қарағанда, оның тап сол VIII ғасыр ахуалына келмейтінін мойындауға мәжбүрміз. Өйткені VIII ғасырда орныққан қарлұқтар қағанаты Х ғасырда ғана ыдырай бастап, орнына Қарахан мемлекеті құрылды.

Қарахан мемлекетінің шығыс иелігіне Жетісу мен Шығыс Түркістан кірді. Осы Жетісу құрамында тұрған Шығыс Қарахан иелігін ХІІ ғасырдың алғашқы ширегінің соңына қарай оңтүстік-шығыстан келген қарақытай әскерлері жаулап алды. Бірақ олар қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратпай, егіншілік және жартылай көшпенді аймақтармен сауда қатынастарын өрістетті. Сол шаққы дереккөздер қарақытайлардың Орта Азияда таралуы бейбіт сипатта болғанын көрсетеді[17]. Демек, Қазыбек бек шежіресінде айтылған қытайлардың қитұрқы саясаты жайындағы әңгіме басқа кезеңге қатысты болуы ықтимал.

18.

Қазыбек бек шежіресінің «Шапырашты» тарауында одан әрі: «Хижраның жыл санауымен 123-жылы ұйғырлар қазаққа қарай лап қойды»[18], – деген дерек береді. Сол шабуыл салдарынан Тұрпан төңірегінде жатқан қазақтардың жау қолында қалғанын айтады. («Шымбастан Тұрпанға дейінгі жерді ол кезде Баймен хан билейтін». Осындай дерегімен бірге ол хан ордасының мекен-жайын: «Баймен қонысы Торайғыр тауының оңтүстік жағында болатын» деп нұсқайды). Бейбіт жатқан қазақ елі бір-ақ күнде шала бүлінді де қалды.  Шапқыншылыққа Шапыраштылар да ұшыраған. Олар мұндай төтенше жағдайды аспай-саспай қарсы алады: «Абылдан тараған біраз жұртпен Шапырашты ол бір шақта Барсыған көлін, көбіне оның түстік шығысын мекендейтін. Бір ғажабы, сол бір кезден Шапыраштыларға мұра болып қалған бір ерекшелік: адам мен малдың қашанда да, қай кезде де сырттан болатын жаугершілікке әзірлігі еді».

Қазыбек бектің айтуынша, ол шақта бір үйде қанша адам болса, сонша жауынгер бар деп есептеледі екен. Бес жасқа дейінгі баладан басқаның бәрі ат үстінде жүретін көрінеді. Тіпті екі-үш жасар балалар да тепкішекті ашамайланған ерге жалғыз мінгізілетін болыпты. Ол алып жүруге де қолайлы болса керек: аттың тізгінін басына түріп қойып, алдына салып, балалар мінген көлікті айдап алады екен. «Оны қатын-қалаш, бала-шаға өздері атқара беретін. Екі жағы жақтаулы ашамай ішінде отырған бала ұйқтап, қалғып-шұлғып көппен бірге кете барады». Сондай әдет Қазыбек бек өмір сүрген дәуірге (ХVIII ғасырға) дейін сақталыпты: «Бұл қазірге дейін де солай. Жетісу елінде салт атқа мінбейтін адам болмайды. Өйткені ол шаруашылығына, жеріне, кәсібіне, сырттан күтілетін жауға, жаугершілік жағдайға бейімделген»[19].

Сонымен,  хижраның 123-ші жылы (яғни, шежірешінің есебімен – 622+123=745-ші, бірақ ай және күн календарының ерекшеліктерімен есептегенде – 723-ші жылы) ұйғырлар қазақ жеріне шапқыншылық жасайды. «Ұйғырлар Бедел асты дегенде-ақ Жетісу елі тегіс көлік үстінде болған», – дейді шежіреші.   Соғыс Тұрпан беттен басталғанда, Бәймен хан өзі жұртты ұйымдастыруға ұмтылып, қоса шапқан. Сол кезде ханды ұйғырлар найзамен шаншып өлтірсе керек. Абыл еліне жеткенше ұйғырлар Азық елін біраз қырып жіберген екен. Соғыс Мұзарт өтіп, Тәңір тауына жеткенде, Азық тұқымы Абыл тұқымына көмек сұрап ат шаптырған. Содан жау Көртоғай басындағы Сапы-Саты көліне жақындағанда, Шапырашты батыр бастаған қол да майдан шебіне келіп жеткен көрінеді. Шапырашты батырдың алғашқы шайқасқа кірген соғысы осы екен.

«Бұл жердегі Шапырашты жалғыз адам, қолбасшы ғана, ол қазіргі қалмаққа шапқандай өң шапыраштылардан жиналған қол емес», – дейді Қазыбек бек. «Қазіргі қалмаққа шапқандай өң шапыраштылардан жиналған қол» дегені, шамасы, өзі өмір сүріп отырған ХVIII ғасырдағы ахуалды айтқаны болар. Ал VIII ғасырдағы Шапырашты батыр – Бәйдібек немересі Жалмамбет ұлы Шапырашты – 667-ші жылы туған, шапқыншы ұйғырларға қарсы 745-ші (яки 723-ші жылы) жылы қол бастаған қолбасшы. Бұл жерде жылдардағы сәйкессіздік көңілге кейбір күдік оралтады, өйткені бірінші ұрысына Шапырашты батыр 82 (яки 60) жасында кірген болып тұр, бірақ жалпы шежіре дегеннің негізгі кемістігінің өзі де осында – уақыттардың біршама шатастырыла беруі қай-қайсысында да кездесе береді, сондықтан бұл ешкімді таңғалдырмаса керек.

Сонымен, хижраның 123-ші жылы ұйғырлар шапқыншылықпен Көртоғай басындағы Сапы-Саты көліне жақындағанда, алдарынан шыққан  Шапырашты батырдың қолында  «Елсау бидің тірі ұрпағының бәрінің өкілі болған. Жаз жайлауын осында өткізуге, түлеуге келіп арыстап жатқан Ардың да, Құнның да, Қыптың да, Шақтың да жасақтары болған», – делінеді шежіреде.

Көлдің түстік желкесіндегі құяр сайда болған соғыста Шапырашты қолы ерен жеңіске жетіп, ұйғырларды қырып салған көрінеді. Қалғандарын Мұзарт асыра, Тұрпанға дейін қуып, өз жерінде талқандапты. Ұйғырлар сол жолы қазақ еліне қайта шабуыл жасамауға ант еткен екен. «Анттың кепіліне ұйғыр сақманы Түнік өзінің бес ұлының үлкені Хұзхұрды беріп», кейін ұйғырдың Қошы, Жанбалық, Бесбалық, Сүллен, Жаңабалық деген бес балығының (қаласының) билеушілері сондай мойынсұнуларын қайталап тұрыпты.

«Ұйғырлар осы жолы соғыста аса жауыздық жасап, шекарадағы Қарағашқа орналасқан түркілерді – оғрақтарды бесіктегі баласына дейін бауыздаған. Таңғұтты да қырған. Махмұт бабаның ұйғырлардың бес шаһары бар, олардың халқы шетінен жауыз, кәпірлер дейтіні, міне, осындай хайуандықтан шығарылған қорытынды болса керек. Менің қолыма Махмұттың бір қолжазбасы түскені бар-ды. Сол кітапта да ұйғырлар жөніндегі пікірі, ойы өте қатал, олардың сатқындығын, жауыздығын, адам өлтіруге құмарлығын айғақтармен келтіреді. ...Шапырашты қолы да сол бес қаланы қаратып, ханының құнын да, өшін де алған. Шапырашты батырдың алғаш тауарихқа түсуі осыдан басталған. Әсіресе оның атын шығарған ерлігі: жау еліне сыпыра тимеген, оның тархандарын, сақмандарын, ұғырыштарын, жууларын қатты жазалаған. Өйткені Түнікті Абыл, Азық еліне айдап салып, ұйғыр басқыншыларын қыт-қыттаған да қытайлар болған-дүр»[20].

Осы жердегі «ұйғыр басқыншыларын қыт-қыттаған да қытайлар» жайындағы хабар уақыт тұрғысынан шындыққа келе қоймайтындай. Өйткені Ұйғыр қағанаты 744 жылы Моңғолия далаларында пайда болды.  Одан бөлінген қарлұқтар 746 жылы Жетісуға қоныс аударып келді. Мұнда түргештер билік құрып тұрған, бірақ олар қарлұқтарға қарсы тұра алмады. 766 жылдан Жетісуды қарлұқтар биледі[21]. Осынау ғылыми баянға сенсек, тап сол VIII ғасырдың орта шамасында ұйғырлардың қазақтарға (дұрысында, болашақ қазақ халқының құрамына кірген тайпаға) шабуыл жасады деген деректің қисынсыздығын мойындауға мәжбүр боламыз. Жалпы, шежіренің тарихи шындығы мұқият зерттеуді қажет ететіні түсінікті, оны Қазыбек бек мәтінінің басқа тұстары туралы да айтуға болады.

Мәселен, Жетісуға нақты қожайындығын жүргізіп тұрған қағанат пен оның билеушілері туралы еш дерек берілмей, ата ерлігін төмендегідей түрде қаузаушылық та қосымша ғылыми дәлелді зерттеу жүргізуді қажет етеді... «Шапыраштының тағы бір ел аузынан түспейтін ерлігі: Семізкентке соқақтар – парсылар шабуыл жасағанда, қызылбастарды тас-талқан етіп, Семізкентті қорғап, халқын аман алып қалған. Әрине, Шапырашты батыр атану үшін, бүкіл исі қазаққа аты қалуы үшін, бұл ерліктер аз болар, сондықтан заманында атамыз талай шабуылға қатысқаны сөзсіз. Әсіресе одан қалған, бүгінге дейін айта жүретін жауынгерлік – Шапырашты қолынан жалдамалы батырлар қолы түзілген. Олар қай түркі елін жау шапты десе, ілкім әзір тұрған-ды. Бұл олардың айнымас жорығы болған.

