Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Қазақтың тілі 1675 54 пікір 10 Мамыр, 2024 сағат 15:14

Тіл – татуластыра алады. Тіл – жауластыра алады!

Коллаж суреттері Abai.kz, ortalyq.kz және Yandex Maps-тан алынды

Бірінші әңгіме

Кейінгі кезде елімізде тіл жанашырлары осы мәселе төңірегінде көптеп шоқ қоздыруда. Бір жағынан, бұл тіл жанашырлары үшін, жалпы қоғам үшін жағымды құбылыс. Себебі, Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде «тіл мәселесі» – мемлекеттік стратегиялық мәселелер қатарына жатады.

Жалпы, қазіргі заман техногендік сатыға аяқ басты. Бұл кезеңде «тіл мәселесін» белгілі бір ортақ алгоритмді негізге ала отырып шешуге толық мүмкіндік бола тұра, қазір бұл мәселе мемлекетаралық қақтығыстарға себеп болып отырғаны рас. Бүгін соның тарихынан бір үзік әңгіме ұсындық:

Мысалы, кеңес заманында‑ақ Украина халқы өзінің жетістіктерімен Ресеймен терезесі тең тұрған болатын. Әсіресе, украиналықтардың рухын со кездегі Лобановский жаттықтырған Киевтің «Динамо» командасынаң Европадағы суперкубокты иеленуі, оның шабуылшысы Блохиннің «Алтын доп» иегері атануы сияқты жеңістер – халықтың рухын керемет жоғары көтеріп жіберді. Украина 1991 жылғы «тәуелсіздік шеруіне» осындай өршіл рухпен енген болатын...

Сондықтан, тәуелсіз Украина «тіл мәселесінде» іштей жарылып, «батыс» және «шығыс» болып екіге бөлінді. Алайда, мемлекеттік тіл ретіндегі украина тілінің дамуы эволюциялық бағытта өтіп жатты. Әрине, ол эволюцияда басымдық украина тілі жағында болғаны рас, себебі, мемлекетті құрушы халық ‑ украина халқы еді.  Жағдай осылайша «ішкі мәселе» күйінде өтіп жатқан кезде, шығыстық украинадағы ұлты орыс тұрғындары «орыс тіліне қысым көрсетілуде» деген мәселені көтеріп, ол сұрақты енді ғана өзінің ұлыипериялық саясатына бет бұра бастаған Ресейдегі «орыс әлемі» бағдарламасына енгізді.

Осылай, «Русский мирге» еніп алған Украинадағы «тіл мәселесі» Ресей мен Украина арасындағы алғашқы қақтығыстарға себеп болып, шиеленіс тудыра бастады... Бірақ оны дер кезінде ешкім шешпеді:  Украина ‑ «бұл өз‑өзінен реттелетін сұрақ» деп бейғамдық танытса, Ресей – ол өңірлерде өздерінің «Русский мир» өкілдерін жасақтай бастады. Одан өзге, бұның «көшірмесі» Украинаның Қырым түбегіне  қарай жеткізілді...

Ақыр соңында елеусіз ғана «тіл мәселесі» «Орыс әлемімен» толық ұштасып, одан әрі «КСРО-ны қалпына келтіреміз» деген ұранмен «ұлыорыстық империялық идеямен» жалғасар арнасын тапты. Ол екі ел арасындағы мемлекетаралық  қатынастағы нақты әрекеттерге ұласты. Ал, ол кезде, енді, бұл сұрақ «бейбіт түрде шешілуі мүмкін» деген сатыдан өтіп, «қақтығыстық жағдайға әкелетін» сатыға жетіп ‑ «ауру тым асқынып кеткен» күйге келген еді...  Міне, қазір осының жалғасы екі ел арасында тұтас әлемнің «бас ауруы» болып отырған Ресей мен Украина арасындағы нағыз қанды соғысқа ұласты.

