Жұма, 3 Мамыр 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 5808 16 пікір 10 Қыркүйек, 2018 сағат 10:00

Көлгінов даулы ескерткішті Тұңғыш Президент алаңына орнатуы керек

Оралда үлкен дау туғызған Исатай-Махамбет ескерткішінің орны туралы халықтың  ұсыныс-талаптарын айтып, облыс әкімі А.Көлгіновке хат арқылы, ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қ.Мұсағалиевке  тікелей жолығып жеткіздім. Кездесу барысында басқарма басшысы: «өлкеміздің зиялы қауымының қатысуымен  БҚО тарихи-мәдени мұраларын, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мәселелері бойынша облыстық комиссиясы «Исатай мен Махамбет» композициясы Орал қаласының оңтүстік қақпасына, яғни Еуропа мен Азия құрылығының тоғысқан жерінде орнатуды шешіпті. Олардың айтуына қарағанда ескерткішті осы жерге орнатса, саябақпен абаттандыруға және автотұрақ жасауға мүмкіндік береді-міс.  "Бұл жұмыстар бірегей кешен ретінде жергілікті халықтың демалыс орнына айналатынына сенімдіміз» деді Мәдениет басшысы.

Иә,  жоба мүсінің айналасына  демалыс бағы болады деп компьютермен халықтың суретін, демалыс орнының картинкасын келтіріп, салып қойғансыздар.  Енді қараңыз, қу айдалаға кім барады, ел бармайтын жерге әкімшілік қаражат шашып, демалыс орнын салмайтыны анық. Өйткені, халық көп шоғырланған қаланың  шағын аудандарында  әлі де демалыс орындары жоқ. Орал қаласының  ең басты даңғылындағы облыс әкімдігі мен қала әкімдігінің ғимаратының  дәл қарсы  алдындағы  ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтің ескерткішінің өзі кейде тазартылмай, мүсін басында құстар саңғырынан  ағал-жағал болып  тұрады.  Егер сіз айтқандай қу айдалаға Исатай-Махамбет ескерткіші орнатылса,  ресми түрде мақтанышпен ашып, әкімдік өздеріне саяси ұпай жинағаннан кейін ешкім ол жерге жоламай  қос батыр мүсіні  шаң тозаңға  және құстың саңғырына әбден көміліп қалатыны сөзсіз» деп жауап бердім.

Халықпен еш кездеспестен, олардың  ой-пікірін білместен немесе әлеуметтік желіде батырлардың тұратын орнын еш талқыламастан, тек  өздерінің жеке ой-пікірін білдірген және қос батырдың мүсіндерін құр далаға орнатуға келіскен  комиссия мүщелері кім екенін білдім. Алайда үлкен жастарын сыйлап, ел-жұрт алдында беделдері түспесін деген мақсатпен ұлттық мүддедегі мына әрекеттерін өз арларына тапсырып,  аты-жөндерін жазбауды ұйғардым.

«Халық қамын көздеген қаһарман, азаттық үшін алысқан  айбынды қос батырымыз  Исатай-Махамбет ескерткішін  айдалаға орнатуға келіскен комиссияның  мүшелері шын мәнісінде халық зиялылары ма?» деген сауалға жауап іздеп  елімізге танымал саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері,  ғалым Аманжол  Зейнуллинге жолығып ой-пікірін білген едім.

