Жұма, 3 Мамыр 2024
Дабыл 10363 13 пікір 8 Қазан, 2017 сағат 18:00

Торғай даласынан Ресейдің зымыран қалдықтарын құлатуға жер берілетін болды

 

Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы аумағынан зымыран қалдықтарын құлату үшін 76 мың гектар жер 3 жылға берілетін болып шешілді деп хабарлайды «Қостанай таңы» газетінің тілшісі.

«Бүгін Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және ғарышкер Айдын Айымбетовтің қатысуымен мәжіліс басталғанын айтқан болатынбыз… Жиын қорытындысы бойынша, ауданға қарасты Шөптікөл мекенінен Ресейдің зымыран қалдықтарын құлатуға жер берілетін болды. Басшылықтың айтуынша, қалдықтар белгіленген жылдар ішінде 8 рет құлайды. Сондай-ақ, аудан бюджетіне жыл сайын 151 млн теңге қаржы аударылып отырмақшы. Ал іргесіне қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көліктері бөлініп, ауызсу тартылады. Таяу келешекте сол жердегі көпірді жөндеуге де уәде беріліп отыр…» дейді газет тілшісі.

Шағын ақпараттан көріп отырсыздар, зымыран қалдықтары өте зиянды болса керек. Ақпараттағы мына жолдарға назар аударайық: «...іргесіне қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көліктері бөлініп, ауызсу тартылады». Демек, аталған ауылдарда ауру-сырқау көбейіп, ел ішін төтенше дерт жайлауы мүмкін. Ауыл тұрғындары кенеттен ұшып түсуі ықтимал. Сол кезде оларға жедел жәрдем көліктері жіберіледі. Осы жайтке ашынып әріптесіміз Абылай Мауданов бізге төмендегі жазбасын жіберді.

Көкірек удай ашыған күн болды. Ақыры, үкімді естіп тындық. Торғайдың 76 мың гектар жері зымыран қалдықтарын құлату үшін Ресейге беріліпті. Осылай боларын, бәрінің «жоғары жақтан шешіліп» қойғанын іш сезген еді. Түйсік алдамапты.

Басы-қасында болған жоқпыз, бірақ, куәгерлер арқылы естіп жатырмыз. Сол елдегі «бас көтерер» ақсақалдарды «келістіріп» тыныпты. Асарын асады, жасарын жасады дегенмен, олардың да бала-шағасы бар, «жанды жерін» тапқан да. Ватсаптағы топтар әлгі ақсақалдардың  иттерісін басына қаптап жатыр.

Олардың орнында болсақ, біз қайтер едік, бекерге жергілікті халықты кіналамайық. Төбесінен алтын құйса да, ешкім у жұтуға келіспесі хақ.  Амалсыз көнді, дұрысы «көндірді» деп білем. Өре түрегелуге Торғайдың текті халқы аңсап келген азаттықтың жағасына жармаспайық деген болар. Амангелді, Кейкілердің ұрпағы бұғып қалды деп тасада отырып тас лақтырмайық. Айтудан мүйіз шықса, оған дейін де, Кейкінің айтысында да Айбек ақын естір құлаққа жетердей қылып айтты. Бірақ, біз үміт күткен құлақ бітеу екен. «Тобыл-Торғай» сайты елден бұрын дабыл қақты. Халықтың үнін жеткізді дер кезінде. Үн қосқандар, құлақ асқандар аз болды әттең.

Енді қайтпек керек? Итке сүйек тастағандай 152 млн теңге беріледі депті. Әлеуметтік жағдайын дұрыстаймыз деп уәде етіпті. Енді осы уәделердің дұрыс орындалуын қадағалау бәріміздің міндетіміз. Қарғанғаннан, ойбайлағаннан ештеңе өнбейді. Жау кеткесін қылышты қидалағаннан ештеңе өзгермейді.

Зымыран қалдықтары шыныменен залалсыз ба? Шынымен де үш жылдан кейін қалдық тастауын доғара ма? Халықтың денсаулығын тұрақты тексеріп тұра ма? Топыраққа, ауаға, қоршаған ортаға, жан-жануарлар әлеміне шынымен зиян келмей ме? Осының бәрі жіті назарда болу керек.

Бекем болайық бауырлар, бекер шуылдамайық, десек те, Торғайға төнген қатерді бір сәттік «дем шығарумен» ұмыт қалдыруға болмайды! Өндіріс жетпегендіктен табиғаты таза сақталған өлке еді Торғай, ол да көзімізге көп көрінген екен...

2015 жылы көктем жаз айларында Қостанай мен Торғай далаларында киіктер қырылған еді...

Абылай Мауданов

Abai.kz

 

13 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 709
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 524
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 458