Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5084 0 пікір 13 Мамыр, 2015 сағат 00:39

ЖЕҢІС КҮНІНІҢ КЕРІС КҮНІНЕ АЙНАЛУЫ АЛЫС ПА?

...Кезекті Жеңіс күні өтті...

“70 жыл құтты болсын!” – деп қаншама жайдақ-жалаулатсақ та, кешегі совет-орыстың екіжүзді өсек-өтірігімен “өсіп-өркендеген” бүгінгі қазақ шенеуніктері бірде-бір майдангердің көңілінен шығып, шынайы қуанта алмады. Бар болғаны: кезекті дастархан жаюлар, арзанқол сыйлықсымақтар, құр сөздер, құрғақ уәделер, “арсыз” алғыстар, ретсіз “рахметтер”, бос былжырақтар ғана...

Бүгінгі орыс билігі Мәскеудегі Қызыл алаңда әлемге күш көрсетуге тыраштанып, тырапай асып жатса; кешегі советтің зорлықпен басып алған жерлерінде қалып қойған қалған-құтқан орыстар жер-жерде алақоңыз (“георгев лентасын” ел арасында “осырақ қоңыз” деп атайды) таққан белгілерін белдері мен белшелеріне байлап, біраз әуре-сарсаңға түсті...

Алдымен, Орал қаласындағы “Дина” сауда орталығының маңайындағы көлік тұрағында соғыс заманының гимнастеркасы мен пилоткасын киген, көліктеріне ССРО атты марқұм болған мемлекеттің белгілері мен жалауларын таққан, “Берлинге басып кіреміз!”, “Сталин үшін алға!”, “Жеңіс үшін атамызға алғыс айтамыз!”, “Әжеміздің әйдік оқтары өмірімізді сақтап қалды!” деген ұрандар ұстаған 50-ге тарта көлік жиналып, жергілікті биліктің тиым салғанына пысқырмай, көлік керуенін өткізуге тырысты (суреттерді мына сілтемеден көре аласыздар: http://abai.kz/post/view?id=3517).

БҚО ІІД бастығы Махамбет ӘБИСАТОВ(суретте): “300 мың тұрғыны мен 250 мың көлігі бар қалада көлік керуенін өткізуге жергілікті әкімшілік тиым салған. Рұқсат жоқ! Заңды бәріміз бірдей орындауға тиіспіз!” – деп үзілді-кесілді батылдықпен мәлімдеме жасағаннан кейін ғана жол жүру ережелерін бұзып, заңсыз көлік керуенін өткізуге ұмтылған тобыр амалсыз аялдады...

Әйткенмен, әлеуметтік желілерде орыс ұлтшылдарының Жайық жағалауындағы надандық әрекеттеріне наразылық қардай борады. Мысалы, Жанат БАҒАУОВ: “Қазақ еліндегі “казактарды” орынына қоятын уақыт әлдеқашан жеткен!”десе, жергілікті жігерлі журналист Лұқпан АХМЕДИЯРОВ: “В Уральске, не смотря на запрет властей, автопробег в честь 9 мая состоялся, но там и близко не было ничего, что имело бы отношение к почитанию памяти павших... И еще позже на улицах города я заметил две колоны с российскими флагами. Кстати, автомобиль “Волга кабриолет”, был единственным, который приехал на автопробег с казахстанским флагом. И именно этот автомобиль полиция задержала и заставила флаг убрать. Вопрос к акимату ЗКО. Флаги Казахстана у вас под запретом, а СССР нет?..” – деп жазды. Ал, Еламан ШАЛАБАЕВ: “Нұрлан Ноғаевты облыс басшысы қызметінен алып тастап, оның орнына Иманғали Тасмағамбетовты қою керек. Сонда Оралдағы озбыр орыстар мен кеңкелес казактар не “қазақ болады, не табандарын жалтыратып, тайып тұрады” – деген ашынған жазба қалдырды...

...Ал, Ақтөбенің жастары жеңіс күні “Өлмейтін полк” шеруі кезінде соғыс ардагерлерінің портреттерін көтеріп, жердегі аяқ астына да қойып, иығына салып, жауған жаңбырдан қорғанып, басына жапты да, ақырында, жақын жердегі қоқыс жәшігіне лақтырып кетті...

...Мұндай қисынсыз қылықты” Масқара!” деп “мазақтай” беріп едік, “Қуырдақтың көкесін - түйе сойғанда көресің” демекші, қазақтың ең үлкен шаһары – Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш АМАНЖОЛОВАНЫҢ (суретте) Украинаның Қырым түбегін басып-барымталап алуды қосқолдап қолдаған Кремльдің қолбаласы “Түнгі қасқырлар” байкерлік клубының басшысын ресми сахнада қарсы алып, Жеңіс Жалауының көшірмесін қабылдауы - ешқандай сау ақыл, салқын сабырға сиыспады. Күні кеше бұл клубты бірде-бір Еуропа елі өз шекарасынан өткізбей қойған болатын. Сонда Алматы қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Зәуреш Аманжолова ханым саясаттан мақұрым ба, әлде, мамандығы әйелдер дәрігері болғандықтан, баспасөз құралдарын мүлдем оқымай ма?!.

Аталған атышулы топ қазақ батыры Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВқа “Ресейдің батыры” атағын беру үшін Ресей президенті В.Путиннің атына өтініш жазатындықтарын айтты.

