Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Алашорда 3939 6 пікір 9 Маусым, 2023 сағат 13:39

Шәкәрімнің Аллаға ғашықтығы туралы

Шәкәрім әулие болған ба? Оның әулиелігіне көзі жетіп, рухани болмысын толық қабылдайтын адамдар сирек кездеседі. Тіпті, күмәнмен қарайтындар да бар. Себебі, әулиелікті түсіну қарапайым адамға оңай емес. Әулиелік адамзат қоғамында сирек кездесетін таза рухани қасиет.

Әулиелікті адамның түрлі сыйқыр жасауымен, яғни тылсымдық қабілетімен балайтындар да бар. Олар өздеріне түсініксіз әрекеттер жасай алатын адамның ғана әулиелігіне сенеді, ал жасамаса сенімсіздікпен қарайды. Бұл сенімсіздік заттық болмыс пен рухани болмысты толық айыра білмеудің белгісі болып табылады. Тылсымның заңдылықтарын, оның қалай пайда болатынын білген адам қандай керемет құбылыс болса да оның құпиясын түсіне алады.

Әрине, көптеген әулиелер түрлі тылсымдық әрекеттер жасай білген. Мысалы, Сопы Мүсірәлі өлген адамға жан беру, топырақ шашып жауды тоқтату, өз денесін көпірге айналдырып әскерді өзен суынан өткізіп жіберу, ағынды суды тоқтату, ал Ахмет Яссауи Түркістанда өмір сүріп Меккеге барып намазын оқып отырса, Мәшһүр Жүсіп өзінің өлер күнін білген, сопы әл-Халлаж аспаннан шелпек түсіріп Мекке жолында жолаушыларды тамақтандырған, мұсылман қауымынан шыққан алғашқы әулиелердің бірі Рәбия аспанда ұша білген. Адамзат тарихында рухани жетілген адамдардың арасында бұндай көріністер көптеп кездеседі. Себебі рухани жетілген адамда оның рухани болмысы ғана емес, тәні мен нәзік болмысы да жетіледі. Жан дүниесі нәзік болмысы арқылы тәнін жақсы басқарып, түрлі кереметтерді жасай алады. Тылсымдық көріністер адамның нәзік болмысына, яғни оның сана-сезім, ой-өріс, психикалық өзгешеліктеріне байланысты. Бұлар адамның нәзік болмысына жатады. Осылай рухани жетілген адам болмыстың нәзік әлемдерімен байланысып, қарапайым адамға түсініксіз түрлі керемет әрекеттер жасай алады. Тылсым дегеніміз осы.

Бірақ, тылсымдық керемет әрекеттерді жасау тек қана жоғары жетілген адамдар ғана емес, қарапайым адамдардың қолынан келуі де мүмкін. Тылсымдық әрекеттер түрлі табиғи заңдылықтармен болады. Сондықтан тылсымдық әрекеттерді жасауды түрлі жаттығулар арқылы да үйренуге болады. Кейде адамға табиғатынан беріледі. Бүгінгі күндері ондай адамдарды экстрасенстер, бақсы-балгерлер, шамандар, магтар, көріпкелдер деп атаймыз. Олардың арасында рухани жетілмегендер де бар. Ондай адамдар өздерінің ерекше қасиетін бұрыс жолда қолдануы да мүмкін. Тылсымдық қасиетті зұлымдыққа пайдаланатын «қара магия» осылай пайда болады.

Табиғаттың заңдылықтарын терең білген адамға барлығы түсінікті, оған тылсым деген жоқ. Тылсым түсінігі білместіктен пайда болады. Мысалы, поезді алғаш көргенде жұрт оны «шайтан арба» деп атаған, қазір олай атамайды, себебі бәрі түсінікті. Білген адамға  барлық құпия ашылып, тылсымдық жойылады.

Әулиелер өздерінің керемет қасиеттерін басқалардан жасыруға ұмтылады. Себебі, ондай қасиеттер адамның көкірегін көтеріп, көңілін бөліп, таза рухани жолдан шығарып жіберуі мүмкін. Рухани жолда жүрген адамдар тылсымдық қасиетке ұмтылмайды, оған көңілін бөлмей, тіпті сырт көзге көрсетпеуге ұмтылады. Олардың мақсаты заттық көрнеу және көрінбейтін әлемдермен байланыс емес, рухани әлемге жету, яғни Алла тағаламен байланысу. Алла тағаламен байланыс тек қана махаббат арқылы болады. Сопылар түсінігі бойынша бұл Аллаға ғашықтық. Рухани жетілген адамның негізгі қасиетін Шәкәрімнің өзі «Нағыз асық – әулие, Кереметке сол ие» деп береді.

