Сенбі, 4 Мамыр 2024
Билік 5295 0 пікір 25 Қараша, 2016 сағат 10:38

Әйел құқығы басты назарда болуы керек

Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов осы сала тізгінін қолына алысымен қазір барша жұртты алаңдатып, бірақ тиесілі шешімін түбегейлі таппай жүрген бірталай өткір мәселелерді орынды көтеріп, жұртшылық талқысына кеңінен ұсынып жүр. Бұл бір жағынан ол мәселенің түйткілін тауып, түйінін жазуға мол ықпалын тигізсе, екінші жағынан еліміздің прокуратура саласының көптің көкейіндегі сұрақтардың бәріне де қатысы бар екенін көрсетеді. Сөйтіп, бұл саланың басты мақсаты адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін барынша дәлелдей түсті, - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.

Жақып Қажыманұлы жақында Қазақ­­с­тан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықовамен бірлесе отырып, Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мә­селелері жөнінде ведомствоаралық үлкен форум өткізіп, онда осы мәселені бүге-шігесіне дейін талдап, оны азайтудың, бұл келеңсіз, адамгершілікке мүлдем жат күйкі көріністі қоғамымыздан ала­с­­­татудың жолдарын ортаға салды. Осы жиын­да Бас прокурор келтірген кейбір мы­салдар жұрттың жанын түршіктіріп қана қоймай, санасын да бір сілкіндіріп өтті десем, артық айтқандық емес.

Соның бірнешеуін тағы да жұр­тшы­лық­т­ың есіне сала кеткен артық болмас.

«Күйеуім, қайнағам, атам 11 жыл бойы ұрып-соқты», деп Шемонаихада бір келіншек кішкентай үш баласын асып өлтіріп, өзі де дарға асылған. Астанада бір еркек бұрынғы әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген. Кішкентай төрт бала жетім қалды. Қызылорданың Жосалы кентінде келесі бір еркек айтқаныма көнбеді деп, әйелін атпен сүйреп өлтірген.

Зорлық-зомбылықтың басқа да сорақы түрлері көп. Мәселен, Алматыда қызы мен күйеу баласының үнемі ұрып-соққанына қорланған қарт ана дарға асылып қалды. Жалпы, тек биылдың өзінде 316 әйел өзіне қол салған. Еңбек етуге ерініп, әйелінің тапқан ақшасын ішімдік пен есірткіге жұмсап, балаларын аш-жалаңаш қуып шыққан азаматтар да аз емес. Отбасынан безініп, алимент төлеуден қашып жүргендер қаншама.

Осындай жан түршігетін жағдайларға не себеп? Бұл тамырын қайдан тартып жатыр? Ол қазақтың қасиетті топырағына қайдан келген? Бұған қарсы ата-бабаларымыз ештеңе тындырмаған ба, сонда?!

Бір сәт тарихымыздың төріне көз жүгіртсек, отбасының амандығы мен тыныштығын сақтауды, әсіресе, оның неғұрлым әлсіз де нәзік сыңары – отаналарын жақтауды ата-бабаларымыз алғаш хандық мемлекет құрылғаннан бастап-ақ қолға алып, оны заңдылық тұрғысынан негіздеуге әрдайым ұмтылып отырғанын байқаймыз. Ол қазақ мемлекетінің алғаш­қы ханы әз-Жәнібектің бел баласы Қасым хан­ның «Қасқа жолында-ақ» айқын кө­рініс ала бастаған.

Қазақ хандығының ішкі және сыртқы сая­си жағдайы, әсіресе Жәнібектің баласы Қасым ханның тұсында нығайғанын та­рихшылар бірауыздан айтып жүр. Ол өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне» («ақсақалдар ере­жесі», «ата-баба жолы», «жөн-жос­ықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы – жарғыны жаңадан көтергенін қолдап, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.

Жұртшылыққа түсінікті болу үшін қа­зір мамандар тұрмыстық зорлық-зом­былық түрлерін: күш көрсету, пси­хи­калық, сексуалдық және экономикалық деп саралап отырғанын айта кетелік. Эко­номикалық зорлық-зомбылыққа адам­дарды заңмен көзделген тұрған үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкі мен қаражатынан айыру жатады. Аталған билер заңында әйелдердің осы мүліктік теңдігіне баса назар аударылған.

Ал дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдар жиынтығы болып саналатын «Есім ханның ескі жолында» әйелдердің қоғамдағы орны мен жағдайына көбірек көңіл бө­лінген. Бұл қазақ мемлекеттілігінің нығая түсуімен байланысты болса керек. Қазақ мемлекеттілігі нығайған сайын заңдар да дамып, жетілдіріліп отырған. Соның бірі де бірегейі Тәуке ханның «Жеті жарғысы».

«Жеті жарғы» – Тәуке хан тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады.

Бұл заңдар жиынтығында «Қанға – қан» ережесінен бас тартылып, оның орнына құн төлеу жағына қарай ойысқан. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда, заңдар ізгілендірілген. Алайда, өлім жазасы екі жағдайда сақталып қалған. Атап айтқанда, мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар өлім жазасына кесілген. Осы арада заңнамаларымыздың дамуы дүниежүзілік деңгейге жеткен бүгінгі күнгі Қылмыстық кодексіміз бойынша да дәл осы екі қылмыс түрі, яғни бүлікші террористер мен соғыс кезіндегі сатқындық үшін өлім жазасы сақталып отырғаны еріксіз еске түседі. Бұл арада ата-бабаларымыздың табиғи таланты мен ақыл-парасатына еріксіз таңғалып, таңдай қағасыз.

«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына да үлкен орын берілген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйел зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан.

«Тәуке ханның Жеті жарғысын», «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарл­ығы») аталып кеткен делінеді. Ал осы негізгі жеті өзгерістің үшеуі тұр­мыс­тағы зорлық-зомбылыққа қарсы шы­ғар­ыл­ған. Оның алғашқы екеуінде ата-анала­рына жасаған балаларының қиянаты туралы айтылса, келесісінде әйелдердің мүліктік құқығы қорғалады.

Әйелдерді құқықтық қорғау та­қы­ры­бын сөз еткенде, 1885 жылы өткен Қарамола съезінде қабылданған ұлы Абай түзген ережені айтпай кету әбестік болар еді. Барлығы 73 баптан тұратын бұл ереженің тұтас бір блогы, яғни 41-баптан 50-бапқа дейінгі бөлігі осы отбасы және неке мәселесіне арналған. Олардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғарыда біз атаған барлық түрі қамтылған деп айтуға толық негіз бар. Көріп отырғандарыңыздай, әйелдер тең­дігі мен оларға қиянат жасамау мә­селесіне ұлы Абай да араласқан.

Тағы бір айта кететін жайт, отба­сылық зорлық-зомбылық жайы сөз болғанда, кейбіреулер көбіне «Шы­ғы­с­­-
тық менталитет» дегенді ауызға алуға бейім тұрады. Бел­гілі заңгер Қабылсаят Әбішевтің сө­­зімен айтсақ, қай мемле­кет тарихын алсақ та тұрмыстық зор­лық-зомбылық болған. Мәселен, АҚШ-та жыл сайын 1,3 млн әйел заң­ды күйеуінен немесе азаматтық не­ке­лесінен таяқ жейді екен. Ал Францияда әйелдердің 10 пайызына бір рет болса да күйеулерінің қол көтергенін арнайы жүргізілген сауалдама анықтап берген. Алысқа бармай-ақ көршілерімізге келсек, Ресейде жыл сайын күйеулерінің ұрып-соғуынан 12-14 мың әйел ажал құшады, не мүгедек болып қалады екен. Сондықтан бұл мәселенің бүгінгі күні БҰҰ деңгейінде көтеріліп отырғаны тегіннен-тегін емес.

Бұл жерде мен «Мұндай жағдай елдің бәрінде бар» деп осы бір кесірі мол кеса­пат көріністі жаймашуақтандырып отыр­ған жоқпын. Бұл – біздің ұлттық ді­лімізге, дінімізге жат нәрсе. Хал-қа­дерімізше тарихқа жүгініп отыр­ға­ны­­мыз да соған көз жеткізу. Біздің бұл жа­ғ­­д­айға ата-бабаларымыздың салт-дәс­түрі мен ұлыларымыздың ұлағатын ұс­танбағандығымыздың салдарынан ұры­нып отырғанымыз тағы анық.

Сондай аузы уәлі, айтқаны дуалы бабамыздың бірі – Қаздауысты Қазыбек Келдібекұлы:

Аймалайтын – анаң қымбат,

Мейірімді – апаң қымбат.

Асқар тауың – әкең қымбат,

Ұят пен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат, – деген өсиет қалдырыпты. Ендеше, асыл аналарымыз бен аруларымызды аялай білейікші, ағайын!

Сәуле АЙТПАЕВА, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1139
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1042
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 778
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 899