Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Ақмылтық 1794 2 пікір 17 Сәуір, 2024 сағат 15:24

Әзілдің басы «Ә» болғанымен аяғы «Зіл»

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Мен бүгін көптен бері жазып келе жатқан «Жақсыдан көрдім шарапат, жаманнан көрдім кесапат» атты естелік кітабымның әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқ ағаға арналған бөліміне қосылар естеліктерімді жалғастырғым келді. Соның бірі – сонау 1960 жылдардағы композиторлар өмірінің жай ғана бір әңгімелерінен туындағандай болғанымен маған өте ауыр салмақ салып тұрғандай болып еді. Шәкең ол туралы былай айтушы еді:

– Менімен қатар шығармашылыпен айналысқан, сол тұста тамаша ән-күй симфониялық шығармаларын жариялап жүрген Талдықорғандағы Найман ата елінің тумасы Мәлікаждар Әубәкір дейтін мінезі ауырлау, көп сөйлемейтін, бірақ орайы келгенде қарсыласын қарапайым әзілмен-ақ ойсырата жеңе салатын, жатып атарлығы бар сүйкімді азамат бар еді.

Біздің ішіп те, ішпей де шалықтап, басқа шауып төске өрлеп жүрген шағымыз болса керек. Сондай бір бас қосуда әдеттегі әзіл-қалжыңымыздың бірі – Кіші жүзді найза беріп жауға қой, орта жүзді қалам беріп  дауға қой, ұлы жүзді таяқ беріп малға қой, - дегенді тағы қайталап, еліре бастағанымды онша ұнатпай отырғандай болғанымен,  дауысын онша өзгертпей маған күле қарап:

– Иә, Шәке сендердің батырлықтарыңда дауым жоқ, бірақ осы найзаларыңды шошаңдатып, қылыштарыңды жарқылдатып жүріп, қаптаған орысты қазақ шекарасынан өткізіп жібергендеріңізге қайран қаламын. Ал, мына қағаз-қаламмен дау қуып жүрді дейтін орта жүз бен малшы ұлы жүз, сан жетпейтін құмырысқадай қаптаған қытайдың біреуін де шекарамыздың маңына жолатпаған екен. Сонда мұны қалай  түсінуге болады, а батырым? – дегенде, мен шынымен ойланып, сөз таба алмай тосылып, орнымнан қарғып тұрып Мәкең досымның алдына жүгіне отырып:

– Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі деген рас екен-ау, кешір досым, нағыз батырдың кім екенін енді ғана білдім-ау, иә, сен, мен сияқты есіріктерді тәубәсіне түсірдің, кешірерсің. Ат-шапан айыпқа жығылдым, әзір, бүгінгі ат-шапан орнына екі орысты алқымынан қылқындыра алып келмесем болмас, - деп сыртқа жүгіре шығып екі шиша портвейн алып келдім. Иванға шамам келмеді, мынаған қанағат етіңдер деп, гулесіп отырып Мәлікаждардың тапқырлығына тәнті болған едік.

***

Содан бері де жарты ғасырды артқа тастаппыз. Шәкең мен Мәкең тірі болса бүгінгі Қазақстанның геосаяси жағдайын көз алдына келтірер болса, ат-шапан айыпты кімге төлетер  еді? Алматы мен Астанадан бастап кең байтақ қазақтың тау мен даласында қаптап жүрген қара қытайды шекарадан кім өткізіп жіберіп отыр, - деген сұраққа жауап таппаған Мәкең ат-шапан айыпты арқалауға мәжбүр болар ма еді, - деген ойға кеттім. Бірақ бұған қазақ жүздерінің кінәсін іздеп қылжақтауға болмайтыны әу бастан-ақ белгілі ғой. Сондықтан әзілдің басы жәй ғана «ә» болғанымен аяғы «зіл» екенін ойлауға мәжбүрміз. Осындайда, сонау ҮІІІ  ғасырда қара тасқа ойып жазылған «Күлтегін, Тоныкөк, «Білге қаған» ескерткішінде жазылған өкініш пен өксікке толы қанды тарихтан түрік халықтарына төнген және алда төнер қауып-қатердің қайдан, кімнен келерін барлап та, зарлап та айтып  кеткені  есіме түсті