Яғни, әулиенің негізгі белгісі – Аллаға ғашықтық. Шәкәрімде де осындай ерекше қасиеттер болған. Оның кейбір әулиелік қасиеттеріне тоқталайық. Ол Алла тағалаға нағыз асық (ғашық), болашақты болжай білетін көреген, тілегін іске асыра білетін құдыретті, Алла тағалаға толық берілген, сондықтан Оның шапағат нұрына бөленген және басқа да көптеген қасиеттерге ие.

Оның бұл қасиеттерін өзінің жетпіс жасында жазған «Иманым» атты топ өлеңдерінен көре аламыз. Ақынның бұл өлеңдері қатардағы ақын жаза алмайтын терең мағыналы, нұрлы сәуле тәрізді фәни әлемнің қараңғы түнегін ашатын, адам жүрегін сауықтыратын шипалы дәрі тәрізді. Бұл өлең жолдары «жазайыншы» деген ниеттен туатын жасанды сөздер емес, жүрек түбінен еріксіз шығатын шабыт сезімдері. Бұндай сирек кездесетін шабытты сәттерді ешқандай да фәни әлемнің сөздері толық жеткізе алмайды. Шәкәрімнің жүрегінен шыққан бұндай терең сырлы сөздердің мағынасын арнайы дайындық болмаса бірден қабылдау да оңай емес. Дегенмен шамамыз келгенше бұл сөздердің түпкі мәнін парықтап, Шәкәрімнің негізгі әулиелік қасиеттеріне көз жіберіп көрелік.

Нағыз асық. «Нағыз асық – әулие» деп өзі айтпақшы, Шәкәрімнің әулиелігінің ең бірінші дәлелі – оның Алла тағалаға ғашықтығы. Бұған оның өлеңдерінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Солардың бірінде ол өзі туралы былай деп толғайды:

Шын асықтың әрбірі,
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры,
Жаратты мені орнына.

Жарының нұры қосылған,
Мол керемет менде бар.
Жалғыз Жарға шоқынған,
Қайда мендей бенде бар?

Менің Жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сіз емес,
Көзге таса бұл сыры.

Жасырып тұр Жар өзін,
Бас көзімен қарама.
Жүрегіңнің аш көзін,
Жанның сырын арала.

Көрем десең Жарымды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жібер барыңды,
Қарсы ұмтылып қазаға.

Көрсең оған бас ұрып,
Етегінен айрылма.
Не көрнеу, не жасырын,
Нәпсісіне қайрылма!

Ол өлеңінің алғашқы жолдарынан бастап-ақ  өзінің қарапайым адам емес екенін білдіреді. «Шын асықтың әрбірі, Өліп топырақ болды да, Жаралыстың тағдыры, Жаратты мені орнына» деген сөзімен Аллаға шын ғашықтар өліп топырақ болса да, олардың тізбегі үзілмейтінін «Жаратты мені орнына»  деп өзінің солардың бірі ретінде көрсетеді. Жаралыстың тағдыры асықтардың өліп топырақ болған орнына жаратқандықтан, Шәкәрім осылай өзін әулиемін дегенді білдіріп отыр. Яғни, оның негізгі болмысы – асықтан. Әрі қарай өзінің ерекше қасиетін айта келіп, «Жалғыз Жарға шоқынған, қайда мендей бенде бар?» деп өзінің тек қана бір Аллаға берілгенін ескертеді. Алла тағала болмысын қабылдау деңгейі әркімде әртүрлі болады. «Жарының нұры қосылған, Мол керемет менде бар» деп ол кереметтер Алла тағаланы Нұрымен болатынын білдіреді. Нұр Алла тағаланың қуаты, жаратушы аспектісі. Осы Нұрдың ішінде Алла тағаланың барлық жасампаздығы орналасқан. Бұл Нұр таза рухани, материямен араласпайтын, бірақ бүкіл материялдық әлемді тудыратын жасампаздық қуат. Бірақ бұларды бас көзімен көруге болмайды, «Көзге таса бұл сыры». Шәкәрім «Жасырып тұр Жар Өзін» деп бұл Нұрды қарапайым көзбен көруге болмайтынын көрсетеді. Сондықтан қарапайым адамның сезуіне қиын, «көзге таса бұл сыры». Оны көрудің бір-ақ жолы бар. Ол – мас болып, жүрек тазалау арқылы рухани көзді ашу, яғни рухани жолға түсіп, Алла тағаланың шапағатын сезіну. Ол үшін «Өртеп жібер барыңды, қарсы ұмтыл қазаға», яғни Алла тағалаға толық беріліп, бұл дүниенің қызығынан бас тарту, сопыларша айтқанда «Өлімнен бұрын өлу», немесе, шамды анық тану үшін шамның отына жанып кеткен көбелектей болу. Егер бұл деңгейге жетсең, артыңа қайырылып қарама, яғни нәпсінің нәзік және дөрекі көріністерін айыра біліп, олардың ырқынан толық құтыл. Осылардың барлығы Шәкәрімнің фәни жолды толық өтіп, әулиелік қасиет алғанын көрсетеді.

