Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 3662 1 пікір 30 Мамыр, 2022 сағат 12:31

Қытай - бір партия билеген диктаторлық мемлекет

Басы: Дэн Сияопиннің ұлттық бірлік стратегиясы

Мемлекет аралық қатынаста Дэн Сияопин қоғамдық түзім мен идеологиялық парықтарды қайырып қойып, бейбіт, қатар өмір сүру әдісі арқылы Қытайдың сыртқы әлеммен дипломатиялық байланысын жақсартуда пайдаланған ерекше стратегиясы болатын.

Дэн Сияопин осы стратегияны одан әрі дамыта отырып, осы әдіс арқылы мемлекет ішіндегі қайшылықтарды да шешуге болады екен ғой деп ойлады. Ол: «Егер бір мемлекетте екі түрлі түзім қолдану арқылы Қытайдың біртұтастану мәселесін шеше алсақ, миллиардтаған халық тұратын ұлы құрлық социализм жолымен жүрсе, ал Тайвань, Гонконг, Макао қатарлы аймақтар капитализммен жүре берсін. Бейжің оларды басқаруға адам жібермейді. Атап айтқанда, ол аймақты басқаруға тікелей араласпайды. Ешкім ешкімді жұтып қоюға талпынбайды. Өстіп бейбіт, қатар өмір сүрсек болды емес пе?!» - деген тұжырымға келді.

Бір мемлекетте екі түзіммен бейбіт, қатар өмір сүру, бір-бірін жұтып қоюға ұмтылмау, бұл күллі әлемдегі коммунизм қозғалысы тарихында бұрын-соңды болып көрмеген, мүлде жаңа идея. Бұрын социализм мен капитализмнің ара-қатынасы өліспей – беріспейтін жаулық қатынас болатын. Сонда, бейбіт, қатар өмір сүру деген не сөз өзі?! Қытайдың іші-сыртында Дэн Сияопиннің бұлай жасауы «ҚКП идеологиялық негізін шайқалтып жібереді, іргетасын құлатады» дейтіндердің қарасы аз болған жоқ. Бұған Дэн Сияопиннің жауабы дайын болатын: «Біз Қытайлық ерекшелікке ие социализм құрып жатырмыз. Бұл ерекшеліктің ерекше маңызды мазмұндарының бірі Гонконг, Макао және Тайвань мәселесін бейбіт шешуге бағытталады. Мұнда екі түрлі қоғамдық түзімнің қатар өмір сүруіне жол береміз».

Шынында, Қытайлық ерекшелікке ие социализм идеясы негізінде Қытай әлденеше ерекше экономикалық аймақ құру жобасын жүзеге асырды. Оған жиырмадан аса ашық қалаларды қосыңыз. «Ол жерлерде шет ел капиталының дербес өмір сүруіне мүмкіндік жасалған. Бірақ ол сол жерлердің социалистік түзімін өзгертіп жіберген жоқ қой. Егер біздегі социалистік түзім іштегі шет ел капиталымен қатар өмір сүруге болады екен, онда біз не себепті Қытай аумағындағы ішкі капиталмен қатар өмір сүре алмаймыз?!» - деген логикалық ойлаумен Дэн Сияопин одан бұрын құрылған «ерекше экономикалық аймақ» ұғымын одан әрі кеңейту арқылы болашақта Қытай иелігіне қайтарлатын Гонконг пен Макаоға Қытайлық ерекшелікке ие социализмнен өз орнын алып берді. Былай қараған адамға, «ерекше экономикалық аймақ» пен «ерекше әкімшілік аймақтың» пәлендей парқы жоқ сияқты. Логикаға салсаң, ерекше «экономикалық» деген сөздің орнына ерекше «әкімшілік» деген сөз ғана ауысып тұр. Осы ойдың жетегімен тереңдей берсе, Гонконг пен Макао Қытай иелігіне қайтқан соң да, ол жердегі өндіріс қатынастарын да өзгертуге асығудың қажеті жоқ екен. Бұл жерде республика аумағына жаңадан бірнеше «ерекше әкімшілік аймақ» қана қосылады екен. Қоғамдық түзімі - сол баяғы капитализм, өзгерген ештеңе жоқ. Құда да тыныш, құдағи да тыныш.  Сол бай-бақытты, гүлденген, қағанағы қарық, сағанағы сарық күйде қала береді. Ең бастысы, Қытай бір кездері өз уысынан шығып кеткен өз жерлерін табысты түрде қайтарып алады. Қой да аман, қасқыр да тоқ.