Ей тәубәшіл һәм ұмытшақ қазағым, сүйікті ағаларың Шәкең мен Мәкеңнің ешқандай зілсіз әзіл-қалжыңдары мені зіл-батпан ой тұңғиығына батырғандай болған соң Сіздердің назарларыңызды сол қасиетті қара тасқа ойып жазылған «Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштерінен бірнеше үзінділерге аудара отырып мұңдасқым келді:

Қалың елім, қазағым, тарих тағылымын ұмытып, бүгінгі күнмен ғана өмір сүре берер болсақ күндердің күнінде көк түрік бабаларымызша: «...Елді халық едім, елім енді қайда? Кімге елдік құраймыз?... Қағанды халық едім, қағаным қайда? Қай қағанға күш-қуатымызды береміз», - деп зар жылап қалмас па екен қазағым?! Алла сақтасын,  ондай қаралы, назалы күндерден. Қазақтың қазақтан басқа, одан қалса күллі түріктің түріктен басқа досы да жоқ екенін түсіне отырып тізе қоса, қол ұстаса әрекет етуден басқа не қалды ағайындар?!

Қадірлі Алаш азаматтары, енді бір сәт данышпан Білге қаған өсиетіне құлақ салыңыздар. Ол былай дейді:

«Алтын,  күміс,  ішкілікті,  жібекті есепсіз сонша берген Табғач халқының сөзі тәтті ақығы /қазынасы/ асыл» дей отырып, «тәтті сөз, асыл қазынасымен арбап, жырақтағы халықты өзіне соншама жақындатқан» Таң мемлекетінің қулығына құрық  бойламайтынын ескертеді.

***

Дана Тоныкөк былай дейді: «Түрік халқы елдігін жойды, қағандығынан айрылды. Табғач қағанына  бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Түрік бектері түрік атын жоғалтып, табғач бектерінің табғач атын тұтынып,  Табғач қағанына бағынды. Елу жыл ісін, күшін берді».

Ал, Білге қаған ол туралы былай дейді:

«Жақын қонғанымызда жағымсыз қылықтар үйретер еді. Жақсы, білікті кісілер, алып (ақылды) кісілер оған ілеспес еді. Бір кісі жаңылса, иелігіндегі халық, бесігіне дейін (ұрпағының ұрпағына дейін) жапа шегеді. Тәтті сөз, қымбат дүниесіне алданып, түрік халқы, өлдің, түрік халқы қырылдың.

***

Білге қаған халқына тағы да былай дейді: Түркі жұртым, сен аштықты да, тоқтықты да бастан өткердің. Бірақ бір жаманы, аш кезіңде тоқ болам деп үміттенбедің, тоқ кезіңде аш боламын деп ойламадың. Яғни көзалдындағы тірілікті ғана місе тұттың, Жоқ кезде тінтініп іздедің, бар кезде дүниені оңды- солды шаштың. Сөйтіп, өзіңе жаны ашыйтын қағаныңның, билеушіңнің еркіне қарсы іс істедің (оның аясына  топтаспадың). «Жер-жерге бардың, яғный бет-бетіңе босып кеттің. Жақсылықты өз-өз бетіңмен іздедің. Ақырында арып-ашып, өлімші қалге жеттің.

***

Түрік бектері, халқы, бұны естіңдер! Түрік халқын теріп (жиып)  ел тұтқандарыңды мында бастым. Жаңылып, бытырағандарыңды да мында бастым. Нендей бір айтар сөзім болса мәңгі тасқа бастым. Мұны көріп, біліңдер. Түрік халқы, бектері, бөдке, (тақ киесіне) иесіне кіріптарсыңдар ғой,  сіздер бектеріңізбен бірге жаңылыпсыздар ғой.

