Жұма, 3 Мамыр 2024
Пікір 5081 2 пікір 27 Қараша, 2018 сағат 10:08

Кешегі жаңа есімдер бүгін кімдер?

(2019 жылдың жастар жылы болып жариялануы орайында) 

Осындан он жыл бұрын «Бүгінгі жаңа есімдер ертеңгі жарық жұлдыздар» атты мақала жазып, жастар поэзиясы жайында толғаныс жасаппын.

Он жыл аз уақыт емес, жас өсті, жарлы байыды. Тарихтың сындарлы белесі әдебиет атты ауыр жүкті арқалаған топ-топ қаламгерлерді, том-том шығармаларды өмірге әкелді. Алды бақилық болса, соңғы толқын ізін басты. Замана күйінің шуақты сәттерінде жарқырап, жайнап жүргендері де аз емес. Шабыты тасырқап, шанағы көрінгендер де бар шығар. Әрине, талғар талант, талмас талап, ерінбес еңбек ерте ме кеш пе өз жемісін береді. Жүзден озып жүйрік шығады, мыңнан шауып тұлпар шығады.

Әдебиетті сараптаушы ойлы оқырмандар мен жастар қауымына сабақ болсын деген ниетпен сол кездегі ой толғанысынан туған бағамды қысқа да, нұсқа тұжырып, еске сала кетуді жөн көріп отырмын.

Ұларбек Дәлей хақында

Жол жорғадай төгілген әсем жолдар есіңізге еріксіз Күлтегін тастарын оқуға, жыраулардың жаңа үнін естуге жетелейді. Түркінің ұрпағы тірі екен ғой деп Аллаңызға тәубе қыласыз.

Тек сыртқы сұлулық қана емес, ұлттық рух, терең пәлсәпа, ішкі ұран қамшының өріміндей жымдасып жатыр. Қайталау, балаңдық, жалаң еліктеушілік емес, қалыптасқан ақынның ауыздықсыз жырына құлақ түріп, талантына тамсанып отырғандаймыз.

Бауыржан Қарағызұлы хақында

Бауыржан Қарағызұлы жырларынан да жастыққа тән асаулық пен поэзияға тән жаңа екпін бірден байқалады. Бауыржанның Мағжанға арнап жазған «Ақын рухымен сырласу» өлеңі соның үлкен мысалы.

Сар тап болған санамызға ақ боранымен – бостандық желімен аңырай келген жас ақын кешегі әз аға – Мағжанмен сырласып, ол аңсаған азаттық таңының арайын, елінің егемендігін, халқының қайсарлығын емірене жырлайды.

Мұратхан Шоқан, Ерлан Нұрдыхан, Мирас Асан хақында

Бүгінгі жастар жырына үңілгенде Мұратхан Шоқан, Ерлан Нұрдыхан, Мирас Асан сияқты асау жырды ауыздықтаған екпінді леп тәтті жырымен тамсантып жүр. Әсіресе қазақ өлеңіне өзгеше бояу, өзіндік үн сіңірген Ерлан жырының елеңі өзгеше.

Ерлан қоңыр даланың бір бөлшегіне айналып, сұлу түннің қойнына өз еркінше сүңгиді. Жасандылықсыз дала ұлының тілімен төгіле жөнеледі. Өз болмысымен, боямасыз, бөтен сөзсіз, қамшының өріміндей жұмыр жырға бас имей амалыңыз жоқ...

Қоп-қоңыр әуен, қоңыр үн, домбыраның ішегіне, қобыздың көмейіне жасырынған сағыныш, мұң бәрі де көңілге қонымды жүректі шымырлата тіл қатады. Алыстан, алты қырдың астынан талып жеткен осы үн бүгінгі қазақ поэзиясының жасыл бағын ай нұрындай аймалап, киелі құсындай сүйеді. Мұқағалидың мұңлы жыры Ерланға айналып басқаша толқиды.

