Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Аласапыран 1166 2 пікір 15 Наурыз, 2024 сағат 16:06

АҚШ-Қытай ерегесі: Трамптың Шиге қарсы операциясы

Сурет: Andrew Harnik

«Reuters» агенттігі: «АҚШ Трамптың кезінде Қытай төрағасы Ши Жипиңге қарсы операция жоспарлаған», - деген мақала жарияылады.

Агенттік дерегіне сүйенсек, 2019 жылы АҚШ президенті ретінде Дональд Трамп Орталық барлау басқармасына (Central Intelligence Agency) Қытайда Ши төраға үкіметіне қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру үшін жасырын операция жүргізуді тапсырған.

Жоспар бойынша: CIA қытайлық әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар құрған және онда қытай билігінің әрекеттері туралы беделге нұқсан келтіретін ақпараттар таратқан оперативтік топ жасақтаған.

Агенттер Қытай Коммунистік партиясының мүшелері «заңсыз жиналған ақшаны шетелде жасырады» деген посттар жазып, Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» инфрақұрылымдық бастамасын ысырапшыл және сыбайлас жемқорлық деп атаған.

Мұндай операция жүргізуге себеп: Вашингтонның Қытайдың әлемдегі ықпалының артуынан қорқынышы, Бейжің геосаяси дауларда дамушы елдердің қолдауына қол жеткізуге тырысқаны, сондай-ақ жалған ұйымдардың көмегімен АҚШ-тың ішінде бөлініс жасауға тырысқаны туралы барлау мәліметтері болған.

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, CIA агенттері Қытай үкіметіне және оның сыртында - Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде, Африкада және Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігіндегі Бейжің мен Вашингтон ықпалы үшін күресіп жатқан аралдық мемлекеттерде жұртшылықты қарсы қоюға тырысқан.

Американдық барлау қызметі де шетелдік БАҚ-қа ҚХР билігі тарапынан жағымсыз көрініс тапқан барлау мәліметтерін таратқан.

«Reuters» агенттігі: «Қолымызда Жо Байденнің әкімшілігі бұл операцияны жалғастыратыны туралы дерек жоқ», - дейді. Сондай-ақ,  Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілдерінен жоғарыдағы дерекке қатысты түсініктеме ала алмаған.

Abai.kz

2 пікір