Білге қаған тағы да мынаны ескертеді: Түрік қағандарының барлық бектері мен халқы  бұл сөздерімді тыңдаңдар – осындай ұлы ескерткіш орната отырып, түрік халқын жиып-теріп ел қылғанымызды осында тасқа жаздым, тура жолдан адасып, жан-жаққа бытырап тозғындыққа түскенімізді де осында жаздым. Жалпы, көкейімде еліме айтпақ болған сөздерімнің бәрін осында тасқа жаздым. Осының бәрің оқып бұрындары не болғанын, қазір не болып жатқанын және болашақта не істеуіміз керегін ойлаңдар. Өйткені сендер, түрік халқы, бектері, біріншіден бөдке (таққа) құмарсыңдар, екіншіден жаңылғышсыңдар».  

***

Қадірлі Алаш азаматтары, түрік халықтары басынан өткерген бүкіл тарих бізге Білге қаған мен Тоныкөк сияқты ақылман қағандардың айтқанын істемей табғачтардың  алдап-арбауына  алданып қандай қайғылы, қасіретті бастан  кешкенімізді мың-сан рет дәлелдеп еді ғой. Бүгінгі таңда біздер – түркі халықтары  ХХІ ғасырдың алапат, жойымпаз отаршыл империяларының тегеурінді саяси, экономикалық, дипломатиялық айла-шарғыларына тап болып отырмыз. Бұл күндері тарихтағы әрқандай қауып-қатерден де зардабы орасан зор сынаққа тап болып отырмыз. Әсіресе, Қытайда өмір сүріп жатқан бауырларымыздың бүгінгі трагедиялық хал-жайын көріп біле отырып, Қытайға есікті айқара ашып, тағы да сан соғып қаларымызды ойламауға бола ма?!

Қытайдың қазақ халқына не істеп, қандай зұлымдықтарға барғанын Қытайда тұратын көзі ашық бір жас ақынның төмендегі өлеңі Қытайдағы әлуметтік желілерде жарияланғандықтан қудаланып, ондаған жылдарға сотталғаны белгілі. Қазақтың зарлы үнін, қасіретін қан жыламай оқу мүмкін емес.

«Арағын беріп айраныңды алды,
Көк шөбін беріп қаймағыңды алды,
Саяхат ашып байытамын деп,
Қанас пен Нарат, Сайрамыңды алды,
Тау мен көліңді, сайларыңды алды.
Қоржасын беріп жайлауыңды алды,
Орман мен тоғай қойнауыңды алды.
Қуырмаш беріп еттеріңді алды,
Шен беремін деп шекпеніңді алды,
Отырықтастырып отырғызды да,
Қырдағы қыстау, көктеуіңді алды.
Дуалын соғып далаңды алды,
Қара нөпір келіп қалаңды алды.
Қос тілде оқытып қарық қыламын деп,
Тіл ұқпас қылып балаңды алды.
Тумай жатып жатырдағы балаңды алды.
Етек жеңің жиналмай жатыр,
Аңқау қазағым,  енді нең қалды?!!»

***

Иә, шынында аңқау қазағым, енді нең қалды?

***

Иә, шынында аңқау қазағым, енді нең қалды?!

Марқұм Шәмші Қалдаяқов пен Мәлікаждар ағаларымыздың  қарапайым әзілдерінен басталған  қалжыңдары бізді осындай ауыр ойларға, Білге қағандай данышпандарымыздың  өсиеттерін есімізге  салуға  түрткі болып еді. Бейғам, ұмытшақ  қазағым сіздер қандай ойда, қандай толғаныста жүргендеріңізді білгім келеді.

***

Сонау 1975 жылы - «Қазақ» газетінің 1914 жылғы бір номерінен Башқұрт Бектұрлыұлының Қызайдың ас беруіне арналған (Жабықбайдың әкесі  Бұлғыншыға берген асын көргенде жазғаны) жолжазбасында...

– Е, қайран бейғам қазағым-ай күндердің бір күнінде Орал тауларынан айрылған біздің башқұрт-татарлар құсап мына гүл жайнаған Іленің тау мен даласынан айрылып, сорлап қаласың ба деп қорқамын, - деген жолдарын  оқығанда ішіме өрт түскендей аһ ұрып:

– Иә, солай болды башқұрт бауырым, біз де айрылдық қасиетті Іледен, Шығыс Түркістаннан деген болатынмын. Тағдырласпыз, қайғы-қасіретіміз ұқсас сорлаған көкбөрінің жетімек бөлтіріктеріміз ғой.

