Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жөн-ақ 4072 20 пікір 7 Сәуір, 2019 сағат 11:18

Елбасымыз "OTAU TV" арқылы қазақты Орталық Азияның медиа барысына айналдырды

Бізде ақпараттық кеңістікте тілдік тәуелсіздікті қамтамасыз ететін ҚР Үкіметі тарапынан құрылған «Ұлттық Медиа топ» жоқ. Есесіне өзге мемлекеттің тілімен қосамжарласқан медиа жобаларға босқа қаржы шашылуда. Орыс тілі Ресей тарапынан жан-жақты қолдауға ие, ағылшын тілінің үстемдігіне тас дуан тосқауыл қойылған. Бізде ана тілін күнделікті тұрмыста кеңінен қолданатын титулды ұлттың саны артқанына қарамай керісінше қазақ тілді медиабизнестің дамуына қатысты еш шара жасалмай отыр.

Ағылшын тіліне қарсы Балтық елдерінен кейін ТМД кеңістігінде ең бірінші орыстар тілдік қауіпсіздік шарасын қолға алды. Орыстық ақпарат тасқынын енгізбейтін осындай шараны өз елдерінде қолға алғаны үшін Ресей реваншистері Украинаны, Гүржістанды және Молдованы ата жауларына айналдырды. Нәтижесінде ТМД кеңістігінде тек Орталық Азия елдерін ақпараттық жаулауға еш кедергісіз алапат мүмкіндікке қол жеткізген Ресейдің «Национальная Медиа Группа» компаниясы өмірге келді. Оның интернет сайттардағы контетіне алуан тілді Дүниежүзілік телеарналардан өзге Балтық елдері, ТМД елдерінің барлық мемлекеттерінің телеарналары еніп отыр.

Орыс тілді кез келген телесайттан қалаған еліңіздің арнасын көре аласыз. Және ОА  ең жабық ел деп саналатын Түркіменстан орыс криминалды телехикаяттарын жанын сала көреді. Бұл ОА елдерінде, оның ішінде  мемлекеттік тілі 100 пайыз үстемдікке ие Түркіменстанда да жүйелі жолға қойылған ана тілдеріндегі балама әлемдік телепакеттің ұлттық нұсқасы жоқтығынан болып отыр.

Қазақта ана тілімізде құмық, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, татар-башқұрт және өзбек-ұйғыр еш кедергісіз ұғына алатын әлемдік деңгейдегі телеарналарды ТМД кеңістігіне таратуға қаржылық та, техникалық та, кадрлық та мүмкіндік бар. Тек осы қадамға баруға орыс тілді билік қана мүддесіз. Елбасымыз "OTAU TV" арқылы қазақты ОА медиа барысына айналдырды. ОА медиа барысы қазақ тілді телеарналар арқылы туысқан халықтарды өз рухани бауырына тартуына енді не кедергі? Бұрынғы теле көрсетілімдегі қолбайлау 50/50 қостілділігін енді 80/20-мен алмастырып, жарнаманы тек қазақ тілінде ұлттық ділімізге сай ұсынатын және жүгіртпе жолдардың мәтіні ана тілімізде берілуіне еліміздегі ірілі-ұсақты телекомпанияларды мойындататын әм өзгерту мен толықтыру енгізілген Заңмен мәжбүрлейтін кез келді.

2008 жылы құрылған Ресей үкіметі 51 пайыздық пакетін өз қолында ұстап отырған «Национальная Медиа Группа» компаниясы әуелі  жалпы ұлттық «Известия» газетіне иелік етіп, кейін 2016 жылы америкалық Discovery телетаратуышысының Discovery Channel, TLC, Animal Planet және Eurosport қосқандағы 11 телеарнасына (Discovery Channel Россия, Animal Planet Россия, DTX, Discovery Science, Investigation Discovery, TLC Россия, Eurosport 1, Eurosport Gold, Eurosport 2, Eurosport 4K, Travel Channel, Fine Living, Food Network); Viasat World-тың 12 орыстілді нұсқадағы телеарналарына (TV1000, TV1000 Русское кино, TV1000 Action, ViP Premium HD, ViP Megahit HD, ViP Comedy HD, Viasat Explore, Viasat History, Viasat Nature, Viasat Nature HD/Viasat History HD, Viasat Sport,ViP Serial HD), Turner тобының 3 телеарнасына (Cartoon Network, Boomerang, CNN International) иелік ете бастады. Кейін Sony Pictures Television International-дың  3 (Sony Channel, Sony Sci-Fi, Sony Turbo) және Телко Медианың (5 арнасын BabyTV, Nat Geo Wild, National Geographic, FOX, FOX Life ) орыс тілінде телекөрермендерге ұсынды.

