Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3461 0 пікір 1 Ақпан, 2011 сағат 04:21

«Ақ Азиаданың салтанаты Алаш жұртына абырой әперді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 ақпан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуі жарияланды. Онда Елбасы бүкілхалықтық сенім білдіргені үшін барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіріп, бастамашы топқа, депутаттарға және «Қазақстан-2020» демократиялық күштердің бүкілхалықтық коалициясына алғыс айтады. «Бастамашы топтың осы ұсыныс арқылы Елбасы өкілеттігін 10 жылға ұзарту ғана емес, еліміздің өркендеуі және қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы іргелі істерді жалғастыруды көздегеніне сенемін. Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын. Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын. Сондықтан, мені халық дұрыс түсінеді деп сенемін. Біз бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи тағылымы деп қабылдағанымыз жөн. Бұл - Елбасы мен халықтың Ата Заңға адалдығын бағамдайтын тағылымды дәріс. Демократиялық жолмен сайланған Тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін. Тиісті Заң Парламентке ұсынылады», - деп атап көрсеткен Үндеуде Президент.

 

Осы басылымда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулысына түсіндірмесі жарық көрді. Онда: «Парламент өзінің конституциялық өкілеттігі негізінде, Мемлекет басшысының президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту жөнінде халықтың ерік білдіруін қамтамасыз етуге құқықтық негіз жасауға тиіс болатын Заңды қабылдады. Алайда, Заңды зерделеу барысында Конституциялық Кеңес бұл Заңның Президенттің өкілеттігін ұзартуды көздейтін нормасы заңдық тұрғыдан дәл жазылмағанын анықтады. Заңның 1-тармағынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының президенттік өкілеттігі қай мерзімге ұзартылатыны байқалмайды, мұндай ұзартудың бір жолғы әлде қайталанатын сипатта болатыны, не болмаса Мемлекет басшысын сайлаудан толығымен бас тарту көзделетіні анық емес. Осы конституциялық норманың анық жазылмауы Конституцияда көзделген мемлекеттік және қоғамдық институттардың тәжірибе жүзінде үйлеспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, ел Президентінің Парламент қабылдаған заңның конституциялығына күмән келтіруі әбден негізді болып шықты деп атап өтуге болады. Конституциялық Кеңес бұл заңды Конституцияға сәйкес емес деп тапты. Бұл - заңға қол қойылмайтынын және оның қолданысқа енгізілмейтінін білдіреді», - делінген.

***

Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Мұнай және газ министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Осыған орай «Айқын» газетінде «Қашағанды» игерудің екінші кезеңі көңіл көншітпей отыр» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, ведомства басшысы Сауат Мыңбаев министрлік өткен жылы міндеттемелерін орындамаған 28 компаниямен ат құйрығын үзіскенін жариялады. Сондай-ақ ол «Қашағанды» игерудің екінші кезеңі көңіл көншітпей отырғанын баяндады. Мәжілісте «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин 2014 жылға қарай Каспий құбыры консорциумының экспорттық әлеуетін 50 млн тоннаға жуықтайтынын жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы елімізде өндірілетін мұнайдың 40,2 пайызы аталмыш құбыр арқылы тасымалданыпты. Сөйтіп, экспортталған мұнайдың үлесі 71,2 млн тоннаны құрапты. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артық екен. Сондай-ақ осы отырыста «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Еуро-5» стандартына көшуге байланысты мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуды ұсынды. «Біздің ресейлік және беларустық әріптестеріміз зауыттарының «Еуро-5» стандартына көшуі тиістігін жариялауда. Сонымен қатар аталған елдердің аумағында бұл стандартқа сәйкес келмейтін мотор майларын сатуға шектеу қоюда. Ал біздің жаңарту бағдарламамызға сәйкес, соңғы нәтиже - «Еуро-4». Мұнай және газ министрлігі зауыттарды жаңартудың соңғы кезеңінде «Еуро-5» стандартына көшу мүмкіндігін қарастыруы керек. Бұл біздің ресейлік және беларустық зауыттармен бәсекелес болуымыз үшін қажет», - деді аталмыш компанияның басқарушы директоры Данияр Тиесов.

«Ақ Азиаданың ашылу салтанатына жиналған 30 мың көрермен Қазақстанда бұрын-соңды болмаған кереметке куә болды. Халқымыздың кескін-келбеті мен болмыс-бітімі тап басылып, түп тұқиянынан тәмсіл тартылған думанда дәстүріміз дәріптеліп, салт-санамыз бен әдет-ғұрпымыз ұлықталды. Ең бастысы - мұнда мемлекеттік тілдің асығы алшысынан түсті. Ақ Азиада ұлтымыздың тілінде, анамыздың тілінде, біздің тілде өтті», - деп жазады «Айқын» газеті сейсенбілік санындағы «Ақ Азиаданың салтанаты Алаш жұртына абырой әперді» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Астана-Арена стадионында өткен салтанатты шараны ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы Жак Рогге зайыбымен, Қырғызстан мемлекетінің президенті Роза Отынбаева, Азиялық Олимпиада кеңесінің төрағасы Әл Саббах сынды тұлғалар қатар отырып тамашалады.

7-Қысқы Азиада ойындарының ашылуы әрі алғашқы күнгі спорттық шаралар турасында кеңінен мағлұмат алғыңыз келсе, осы және «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы», Казахстанская правда», «Литер» сынды басылымдардың бүгінгі нөмірін  жіберіп алмаңыздар.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровпен арадағы сұхбат «Қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаған басшылардың өзі де қызметінен босатылатын болады» деген тақырыппен басылды. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қылмысқа қарсы күрес - баршаның ісі. Оған бүкіл қоғам болып жұмылып, бірігіп күресу қажет. Азаматтардың ішкі істер органдарына қолдауы мен көмегі  қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда, қылмысты дер кезінде ашып, қылмыскерді ұстауда үлкен ықпал етеді. Кез келген қылмысты көрген, куә болған адамдар оны бүгіп-жасырмай, әшкерелеуге атсалысса немесе қандай да бір қылымыстың алдын алу ісіне көмектесуді азаматтық парызы санаса, бұдан қоғам тек ұтатыны анық», - дейді.

«Мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсаттарға пайдалануға тыйым салу керек пе?». Осы сауал «Алаш айнасы» газетінің «ой-көкпар» айдарында мамандар талқысына ұсынылып отыр. Мәжіліс депутаты Жансейіт Сәрсенқұлов: «Мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсаттарға пайдалануға мүлдем тыйым салу керек. Себебі Мемлекеттік рәміздер - тұтас бір ұлттың елдігін айқындайтын ұлттық, қасиетті нысандар. Ал оларды көрінген жерге тықпалап, жапсыра берсек, қадірін қашыруымыз әбден мүмкін. Сондықтан Мемлекеттік рәміздердің коммерциялық мақсатта пайдаланылуына үзілді-кесілді қарсымын»,- дейді. Ал бұл мәселені екіжақты қарау керектігін айтқан кәсіпкер Азат Қонысбек: «Жалпы, Мемлекеттік рәміздерімізді коммерциялық мақсаттарға пайдалануға тыйым салудың қажеті жоқ. Тек мемлекеттік нышандарымыз бейнеленген заттардың аяқасты етілуіне немесе қорлануына тыйым салған жөн. Өйткені осы уақытқа дейін Туымызды қап орнына пайдаланып, қоқыс тасығандар туралы естіп, біліп жатырмыз. Міне, осыларға тыйым салып, тіпті оларды жазасыз қалдырмауымыз қажет», - деген пайымын алға тартады.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Жак Роггені қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесуде тараптар екіжақты ықпалдастық, Қазақстанның спортты дамытудағы жоғары жетістіктері жайлы сөз қозғады. Ж.Рогге Қазақстан Президентіне Қысқы Азия ойындарын халықаралық жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін шынайы алғысын білдірді. «Азиада қарсаңында Қазақстанда көптеген жаңа бірегей спорт ғимараттары салынғанын атап айтқым келеді. Бұл Азиаданың ұйымдастырылуы ең жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Сонымен қатар, Президентпен кездесуіміз барысында біз 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын Қазақстанда өткізу мүмкіндігі жайында пікір алыстық», - деді Ж.Рогге.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 696
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 498
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 424
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 437