Өкінішке орай, Қытайдың бүгінгі билігі олай ойламайтын сияқты. Қытай билігі өткен жылы ғана «Гонконг ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заң қабылдап, ол жерлердің ішкі ісіне тікелей қол сұға бастады. Соның кесірінен Гонконгтың халықаралық мәртебесі айтарлықтай зардап шекті. Экономикалық жағдай құлдырап барады. Саяси қудалау да басталып кетті. Бұл, дау жоқ, ойланбай істелген ора-шолақ саясаттың кесірі болатын.

Дэн Сияопин Гонконг пен Макаодың негізгі заңы 50 жыл бойы өзгермейді деп уәде берді. 23 жыл өткеннен кейін ҚКП кейінгі ұрпағы ол уәдеден айнып қалған сияқты. Бірақ сол кезде 50 жылдан кейін не болады деген сұрақ қабырғасынан қойылды. Бұл сұрақтың түпкі мәні 50 жылдан соң ұлы құрлық капитализм болады ма, жоқ Гонконг пен Макао социализмге көше ме деген сұрақ болатын. Мүмкін Дэн Сияопин сол кезде жарты ғасырлық дамудан соң, ұлы құрлық пен аталған аймақтардың парқы да қалмайды деп пайымдаған болуы мүмкін. Сонда да ол айналасындағы Қытай коммунистеріне: «Социализм құруда белгілі батылдық пен ерік-жігер болмаса, болмайды. Біз, Қытай коммунистері, басқалардан да кеңірек ойлайтынымызды әлемге әйгілеуге тиіспіз. Ұлы құрлықтағы екі түзімді қатар қолдану сынды икемді саясат түптің түбінде социалистік принциптен безіну үшін жасалып отырған жоқ. Ұлы құрлықтың негіздік рөлі көз алдыда көрініп тұр ғой. Онда миллиардтан астам халық өмір сүреді. Ал Гонконг, Макао, Тайваньды қосып есептегенде 25 млн халықтан аспайды. Ең бастысы, билік біздің қолымызда ғой» - деп сендіретін. Бұл дегені егер ҚКП өздігінен социализм жолынан безінбесе, Гонконг, Макао және Тайвань аймақтары қанша дамып кеткенімен, ұлы құрлықтағы миллиардтаған халықты өмір сүріп отырған қоғамдық түзімді өзгертіп жібере алмайды дегендегісі еді. Бұл жерде пәленің басы «билік біздің қолда ғой» дегеннен шығады екен. Гонконгтың қазіргі тағдыры қолында абсолютті билік барларға мәңгі сенуге болмайтындығын әйгіледі.

Сол кезде көптеген саясаткерлер, әсіресе, саяси тарихтың жілігін шағып, майын ішкен Гонконг пен Тайваньдағы алысты болжай алатын адамдар көптеген күмәнді сұрақтарды  қабырғасынан қойған болатын. Олар: «Бір мемлекеттегі екі түзім саясаты шын мәніндегі принциптік мәселеде жол беру ме, жоқ уақытша айла-шарығы ма?» - деген сұрақты төтесінен қойған болатын. Оларға Дэн Сияопин: «Бұл ұлттық тұтастықтың тактикасы емес. Тіпті бір реткі сезімдік толқудан туған дүние де емес. Қулық-сұмдыққа басайын деп тұрған жоқпыз. Бұл, түптен келгенде, Қытайдың дамуы мен құдіретті елге айналу жолындағы стратегиялық шешім» - деп түсіндірді. Бірақ бұл жауап та олардың күдік-күмәнін сейілте алған жоқ. Олар: «Орталық үкімет пен ерекше әкімшілік аймақтың ара-қатынасы қалай болады? Ұлы құрлық жақын арада аталған аймақтарды жұта қоймас. Себебі, социалистік Қытай соншалық құдіретті де емес қой.  Ал ертең ол құдіретті елге айналса өз ойынан айнып, доңыз айбатын сыртына салуы мүмкін ғой. Тіпті осы азғантай аймақты жұтып қойған күннің өзінде халықаралық қауымдастық оған не дей алады?! Қытай оны біздің «ішкі ісіміз» деп қарап отыруы мүмкін ғой. Оның ең қорқынышты жері, Қытай - демократиялық мемлекет емес. Бір ғана партия билеген диктаторлық мемлекет. Биліктің ұшар басындағылардың ойына не келсе, соны істей алады. Айтарға миллиардтаған халық дегенімен, ол халықпен санасып жатқан ешкім де жоқ. Олардың берген даусының ҚКП үшін құны көк тиын» - деген күдік-күмәндарын қарша боратып жатты. Бүгінгі тарих олардың осы күдік-күмәнін айна-қатесіз дәлелдеп берді.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1695
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1650
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1380
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1313