Жұма, 3 Мамыр 2024
Өзіңе сен 6180 0 пікір 8 Сәуір, 2015 сағат 11:06

ҚАЗАҚШЫЛЫҒЫМ ҚЫМБАТ

«...Кеудесі жақсылардың алтын сандық,

Сандықты кілт болмаса кім ашады?..»

(«Сырлы сәт» топтамасынан)...

 

- І -

«...Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар?!»

Шіркін, қайта оралмас қайран жастық!.. Сен туралы бұдан артық қалай айтуға болады?! Абайдың ұлылығы да осында емес пе?!

Махаббат пен мастыққа, албырттық пен шаттыққа толы сол бір сиқырлы күндер, арман мен сырға, ән мен жырға толы шуақты жылдар қайда қалды?!

Рас, ол кез сәл басқаша еді... Өмірге де, өзімізге де шексіз сенуші едік. Күн өтпейтіндей, ғұмыр бітпейтіндей көрінетін.

Ал қазір ше, қазіргі жастар ше? Білмеймін... Жарайды, бұл – басқа әңгіме.

Жастыққа бәрі жарасады! Аңсау да, арман да... Күю мен сүю де... Ерлік пен өрлік те!

«Шіркін, сол күндер бір сәт қайта оралса бәрін қияр ем, онда бәрін басқаша істер едім!» деп өтірік айта алмаймын... Жастықпен кім жаңылыспайды, жас кезде кім қателеспейді?! Тапқанымнан жоғалтқаным, жеткенімнен жетпегенім көп болды... Өкінбеймін. Әйтпесе, ол жастық бола ма?!

Өкінетінім, тек өтіп кеткені... Енді ешқашан қолым жетпейтіні. Көнбеске тағы лаж жоқ!

... Қайран, Жастық, жасындай жанып-өшкен!

Өте шықтың жұлдыздай ағып өткен...

Құлазыған көңілдің гүлзар бағы

Қазан ұрған ағаштай сәні кеткен.

 

Қайран, Жастық! Өмірдің сәні ме едің?

Сәні ме едің, әні ме ең, мәні ме едің?

Сырласымдай көруші ем мына әлемді –

Қимасымдай болушы ед бәрі менің.

 

Қайран, Жастық! Келмеске кеткенің бе?

Кеткенің бе, шынымен өткенің бе?

Көктемімді ұрлады ұры уақыт

Көз жеткізіп күздің де жетпегіне.

 

Қайран, Жастық, қайтейін, қош бол енді,

Бекер ме еді барлығы, босқа ма еді?!

...Білмеймін батамын ба, қаламын ба –

Ұстаған адамдаймын қос кемені!

- ІІ -

...Пайғамбарымыз: «Үмметіме бір заман келеді. Сонда олар бес нәрсені қатты жақсы көріп, бес нәрсені мүлде ұмытады.


  1. Дүниені жақсы көріп, ақыретті ұмытады.

  2. Өмірді жақсы көріп, өлімді ұмытады.

  3. Зәулім сарайды жақсы көріп, қараңғы қабірді ұмытады.

  4. Мал-мүлікті жақсы көріп, ол үшін беретін есепті ұмытады.

  5. Жаратылысты жақсы көріп, Жаратушыны ұмытады», - депті.

Ал қазақ ше, қазақ не дейді?

«Құдайдан қорықпа, Құдайдан қорықпағаннан қорық».

«Өмір бар жерде өлім бар».

«Мал сақтама – ар сақта».

«Тойсаң тоба қыл».

«Малым – жанымның садағасы,

Жаным – арымның садағасы».

«Өлімнен ұят күшті».

«Ұят бар жерде иман бар».

«Нысап сайын береке».

«Тағдыр – Тәңір ісі».

«Тәубесі бардың нұры бар», - дейді.

 

Қосарым тек – әрбір қазақ әуелі «қазақ», сосын «мұсылман» болады! Ал ол: «Бәрінен не тәтті – өмір тәтті» - дейді...

...Жаратқан ием, күнаһар құлмын,

Санасын тұрмыс билеген!

Айтағына еріп сайтан мен жынның –

Құлқынның қамын күйлеген!

 

Жаратқан ием, жаңылсам кешір

Адасқан соқыр пендеңмін!

Өкінішпенен өткізген есіл

Келер ме қайтып өлген күн?!

 

Жаратқан ием! Айыбым шексіз

Амал не, бәрін кеш ұқтым!..

Сонда да мынау өмірге ессіз –

Өлердей бірақ ғашықпын!

...Кейде маған бәрінен қазақшылығым артық сияқты!..

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ, ақын,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 864
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 723
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 555
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 560