Бірақ, енді бұл соғыста «тіл мәселесі» жайына қалды. Оны толыққанды «агрессорлық соғыс әрекет» алмастырды. Бұл соғыста «елді тәуелсіздігінен ажырату», «халықаралық заңдарда мойындалған территориялық дербестікті жою» сияқты мақсаттар алға шықты. Осының бәрі де бір кездері «тіл мәселесінен» туындаған еді...

Бізге осыдан қандай қорытынды жасау керек?

Бұл сұрақтың қазіргі қазақстандықтар үшін өте өзекті сұрақ болып тұрғаны рас. Оны жасырып «жауырды жаба тоқығанмен»,  мәселе өздігінен шешіле салмайтынын – жоғарыдағы айтылған мысал бізге көрсеті тұр. Ендеше бізге алдын‑ала қамдану керек.

Қалай қамданамыз?

Оның ең басты түйіні – еліміздегі «орыс тілі» деген сұрақтың халықаралық «орыс әлемі» бағытымен жалғасып кетуінен сақтану шараларын мемлекеттік деңгейде қарқынды қолға алу болса керек. Яғни, ол үшін «бөтен ойдағы» жекелеген азаматтармен әкімшіліктер шаршамай‑талмай «түсіндіру» жұмыстарын жүргізуі қажет. Әкімшіліктер еліміздің барлық азаматтарын ұлтына және дініне қарамай, «Қазақстанның барлық елдермен терезесі тең тәуелсіз мемлекет» болғанын санасына сіңдіріп, жүрегімен қабылдатып – «тек қана Қазақстан азаматымын» деген статусты мойындауын идеологиялық тұрғыда қамтамасыз етіп отыруы шарт. Бұл – мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әкімшіліктерге жүктелетін төтенше мемлекеттік міндет! Ондай шараны атқара алмаған әкімшіліктерге «әкімшілік жаза қолдану» тетіктерін тез арада депутаттар қабылдаса – өте дұрыс болар еді.

Ал, ол өз кезегінде мемлекеттің өз азаматтарына «мемлекеттігін сездіру» атты ауқымды саясатымен ұштасады. Оның тетіктері – еліміздегі әлеуметтік жағдайды арттыру, тұрмысты үзіксіз жақсарту, ғылым‑білім сапасын көтеру, көптеген өндіріс ошақтарын ашу, экономикадағы көп салалар бойынша  мемлекеттік өндірістің «өзін‑өзі қамтамасыз ету» деңгейін «мемлекеттік қауіпсіздіктің» жоғарғы шкаласына жеткізу, оның бірі әрі бірегейі – қолжетімді азық‑түлік пен киім‑кешек, тұрмыстық заттар өндірісін арттыру және бағаны тұрақтандыру десек болады.

Міне, осынадай ауқымды шаралардың барлығы дерлік «мемлекеттік тіл» арқылы жүзеге асар болса, онда, онымен бірге қазақ тілі де дамиды, және, елде «индустриалды қазақи тілдік орта» қалыптасады.  Ол қазақ тілінің қарым‑қатынас мәдениетін, этикасын жаңа деңгейге көтереді. Тілге құрмет оянады. Онымен бірге, тілді ұққан азаматтардың «қазақ мәдениетіне» деген біржақты шалағай көзқарасын жояды. Яғни, бұл үрдіс іске қосылса ‑  еліміздің барлық азаматтары «қазақ мәдениеті» төңірегінде топтасып, қазақ мәдениетімен рухани‑мәдени ассимиляциянуды ерікті түрде қабылдайды.

Әрине, бұл қазіргі қоғамдық жағдайда утопия сияқты шығар. Бірақ, бейбіт даму жағдайындағы Қазақстан халқының даму тенденциясы осы бағытта екенін ешбір «қарсы ілім» терістей алмайды. Қазақстандықтар үшін қаласақ та, қаламасақ та – ақиқат осы!

(Бүгінгі «тіл сабағы» осымен аяқталды. Жалғасы болады)

Әбдірашит Бәкірұлы,

Философ

Abai.kz

54 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2197
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2518
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1682