Ресей президентінің Жеңіске немесе қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевқа қандай қатысы бар? Шын мәнісінде Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа батырлық мәртебелі атақты өзге емес, өзіміздің Елбасымыз беруі керек. Рақымжан атамыздың бүгінгі әулеті мен немересі Дәурен ҚОШҚАРБАЕВ осы ақиқатты естерінде мықтап ұстауы керек.

Шындық іздеп шырылдаған күндері “Шын” порталында Әлиәбу КЕШУБАЙ: “Қазақтың ұланғайыр жерiн тартып алу үшiн орыс патшалығы ұлт арасына сына қақты. 300 жыл бойы қазақты бiр-бiрiне айдап салып, сүйекке таласқан иттей қырқыстырып қойды. Кезiнде уәлi сөзге тоқтайтын тектi қазақтың тұқымы осылай тозды...” – деп, шыр-пыр болды. Белгілі журналист Тоқтар ЖАҚАШ“Фейсук”-тегі жазбасында одан әрі оталып, отты сөздермен жарқылдады:“...Отаршылардың рухымызды әлсіретіп, бойымызға мысқалдап енгізген бұл кеселі бүгінде зардабын тартқыза бастады. Баспасөз құралдарын былай қойғанда, енді әлеуметтік желі тұтынушылары, оның ішінде қазақтілділер таптаурын ұстанымға қатып қалған...

Баяғыдан жазылмаған бір үрдіс бар еді. Сырттан таңылған нәрсе екеніне шүбәм жоқ. Оны КТК-ның орыс бөлімі бастаған, 31-арнаның орыс бөлімі қоштаған. “Караван” мен “Время” басылымдары тіпті үдетіп жіберген. Қалай болған күнде де қазақ әкімдерін, министрлерін, депутаттарын көрермен алдына топас етіп көрсетуге ұмытылатын. Кез-келген игі істің көлеңкесін, көң-қоқсығын түрткілеуге, бықсытып-жайратуға құмар еді. Арғы жағындағы “Қазақ ел бола алмайды. Қазақ ел басқара алмайды” деген пиғылы көрініп тұратын. Тіпті, Иманғали Тасмағамбетов Премьер-министр болғанда, КТК экранынан көрсетуге ашық тыйым салынды. Үш жылдай уақыт КТК арнасында “Премьерсіз Қазақстан” атты жиіркенішті әрі сұрқия шара жүріп жатты. Үкімет отырысы туралы айтыла қалса, Үкімет басшысы кадрға ілінбейді. Бұл – реваншизмнің, орыс билігін аңсаудың “балалық ауруы” болатын...

Әйтпесе, әлемді жайратып кеткен Храпуновты қай орыс басылымы сынады? Мәсімовтың кемшілігін, Роговтың бір орынға “жабысып” қалғанын, Терещенконың ауылшаруашылығын есеңгіретіп тастағанын, Беляевтың салымшылары далада қалғанын, тіпті, жылда табиғат апатын “күтпей қалатын” Божко, 25-ке толмаған ұлы әкім бола салатын Кулагин туралы бір артық-ауыз “ләм” деді ме, орыстар? Жоқ!

Орыстілді Фейсбукта айтысып-тартысқан, бірінің етін бірі жеген орысты көрдіңіз бе? Жоқ! Неге? Өйткені, олар айтыспайды! Бірінің етін бірі жемейді! Өзара өсектейтін-ақ шығар. Бірақ, ел алдында масқараламайды.”

Енді банк ісінің белсенді журналисі Ербол АЗАНБЕК: “Естіген әңгіме. Калашников автоматы Калашников емес, Талдықорғанның Матай стансасында тұратын бір аңшы қазақтың ойлап тапқаны екен. Сауатсыз болғандықтан, басындағы дүниені Калашниковқа айтып, қағазға түсірткізіпті. Сосын, әрі қарай не болғаны белгілі. Мұны Матай стансасында тұратын көнекөз қазақтар жақсы біледі дейді. Біреулер білетін шығар? Рас па, өтірік па?..” – деп, сенімсіздене сөйлеп, “Орыс отырған жоқ па?” дегендей, айналасына сезіктене көз тастайды...

...Өз басым орыстың озбырлығын қазақтай көрген  ұлт жоқ  деп есептеймін. Сондықтан, жалғыз ғана “Ұлы отан соғысы” дейтін қан сасыған қасапта 1 миллион 200 мың адамының тең жартысынан астамынан айырылған қазаққа аянатын да, қорқатын да ештеңе қалған жоқ! Жалынды Жанат Бағауов та, арынды Лұқпан Ахмедияров та, ержүрек Еламан Шалабаев та, келісті Әлиәбу Кешубай да, жасындай Тоқтар Жақаш та, елгезек Ербол Азанбек те – қазақ дейтін ділі мен дәргейі текті жұрттың ұлықты ұрпағы. Мұндай марқасқалар тұрғанда, біз ешкімге есемізді бермейміз! Тек, орыс – озбырлығын, қазақ – қамсыздығын қоймаса, Жеңіс күнінің – керіс күніне айналуы алыс еместей көрінеді...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

ЕСКЕРТУ: Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен тиым салынғанына қарамастан, бұл кездесуде екі елдің өкілдері де озбырлық-басқыншылық саясаттың белгісі болып табылатын алақоңызды кеуделеріне тағып жүрді. Тиісті құқық қорғау орындары мен қазақ қоғамы бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, қазақ елінің тәуелсіздігіне қарсы пиғылдағы лауазымды қызметкерлер мен адамдарға тиісті шаралар қолдануы керек.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2156
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1782
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1534