Құдайым ақырын берсін, бір қалыпта тұрған тарихты адамзат білген емес. Бәрі де өзгереді, тарих қайталана береді. Тасыған төгіледі, Асқанға тосқан бар. Бірақ, ғапыл пенде бақ құсының қолына қонғанын білмей, басынан пыр етіп ұшқанын бір-ақ біліп, санын соғумен келеді. Адам ата, Хауаананың перзенттері қашан ақылды, есті болар екен? Әсіресе, біздің қазақ?!

***

Қадірлі Алаш азаматтары, бұл мақала осыдан 10 жыл бұрын жазылса да кезінде ағымдағы баспасөз бетінде жарияланбай қалып еді. Содан бергі жылдардағы геосаяси  жағдайдың қаншалықты өзгеріп кеткеніне қарамай мен көтерген қазақ-қытай қарым-қатынасына қатысты проблемалар көбеймесе азая қоймағанын көріп отырмыз, әсіресе, Қытай мен Қазақстанның визасыз барыс-келісі  басталғалы  Қытайдан келіп-кетіп жатқандардың еліміздің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін арандатушылар әлеуметтік желілерде аузына келгенін айтып, қазақ халқын масқаралайтын хабарларды ашық жариялап, елдігімізді мазаққа айналдыра бастады. Назарларыңызға ұсынылып отырған «Мысық көз»» бейне көріністе:

«Қараңдар, бұл жер 750 му  (16 му бір гектар) бағасы 10 мың доллар. 70 мың иуан, бұдан басқа не істейсің? 1000 қой бақсаң, келесі жылы 2 мың қой болады. 100 процент пайда. Бұдан өтетін бизнес болмайды. Тағы да бір теңіз жағасында менің жеріме ұқсайтын бір жер бар. Бұның бәрі сенікі 8 қатын алып, қой бақтырып қойсаң, тек пайда табасың, зиян деген болмайды. Тиісті  құжаттың бәрі бар. Тағы 10 мың доллар төлеп, тоған салып, бірнеше жылжымалы үй салып, бірнеше хасаны әкеліп 5мың қой бақтырып қойсаң, келесі жылы 10 мың болады 100 процент пайда. Қытайда 10 процент пайда табудың қиындығын айтсаңшы, оны да әке-көке деп жүріп табасың».

Көріністі  көрген қытайлық кезбелер еш ұялмастан ашықтан-ашық қарғаша қарқылдасып: Отандастар мұнда келіңдер. 7-ден хаса қатындарын алып 7-8 ден бала туғызыңдар, оны қазақ өкіметі өзі асырайды – ақша береді. Бала сенікі сөйтіп қытайлардың санын көбейтіңдер, келешекте әлемді қытайлар билейтін болады.

Келіңдер мұнда жер көп, бағасы түкке тұрмайды. Малыңды хасалар (қазақтар демейді, қазақты кемсітіп айтқаны Ә.Д.) бағады қыз-қатыны сенікі ха, ха... Мінеки, қытай келімсектері осылай сөйлеп қана қоймайды, үйсіз, күйсіз, байсыз қатындар мен кәрі қыздырды тиын-тебенмен шырғаласа арақкеш қазақтарды арақпен суғарып, гектарлап жер сатып алып нақты істерге кірісіп кеткенін көріп-біліп  отырған жергілікті мансаптылар да өз есебін туралап білмегенсіп отыр.

Егер қытайлар осылай қазақтың даласы мен қаласына сұғына кіре берсе, алдағы оншақты жылда-ақ Қазақстанды «Екінші Шинжияң – жаңа шекара – жаңа өлкесіне» айналдыруға бұқаралық-ұлттық негіз жасап алары сөзсіз.

Бұл «Мысық тілеу – мысық көзділер» Орталық Азиядағы бес түркі тектес республиканың ішкі жағдайына барлау жасап, бұл ел халқы КССРО-дан бөлініп шыққаннан бері дамымақ түгіл барынша құлдырап, халқы азып-тозып, әйелдері жаппай жезөкшелікпен айналысып, тән саудасымен айналысып кетіпті. Оларды жалпы саны мен қалалардағы бір реткі тән саудасының бағаларына дейін анықтап шығыпты. Әсіресе Тәжікстан астанасындағы нақты мәліметті келтіре отырып «қыздары өте сұлу болады екен, қытай ақшасымен есептегенде түкке тұрғысыз баға» деп жазған мақаласын қазақ тіліне аударып жариялауға ұсынып отырмыз.

***

Қазақстанның Қордай ауданындағы Масаншы ауылында тұратын дүнгендер туралы әр республикалардағы олардың санын айта келіп, оларда да жер көп, өте арзан, дүнгендер өте бай тұрады дейді. Бірақ сонау Қытай  қорғанының батысында тұратын дүнгендер Шинжияңға одан Қырғызстан арқылы Қазақстанға қоныс аударған босқындық тарихы туралы бір ауыз сөз айтқысы келмейді. Өйткені Қытайдан келген дүнгендер генерал Кауфманның қытай генералы Люжинтанның ультиматовына қайтарған жауабына атап  өтілгендей: «...Біздің жаққа қылмыскерлер емес, 5 мыңға жуық сіздердің әскерлеріңіздің қатігездігінен қашып шыққан кедей дүнген отбасылары болатын». Ол дүнгендер орыс патшасының қамқорлығында отырған бейкүнә жандар еді.

Қытайдың арандатушы кезбелері сол дүнгендерге құт мекен болған қазақ жеріне сұқтанып, қара қытайларына таныстыра, қыт-қыттаған қораздай ашықтан ашық шақырып тұр.

Қадірлі отандастар, қаупың қайдан болса қатерің содан екенін естеріңізге қайталап айтуды жөн көрдім, сіздер не ойлап жүрсіздер, бұған не дер екенсіздер?

***

Қытай бойжеткеннің өз көлігімен Қазақстандағы Масанчи қалашығына келіп, онда тұратын дүн еандар туралы  берген мәліметі:

Менің қазіргі  тұған жерім Қазақстанның Масанчи қаласы. Орталық Азияның  Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерінде тұратын Қытайдан келген хуй (дүнген) халқы көп екен. Мен жаңа ғана танысқан дүнген ағамыз да осы жердегі Дүңген ауылында тұрады екен. Мұнда тұратын хуй отбасыларының барлығын да кең аула, зәулім үй, шетелдік сәнді көліктері бар екен. Аулалары толған шет елдерде шығарылған әртүрлі сәнді автокөліктер, 1990 жылдары шығарылған ескі көліктер және 1980 жылы шығарылған көне СССР көліктері. Бұл жерде ескірген көліктерді істен шығару деген ұғым мүлдем жоқ, жүруге жараса болды ешқандай шектеусіз жүре береді екен. Ал біздің Қытайда керісінше, 10 жылдан асқан көліктерді жыл сайын тексеруден өткізуді талап етеді, тексеруден өтпеген көліктерді қолдануға тыйым салады. Бұл жерде көне көліктерді жыл сайынғы тексеруден өткізіп, сақтандыру ақысын төлесең, қашан жүруге жарамай қалғанша пайдалана бересің. Сақтандыру ақысы жылына 10 мың теңге, бұл 1500 қытай иуанға тең болады. Қырғызстада тіпті арзан 2100 сом ғана. Бұл үлкен үймен кең ауланың айналасындағы кең аумақты егістік жермен қаптаған малдың бәрі осы кісіге тәбиғы. Үйінің ішіне кірсең, онда кең қонақ бөлмесі, бірнеше жатын бөлмесі, ас үйі және ұлының үйленуіне арналған үйі бар. Бөлмелердің барлығы жоғары деңгейде сәндетілген және сапалы үй жабдықтармен толтырылған. Үйдің бір бұрышында ата бабаларының Қытайдан қашып келген кездегі төсек-орындары жинаулы тұр, бұл бұйымдарды олар ұрпақтан - ұрпаққа ата мұра ретінде тапсырып және оны ешқашан тастамай келген. Бұл ауылда шэньсидің көне тілінде сөйлейтін 60  мың дүнген халқы тұрады. Негізінде, олар басқа жұмыстармен айналыспайды және олардың барлығы көкөніс өсірумен күн көреді. Ауылшаруашылыққа арланған жер мен тұрғын үйге арналған жердің барлығын укімет берген. От басындағы жан саны көп болған сайын берілетін жер көлемі де көп болады. Бұл ағамыз кәзір 43 жасқа келген 5 баласы  бар, от басындағы бала санына шектеу қойылмайды, қаншалықты көп тусаң, соншалықты көлемді жер иеленумен қатар укіметтен соншалақты көмек жәрдем аласың. Қазіргі уақытта оның әйелінің 5 баласы болғандықтан укімет  айына 100 ақш доллар субсидия береді. Одан тыс көлік, оқу және медициналық көмек ақысыз беріледі. Балалар мектепке барған кезде оқу ақысының бір бөлігін төлеуі керек. Масанчидің айналасында бірнеше ауылдары бар және олардың тұрғындары негізінен дүнген халқы. Жергілікті тұрғындардың үйлену тойына арналған қалың мал құны 1000 доллардан 1300 долларға дейін, бұл олардың өміріне еш қандай қиындық тудырмайды.

