Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2666 0 пікір 2 Маусым, 2011 сағат 06:44

Серік Жұмабаев. Мектеп мұғалімдері сектаға кіре бастады

Қазақ елі түрлі діни ағымдардың ордасына айналып барады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 4 мыңнан аса діни бірлестік тіркелген екен. Оның үстіне еш жерде тіркелмеген 559-ға тарта дәстүрлі емес діни ағым бар көрінеді. «Иегово» куәгерлері, «Благодать» інжілдік христиан сенім одағы, Христиан ғылыми шіркеуі, «Бірігу» шіркеуі секілді жат дінді ағымдар жетіп- артылады. Онымен қоса ислам дініндегі «үй ішінен үй тіккен» салафилер, уахабтар, таблиғи жамағат, сопылық, құраниттер, ахмадишілер сынды діни ағымдар да Қазақ елінің тұтастығына іріткі салуда. Ең сорақысы, бір ғана Жамбыл облысында 18 мұғалім сектаның жетегінде кетіп, балаларға да сол дінді уағыздаған және оларын жасырмай отыр.

Қазақ елі түрлі діни ағымдардың ордасына айналып барады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 4 мыңнан аса діни бірлестік тіркелген екен. Оның үстіне еш жерде тіркелмеген 559-ға тарта дәстүрлі емес діни ағым бар көрінеді. «Иегово» куәгерлері, «Благодать» інжілдік христиан сенім одағы, Христиан ғылыми шіркеуі, «Бірігу» шіркеуі секілді жат дінді ағымдар жетіп- артылады. Онымен қоса ислам дініндегі «үй ішінен үй тіккен» салафилер, уахабтар, таблиғи жамағат, сопылық, құраниттер, ахмадишілер сынды діни ағымдар да Қазақ елінің тұтастығына іріткі салуда. Ең сорақысы, бір ғана Жамбыл облысында 18 мұғалім сектаның жетегінде кетіп, балаларға да сол дінді уағыздаған және оларын жасырмай отыр.

«Қазақстан қажылары» діни бірлес­тігінің төрағасы Бақтыбай Айнабеков:

- Кезінде Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кеньята былай деп айтқан: «Мис­сио­нерлер Африкаға келгенде, біздің жеріміз бар еді, ал оларда «Інжіл» болды. Олар бізді кө­зімізді жұмып қойып та­бы­нуға көндірді. Ақы­рында көзімізді ашқан кез­де біздің же­ріміз - олардың ие­лігінде, ал «Ін­жіл» бізде қалды», - деп осы сөзді орын­ды еске алыпты.

Бұдан нені аңғаруға болады? Қазір осы жағдай біздің басымызға да төніп келе жатқан жоқ па?! Мәжіліс депутаты Асхат Бе­кеновтің «еліміздегі жастардың 60 пайызы түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр» деп дабыл қағуы бұл мәселенің әб­ден ушығып келе жатқандығын көрсетпей ме?!

Астанада халал балабақшалар ашылып жатқанын естідік. «Тәрбиешілердің бәрі хиджаб киеді екен» дейді білетіндер. Ол балабақшада жас сәбилерге діни сабақтар, діни уағыздар оқытылады екен. Әріп танып үлгермеген сәбилерге діни уағыздар ай­тудағы олардың мақсаты не екені бір Ал­лаға аян. Тіпті олардың балабақша ре­тінде ашылып, бала тәрбиелейтіндей арнайы мемлекеттік лицензиясы да жоқ көрінеді. Сонда Қазақстанда кім болса сол бала­бақша ашып, өрімдей сәбилердің санасын улай беруі керек пе? Олар тұрмақ, ересек адамдардың өзі діни ағымдардың жете­гінен шыға алмай отырғанда, әлі буыны қатпаған сәбилерімізді қалай арашалап қалмақпыз? Егер біз осылай кете берсек, шамалы уақыттан кейін халал мектептер мен университеттер ашамыз деушілердің шықпауына кім кепіл?!

Жамбыл облысында 360 мектеп оқу­шысы түрлі діни ағымдардың жетегінде кеткен. Облыстық білім басқармасы басты­ғының орынбасары Гүлзия Зәуірбекованың айтуынша, жасөспірімдер арасында әлеу­меттік сауалдарға жауап алу барысында кейбір жасөспірімдердің салафизм, уаха­бизм, протестанттың жаңа ағымдарының жетегінде кеткені анықталған екен. Бұл - мойындап отырғандары ғана. Ал сауал­нама кезінде жасырып, айтпай отырғаны қанша! Онымен қоса 18 оқытушы дәстүр­лі емес дінге берілгендігін және балаларға да сол дінді уағыздайтынын жасырмапты. Ал облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген болса Дін істері жөніндегі де­пар­таментті қатаң сынға алып отыр. «Дін іс­тері жөніндегі департамент басшылығы бұл жағдайға немқұрайды қарап отыр. Оның қызметкерлері келген миссионерлер қан­дай лекция оқитынын және мешіттерде не болып жатқанын білмейді», - дейді ол.