Шәкәрімнің Алла тағалаға ғашықтық дәрежесіне жеткенін көрсететін тағы бір өлеңіне тоқталайық.

Шам Сенен жарықпын деп күнәлі боп,
Сондықтан түскен оның тіліне шоқ.
Айна Сенен асылмын деген үшін,
Дарға асылып, басына қадалған оқ.

Бүтін әлем байланған сыйқырыңа,
Мен жындандым асық боп сол нұрыңа.
Шірік иман, шыққан жан арман емес,
Қолымды бір тигізсем бұрымыңа.

Нұрға байсың нұрыңнан зекет – парыз,
Мен кедеймін, нұр сұрап қылдым арыз.
Бір қарасаң, тірілер өлі денем,
Қарамасаң, мойныңда кетер қарыз.

Қызырдың мәңгі суын сия қылып,
Тамам түнді сауыт қып қойсам құйып.
Осы дүние тозғанша жазсам-дағы,
Бітіре алман ерніңнің сырын біліп.

Нәресте, жас күнәсіз, күн мен айым,
Етегіңе қол тисе, адаспайым.
Жаратқанның құдыреті толықтығын,
Сенің мінсіз нұрыңнан байыптайым.

Мұны меңіреу табиғат жарата алмас,
Деймін де терең оймен соны ойлаймын.
Сондықтан жан, иманым бір сен үшін,
Мейлің сөк, мейлің ұна, осы жайым.

Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де,
Сені көрмей мұсылман бола алмайым.
Сенің нұрың түспеген сопыларды,
Бейіске кіреді-ау деп ойламайым.

(«Шам Сенен жарықпын деп күнәлі боп»)

Алла тағаламен теңелемін деген шам мен айнаны мысал ретінде келтіре отырып ақын Оның шексіз зор, оған ешкім теңеліп, қарсы тұра алмайтынын білдіреді.Тіліне түскен шоқтың арқасында (жанған пілтесімен) шам жарық береді, ал күнәсі үшін басына оқ қадалған айна қабырғаға ілінеді. Бұл өлеңінде ақын Алла тағаланың хикметін терең түсініп, «Мен жындандым асық боп сол нұрыңа» деп өзінің ғашықтығын білдіреді. «Қолымды бір тигізсең бұрымыңа» деп ақын Жарына жақынырақ болғысы келеді. Сопы поэзиясында «Бұрым» Алла тағаланың мінсіз дидарының бір қыры. «Мен кедеймін» дегені «Мен пақырмын» деген сөзден шыққан. Сопылар өздерін «пақыр», яғни рухани азыққа, Алланың нұрына кедей деп есептейді. Олар ел кезіп, өздерінің мистикалық сипаттарын көрсетіп, өздерін пақыр (факир) деп атағаннан кейін, батыс елдерінде шығыстан шыққан сиқыршы, иллюзионистерді «факир» деп атап кеткен.  «Бітіре алман ерніңнің сырын біліп» деп Алла тағаланың сипатының шексіз ләззаттығын білдіреді. «Жүз пайғамбар мұғжиза көрсетсе де, Сені көрмей мұсылман бола алмаймын» деп Шәкәрім өте маңызды ой айтып отыр. Бұл ой: діннің негізгі мақсаты адамды бір нәтижеге әкелу, ол нәтиже – Алла тағаламен байланыс, яғни Оның нұрына бөлену. Бұл нұрсыз ешкім де бейіске, яғни рухани әлемге жете алмайды. Ол пайғамбарлардың көрсеткен кереметтері, айтқан дәлелдеріне қанағаттанбайды – ол Алла Нұрын өзі көргісі келеді. Міне, Шәкәрімнің Аллаға ғашықтығы оны осындай рухани дәрежеге көтерген.

Досым Омаров,

шәкәрімтанушы ғалым, философ

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 316
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 158
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 162
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 156