1991 жылы қыркүйек айында  Орал казактары Ресей тәжіне қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпекші болғанда, оларға қарсы бейбіт митинг ұйымдастырып, казактардың мысын басуға атсалысқан,  облыстағы «Азат» қозғалысының көшбасшысы  болған  70 жасқа таяп қалған Аманжол ағамыз сәл ауырыңқырап қалған екен.  Дәрігерлер әзірге көзіне көп түсірмеу үшін газет-журнал оқуға және компютерде отырмауға  кеңес беріпті. Сол себепті ағамыз соңғы уақыттағы  Исатай-Махамбет ескерткішіне  қатысты даулы мәселе туралы хабарсыз екен.  Амандық біліскен соң, ағамыз «ал қайсар бала, елдегі, облыстағы саяси-қоғамдық  жаңалықтарыңды  айтып отыр» деді.  Мына ұлттық мәселені естімегесін, адуынды ұлтшыл  азаматқа бұл келеңсіз жағдайды айту, ата-анасының  қаралы хабарын естірткенмен  бірдей екенін өте жақсы білетінмін.  Ұзақ кідіріңкіреп барып, «Аманжол аға, 27 жыл ішінде салынбаған Исатай-Махамбет ескерткішін облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасы  өңіріміздің  зиялылар қауымы қатысқан  комиссия шешімімен  Подстепной ауылы маңына салмақшы»  дедім. Көңіл қошы болмай,  жастыққа қисайып жатқан  азатшыл  ағамыз,  «қалайша,  кімдер, не деген сұмдық деп,  көзінен намыс  оты ұшқындап, мен отырған диванға келіп жайғасып,  ноутбугын алып  Исатай-Махамбет ескерткішіне қатысты  жазылған барлық мақалаларды, әлеуметтік желідегі жұрттың  наразылықтарын  оқып шықты.

«Подстепное несі, бұл айдала,  тіпті Орал қаласына кірмейді, Теректі ауданына қарасты жер, сонда қаламызға екі батырымызға орын таппағандары ма?  Әкімдер-басшылардың  мына әрекеттері масқара ғой, мына жағдай батырлардың аруақтарын қорлау»  деп айбаттана түсті.

"Комиссия құрамындағы жергілікті жердің зиялылары  осылай ортақ келісімге келіп  шешкен екен" деп едім,  "есімдерін айтшы, олар кімдер?" деп  сұрады.  Жобаны және ескерткіштің орнын бірауыздан қолдаған комиссия мүшелерінің аты-жөндерін айтып бердім. Орал қаласы әкімінің орынбасары және көп жыл облыстық мәслихатының депутаты болғанда  ұлтық мәселені көтеріп, қаланың көше атауларын ешкімнен қаймықпай  қазақшыландырған және  ұлттық құндылықтағы атаулар  мен алаш зиялыларының, ұлт  ардақтыларының есімдерін  бергіздірген,  ана тіліміздің дамуына ерен үлесін қосып келген Аманжол Зейнулин ағамыз: «Інім-ау,  айтып отырған адамдарыңды зиялы деп кім айтты, мынауың  тек басшылықта болған адамдар  ғой.  Оларың жергілікті жерде  ұлттық мәселе бойынша не тындырыпты?. Егер олар халықшыл, ұлтжанды болса, мынадай қадамға бармас еді,  қазақтың азаттығы мен еркіндіктің символы болған қос батырымызды  айдалаға қуып жібермес еді ғой.  Осы әрекеттерінің өзі олардың зиялы емес, халыққа зиянды екенін нақты дәлелдеп береді деп буырқана  сөйледі.

«Талғат інім, қажет болса, осы сөздерімді дәлелдейін, бір дөңгелек үстел ұйымдастыр, осы комиссия мүшелерін шақыр, өздеріне де зиянды екендерін айтып берейін» деп төтесін айтты батыл ағамыз. Сонда деймін-ау, мәдениет басқармасының басшысы кімдерді зиялы деп отыр, оның өзі зиялы деген сөздің мағынасын толық түсіне ме екен?

«Ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» қылыш сермеген, елінің азаттығы жолында құрбан болған қос батырымыз Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткішті қаламыздың «Жаңа Орда» шағын ауданындағы Тұңғыш Президент алаңына  орнату керек және соған атсалысам деді Аманжол ағамыз әңгіме соңында.

Талғат Қатауов, қоғам белсендісі

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 614
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 363
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 357
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 364