***

Қадірлі отандастар, қытайлық кезбе бикештің Масанчидағы дүнгендердің  тұрмыс-тіршілігіне тамсана жазған сөздері көп болғанымен осы дүнгендердің Қазақстанға қайдан, қашан, қалай келіп қалғаны жөнінде  бір ауыз сөз айтқысы келмейді. Тарихтан белгілі болғанындай  дүнгердің ата мекені Қытайдың ұлы қорғанының  оңтүстік батысындағы Гансу,  Шынхай,  Нинша өлкелері еді. Олар Қытайдың зорлық-зомбылығына қарсы көтеріліске жиі шығып, қытай жазалаушы әскерлерінің соққысынан ығысып, жан сауғалап, қазіргі Шинжияң өлкесіне қашып келуші еді. ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары  Қытайдың қанды қол генералдары  Зо Зыңтаң мен Лю Жинтаң қырғынынан бас сауғалап, қазіргі Қырғызстан арқылы Қазақстанға келіп қоныстанған дүнгендердің ұрпағы туралы айтқысы келмейді.

Сол тұста бұл босқындардың соңына түскен аталған қатігез генералдардың қолына түспей, аман құтылғанына қаһарланған генерал Лю Жинтаң ақ патша генералдары Кауфман мен Калпаковскийге 1876 жылы сес көрсете ультиматум тапсырып «қашқындарды қаытарып беруге 50 күндік уақыт берілетінін, егер осы уақыт ішінде босқындарды қайтармаса ол әскерімен Ресей иеліктеріне соғыс ашатынын айтып шарт қояды. Осыдан бес-ақ жыл бұрын сылтауратып Іле сұлтандығын басып алған Калпаковский «Біздің жаққа қылмыскерлер емес, бес мыңға жуық сіздердің әскердің қатігездігінен қашып шыққан кедей дүнген отбасылары. Ол дүнгендер орыс патшасының қамқорлығында отыр. Сондықтан олар біздің жерде қалады», - деп жауап берген.

Қытайдың кезбе бикеші бұл тарихты ауызға алғысы келмейді. Қашқын дүнгендердің көсемі Байянхудың тағдыры жөнінде де ойланғысы келмейді. Оған керегі дүнгендердің қасіретті тарихы емес, бүгінгі Қазақстандағы құт мекені, ұлан байтақ жері, байлығына сұқтанып, қытайлықтарына жарнама жасап отыр.

***

Қадірлі отандастар, қытайлық «мысық көзді, мысық тілеу» телехабарында жарияланған Тәуелсіз Тәжікстан туралы берген төмендегі жазбасын жаның түршікпей, бауырлас тәжік халқын, Тәжік мемлекетін масқаралаған хабарын  көру, оқу мүмкін емес. Сіздер осыны оқып, қандай көңіл күйде болғандарыңызды білгім келеді:

Бес Орта Азия елдерінің біреуі болған Тәжікстанда сұлу қыздар көп болатын ел деп атанған. Совет союзы ыдраған соң, бұл елде ұзақ жылдарға  созылған ішкі соғыстың салдарынан ерлермен әйелдердің үлесі ауыр жағдайда алшақтаған. Осы себептен, бұл елде бір ерге көп әйел алу жағдайы қалыптасып, заңды түрде мойындалмағанмен, қалыпты қоғам тәртәбәне біртіндеп айланып әрі уақын өткен сайын ауырлаған. Бір ерге көп әйел алудан басқа, бұл елдің экономикасының құлдырауы жезөкшелік кәсібінің қарқынды дамуына қолайлы жағдай тудырды.

Баршаларыңызға сәлем, «мысық көз бақылау аудиториясына» (猫眼观察室) қош келдіңіздер, «мысық көз бақылау аудиториясы» әлемдегі ең таңғажайып ақпараттармен сіздерді бұрын-соңды естімеген, білмеген таңқаларлық әлемді таныстырады. Қоңраушаны басыңыздар, қызықты мазмұндарды жіберіп алмаңыздар.

Тәжікстан дербестік алған соң жезөкшелікке жақындай бастады, заңдық тұрғыдан да қабылданды. Солай бола тұра, кейбір жезөкшеліккке байланысты әрекеттер, мысалы клиент тарту және жезөкшелік клубтарға шектеулер қойылды. жезөкшелікке клиент тарту заң бұзушылық деп танылды. Тексеру кезінде қолды болған жезөкше қыздарды айып пұл салған соң қоя береді, ал жезөкшелікке клиент тартушыларға 8 жылдан артық түрме жазасын береді. Солай бола тұрса да, көптеген адамдар күн көру үшін жезөкшелік саласына белсенді түрде кірісті. Бірлескен ұлттар ұйымының арнаулы тексеру санағы бойынша, Тәжікстанда жезөкшелікпен шұғылданатын әйелдердің саны 14 мыңнан асқан, жасырын жезөкшелік орталықтардың саны 200 ден асқан. Бұл арнаулы орталықтардан басқа, көшелер бойындағы бар-мейрамханаларда, дискотика және массаж жасау орталықтары жезөкшелікке толған. Кейбір жезөкшелік ұлғайған аумақтарда арнаулы «қызыл шамды» райондар қалыптасып, тән саудасы күннен күнге қыза түскен.  Тәжікстан басқа елдерге негізінен жабық болғандықтан, бұл елге кіру руқсатын алу өте қиын, сол себептен клиенттердің көп сандысы жергілікті ер азаматтар және  тілі мен мәдениеттері жақын болған көрші Ауғанстан саяхаттаушыларынан тұрады. Жезөкшерлердің еңбек ақы мөлшері де әр түрлі, көше бойындағы қыздар ең арзан, оларда түрақты орын болмайды, жағдайлары нашар, ең төменгі ақысы 15 иуанға да барады, ал қаладағы шақырумен баратын қыздардың ақылары одан 10 есе жоғары болады, ел ордасы саналған Душанбеде ең қымбат. Жоғары дәрежедегі қыздардың бағасы 80~100 доллар болып, бағаға көп мән бермейтін мансапты және бай адамдарға арналады. Бүл елде жезөкшелік заңдастырылса да, жезөкше қыздарды тәртіп сақшылары ұстап алып айыппұл салып, денсаулықдарын тексертіп, жұқпалы ауру болғандарын жәриялап емдеуге жіберіп тұрады. Қоғам тәртіп сақшыларының бұл әрекеттері жезөкше қыздардың кісілік құқын бұзумен қатар жеке мүдделеріне де қол сұққандық болып саналады. Тәжікстан үкіметі жезөкшелікті тізгіндеу шараларын да ойластыруда, жезөкшелікпен айналысатын қыздарды қадағалаумен қатар оларға баратын ер клиенттерді де жазалауды қарастыруда. Бірақ та түрлі себептермен бүгінге дейін іске асырылмай келеді. Көп санды адамдардың байқағандары, Орта Азия елдерінің барлығы дамымай қалған елдер, бұл елдерде ең көз тартарлығы сұлу кыздар өте көп болады екен.

Әлімғазы Дәулетхан,

Қазақстан Жазушылар Одағының құрметті жазушысы

Abai.kz

2 пікір