Мұндай әлеуметтік сауалнаманы басқа аймақтардағы мектеп оқушылары арасын­да жүргізетін болсақ, онда тағы да осындай фактілердің анықталарына күмән жоқ.

Осыдан біраз бұрын исмаилиттер имам­­дығы мұсылман шейіттерінің 49-мұ­рагер имамы ханзада Кәрім Аға Хан Ал­маты облысы Текелі қаласының тау бөк­те­р­інде Орталық Азия университетін ашты. Олар таудың арасында әлі оң-солын танып үл­гермеген жастарымызға нені үй­ретіп жа­тыр? Еліміздің ығайы мен сыға­йы жиналған бас қала - Астананың өзінде ли­цензиясыз ха­лал балабақшаларды қада­ға­лауға ала ал­май отырған құзыретті орган­дар айда­ла­дағы таудың етегінде болып жатқан жағдайды бақылауға алады деген­ге сену қиын. Алаңдатарлық басты мәселе, уақыт өте келе бақылаусыз білім ошақта­рында тәрбие алған жастарымыз ата-баба дәс­тү­рі­не қарсы шығып, түрлі ағым бас­шы­ла­рының қолшоқпарына айналып, елді­гімізге, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан кел­тірмей ме?!

Елдің ертеңгі тұтқасын ұстар болашақ жастарымыз осылай кете берсе, онда, шын мәнінде, келешекте діни ағымдардың кітабын біз ұстап, жеріміз миссионерлердің иелігіне өтіп кетуі ғажап емес. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі бақылаусыз білім ошақтарын қадағалауға алып, оны­мен қоса әлеуметтік сауалнаманы еліміздің барлық мектеп оқушылары арасында жүргізіп, мұғалімдердің діни көзқарасын сараптан өткізетін уақыт жетті. Сондай-ақ кешегі құрылған Дін істері агенттігі де осы негізде жұмыс істеп, заңымызды қатай­тып, теріс жолға түскендерді жазалаумен емес, оның алдын алудың жолдарын қарас­тырғаны дұрыс шығар...

Оңғар қажы ӨМІРБЕК, ҚМДБ баспасөз хатшысы:

- Діни ағымдардың енді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарына ауыз сала бастауы жақсылықтың нышаны емес. Кеңес өкіметі кезінен осы уақытқа дейін, Тәуелсіздік алып, егеменді ел болсақ та, діни сенім бостандығы төңірегіндегі заңымызға өзгерістер енгізе алмай келеміз. Дін туралы заңға толықтырулар енгізуді екі рет ұсынсақ та, тиісті органдар қабылдамай тастады. Осыны тиімді пайдаланған түрлі ағымдар халқымыздың санасын улап, бірлігіне нұқсан келтіруде. Әкесі - иегово, шешесі - христиан, ұлы уахабист болып, отбасы ойрандалып жатыр. Тіпті қазір мемлекетімізге де қауіп төну үстінде. Елімізде халықаралық деңгейде қазақ-араб университеті ашылып, бірнеше жылдан бері таза уахабтарды дайындап жатыр. Тіпті кейбір ағымдар өз медресе­лерін ашуда. Оларға тыйым салынбағаннан кейін білгенін істеп жатыр. Оның үстіне кейбір ағымдар кіші қажылық, үлкен қажылық ұйымдастырамыз деп қулыққа салынып, виза алып, қазақ жастарын араб елдерінде білім алуға итермелеуде. Мұның барлығы ұлттық қауіпсіздігімізге, тұтасты­ғы­мызға нұқсан келтіретіні сөзсіз. Сондық­тан олардың тайраңдауына тыйым салатын қатаң заң керек. Онсыз бұл мәселені түбе­гей­лі шеше алмаймыз.

Бейресми дерек бойынша, елімізде 1 250 000 қыз-келіншек салтымызда жоқ, халқымызға жат хиджаб жамылып жүр. Оның үстіне 500 мыңнан астам отандасымыз түрлі секталардың шырмауынан зардап шеккен. 2010 жылы тиісті органдарға сектадан жәбір көрген 930 адам хабарласса, оның 70 пайызы - христиан секталарынан, 30 пайызы ислам ағымдарынан жапа шеккен. Сондай-ақ елімізде тіркелмеген 559 дәстүрлі емес діни ағым (секта) бар екен.

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір