Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5490 0 пікір 16 Шілде, 2012 сағат 09:50

Тоқтарәлі Таңжарық. Жұтылып ескі бір өлеңге...

 

Қазақтың жаны - қара өлең. Қара өлеңмен қайғы беріп, қайғы алған. Қазақтың қуанышы мен сүйінішін де, қоп-қоңыр болмысында қара өлең қара нардай көтеріп келді. Кенет қара өлеңнің қанаты қиылды. Қаскөйлікпен. Орнын коллективтің жыры, «достық» жыры басты. Осынау «бауырластық» жырдың жер жарған дабысы қара өлеңді - қазақтың жан даусын құмықтырып, өзін тұншықтырып кетті.

Коллективтің жыры да келмеске кетті. Кетті деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ол өлмепті. Өлгені былай тұрыпты, ол мадаққа айналып, марапатқа бөленіп жүр.

Ал, қазақтың қара өлеңі - қазақтың ішіне түсіп кетіпті. Өткенін аңсайды, өзіне балта ала жүгіргендердің салған жарасының әлі де сыздап жатқанын, «Мен» - өліп, «Менікі» - салтанат құрған ақы иесі қазақтың өзін қайта іздеп таппаққа талпынбағанына тарығады.

Сонда қазақтың жаны - қара өлең қазір қайда жерде дейсіз ғой. Ұлт тамырынан табан аударып алыс кетпеген, қоңыр болмысты Құдайдан кейінгі құдірет деп білетін, адал ақынның поэзиясында. Сол поэзияның алпыс екі тамырында бүлкілдеп жатыр. Өзге түрде. Өзге кейіпте. Тек болмысы мен табиғаты, ішкі толқыны мен әуені, сарыны текті қалпында.

Ол поэзия - Тоқтарәлі Таңжарықтың өлеңі.

«Абай-ақпарат»

 

ӨРМЕКШІ

Екі дәуірдің арасын бөлген ақжал толқынды өзен,

Кешіп өтудің мүмкін еместігін жон арқаңмен сезесің.

 

Қазақтың жаны - қара өлең. Қара өлеңмен қайғы беріп, қайғы алған. Қазақтың қуанышы мен сүйінішін де, қоп-қоңыр болмысында қара өлең қара нардай көтеріп келді. Кенет қара өлеңнің қанаты қиылды. Қаскөйлікпен. Орнын коллективтің жыры, «достық» жыры басты. Осынау «бауырластық» жырдың жер жарған дабысы қара өлеңді - қазақтың жан даусын құмықтырып, өзін тұншықтырып кетті.

Коллективтің жыры да келмеске кетті. Кетті деп ойлағанбыз. Сөйтсек, ол өлмепті. Өлгені былай тұрыпты, ол мадаққа айналып, марапатқа бөленіп жүр.

Ал, қазақтың қара өлеңі - қазақтың ішіне түсіп кетіпті. Өткенін аңсайды, өзіне балта ала жүгіргендердің салған жарасының әлі де сыздап жатқанын, «Мен» - өліп, «Менікі» - салтанат құрған ақы иесі қазақтың өзін қайта іздеп таппаққа талпынбағанына тарығады.

Сонда қазақтың жаны - қара өлең қазір қайда жерде дейсіз ғой. Ұлт тамырынан табан аударып алыс кетпеген, қоңыр болмысты Құдайдан кейінгі құдірет деп білетін, адал ақынның поэзиясында. Сол поэзияның алпыс екі тамырында бүлкілдеп жатыр. Өзге түрде. Өзге кейіпте. Тек болмысы мен табиғаты, ішкі толқыны мен әуені, сарыны текті қалпында.

Ол поэзия - Тоқтарәлі Таңжарықтың өлеңі.

«Абай-ақпарат»

 

ӨРМЕКШІ

Екі дәуірдің арасын бөлген ақжал толқынды өзен,

Кешіп өтудің мүмкін еместігін жон арқаңмен сезесің.

Жүзіне Уақыттың мұңлы табы ұялаған әлдебір кезең -

Бозаң да бозғылт торғынға жасырған өзінің елесін.

 

Егіз қара таудың

Сілемін бағзы өрмектер қосады -

Шым-шытырық жолдардың өксігімен өрілген.

Буырыл

О бір дүниеде бүлкілдеп бұлақтар жосады,

Жасыл жамылшынмен көмілген.

 

Кешегі көргеніңнің барлығы бүгін түс секілді ізім-ғайып.

Қандай рахат, рауан шапағын жұту құшырлана.

Ғұмыр-дария -

Таң мен Кештің өткелегіне

тіршілік торын жайып,

Өз несібіңді Тәңірден күту ғана...

 

***

Түн қойнында түпсіз қиял шырағы,

Орманында адастырған ой мұнар.

Ессіз сәттің естелігі жылады,

Үскірігі үмітіңді тоңдырар.

 

Сіркірейді нөкей мезгіл нөсері,

Ешкімге де тиісті емес обалы.

Жиылмаған жардың салқын төсегі,

Құйылмаған мұңның қызыл шарабы.

 

Қайық малтыр қалшылында сезімнің,

Баяны жоқ бағзы соқпақ.

Меңіреу.

Табыт жүзер тамшысында көзіңнің,

Кімге керек еңіреу?!

 

Өкініштің өрті емес мына түн -

Қасіреттің қарапайым тұнбасы.

Өзін-өзі үгіп біткен бір ақын,

Ал, өмірді жырлашы!..


Арылу

 

Ұлы таудың ұшар басында,

Жап-жасыл аршалар астында,

Киесі:

Сүйегі қураған ғасырлардан да үстем

Патшаның алтын тәжіндей;

Иесі:

Жан үзер шағында зәмзәм суын ішкен

Зағип уәзірдей -

Құлазып тұр жалғыз құдық.

Әженің жүзін торлаған имани әжімдей

Бұлыңғыр бу көшкен түбіне

шайырлық сезіммен үңіле

қарадым,

жайып сап жанымның ақ-жасыл парағын.

Алғашқы һәм соңғы сезімдей

Көгілжім нұрлары көгінде... күліп...

Жанарым

Жұтылып ескі бір өлеңге...

Шымырлап жатыр түу тереңде -

Тереңде... тынық.

...Сан таңды құдықта атырған көз ілмей,

Баяғы Жүсіптің сөзіндей,

Рух

көбелегі қалықтап Айға

Кеткендей күй кештім сонда...

Айналам тып-тыныш. Тымық.

 

...Ұлы таудың ұшар басында,

Бағзы бір патшаның алтын тәжіндей

Құлазып тұр ескі құдық.

Уақыт дауылы мүжіп...

Мөп-мөлдір су көрдім:

құралайдың көзіндей,

Яки, сәбидің қарашығындай тұнық.

Ол - ессіз аңсар мен

Сағыныш сазынан жаралған

тап-таза іңкәрлік екен ғой.

Жұтар ма ем шөлім қанғанша құйып?!..

Көкжиекке көзімді тігіп

Жатсам көкорай шалғында сұлық,

Көгілдір толқындар көкірегімді жуып!

Жортсам бір сосын жалғыз бөрте бөкендей,

Қырқалар қиырларына жұлдызды жолағым сіңіп.

Ізімді сипалап ымырт...

.........................................................

Мен осы қиялдар әлемін мекендеп

Тұрғанда ой кешіп ұлық,

Төбемде жүрді тек шүйкедей ақша бұлт...


Теңіз. Ай. Елес

 

Көгілдір ай сәулесі астында буырқанып жатқан теңіз...

Толқындар сапырылыса шайқаған айдың «өлі» денесін.

Бәлкім, сол Ай - біздің ғұмырмен егіз,

Бәріміз шарқ ұра аңсаймыз өткеннің елесін.

Көкірегімізді қан-жоса ғып қадалған

Тіпті де ұмыта алмаймыз уақыттың улы жебесін.

 

Ай мен сол Елес.

Жылымға шөккен кеме.

Су бетіне шықпайды енді олар қалқып.

Сұңқылдап жалғыз ұшқан аққуды көрсең сен, егер,

Қанатын көгілдір сәулелерге шарпып;

Ол да біздей күңіреніп Елес дүниесін кезер,

Аласұрған сезімнің құшағында малтып.

 

...Бүгін теңіздің демі салқын.

Үн-түнсіз барамыз қайтып...

 

Жалғыздық картинасы

 

Түн өксіп ұзақ жылайды...

Парыз бен сүндет

Орындалмаған.

(Ол дағы ескі бір індет).

Менікі меңіреу үнсіздік.

(Жолы болмаған).

Қаланың о бір шетінде айғай-шу, дүрмек.

Көкжиектің де көрінбес көркем бояуы -

Желге ұшқан жалғыз қауырсын,

Тозған бір сурет.

Санада әбден сарғайған естеліктердің

өшкен оттарын үн-түнсіз отырам үрлеп.

 

Ескі қиялдың әлемін елес торлаған.

Жолдарды жұтқан жондардай қимылсыз, сұлық.

Көгершін түстес көңіл-күй құлпыра алмаған:

Түзге қараған терезе - әйнегі сынық.

Айналам толы есіктер. Ескі сарайлар.

Кілітсіз құлпы.

(Ешқайда жете алман жүріп).

...Бозамық айдың сәулесін көзімен жұтып,

Иесіз қалған күшіктер жатады ұлып...

 

Күз элегиясы

 

Күз.

Солғын жапырақтардың сарғыш бояуы

Ескі ғашықтың есіл жүзіндей

Сағыныш лебін сапырған.

Дала бір кезген дәруіштердің

құм жұтқан құбыла ізіндей

Естеліктерді өткен күн өрнегі жасырған.

 

Өткен күн жасырған естеліктерді оята алмай,

Қараша желі боздайды демімен «аптап»,

(Айтпақ боламыз екеуміз қосыла ыңылдап әлдебір әнді).

Иесіз иен қиырға қыдырған жолдай,

Жапырақтармен көмілген

Сүрлеусіз соқпақ

Адастым сенен,

Сол үшін кешірші мәңгі.

Адастым тағы өзіңнен,

есіл ғашығым,

Көңілсіз дүние төсінде көз жасым ақты,

Көкірегімде киік күн өртеніп батты...

 

...Жаныма сіңіп

жабықтым сарғыш бояуың -

Есіл ғашықтың ескірген күңгірт жүзіндей,

Сен тілсіз діріл қағасың, солғын жапырақ,

Мен үнсіз мұңға батамын айсыз түніңдей...

Құлазыр жолдар бейуаққы -

Кешсең ой ауыр:

Күбір қағады Көлеңке ымырт гүліндей,

Көзінде күзгі суреттер - жым-жырт атырап...

......................................................................

...Қом судан ұшқан қаздардың соңғы күйіндей

Қайғымды кіммен бөлісем, қара топырақ?..

 

Өртелген мешіт

 

Бейуақта сөккен кім сенімімнің көбесін?

Үйі өртелді Алланың.

(Түсім емес, өңім бұл).

Жанарымда боталап жазулардың елесі,

Кірпігімнен ұшады құсқа айналып көгілдір.

...Тұншықтырып жанымды жанайқайым өзімнің,

Құмда қалған құлазып жолаушыдай сезіндім.

 

Мендік тағдыр жазылған «Тәңірхаттың» парағы,

Көз алдымда тұр әне, отқа оранып күп-күрең.

Қанат қағып Қиссалар қиялымның үстінен,

Әлсін әлі қағады қылқобыздың шанағын.

Жалқын оттың ішінде күрсінеді көлеңкем,

Шым-шытырық, қым-қиғаш елес торлап жанарын.

Өртке сүңгіп барамын...

 

...Батып бара жаттым бір қап-қараңғы түнекке,

Қалды артымда шұбалып иір-қиыр жалғыз із.

Таңғы азанның дауысы қалқып шығып жүректен,

Маңдайыма қадалды өртенген Ай алқызыл...

 

 

Ырым

 

«Бармашы, жақындамашы отқа,

Қараңғы түкпірде жағылған.

Билейді Ол ана бір жақта,

Үй тігіп сағымнан...

 

Бармашы, жақындамашы суға,

Ішпеші дұғасыз.

Батырар бағзы бір мұңға

Қарашығыңды күнәсіз.

 

Бармашы, жақындамашы жарға,

Алакеуімде... кешкі.

Жақпарға ұя сап қарға,

Түнейді ешкі...»

 

От жағып отырып пешке,

Айтқан бұл әжемнің сөзі.

Ештеңе түймеппін еске,

Жадымда жабырқау көзі.

 

Мен қанша ойнадым отпен,

Өзім тамызып.

Жібердім жылдарды өткен,

Суға ағызып.

 

Түнедім басында жардың!..

Жеңілдім!

Жеңді!

Мінеки, тек жалғыз қалдым.

Бәрі кеш енді...

 

***

Сенің қара меңіңде -

Дүниенің жылуы.

Тамар шәрбат сезімге

Тамшы-нұрдай үзіліп.

 

Қара тасқа басылған

Дұғасындай пірімнің!

Тумысы үр асылдан,

Періштесі бүгіннің.

 

Сол қара мең кеудеме

Түсіргендей бір жарық.

Өзімнен һәм өзгеден

Жүр ем ессіз қызғанып.

 

Қалдым меңсіз, қайтейін,

Бәрі өткінші мен үшін.

Қиялданам жай тегін,

Өзге қиыр өрісім.

 

...Сенің қара меңің бе? -

Қабірімнен іркіліп,

Дидарыңа көмілген

Топырақтай бір түйір

Екендігін ұмытпа!

Егіз мендік жүрекпен.

Бұйырмайды ол ұлыққа,

Түсірмейді ол түнекке!..

 

 

***

...Міне, тағы іңір келді,

Қала кеші - думанды.

Ептеп... сыра сіміргенді...

Бал ғой уы бұл маңның.

 

«Бұл неғылған бітпейтін той,

Салар ма едік мұншама ән?!»

Ми ішінде мыңғырған ой,

Мыңғырған ой - жусаған...

 

Ақ бокалда сан мың қиял

Тұрған сынды шымырлап.

Жаныңда бір тағдыр жылар...

Бұлдыр сағым буынды ап.

 

Әлдекімді сағынасыз,

Еске салып түнгі оттар.

Кафе. Әуен. Мағынасыз.

Бірақ сәл-пәл ырғақ бар.

 

Қарындастың қайғысы да

Сол ырғаққа жұтылған.

...Арман етіп Айды сірә,

Кеткен дейді... Құтырған...

 

Кейде осылай күтеді екен,

Оралмаған серігін.

Ия, аздап ішеді екен...

Сосын... біраз желігіп...

 

Мен түсінем оны үнсіз,

Ол түсінер мені де.

Берілеміз бір сәт тілсіз,

Елестердің еліне.

 

Көше мұңын ағызады,

Қарашаның жаңбыры.

Жанардан жас тамызады,

қарындастың тағдыры.

 

Мына халық не біледі?!

Билейді олар... шу қылып...

Өткен өмір керуені

өксігіңде шыңғырып

 

тұрғандайын күй кешесің.

(Ессіз ой мен тілсіздік).

Билесе екен билесе шын,

Жан қалауын мұңсыз ғып...

 

Қарамаймыз іздерге біз,

Санамаймыз түн шамын.

Көзбен сүртіп үйренгенбіз,

Көкіректің бұршағын!

 

Сол бұршақты кеше жүріп,

Билейді жұрт басылмай.

Суға бөккен көше тымық,

Қарындастың жасындай...

 

Бүгін солай - кеше қалай,

Қала түні - көңілді.

Көңілдірек ете алмай,

Біз келеміз өмірді...

 

«...Бұл неғылған бітпейтін той?

Бітпейтін той?! Шаршадым!»:

Көлкіп ұшқан көгілдір ой,

Көз жасындай аршаның.

 

***

Жетім шам. Жесір көбелек.

Мәнісі қандай жарықтың?

Бір-бірін жіпсіз өрелеп...

Көлкіген елес - табыт - нұр.

 

Бөлменің іші күңгірт тым,

Күңгірт тым көңіл-күйім де.

Қарайды маған мүлгіп кім,

Шыңырау ойдың түбінде?

 

Қоңырау үнін естідім,

Естідім, әлде азан ба?

Өзгеше еді кешқұрым,

Өзгеше еді саз онда.

 

Бұтарлап бұлтты Ай туған,

Қайтадан жүзін жасырды.

Оқиды, қарғам, қай туған,

Қанатыңдағы хатыңды?

 

Жетім шам неге бөлемек?

Дауасы болса айт емін.

Қаңғыған бейбақ көбелек,

Қанатың күйсе, қайтемін?!

 

Гүл-І

 

Түн.
Балауыз шамның әлсіз жарығы
Жалауын жел жыққан кемедей
Қиялымызды иенге сүйреген.
Ұмыта алмайтындығымыз бен
ұмытуға болмайтындығын да елемей,
санамызды мағынасыз әуендер билеген...

Әйтсе де бір буда қызыл гүл
ұсынар едім мен саған,
Бірақ, сен таңырқамайсың
дала гүлінің иісіне.
Иә, біздің сезім
Өзіміз ойлағаннан да «сараң»,
Тіпті оны қуат та қалмаған түйсінер.

Біздің бұл ауыр да азапты халімізді ұғар кім?
Сен нені аңсайсың, жаным,
көзіңді үн-түнсіз әйнекке қадап.
Бәлкім, біз бір күні ұмыта алмайтындығымыз бен
ұмытуға болмайтындығы үшін егіліп жылармыз...
Бірақ, ол кезде тым кеш болар!
Жасымыз көкірегімізде бүр жарған
қауашақ гүлдің жапырағына
аппақ қырау боп қонар...
Сосын, ол да солар!

 

Гүл-ІІ

 

...Солады сыйлауға жаралған гүлдер.
Дәл осы гүлдердей
қарашығымызда қуарып, солар күз.
Әрине, тым қиын өткенді ұмыту мүлдем...
Бізде
ағыстар шайқаған
Мұзтаудай мүжілген болармыз...
...Қиялды тоғытып түнге,
Елесін іздейміз солардың.

Ал қазір іңір ғой қарс түйген қабағын,
Ынтық пен өксіктің қауышқан сәті
Немесе қураған гүлдердің сабағы,
Бояуы қалмаған жасыл...

Аппақ сүңгіден тамған мөлдір тамшыдай
Сенің жасың...
Көкірегіме шым-шымдап сіңген.
Сен енді қайтесің бұл түнге жылап.
...Қайтадан қауашақ жаяды гүлдер...
Бірақ,...
Бірақ,...
Бірақ,...

Жылқылар

Олар шұрқырап сұп-сұры тұманнан шығатын,

Қайтадан кіретін сұп-сұры тұманға.

Дүбірден дүниенің жүрегі дүрсілдеп тұратын,

Жаңғырып бейуақ кіл аңғар...

 

Қолымызға құрық ап құла дүзден іздейміз,

Іздейміз оларды -

Көшпенді жылқысын.

Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба... білмейміз,

Біз үшін беймәлім түр-түсі.

 

Бізді де солардай барады жеміріп,

Уақыт пен қара жол -

Ирелеңдеген қос жылан!

Жалы мен құйрығы сусылдап, төгіліп,

Бұл күнде олар тек түсімде осқырар.

 

...Іңірде жатқан бір жандайын есінеп,

Тарихым ұмытқан олардың тұяғын.

Мен оны мінемін да-ла-лар төсінде,

Иә, бұл кәдімгі ақынның қиялы.

 

...Енді үнсіз отырмын

сағыныш сарғалдақтарын бүрлетіп санада,

жусаны бұрқырап

көктем ғой бұл мезгіл құлпырар.

Құлазу кейпіндегі

мендік бұл қасіретті білмейді тағы олар,

Кісінегім келеді бейуақ...

Шұрқырап...

 

...Қайда сол үйірлі жылқылар?!

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 966
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 827
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 632
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 695