Мұрат Шаймаранұлы хақында

... Ақын өзі ұстанған осы жолды бүгінгі поэзиямен қабыстырып, ары қарай дамытып ешкімге ұқсамайтын жаңа бір бағытқа қарай бет бұрады. Бұл бағыт шығыс шайырларын үлгі етіп басталды десекте, өзі еліктеген тұлғалардың құшағына құлай кететін жалаң табынушылықтан мүлдемге аулақ. Ендігі жерде Мұрат болып қана жыр толғайды. Ал бейнелеу жағында қарапайым, жасандылықтан, зорланудан ада. Еркін төгілген.

Мұрат жырының тағы бір ерекшелігі әр өлеңінде өзінің жарқыраған тана-моншағы бар. Жұрт жауыр қылған сөз емес, тереңнен сүзіп алған інжудей таза жолдар жиі кезігіп отырады. Ана тілінің қаймағын қалқып, қажетінше көсіледі.

Демек, Мұраттың ақындық асау шабыттың арғымағын тақымына баса білген танымал ақындардың біріне айналғанын мойындау керек. Жас жағынан қарағанда «жас ақын» болма­ғаны­мен поэзияға өзіндік бетпен келіп, «шығысқа қайта тіл бітірген», ғазалдарды жаңғырықтырып, жастарды қанаттандырып жүрген Мұрат ақынды аттап өту мүмкін емес.

Жас ақындар шоғыры

... Жаттанды теорияшылдардың постмодернизмдік үлгісіне де келетін, оқырманның да сұранысына жауап бере алатын қаншама қаламгерлер бар.

... Осы жағынан қарағанда жастар поэзиясында Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Ардақ Нұрғазы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалым, Қуаныш Дәлей, Гүлманат Әуелхан, Ықылас Ожай, Ырысбек Дәбей, Серік Боқан, Азамат Тасқараұлы сияқты ізденіс үстіндегі бір топ жас ақын сол бір соны соқпақтарға түрен салғысы келетіндігімен қуантады.

Ақберен Елгезек хақында

Өзін тынымсыз ізденіс үстінде көрсететін Ақберен жыры көбінде жұмбақ сырларға оранып, оны өзіне ғана тән өзгеше бояумен беруді мақсат ететін сияқты.

Ақбереннің тағы бір ерекшелігі өз ойын сылдыр сөзден көрі оқиға немесе суретпен жеткізуге тырысатындығы.

Құмардың шөбін тістедім

Құмырсқаша ойланып…

Жусанды иіскеп айықтым,

Жымиған гүлдер ішінен…, – деген тәтті де сәтті жолдар жәй ғана сурет болмастан өзіндің философиясымен көкірегіңді жылы ағынымен жуып өтеді.

Ерлан Жүнісұлы хақында

Бүгінгі жас әдебиеттің таза өкілдерінің бірі, ешкімге ұқсағысы келмей «одағайлау» жүрген Ерлан Жүнісұлының да айтары мен берері аз емес.

Ерлан жырларын оқып отырып есіңізге Маяковский, Омарғазы Айтан келеді екен. .. Ерлан аталған екі дананы да қайталамай, бірақ, жаңаша жаңғыртып жастар поэзиясында жаңа бейне жасап, тағы бір бүйірімізді жамаған екен.

Ерланның «Диалогтар», «Кедей» секілді көптеген өлеңдері де аз жазсада саз жазғысы келетін Ерланша жазғандығымен құнды. Оның қаламынан туған әр бір дүниеге бей-жай қарамайтынымызды білдірсек, бүгінгі поэзияға тән тынысты толық меңгерген жаңа заман ақыны екеніне де көз жұма алмаймыз. Ерлан жырында ойлылыққа, тереңдікке бет бұру бар.

Азамат Тасқараұлы  хақында

Поэзияға жастыққа тән жалынмен, өлеңге, өнерге тән өзгеше­лікпен келген ендігі бір жас ақын Азамат Тасқараұлы. Аты танымал болмағанымен өлеңдерін тебіренбей оқу, бағаламау мүмкін емес.

Азаматтан жаңа поэзияның туын көтеретін мықты ақын шығуы әбден мүмкін. Қарым-қайраты, сөз сұлулығы, көмескіленіп жатқан ішкі ирімдері  соны байқатады және сендіреді.

Ұларбек Нұрғалымұлы хақында

Өз бойында бар өзгеше талантымен көзге түсіп жүрген ендігі бір жас ақын Ұларбек Нұрғалымұлы.

Ұларбектің «Жылқылар», «Алтай. Қыс. Сағыныш», «Көк­серек», «Қаңғылес», «Соңғы ауыл», «Қазақы Наурыз» өлеңдерін оқысақ, онда жүректі жарып шыққан сағыныш, қазақы қара домалық ауыл ұлының тауға қарап ұлыған бөлтіріктей бөгенайлы жырына таңдай қақпау, сүйінбеу мүмкін емес екенін білеміз. Егер Ұ.Нұрғалым сирек жазғаннан көрі үзбей талпынып, жалықпай жаттыға берсе оның арғы жағында жатқан қомақты халықтық қор мен қара өлеңді қамырша илеген шеберлігі көмбелерден ғана көрінетін ақын болар еді деген ойға әкеледі.

Тағы бір шоғыр

Қазаққа өлең, өлеңге ақын көптік етпейді. Бүгінгі жас поэзиямызда дәл қазір аузымызға түспей отырған талай ақын бар. Сол топқа қайта қайрылсақ – Әлібек Шегебай, Дәурен Берікқажы, Білісбек Әбдіразақ, Алмат Исәділ, Адалбек Ахмәди, Саят Қамшыгер, Серік Сейітман, Асанқадыр Исабек, Мағиза Құнапия, Құралай Омар, Ерғали Бақаш, Еркін Исахан, Балтабек Нұрғали, Шұғайып Ақынұлы...есімдері еске оралады.

Шалғайлап жүрген жас ақындар хақында

Бүгінгі поэзиямызда біздің қолымыз жетпеген, жырларын оқу мүмкіндігіне ие бола алмаған талай ақынның бар екендігінде де шүбә жоқ. Әсіресе Астана мен Алматыдан шалғайлау жүрген көп ақынға біздің қолымыз, бізге олардың қолы жетпей жатады. Бақытгүл Бабаш, Руслан Нұрбай, Алмас Темірбай, Қуаныш Медеубаев секілді жас ақындар соның бір ғана мысалы.

Міне, бұлар менің 2010 жылы жарық көрген «Жалғыздың үні» – Сын-зерттеу мақалалары мен сыр-сұхбаттар ( Алматы, «Ақотау» баспасы2010ж) кітабымдағы «Бүгінгі жаңа есімдер ертеңгі жарық жұлдыздар» атты көлемді мақаламнан алынған үзінділер ғана. Сол кездің және бүгінгі күннің көзімен қарағанда шын айттық па, ағат кеттік пе оны тарих иесі – зерделі оқырман өзі айтады. Дегенменде, бүгінгі қазақ поэзиясы хақындағы, соның ішінде жастар шығармашылығы жайындағы сын-зерттеулердің аздығы тағы да еске түсіп, көңілді құлазытады.

Жастардан күтеріміздің көп екені сияқты, алда келе жатқан жастар жылынан да күтеріміз көп. Жалпы қоғам, әлеуметтік және басқа салалар төңірегінде ғана емес, келе жатқан жаңа жылдың жастардың да нағыз шығармашылық жылы болуын үміт етеміз.

Әсіресе, қалам ұстаған қауым ғасырлар өліарасынан кейін атқа қонған алқалы топ – жас буынға жалғайтын ғасырлық міндетін, қарызы мен парызын ұмытпауы тиіс!

Жәди Шәкенұлы

Жазушы

Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 713
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 527
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 458