Ұйғырлармен Сапы-Саты көлі желкесінде болған соғыстың белгісі ретінде қазақтар сол зор соғыс болып, қазақ жау түсірген жер бүгінге дейін Шапырашты сайы аталып келеді. Ал Шапырашты ол соғысқа Барсыған көлі жағынан келген деседі»[22].

Қазыбек бек шежіресінен байқалатын айқын жәйт сол – болашақ үлкен рудың түп атасына, бастауына айналған адамның дұшпанға қарсы шайқасқан атақты батыр, қолбасы болғандығы.

19.

 Жоғарыдағы тарауларда айтқанымыздай, Шапыраштының шығу тегі жайындағы әңгімені, оның өз атауы көне дереккөздерінде кездеспейтіндіктен,  Үйсін тарихы жөніндегі әңгімемен бір қарастыру жөн деп білдік. Тап сол сияқты, Үйсін жайлы әңгімені, әсіресе ол (көне усун – усунь – үйсін) мемлекеттілігі ыдырап, дербес бірлестік ретінде тарих сахнасынан кеткендіктен, оны одан бергі түрлі түркі бірлестіктерімен байланыстыра тарату ләзім. Ал түркі әлемі –  кейінірек тарихи сахнаға қазақ халқының дербес мемлекеттігін бөліп шығарған орта. Демек,  Шапырашты руының өзге де түркі ру-тайпалары қатарында баршасына ортақ тағдыр кешкені күмәнсіз. Ендеше, осы орайдағы (Шапырашты руының шығу, даму тарихын жаңғыртудағы) біздің міндетіміз жалпы қазақ тарихы мәселелерімен үндес болып келетіні мүлдем түсінікті жәйт болса керек.

Ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ халқының қалыптасу тарихынан белгілі бір жү­йелілік іздестіре келе, ғалым Т. Омарбеков осы дәуірлердегі этностық тарихты жалпылама бес кезеңге бөледі. Оның тұжырымдауынша, бұл бөліністің мынандай болғаны дұрыс: 1-кезең біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтан біздің дәуіріміздің VI ғасырының ортасына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңді автор арғытүріктер (прототүріктер) дәуірі деп атаған (демек, біз Қазыбек бек шежіресін алға тарта отырып қарастырған Шапыраштының шығу тарихы негізінен арғытүріктер (прототүріктер) дәуірімен тұспа-тұс келеді); 2-кезең VІ ғасырдың орта ше­нінен ІХ ғасырдың орталарына дейін созылады. Бұл – түркілік кезең (түрік Ду­лу­лардың, Телелер одағының, Сіренда бір­лес­тігінің және қағанаттар құрылымын­дағы рулық-тайпалық бірлестіктердің өмір сүрген уақыты); 3-кезең – ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі мерзім. Бұл шақ – Қыпшақ, Найман, Дулат, Ал­шын, Керей, Қаңлы, Қоңырат, Жалайыр, Арғу және т.б. тарихи этнонимдердің елге кеңінен танылуы орын алған заман. Оны автор арғы қазақтар (протоқа­зақ­тар) кезеңі деп атайды. Шапыраштының шежірелік сахнаға шығуы қазақтың осы түркілік және арғы қазақтар (протоқа­зақ­тар) кезеңдерінде орын алған сыңайлы; 4-кезең – ХІІІ ғасырдың орта­ла­рынан ХV ғасырдың соңына дейінгі уақытты алады.  Түргеш Алаш шор ұлысы – Үш сан Алаш мыңы – Алты сан Алаш – Он сан Алаш осы уақыттардың туындысы. Бұлардан автор Алаш қауымдастығының қа­лыптасу кезеңін көреді; 5-кезеңде – ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін – автор қазақ халқын құраған қырықтан астам тайпаның «Он сан Алаш» төңірегіне бас біріктіруі жүзеге асты деп санайды. Содан да ол бұл уақытты Қазақ қауымдастығының қа­лып­тасуына кеткен уақыт деп есептейді[23].

Сонымен, мұнда автор арғытүріктер деп атаған біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтан біздің дәуіріміздің VI ғасырының ортасына дейінгі уақытты қамтыған кезеңдегі Үйсін мемлекеті жайында алғашқы тарауларда әңгіме етілді. Одан кейінгі түркілік кезең деп аталған VІ ғасырдың орта ше­нінен ІХ ғасырдың орталарына дейінгі түркі қағандығы (552–745)[24], батыс түркі қағандығы (603–704)[25], түркеш (түргеш) қағандығы (704–766)[26] дәуірі тұсында да, тіпті автор арғы қазақтар (протоқа­зақ­тар) кезеңі деп атаған ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі мерзімде де Үйсін бірлестігі мен оның Шапырашты тармағы жеке сөз бола бермейтінін түсінуге болады. (Шапырашты тармағының осы кезеңді қамтитын мерзімдегі шежірелік тарихын төменіректе беруге тырысармыз).

Өткен жолымыздағы осындай «тарихи сатыларды айналып өте ал­май­мыз» деген сеніммен, қазақ тарихын жоғарыда келтірілген кезеңдерге бөліп шығып, зерттеуші-ғалым: «Біздің ойымызша, өзара тарихи сабақ­тас­тықпен жалғасқан осындай үлкен ке­зең­дердің этникалық байланысы түркі тілдес тайпалық бірлестіктерді халық болып қалыптасуға алып келді, – деп пайымдайды. – Әрине, бұл атал­ған тарихи кезеңдердің әрқайсысының қалыптасқан саяси-әлеуметтік үрдістерге байланысты өзіндік ерекшеліктері және жан-жақты талдауды, тереңдете зерттеуді қажет ететін жақтары мен тұстары аз емес, – дейді ол одан әрі. – Қазіргі тарих ғылымы біздің ойы­мыз­ша, осындай мәселеге баса мән беруі керек».

Бұл пікірлермен негізінен келісе отырып, кейбір ретте бірер ескертпе жасай кетпей болмайтын сияқты. Дегенмен, оған дейін мына жәйтті ауызға ала кетелік...

Жалпы шежіреде, оның ішінде біз өзіміздің қарастырып отырған тақырыбымызға бірден-бір қатысты болғандықтан да көбірек назар аударуды жөн көрген Қазыбек бек шежіресінде әңгімеші ата таратуда біздің заманымыздан бұрынғы заманаларға тереңдесе де,  ұзақ уақыттық тізбек буындарында этностық түрленулердің ғылым атайтын сатыларының нышандарын да сездірмейді. Шежіре үшін бәрі бір қазақ тұқымдары. VІІІ ғасыр ғылыми тарих бойынша түркілік кезеңге – түрлі одақтар мен қағанаттар құрылымдарын­дағы рулық-тайпалық бірлестіктердің өмір сүрген уақытына жатады. Шапырашты руы осы кезеңде бастау алады, бірақ шежіреде оның қай құрылымға жататыны аса айқын емес.

[1] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. - Алматы, 2008. – 807–808-бб.

[2] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 810–811-бб.

[3] Советский энциклопедический словарь. 4-е изд. – Москва, 1986. – 1373-б.

[4] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1–5-тт. – Алматы, 2010.

[5] Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 1980. – 332-б.; Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 296-б.

[6] Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 1980. – 352-б.

[7] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 297–306-бб.

[8] История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.І. – Алма-Ата, 1977. – 343-б.

[9] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 2010. – 306-б.; История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. Т.І. – Алма-Ата, 1977. – 343-б.; Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-т. – Алматы, 1980. – 355-б.

[10] Кляшторный С.Г. Терхинская надпись. Предварительная публикация//Советская тюркология, 1980, № 3. – 94-б.

[11] Қазақ Совет энциклопедиясы. 4-том. – Алматы, 1974. – 447-б.

[12] Қазақ ССР тарихы. 1-т. – Алматы, 1980. – 359–361-бб.; Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 338–339-бб.; История Казахской ССР. Т.І. – Алма-Ата, 1977. – 347–349-бб.;  История Казахстана. Т.1. –  Алматы, 2010. – 338–339-бб.

[13] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. –  Алматы, 2008. – 811-б.

[14] Қазақ ССР тарихы. І-т. – Алматы, 1980. – 361-б.

[15] Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 306–307-бб.

[16] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. –  Алматы, 2008. – 810–811-бб.

[17] Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 398, 416-бб.

[18] Шапырашты//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 811-б.

[19]Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 811–812-бб.

[20] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 812–813-бб.

[21] Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 416-б.

[22] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 813-б.

[23] Егемен Қазақстан, 29.12.2010.

[24] Жетісу. Энциклопедия. – Алматы, 2004. -592–593-бб.; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8-том. – Алматы, 2006. – 597-б.

[25] Батыс түрік қағанаты// Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8-том. – Алматы, 2006. – 199–200-бб.

[26] Жетісу. Энциклопедия. – Алматы, 2004. – 591–592-бб.; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8-том. – Алматы, 2006. – 569–570-бб.

Бейбіт Қойшыбаев

(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)

Жалғасы бар...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 755
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 573
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 467
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 481