Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаһан жаңғырығы 3389 28 пікір 4 Қараша, 2022 сағат 13:54

Қыз ажалы - режимге қарсылық!

Иранда халықтық толқулар қайта күшейді. Иранның Әзербайжанмен шекаралас аймағында халық Ираннан бөлініп, Әзербайжанға қосылуға шақыруда. Иранда 25 млнға жуық этникалық әзербайжан бар. Олар "Әзербайжан отанымыз, Әлиев басшымыз" деп ұрандатқан. Ал Парсы елінің өзге аймақтарында халық билікті төңкеруге шақырып, режимді қаралайтын ұрандар айтқан.

Бейсенбі күні Иран полициясы Карадж бейітіне баратын жолды бұғаттап тастады. 40 күн бұрын қаза тапқан Хадис Наджафиді еске алуға жиналған жұрт, қайта толқуға шықты. Хадис Наджафи 40 күн бұрын Тtгерандағы бейбіт митингте оқ тиіп, көз жұмған болатын. Тәртіп сақшылары бейітке бармақ болғандардың жолын бөгеп, көзден жас ағызар газ қолданған. Бұл тараптар арасындағы қақтығысқа ұласты.

Полицияның әрекетіне қарсылық мақсатында халық Карадж жолын жауып тастады. Көліктерді өртеп, "Бұл қанды жыл, Сейед Әлиді тақтан тайдыратын жыл" деп ұрандады. Бір апта бұрын Иран халқы толқулардың басты себепкері болған Махса Аминаның қазасына 40 күн толуына байланысты бейіт басына жиналмақ болған сәтте полиция оқ жаударып, бірнеше адам жарақат алып, екі адам көз жұмған болатын.

Ирандағы наразылықтар 22 жастағы Махса Аминаның қазасынан кейін басталды. Тәртіп сақшылары хиджабты дұрыс тақпағаны үшін соққыға жығып, қаршадай қыз көз жұмды. Бұл оқиға Иран халқын дүр сілкіндіріп, көшеге ондаған мың әйелдер шықты. Олар әйел құқығын қорғауды талап етті. Әйелдердің толқуына ерлер де қосылды. Әйел құқығын қорғау бойынша басталған наразылықтар әлеуметтік мәселелерді айту мен режимді төңкеруге қатысты ұрандарға ұласты.

Махса Аминаның қазасынан кейін 16 жастағы Ника Шакарами Тегеранда тұтқындалды. Оған заңсыз толқуларға қатысты деген айып тағылды. Никаның туыстары қызды полиция тергеу изоляторында өлтіріп, Тегераннан 40 шақырым жерге көміп тастағанын білді. Бұл Ирандағы толқуларға отқа май құйғандай әсер етті.

Иран билігі қателігінен сабақ алмады. 22 жастағы блогер және тиктокер Хадис Наджафи 21 қыркүйек күні наразылыққа шығушылардың бірі болды. Ол өзінің тик-ток желісіне видео салып, онда "бірнеше жылдан кейін мен өткенге көз жүгіртіп, барлығы да жақсы жаққа өзгергенін көремін деп үміттенемін" деген видео салды. Видео жарияланған соң, оны бір сағаттың ішінде тәртіп сақшылары өлтіріп кеткені белгілі болды. Сақшшылар қыздың отбасына қысым жасап, жүрек талмасынан көз жұмды деп айтқызбақ болған.

Иран билігі толқуларды күшпен басып, аяусыз таратуғы тырысуда. Iran Human Rights мәліметіне сүйенсек, 277 адамның қаза тапқаны белгілі. Оның ішінде 24 әйел мен 40 бала бар. Ал бейресми деректер қаза тапқандар саны 500-2000 арасында дейді. Ұйым Норвегияда орналасқан, сондықтан нақты ақпаратқа қол жеткізу қиынға соғуда дейді.

Иран билігі толқуларды сыртқы күштер ұйымдастырды дегенді айтады және АҚШ, Израильді айыптап, айбат шегуде.

Ка Мырза

Abai.kz

28 пікір