Ресей әлемге танымал теле-медиа кооперациялардың теле өнімдерінің орыстық теленұсқасын өмірге әкелу нәтижесінде біз және қырғыз бен белорус сияқты қос тілден айырылмай отырған елдерге өз телеоператорлары арқылы орыс тілді кәбілдік және жерсеріктік телеарналардың ақпараттық мызғымас билігі орнатылды. Қазір қазақтың көретіні музыкалық каналдар, түрік пен кәріс сериалдары ғана. Қалғандары түгел дерлік орыс тілінде. Қазақстандық орыс тілділер біздегі  отандық каналдарды мүлдем көрмейді десе де болады. Оның есесіне Қазақстан Республикасында тіркелмеген шетелдік жерсерігі операторларының («РадугаТВ», «Триколор ТВ», «НТВ+», «Орион Экспресс», «Ямал», «Hotbird», «Платформа HD», «Телекарта») қызметін тұтынады.

Бұған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ менің «Abai.kz» ақпараттық порталына шыққан мақаламды Сaravan.kz сайты Ару Тентекали аудармасымен  19 наурызда «Почему Казахстан должен отказаться от русскоязычного контента» деген атаумен жариялағанда жарияланымға өз пікірін қалдырған Игорь Ковалев деген орыс азаматы: «Мы уже давно не смотрим казахстанские каналы.. У нас тарелка НТВ+.. Всё равно на каком языке будут вещать каналы Казахстана..» деп өз ойын бүкпесіз ашық білдірді. Бұдан шығатыны шама шарқына қарай тек қана тарихи отанының «РадугаТВ», «Триколор ТВ», «НТВ+», «Орион Экспресс», «Ямал», «Hotbird», «Платформа HD», «Телекарта» телеоператорларының ғана қызметін тұтынатын орыс тілді славяндарға біздің телеканалдардың қай тілде хабар таратқаны еш керек емес. Осыны жоғарғы биліктің түсінгісі келмейтіні қаныңды қарайтады.

Қазақ тілді телеарна тек қана өз еліміздегі қазаққа ғана емес, бауырлас Ресейдің рухани езгісіндегі ұлттарға да керек. Қазақ ешқашан не ағылшын, не орыс тілімен ұшпаққа шыға алмайды. Алаш баласын құмық, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, татар-башқұрт және өзбек-ұйғыр алдында зор ететін де, нән ететінде олар өздерінде жоқ болғандықтан амалсыз тұтынатын жаңа телетұрпаттағы ана тіліміз. Атамыз «Күлшелі бала сүймекке жақсы»  дейді, біздің күлшеміз – OTAU TV. Осы күлшелі телеарнамыз ұлттық тілімізде хабар таратпаса, әлемдік теле өнімдерді ана тілімізде өз ұлтымызбен оны ұғынатын бауырлас елдерге ұсына алмаса, онда ақша үнемдеп, тек тегін ұсынылған орыс телеарналарын ғана тұтынайық. Біле білсек, Егемендік алған қазақ елінің тілі РФ, ОА және ҚХР ұлттары мен ұлыстары ұғынатын және керек кезінде тұтынатын халықаралық тіл. Елбасы осы жолда "OTAU TV" арқылы қазақты РФ мен ОА түркілері арасындағы медиа барысқа айналуына алғышарт жасап, телекөрермендік қақ жарылымнан құтылу үшін осы бағытта қалайша қам жасауымыздың сара жолын көрсетіп берді.

Осы телекөрермендік қақ жарылымды ескерген Қазақ Үкіметі ертеден кеш жақсы деп, 2017 жылы 2012 жылдың 18 қаңтарында қабылданған «Телехабар тарту туралы» Заңға жеке тұрғындардың  телерадио хабар таратушы және құрылғыларға ие бірақ ҚР хабар тарату үшін лицензиясы жоқ оператордың қызметін тұтынуға тыйым салуға қатысты өзгеріс енгізген болатын.  Енді ақпараттық қауіпсіздігімізге орасан зор қауіп төндіретін зауалға байланысты қазіргі қолданыстағы осы Заңды одан ары қатайтуды қолға алып отырғаны қуантады.

«Қазақстан Республикасының ақпарат мәселесі жөніндегі Заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу» мәселесі уақыт талабы. Бірақ осы Заңнамамызда заңсыз деп танылатын телерадио хабар таратушы құрылғыларды орнатушылар әзірше өзге ұлт өкілдері болып саналады. Егер аталған заң қазақ мүддесін қорғасын десек, онда "OTAU TV" негізінде ҚР Үкіметі тарапынан құрылған «Ұлттық Медиа топ» ана тіліміздегі шетелдік қытай-жапон, Ұлыбритания-АҚШ, неміс-фарнцуз, араб-түрік, итали-кәріс танымал телепакеттерінің отандық нұсқасын ұсынуға тиіс. Сонымен бірге ұлттық мүддемізге сай Қазақстанды ЕурАзияның медиалық барысына айналдыру үшін "OTAU TV" тарапынан РФ башқұрт пен татар, ҚХР ұйғыр мен қазақ, ОА қырғыз, өзбек, түркімен және тәжік телеарналарын көрсетуіне мемлекетаралық келісіммен қолжеткізуіміз керек.

Ел Үкіметі 2020 "OTAU TV" еліміздің 95% тұрғыны қамтамасыз етіледі деп жобалап отыр. 2011 жылы шетелдік тіркелмеген жерсерігі операторларының (ШТЖО) үлестік салмағы 30%-ды құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 15%-ға дейін кемігені анықталды.

Бүгінгі таңда OTAU TV мен ШТЖО арасалмағы кейбір облыстарда атап айтсақ,  БҚО – OTAU TV – 30%, ШТЖО – 40%; Қостанай облысында – OTAU TV – 17%, ШТЖО – 19%; Павлодар облысында – OTAU TV – 18%, ШТЖО – 26%; СҚО – OTAU TV – 16%, ШТЖО – 27%; Ақмола облысында – OTAU TV – 34%, ШТЖО – 27%;  Ақтөбе облысының – 40%,  ШТЖО – 30% құраса, тек Атырау облысының  – OTAU TV – 72%, ШТЖО – 16% құрап отыр. Бұл цифрлар көзі қарақты жанға қай аймақта отандық өнімнен шетелдік өнім басым немесе шетелдік өнімді телекөрермендердің қай өлкемізде керек етпейтін медиа ахуалын танытып тұр емес пе!?

Ел Үкіметі мен депутаттар корпусы 12 сәуірге дейінгі аралықтағы Заң жобасы Концепциясына шетелдік тіркелген жерсерігі операторларына қазақ тілді жарнама жасаудың, қазақ тілді балалар мен жасөспірімдер тобына және ересектер қауымына арналған телеарналар тобын ұсынуды енгізсе, бұл талапты сақтамағандарды  лицензиясынан айырса көп нәрседен ұтар едік.

Бізде жыныстық және жас ерекшелігіне арналған қазақ тілді телепакеттер жоқ. Тек орыс тілді биліктің бір арнаны ғана таза қазақша сөйлеткеніне мәзбіз. Егер ұлттық телепакеттерді өмірге әкелетін қазақ тілді бизнес өкілдерінен тұратын не «Қазақ үні», не «Айқын» газеті серіктес болып енетін Үкімет қарауындағы  «Ұлттық Медиа топ» құрылса, қазақ Discovery Channel, TLC, Animal Planet «Nickelodeon», «Canal J», Travel Channel, Fine Living, Food Network, Viasat World, CNN International, Sony Pictures Television International, National Geographic т.б. танымал телеарналардың жаһанға мәшһүр топтамаларының ана тіліміздегі нұсқаларын көре алар еді.

Ресей отарындағы татар (Шаян ТВ) мен башқұрт («Тамыр») та таза ана тіліндегі өз балалар арнасына иелік етеді. Бір «Балапанмен» кеуде керу мақтаныш емес.  Башқұрттар бұл бағытта бізден бұрын 16 сағат хабар таратын «Тамыр»-ды Луиза Фархшатованың жанкештілігімен әуелі «Сенгельдек» («Бесік») деген атаумен 1992 жылы 2 наурызда өмірге әкеліп, аталған арна ұлтының қошаметіне бөлене білді.

Балалардың бір ғана «Балапан» телеарнасы бар. Қалған арналар орыс тілінде, сондықтан қазақ тілді отбасының баласының тілі кейде орысша шығып жатады. Бұл енді ұлттық қасірет. Осыған жол бермеу үшін Азия мен Еуропаның балаларға арналған арналарының қазақша нұсқасын көрерменге ұсынуға тиіспіз.

Мәселен, француздың  1985 жылдан бері өз хабарын таратып келе жатқан «Canal J» («Канал Жи») және 2005 жылдан эфирге шыға  бастаған «Gulli» («Гулли») атты балалар арналары бар, соңғысы «Gulli Bil Arabi» деген атпен араб елдеріне балалар мулттоптамаларын мұсылмандық жосықта таратып отыр. Француз отарында болған араб елдері тәжірибесінен үйрену бізге көп шарапатын тигізеді.

Енді осы «Балапан» салған сара жолды кеңейтуге ден қойғанымыз ләзім.

Nickelodeon, Cartoon Network, Baby TV,  Disney Channel,  JimJam (JimJam Television Limited),  Kids Station (жапонша キッズステーション, kizzu sutēshon), немістің KiKA (Kinder-Kanal),  арабтың Spacetoon-ының қазақи нұсқаларын  бөбектерімізге ана тілімізде ұсынар болсақ, қолымызды кім қағады?

Жұртты үштұғырлы тілмен сарсаңсаңға салған ҚР Білім минстрлігі Busy Beavers, Gogo Loves English, WOW ENGLISH TV, Dream English Kids, British Council | LearnEnglish Kids, Fun Kids English, English Singsing, Kids TV English сынды өзге ұлт өкілдерінің (бұрынғы Британ отарларыныдағы елдердің) бүлдіршіндеріне арналған телеарналары арқылы да қазақ баласына ағылшын тілін үйретуге болатынын қаперіне алды ма екен. Осы арналар қазақ тіліне бейімделсе, алаш баласы ағылшын тілін өзгенің көмегінсіз меңгерер еді.

Саяси-ақпаратық, спорттық, аспаздық, танымдық әлемге танымал арналар қазақи нұсқада жұртқа ұсынылса, тіліміздің көкжиегі кеңір еді. Әрі кинофильмдер мен белгілі бір тақырыптағы телетоптамаларды ана тілімізде көрсететін арналар саны артаса бір жасап қалар едік.

Елбасымыздың белбаласы OTAU TV енді ҚР Үкіметі тарапынан құрылатын  «Ұлттық Медиа топ» қарауына өтіп, әлемдік танымал телеарналардың меншік иелерімен келісімшарт арқылы үздік топтамаларының қазақи нұсқалары алаш жұртының игілігіне айналуы жаңа Президент назарынан тыс қалмайтын шығар.

Әйтпесе, телеарнасы қазақшаланбаған алаш елі ерте ме, кеш пе өзгенің шайнап бергеніне малданатын ұлттық рухани келбетінен айырылған ақпараттық зомбиге айналады.

Әбіл-Серік Әлиакпар

Abai.kz

 

20 пікір