Жұма, 3 Мамыр 2024
Мәйекті 8341 5 пікір 13 Қаңтар, 2017 сағат 12:39

ҚАБАНБАЙ МЕН ЕСКЕЛДІ ТАҒЫ «АЛЫСА» МА?

Бүгін Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына Қабанбай батыр мен Ескелді би туралы жазылған материал келіп түсті.  Қазақтың өткен - кеткені мен арғы - бергісін қазып жазып жүрген тарихшылар мен жазушылардың арасында қай уақытта да талас-тартыс бәсеңдеген емес. Әркім өз «батырының» сойылын соғып, қолдан тарих жасап алғысы келіп жүр. Бұл мақалада да сол «қолдан тарих жасағысы» келетіндердің жайы сөз болыпты. Сол себепті де, мәселенің түйінін ғылыми орта тарқатсын деген ниетпен мақаланы жалпы оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Abai.kz ақпараттық порталы

Апта басынан бері көршім әбден қажап бітті. Жиырма бес жыл бұрынғы уақиғаны екі күннің бірінде бықсыта береді. Бүгін де  келді. Жасы үлкендігін, сақалының ақтығын сыйлап үндемеген сайын тізе батырып барады. Енді жауап қатпасам болмас деген ойға кеше бекінгенмін. Сөз сықпыты мынау:

- Интернеттегі «Ардақ» деген сенсің бе? Танба, сенсің! Ескелді әулиенің 300 жылдығын тойлаймыз деп жиналғанда  ортамызда болғансың. Сенің жалайыр емес жағалбайлы екеніңді итім білген бе?..

Қысқасы, көршім бірқыдыру бұрқырады. Онысы рас. Интернетке «Ардақ» деген атпен жазған менмін. Бұл менің азан шақырып қойған атым. Танайын деген ой жоқ. Ескелді әулиенің 300 жылдығын Талдықорған облысы атап өтпек болғанда арасында болғаным да шын. Бірақ интернетте бір ауыз өтірік қосқан жоқпын. Керісінше, жадағайлап қана айтып едім. Сіздерге ұғынықтыру  үшін жіліктеп айтайын...

1991 жылы Талдықорған облысында Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толғанына арналып бірнеше іс-шаралар өткізілді. Бөліп-жаратыны жоқ, облыс әкімшілігі бәрін керемет ұйымдастырды. Не жасыратыны бар, сол тұста облыс әкімінің орынбасары, мәдениет бөлімінің бастығы, әсіресе, «Қазақ тілі» қоғамының бастығы, өте беделді журналист, сол шаралардың барлығына бас болған Камал Абдрахманов бастаған найман азаматтары болатын. Сөз жоқ, бұл да әсер еткен шығар. Әсіресе, Үйгентас жайлауының төрінде өткен Асты айтсаңшы! Суреттеуге тілім жетпейді.

Талдықорған жалайыр мен найманның шептескен тұсы. Содан да жалайыр туыстар бәскеге түсіп жүргені, найман ағайындар жағынан осыны байқамаппын. Қабанбай батырдың мерекесі қазір марқұм болып кеткен үш-төрт жалайыр азаматының берекесін қашырыпты. Ақылдасып, Ескелді әулиенің 300 жылдығын 1992 жылы атап өту керек деген ой пісірді. Облыс әкімін көндіру үшін, сөздері салмақты болу үшін ғалымдарды алдыға түсіру қажет десті. "Ескелді әулие Абылайдың бас батыры болған" деуіміз керек дегенге дейін барды. Сонымен ғалым Сәрсенбі Дәуітовты алғызды. Сәрсекең салғаннан қарсы шықты.

– Ескелді әулие әлі 250 жасқа да жеткен жоқ. Обал болады ғой,  – деп еді

үлкен ағалар:

– Сені сол үшін шақырттық! Орта Жүз Ұлы Жүздің алдына түсіп кетті. 300 жылға жеткізу керек, – деп бой бермеді.

Өзара дау басталып кетті. Ескелді әулие, Балпық би, Қаблиса жырау, Райымбек әулие барлығы қатар өмір сүрген адамдар. Алматыдағы Райымбек әулиенің басында туған жылы қателесіп, әкесі Түкенің туған жылы жазылған. Хангелді батыр, Қабанбай, Бөгенбай батырлармен тұстас, сонда Хангелді 1690 жылдардың алды-артында туады. Оның ұлы Түкеден Райымбек туады. Хангелдіден бері екі ұрпақ, демек, 50 жыл қосылады. Сонда Райымбек мөлшері 1735 жылдары туады. Қаблиса осы тұстас. Қаблисаның Ескелді мен Балпықтан жасы үлкендігін есептесек, Ескелді мен Балпық одан да бері туған. Оның үстіне Абылай хан сайланғанда Ескелді 14-16 жастағы бала деп бәріміз айтамыз. Абылай 1771 жылы хан сайланды. Онда, тіпті, Ескелді әулие 1750 жылдардан бері туады. Дау-дамайдың ұзын-ырғасы осы. Бірақ бұған қызып алған үш ағамыз көне ме? Ақыры жиналып Өтенай ауылындағы Ескелді әулиенің ұрпақтарына бардық. Аты есімде қалмапты, жетпістен асқан қарт екен. Ол кісі де «Қой, балалар, әулие атамызға ары десе екі жүз елу жыл. Қазақтың Қабанбайына жалайырдың Ескелдісін теңестірмеңдер. Бұл не дегендерің?» деп безек қақты.

Бірақ оталып алған ағаларым қойсын ба? Ақыры Сәрсенбі Дәуітов те, ақсақал да амал жоқ көнді. Енді Ескелді әулиені Абылайдың бас батыры ету ғана қалған. Қабанбай батырдың тойынан соң жалайыр бауырлардың ұсынысы бойынша өткен үлкен жиналыста сөз алған бір ағамыз талпыныс жасап, Ескелді әулиені жиналғандардың алдында бас батыр деп атапты. Бірақ жиналыста мінезі тік, Жетісудың өткен кеткенін бұлардан көш ілгері білетін Камал Абдрахманов отырыпты. Сөзін бөліп:

– Кімнің кім болғанын талқылап, талдайтын жер емес. Қабанбайдан елу жыл кейін туған Ескелді жарықтықты Абылайдың бас батыры еді дегеніңізді алдымен Ескелді әулие қолдамас. Қабанбайлар қалмақты талқандап тастағанда Ескелді әулие атамыздың аты әлі мәлім емес. Бұлай сөйлеу үшін сол тұста жалайырлардың жағдайы қандай болғанын анықтау керек. Ол үшін Мұхаметжан Тынышбаевты бір қарап шығыңыз. Онда жалайырлардың Көксу мен Қараталға қашан қоныстанғаны, оның алдында қайда отырғаны, жоңғар шапқыншылығы тұсында қайда болғаны, Балпық бидің қалай дүниеден өткеніне дейін жазылған. Сонан соң сөз айтыңыз. Бұл әңгімені доғарыңыздар. Не десеңіздер де Ескелді әулиеге үш жүз жыл болған жоқ. Жұртты алдамай ас берейік, – десе керек.

Жалайыр ағаларымның басы қосылғанында өз ауыздарынан осылай естідім. Бәрі іштей тынды. Жалайырлар жоңғар шапқыншылығы кезінде запы тартпаған жалғыз ру ғой. Қазақ даласын қалмақтан азат етуге де қатыспағаны анық. Мұны өздері жақсы біледі. Жиналыста сөйлеген  жігіттер осыны ымдаса керек. Іске облыс әкімі араласып, өйтіп-бүйтіп Ескелді әулиенің 300 жылдығы атап өтілетіні шешілді. Сол жылы-ақ ел-жұрт Ескелді әулие мен Балпық билердің екі жүз елу жылға келмегенін түгел естіген. Бүгін де жалпақ жалайыр ғана емес, Жетісуды мекендеген жұрт түгел біледі. Оның не құпиясы бар? Өткенде осы жағдайды қысқа ғана жазғанмын. Көршімнің ұрынып тұрғаны сол.

Дәл қазір маған соқтығысатын жөні жоқ еді. Мен де отала жөнелдім. Екеуіміз біраз жерге барыстық. Ойымда өзге ештеңе жоқ еді. Енді естіп отырмын, сол баяғы тынбас, шаршамас Камал Абдрахманов Қабанбай батырдың 325 жылдығын атап өту жөнінде Алматы облысының әкіміне хат жазыпты. Талдықорған қаласына арнайы келіп ақылдас шай ішіпті. Астанада да ұйымдастырып жатыр дейді. Алматыда ас беріліп, Қабанбай батырдың туғанына 325 жылдығына орай ғалымдар мәжіліс өткізіпті. Ғалымдардың сөзі жеке кітап болып шықпақшы. Енді менің көршім секілді жалайырдың бір-жар шалы қалсын ба? Маған тырдай тиісіп жүрген түрі осы екен. Адамда тоқтам болсайшы.

Баяғы өтірікті тағы қайталаймыз ба? Келер жылы Ескелді әулиенің туғанына 325 жыл болды деп ұялмай ел жинаймыз ба?

Көршім мені көрместей болар. Бірақ шындығы осы.

Ардақ Ысқақбаев, зейнеткер ұстаз

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 720
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 539
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 449
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 463