Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 1635 8 пікір 24 Қаңтар, 2024 сағат 15:23

Путиннің достары қаһарына мінді

Путиннің қысқа мерзімге жоспарлаған аталмыш «арнаулы операциясы» екі жылға аяқ басты.

«Әлемдік әскери держава» әскерінің күні уран байыту мен ғарыш кемесін ұшырудан орыстан көш кейін қалған Иранның «Шаһид» дроны мен Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыранына қарап қалды. Ресейдің екі әскери әріптесі Кремль тарабына әскери көмек беріп қана қоймай, жаһандық экономикаға тікелей әсер ететін әлемдік геосаясатты бірге ушықтыруға өзара уәделескендей.

Қаңтардың 15-күні Иран Ирақтың Курд аймағындағы Израильдің «Моссад» шпиондық органының штабына соққы бергенін мәлімдеді. Бірақ Ирақ тарабы Израильдің әскери штабының болғанын жоққа шығарып, төрт адам опат болған шабуылды айыптады. Иран сонымен бірге Сирияның батыс-солтүстігіндегі «Ислам мемлекеті» ұйымының базасына әуеден соққы жасады.

Өз қадамын Иран генаралы Сұлайманиды еске алу кезінде болған жарылысты мойнына алған аталмыш үйымнан кек алу деп түсіндірді.

Қаңтардың 16-күні Иран ойламаған жерден Пәкістанға зымыранмен, дронмен шабуыл жасады. Иран тарабы өз әрекетін сунни бағыттағы «Jaish al-Adi» (Ақиқатшылдар қосыны) ұйымына қарсы жасалды деп түсіндірді.

Пәкістан да қарап жатпай, Иран жеріне соққы жасады. Екі жақтан да адам шығыны болды.

Америка тарабы Таяу Шығысты дүрбелеңге салған «ХАМАС», «Хезболла», «Хуситердің» артында Иран тұр, басқаның қолымен от көсеп отыр», - деп, Тегранды айыптап келген еді.

Путиннің серіктесі Иран билігінің әшкере ұрысқа да кет ары емесі соңғы әрекеттерінен анық байқалды.

Ал Солтүстік Корея болса, жаңа жыл бастала салысымен Оңтүстік Кореяның шекарасына жақын жағалауды зымыранмен атқылады. Өткен аптада Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны бауырластары тұратын ел санамайтынын, керісінше ядролық бомбаның күшімен жаулап алатын басты дұшпан көретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ адамсыз атом сүңгуір кемесін сынақтан сәтті өткізгенін, Американың кемелерін жоюға қауқарлы екенін жеткізді. Қазір әлемдік сарапшылар «Ким Чен Ын Кореяға шынында соғыс аша ма?» деген мәселеге бас қатырып жатыр.

Сарапшылар Путиннің достарының құқайы Ресейдегі президент сайлауы кезінде тағы да қарқын алып, Америкадағы президент сайлауы аяқталғанша жалғасады деп болжауда.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

8 пікір