Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Ақмылтық 1295 17 пікір 18 Сәуір, 2024 сағат 14:11

«Айбынның» үш дәрежесі үш батырдың атымен аталады

Кеше ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Осы заңның негізінде «Айбын» орденінің үш дәрежесі қазақтың үш батырының атымен аталатын болады.

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің бірқатар депутаттары (Е.Т.Жаңбыршин, Н.Б.Жүсіп, А.С.Құспан, Г.Т.Сарыбаев, Б.С.Ізмұхамбетов) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына бастамашылық етті.

Аталған заң жобасы мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруге бағытталған және ол арқылы «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаев есімдерін беру жөнінде өзгерістер мен толықтыру енгізілмек. Атап айтқанда, орденнің бірінші дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, екінші дәрежесіне – Бауыржан Момышұлының, үшінші дәрежесіне – Рахымжан Қошқарбаевтың есімі беріледі.

Депутаттардың мұндай бастамасына тарихи әділеттілік орнату және айбынды жауынгерлеріміздің ерлігін еске алу негіз болды. Біздің сайыпқыран ерлеріміздің, Отан қорғаушыларымыздың есімдерін берудегі таңдап алынған кезектілік олардың даңқты жауынгерлік ерліктеріне байланысты.

Нақтылап кетсек:

Сағадат Нұрмағамбетов – Кеңес Одағының Батыры (1945), Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі (1992–1995), Халық Қаһарманы (1994), Қазақстан Республикасы армиясының генералы (1993).

Бауыржан Момышұлы – Қызыл армия командирі, панфиловшы, полковник (1943), Кеңес Одағының Батыры (бұл атақ 1990 ж., қайтыс болғаннан кейін берілді).

Рахымжан Қошқарбаев – Қызыл армия офицері, Рейхстаг баспалдағында жеңіс туын алғашқылардың бірі болып көтерді, Халық Қаһарманы (1999).

Сонымен қатар заң жобасы Қазақстан Республикасы Конституциясына, мемлекетімізбен ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстанның қатысушы болып саналатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейтінін атап өту қажет.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

ЕР ЕРЛІГІН ҰЛЫҚТАУ – ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ ТАРИХИ ТАЛАБЫ 

Елге еңбегі сіңген ерлерді ұлықтау – елдіктің белгісі. Сондықтан мемлекет тарапынан берілетін түрлі дәрежедегі ордендерді Отан қорғауда ерен ерлік көрсеткен, халқымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан айтулы батырларымыздың есімдерімен атау – орынды іс деп білемін.

Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда еліміздің әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атауды ұсынғаны – әділ шешім. Бұл бастама бүгінгі заң жобасында көрініс тауып, заңнамалық тұрғыдан тиянақталғалы отыр.

​Қазақтың аталған үш батыры да – аттары аңызға айналған әйгілі тұлғалар. Сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлік көрсетумен қатар, бейбіт күнде де елге еңбектері сіңді. Мәселен, Сағадат Нұрмағамбетов әскери саланың білікті маманы ретінде Қазақстан Қорғаныс министрі, армия генералы болып, еліміздің қорғаныс саласының дамуына мол үлес қосты.

​Қазақтың һас батыры, қайсар қаһарман Бауыржан Момышұлының есімін білмейтін адам кемде-кем. Ол ерлік пен өрліктің, намыс пен ардың, тапқырлық пен парасаттылықтың символына айналып кетті. Оның қаламынан туған көркем шығармалардың, ғылыми-танымдық еңбектердің мәні өте зор.

​Ал Берлиндегі Рейхстагқа алғаш рет жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев майдан өмірінен тағлымды кітаптар жазып, түрлі салада жауапты қызметтер атқарып, ел дамуына ерекше еңбек сіңірді.

Екіншіден, бұл тарихи әділдікті қалпына келтіруде оң шешім болмақ. Өйткені әрбір тұлға – тарих.

​Үшіншіден, бұл – біздің саяси бағытымыздың жаңа мазмұнға ие болуы. Мемлекеттік идеология, ұлттық тәрбие тұрғысынан маңызды қадам болмақ. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетіп, мазмұнын байыта түспек.

Төртіншіден, «Айбын» орденінің дәрежелеріне біздің атақты әскери басшыларымыз бен қайсар жауынгерлеріміздің есімдері тарихымызда тұңғыш рет беріліп отыр.

​Сонымен қатар қазіргі сәтте су басқан өңірлерде жан аямай еңбек етіп, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып жатқан әскери қызметкерлерді осы орденмен марапаттаса, өте орынды болмақ.

Сондықтан да батырлар есімімен аталған бұл ордендер бүгінгі күннің батырлары тағатын нағыз мәртебелі марапатқа айналатынына сенімдімін.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі

Дереккөзі: Дат гәзеті

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар