Жұма, 3 Мамыр 2024
Тұлға 5043 0 пікір 31 Мамыр, 2019 сағат 08:21

Аңыз адам – Ідіріс Ермағамбетов

Ортада К.Е.Ворошиловтың жанында Мұхтар Әуезов. Сол жақта екінші отырған І.Ермағамбетов (оны суреттен Роза есімді қызы таныды).

Қазақ халқының даңқты ұлы Ідіріс Ермағамбетов соғысты кескілескен шайқас ортасы - Ржев қаласы түбінде атақты 101-бригада құрамында бастады. Соғыстан кейін оның есімі ұмыт бола бастады, бірақ Ресейде оның аты гранит тасқа алтын әріппен ойылып жазылған. Ақтөбеде ер есімі атаусыз қалған.

Құжаттың қате ресімделуінің кесірінен (Идрис – сын Алмаша), туу туралы куәліктегі тегінде бір әріптен қате кеткендіктен, ол Ирмагамбетов болып жазылған, ал бүкіл туғандары Ермағамбетов болған. Сол себепті біз архивариус Сағынышпен бірге оның жеке ісін әзер таптық.

Ідіріс Ермағамбетов өткен ғасырдың басында, 1908 жылдың 8 наурызында, бұрынғы Жұрын ауданының Красный Мадьяр (кейіннен Калинин колхозы) ауылында дүниеге келген. 1940 жылы М.И.Калинин қол қойған Жарлықпен өзінің алғашқы Еңбек Қызыл Туы орденін алғанда, кейін соғыс кезінде осы қайраткер атындағы жерде шабуылға қатысып, миллиондаған адам қаза тапқанда, тірі қалатынын білмеген болатын...

Өзінің жеке ісінде ол 1928 жылдың басынан келесі жылдың мамырына дейін Темір ауданының №51 ауыл кеңесінің хатшысы болғанын жазады. 1930 жылдың қазан айына дейін "Арзан" атты Ембі тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасының орынбасары болған. (Осы тартымды сөз сол кездің өзінде халық аузында болған екен ғой...). Ал 1930 жылдың қазан айынан 1932  жылдың қазан айына дейін Ідіріс ӨзбекССР-ның Хива қаласында 8-атқыштар бригадасының 84-кавалерия полкы қатарында алғашқы әскери ілім алған. Бастапқыда қатардағы жауынгер, артынан бөлімше командирі болған. Сол күндері алған әскери шеберлігі оған соғыс кезінде өлім аузында тұрғанда өте қажет болатынын ол білмеген еді. Өз еліне қайтқан соң, ол алдымен Родниковкада рабкоопта, кейін конезавод табындарының аға бақылаушысы, яғни Ембі совхозының №52 фермасының меңгерушісі болып жұмыс істеген.

Ідіріс Ермағамбетов туралы жазылған мақала

1931 жылдың желтоқсанында атты әскер қатарында жүріп, партия қатарына өтеді. Бұл жайт қайратты да жалынды жігіт үшін жаңа белестер ашады. Ең бастысы - ол жазалаушы семсерден құтқарады. Сол уақыт «халық жауы», "ұлтшыл-фашист" және т.б. атаумен әшкерелеу белең алған кез еді. Оның соғысқа дейінгі жеке ісінде сол қиын-қыстау кезінен бір бірегей құжат сақталып қалған. Бұл облыстық партия комитетінің хатшысы Буланин қол қойған 15.11.1937 жылғы Ақтөбе облыстық партия комитеті бюросының отырысының «Ойыл аудандық партия комитетін жұмыскерлермен күшейту туралы» құпия қаулысы.

Қаулыда  халық жауы, ұлтшыл-фашист Әбдікәрімов ауданға ұлтшыл-фашист қарақшыларды қойып, контрреволюцияшыл, бүлікшіл, зиянкестік іс-әркетпен шұғылданған. Соның салдарын жою мақсатында бірқатар жұмыскерлер жіберілген. Солардың қатарында Жұрын аудандық партия комитетін 3-ші хатшысы болып жұмыс істеп жатқан І.Ермағамбетов та бар. Көп кешікпей ол Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сол жерде 1941 жылдың желтоқсанында 101-қазақ бригадасы қатарына шақыртылғанға дейін қызмет атқарады.

Ойыл ауданын басқарған жылдары І.Ермағамбетов облыста бірінші болып суармалы егістің негізін салды. Оның кезінде ақ тарының атасы  Шығанақ Берсиев тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасайды.

Шығанақ Берсиевтің учаскесінде. Солдан оңға қарай: аудандық партия комитетінің хатшысы І.Ермағамбетов, Ш.Берсиев, колхоз төрағасы Өтегенов

1940 жылдың 5 қарашасында Шығанақ Берсиев Ленин орденімен марапатталды, ал аудан басшысы - алғашқы Еңбек Қызыл Туы орденін алғанды. Отыз жасында ол қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің  романының басты кейіпкерлерінің бірі - партия ұйымының хатшысы Ермағамбеттің прототипі болды. Өз кейіпкерлерінің еліне келген сайын Ғабиден Мұстафин І.Ермағамбетовпен кездесіп, тығыз қатынаста болған. І.Ермағамбетов пен басқа да партияның жауапты қызметкерлерін әскер қатарына жіберу мәселесі Ақтөбе облыстық партия комитеті бюросында талқыланған.

1942 жылдың 9 қаңтарында аудандық партия комитетіне «аса құпия» грифімен біріші хатшы Иночкин қол қойған хат келіп түсті. Онда «соңғы кездері басшы жолдастар Қызыл Әскер қатарына шақырылғанда оны арақ-шарап ішіп бірнеше күн тойлайтыны» туралы айтылған. Осындай келеңсіз мысал ретінде аудан басшылары бірнеше күн бойы арақ-шарап ішкен бұрынғы аудандық партия комитетінің хатшысы Ідіріс Ермағамбетовтың «қоштасу кеші» келтірілген. Облыстық партия комитеті мұндай жағдайлардың қайталанбауын қатаң ескерткен және ондай тұлғаларға партиядан шығаруға және сотқа беруге дейін қатаң шаралар қолданылатынын айтқан. Әскер қатарына шақырылуына байланысты І.Ермағамбетовтың орнына Байганин аудандық партия комитетінің 2-ші хатшысы Исмагулов Атынтай ұсынылған. (1941 жылғы 12 желтоқсандағы Ақтөбе облыстық партия комитеті бюросының №118 отырысының хаттамасы)

Бейбіт өмірдегі «Шығанақ» романының прототипі І.Ермағамбетов соғыста жүргенде де белгілі қазақ ақыны және журналисі өзі де атақты бригада жауынгері болған Құланбай Копишевтің 1981 жылы Алматыда жарық көрген "Қаһармандар" кітабының айбынды да батыл кейіпкері болды.

Ол туралы әйгілі "Вперед,батальон!" повесінде бригада командирлерінің бірі Хаким Бекишев пен журналист әрі осы бригаданың соғыс ардагері Шынықұл Қарамергенов та жазған болатын. І.Ермағамбетовтың қазақ ішінен шыққан оншақты майор шеніне дейін жеткендердің ішінде болуы да тегін емес.  Оның ерлік істері туралы өмірінде белгісіз болған, тек соғыстан біраз уақыттан кейін "Память народа" сайтында жария етілген наградалық парақтары айтып бере алады.

Оның наградалық парағында: "1944 жылдың 3-5 наурызы аралығында Витебск облысының Ходолово деревнясы үшін болған шайқаста І.Ермағамбетов шықпастан екі бірдей әскери құрылымды батыл да шебер басқарып, жаудың контршабуылдарына тойтарыс берді. Сын сағатта курсанттар мен командирлерге ерліктің жеке үлгісін көрсетті. 3 наурыздан 4 наурызға қараған түні жау жойқын шабуылға шыққанда майор І.Ермағамбетов ең жауапты шепте болды. Ол станоктық пулеметті алып, жау пулеметінің үнін өшірді, сөйтіп, біздің жер жастанған курсанттарға шабуылға шығуға мүмкіндік ашты. Жаудың контршабуылы тойтарылды. Осы ұрыста фашистер көптеген жауынгерлерінен айырылды. 5 наурызда жау тағы да контршабуылға шықты. Осы ұрыста жолдас І.Ермағамбетов екі немісті бетпе-бет шығып атып түсірді, сөйтіп курсанттардың екі ротасын шабуылға көтерді. Қатты соққыға ұшыраған жау кейін шегінді. Мемлекеттік награда – «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық.» деп жазылған.

Шамамен екі жарым айдан соң қазақтың дарынды ұлына тағы да наградалық парақ толтырылады. Онда: «Витебск қаласының маңында қоршауға алынған, бірақ 26.06.1944 жыл мен 05.07.1944 жыл аралығында Песочная деревнясы маңында қоршауды бұзуға әрекет еткен фашист шапқыншыларымен ұрыстарда батальон шебі 13 рет шабуылданды. Небәрі 3000 жауынгерлерімен жолдас І.Ермағамбетов шабуылға тойтарыс берді. Оның жеке басының ерлігі мен батылдығы жеке құрамды ең қауіпті учаскеде ерлікке бастады. Орман ішінде қимыл жасауда командирлерге дұрыс бағыт беріп, жауынгерлерді шебер басқара білді. Мемлекеттік награда – «Отан соғысының» І-дәрежелі орденіне лайық.» деп жазылған. Осы жерде қажетті графаға 01.12.1942 жылы Ржев түбінде жараланғандығы туралы жазу бар.

Осы марапаттардан кейін  Ақтөбеден шыққан болаттай қайратты майордың кеудесіне тағы да «Отан соғысының» ІІ-дәрежелі ордені мен «Қызыл Жұлдыз» ордендері тағылды.

Ідіріс Ермағамбетов  соғыстан соң бірінші болып қазақтар ішінен В.И.Ленин атындағы екі мәрте Қызыл жұлдызды  әскери-саяси училищеге жолдама алды. Осы оқу орнының бастығы генерал-майор Устинищев Андрей Федоровичтың қолынан «Германияны жеңгені үшін» әскери награда алды.

Еліне 1946 жылдың наурызында қайтып, соғыстан кейінгі өмірді қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кетеді. Құрылыста бір ай прораб болып, Жұрын аудандық партия комитетін екінші хатшысы қызметіне шақырылады. Содан алты жыл Қарабұтақ аудандық партия комитетін басқарады. Ол кез тың игеру қозғалысы басталған болатын.  Білімі орташа, жоғары білімі жоқ Ідіріс ағаның жазған қағаздарында бір қате болмайтын. Бұл жоғары білім алған, бірақ сауаты төмен қазіргі жастарға үлгі боларлық жайт.

Қазақстан Республикасының орталық комитеті жанынан ашылған Республикалық екіжылдық жоғары партия мектебін 1954 жылы бітірісімен, ол Ырғыз ауданын басқарып, тың көтеру ісін жалғастырады.

1956 жылы алғашқы қазақстандық миллиард пұт астық алынды. Сол жылы республика көлемінде жүзден астам адам «Социалистік Еңбек ері» атағын алды, көбісі Ленин орденімен марапатталды. Солардың бірі – орденді майдангер Ідіріс Ермағамбетов.

Д.А.Қонаев өзінің «Менің уақытым туралы» кітабында «Республикаға К.Е. Ворошиловтың келуін күттік. Ол республикаға Ленин орденін табыстауы тиіс болатын. 14 қаңтарда салтанатты отырыста К.Е.Ворошилов республикаға Ленин орденін табыс етті.

1957 жылдың 15 қаңтарында К.Е.Ворошилов республиканың бірқатар жұмыскерлеріне ордендер мен медальдар табыстады. Ленин ордені Яковлевке, Журинге,Ташеневқа және маған берілді. » деп жазады.

Осы жазуға марапатталғандар ішінде сол кезде өзінің 60-жылдық мерейтойын тойлап жатқан ұлы қазақ жазушысы Мұқтар Әуезов та болды деп қосуға болады. Бұрынғы Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы А.Я.Попадьконың мұрағатынан алынған суретте біз ортада М.О. Әуезов пен К.Е. Ворошиловты көреміз. Отырғандардың арасында солдан төртінші болып Ж.Ташенев, ал оңнан үшінші болып Ф.Карибжановты көруге болады. Солардың ішінде біздің батыр да бар.

Ідіріс Ермағамбетовтың басынан өткен қиыншылықтары осымен аяқталған жоқты. Солардың салдарынан 50 жасқа жетпей оның денсаулығы сыр беріп, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін жаңадан құрылған Ембі және Уркачевский совхоздарына партия ұйымының жай хатшысы болып ауысады. 1974 жылы Ідіріс Ермағамбетов соңғы сапарға аттанғанда, оның еліне қосқан үлесіне риза болған жерлестері оны созхоздың орталық саябағына құрметпен жерледі.

Балнияз Ажниязов

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 952
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 805
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 624
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 666